Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның екі компонентімен 3 миллионнан сәл артық адам егіліп, оның бірінші дозасын шамамен 5 миллион адам алды. Ал күн сайын сырқаттанғандардың рекордтық саны тіркеліп жатыр – орташа есеппен тәулігіне 5 мың адам. Өңірлерде қосымша ковид-төсектер салынуда, Денсаулық сақтау жүйесі бүкіл күшін салып жұмыс істеп жатыр. Қазақстандықтар екпе салуға асығатын емес. Антиваксерлердің және адамдардың қорқынышын пайдалана отырып ақша табуға құмар адамдар қатарына енді «күткіштер» қосылды. Олар Президент күзге дейін әкеліп жеткізуді бастауды тапсырған Pfizer-ді күтуде. Таразының бір жағында – Еуропадағы демалыс, өйткені сол жақта Pfizer мақұлданған, ал екінші жағында – жақындарының өмірі мен денсаулығы. Әзірге біріншісі басым. Неге осылай болып жатыр? Осы және басқа да сұрақтарға біз Страсбург университетінің вирусология саласындағы PhD Әсел Мұсабековадан жауап беруді өтіндік.

Француз дәрігерлері вакцинация паспортын сатуы мүмкін бе?

- Францияда вакцинация жағдайы қалай? Және Қазақстандағы егу науқанын сіз қалай бағалайсыз?

- Ковидтік оқиға бірінші кезекте денсаулық сақтауда қалыптасқан жүйеге байланысты. Пандемияның басталуын естеріңізге түсіріңіздерші: дексаметазон мен дәрумендерді жаппай сатып алу, аса күшті антибиотиктердің қорқынышты комбинациясы. Алайда антибиотиктер құлыптың астында болуы тиус, өйткені адамдарға антибиотикке төзімділік қажет емес. Неге мұндай жағдай орын алды дейсіз бе? Өйткені Қазақстанда мұның бәрін дәріханада рецептсіз сатып алуға болады. Сонымен қатар, мысалы, аутоиммунды аурулары бар адамдар, мысалы, дексаметазонға көрсеткіштер бойынша мұқтаж болғандар, оған қол жеткізе алмады.

Францияда осындай нәрсе орын алуы мүмкін емес. Мұнда олар медициналық білімі жоқ адамдарға дәрі-дәрмектерді (рецептсіз берілетін дене қызуын басатын препараттар мен қабынуға қарсы дәрі-дәрмектерді қоспағанда) сатып алатын жағдай жасауы мүмкін емес. Рецептуралық дәрілерді тек қана дәрігер жазып беруге құқылы. Антибиотиктер тек рецепт бойынша ғана сатылады. Қазақстанда, мысалы, түсініксіз емдеу тәсілдері бар жіберілімдер кімнен болса да «вотсапқа» салынып, емделушіге тікелей келіп түсетін, ал пациент оларды орындайтын. Францияда осындай ақпарат пен пациент арасында жүйе бар, ол дұрыс емес ақпаратқа жол бермеді.

Вакцинациямен де осыған ұқсас жағдай. Қазақстанда ақпараттандырудың мәселелері бар. Азаматтарға мұндай деректер ағынында дұрыс бағыт табу өте қиын. Коммуникациялар бірінші кезекте мемлекетке сенім артуда құрылады, ал ол бір жылда қалыптаспайды.

Француздар бәрлық нәрсеге қарсы шыққанды өте ұнатады. Мұнда анти-ковидтік, анти-масқалық және анти-вакцинациялық митингілер болды, бұл негізінде қалыпты жағдай. Бірақ бұл наразылықтардың барлығы Қазақстандағы сияқты қызу дәрежеге жете бермейді.

Қазақстанда 2019 жылы 13 мыңнан астам адам қызылшамен ауырып, көкжөтел қайта оралып жатқанын түсіну керек, сондықтан вакциналар жөніндегі мәселе өте маңызды болып табылады. Ковидке қарсы вакцинацияға сенбегендіктен, жас ата-аналар барлық вакциналар, тіпті балалар ауруларынан қорғайтын вакциналар да жаман деп тұжырымдайды.

- Неге осылай болып жатыр?

- Бірінші аспект бұл медициналық білім беру сапасы, екіншісі жүйенің құрастырылуы, үшіншісі – мүдделі тараптар арасындағы коммуникация: бұл дәрігерлер, медбикелер, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, вакциналарды сатып алушылар мен өндірушілер, ата-аналар, тіпті балалардың өздері. Адамдардың вакциналарға деген сенімін арттыру үшін, ең алдымен, белсенді байланыс маңызды. Мінеки мысал. 2003 жылғы тамыздан бастап 2004 жылғы ақпанға дейін БЦЖ сербиялық вакцинасымен 214 мың 606 қазақстандық сәби вакцинацияланды, олардың ішінде 1067-де лимфа түйіндері қабынған, хирургиялық араласу қажет болған. Содан кейін Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балалардың ата-аналарының талаптары бойынша ақша төлеп, орын алған қателіктерді жоюмен айналысты. Сол сәттен бастап Қазақстан тек ДДҰ (ВОЗ) тексерген балалар вакциналарын ғана сатып алады. Біздің елімізде бар вакциналарды елдердің кез-келгені сатып ала алмайды: балалар күнтізбесінде бізде негізінен еуропалық өндірушілер бар, олар, мысалы, Ресейде жоқ. Яғни, мемлекет күш салуда, бірақ бұл туралы айтпауы мүмкін. Ал ақпараттың болмауы әрдайым сенімсіздік тудырады.

Ақпараттық алаңда жалпы фонды жасайтын фейктер бар болғанына қарамастан, дәрігерлер әлі де байланыстың басты арнасы болып қала береді. Мұнда жалпы ақпараттан гөрі дәрігерлердің білімі маңыздырақ. Медициналық білімі бар адамдар да жалғандықтарға сенеді, олар да қорқыныш пен дүрбелеңге ұшырайды, олардың білімі қара мен ақты ажырату үшін жеткілікті емес. Көптеген медицина қызметкерлері вакцинация туралы шешім қабылдау кезінде «тежегішке» айналды. Вакцинация бөлмесіне екпе алуға келген әйелді медбике: «Ой, саған әлі бала табу керек, мұнда неге келдің» - деген сылтаумен вакцинациядан бас тартқызатын кездер де болады ғой. Осындай жағдай күн сайын болып тұрады. Ал бұл үлкен проблема. Салыстыру үшін: Францияда да жалған сөздер көп, бірақ дәрігерге деген құрмет пен сенім бар. Дәрігер өзінің білімін үнемі жаңартып отырады, өйткені ол өз беделіне қауіп төндіргісі келмейді.

- Қазақстанда дәрігерлердің дәл өздері вакцинация паспорттарымен жасалатын алаяқтыққа қатысушы болып табылады. Францияда ұқсас оқиға орын алуы мүмкін бе?

- Жоқ, әрине. Мысалы, қазір Францияда медицина қызметкерлері үшін ковидке қарсы вакцинация міндетті. Күнтізбеге сәйкес балалардың вакцинациясы да міндетті болып табылады. Коронавирусқа қарсы вакцинаға күмәнданатын дәрігерлер болған және қазір де бар, өйткені кейбіреулердің пікірінше, ол жеткіліксіз тексерілген. Бірақ дәрігер екпелердің барлығына қарсы бола алмайды, әйтпесе ол дәрігер емес.

Басымдықтарды дұрыс қою керек

- Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қысқа мерзім ішінде Қазақстанға коронавирусқа қарсы Pfizer/BioNTech вакцинасын жеткізуді бастауды тапсырды. Оның айтуынша, мамыр айында 2 миллион доза келуі керек еді, бірақ ол жерде бір нәрсе кедергі болып қалды. «Pfizer-ді әкелсін, содан кейін мен инъекция жасаймын», - дейді қазір Қазақстанда көптеген адамдар. Осылай күтіп отыру орынды ма?

- Pfizer туралы әңгімелер мені таң қалдырады. Мен адамдардың қауіптерді салыстыруды үйренгенін қалаймын. Қазір жаңа толқын болады. Пандемияның дамуының пессимистік сценарийі қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр. Қазақстанда ауырғандардың тұрақты өсуі байқалып отыр, қазір біз тәулігіне бес мың адам туралы айтып отырмыз. Ресурстар таусылды, ең алдымен адам ресурстары азайды. Дәрігерлер шын мәнінде жетіспейді олар ауырады, қайтадан жұқтырып алады. Ауыр науқастар үшін төсектер жеткіліксіз болатыны сөзсіз. Ауруханаларға жоспарлы түрде жатқызулар тоқтатылып жатыр. Осындай жағдайда отырып алып Pfizer-ді күту – барып тұрған ақымақтық.

Ойнап саясатпен айналысуға да болады, Ресейді ұнатпауға да болады, ойдан қандай да бір дәлелдерді құрыстырып алуға да болады. Бірақ бізде «Спутник V» бойынша жарияланымдар мен аналитикалық есептер бар ғой, онда осы вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы айтуға жеткілікті мәліметтер бар. Аурудың шыңы қыркүйекке келеді, сондықтан аурухана төсегіне түсіп қалу ықтималдығы жоғары, осындай жағайда Pfizer жеткізілімін қазан айына дейін күтіп отыру – бұл қауіпсіз емес.

Ия, Pfizer барлық РНҚ-вакциналары сияқты әсерлі вакцина. Бірақ біз ол вакциналарды «жақсырақ-жаманырақ» контекстінде салыстыра алмаймыз. Вирустың өзгеруіне байланысты инфекцияның 90%, 92%, 94% тиімділігі туралы айтылған барлық көрсеткіштер қазір аздап төмендейді, бірақ барлық осы вакциналармен вакцинация жасау – асқыну, ауруханаға жатқызу, сондай-ақ ковидтен кейінгі синдромның пайда болу қаупін азайтуға жүз процент кепілдік береді. ИВЛ аппаратындағы пациенттердің тірі қалу деңгейі өте төмен – шамамен 10% төңірегінде қалып отырғанын естеріңізге салып кетуіміз жөн. Таң қалдыратыны, бұл әлі де адамдарды қорқытатын емес.

- Сіздің ойыңызша, неліктен Еуропада «Спутник V» мақұлдауында кідіріс болып қалды және вакцинаны қашан лайықты деп тануы мүмкін?

- Еуропалық агенттіктер құжаттамамен проблемалар туралы жазды, ресейліктер орындай алмаған белгілі бір уақыт мерзімдері болды. Ал Еуропа шілде мен тамыз айларында дәстүрлі түрде демалысқа кетеді. Мен қыркүйек-қазан айларында еуропалық реттеушілер «Спутник V» вакцинасын лайықты деп тануын күтемін, өйткені мен кешіктірудің ғылыми себептерін көрмеймін. Бірақ тағы да, вакцинацияны таңдау вакцинация сертификаты қай аумақта қолданылатынына емес, қол жетімді мәліметтерге негізделуі керек. Сіздің Испанияда демала алмайтыныңыз өзіңіздің туыстарыңыз бен жақындарыңыздың өлуі ықтимал екендігімен салыстырғанда маңызды емес. Басымдықтарды дұрыс қою керек.

Мутация – бұл эволюция

- Вирус үнемі өзгеріп отырады, ай сайын жаңа штамм пайда болады. Вакциналар коронавирустың жаңа штамдарымен қалай жұмыс істейді?

- Вирус – бұл шын мәнінде ақуызға оралған генетикалық ақпарат. Жаңа ортаға түсіп, ол оның иесіне бейімделеді. Тиісінше, вирус иммундық жүйеден «қашуды» үйренеді және оған өзгеру керек. Мутация – бұл эволюция, вирустың өмірі.

Коронавирус АИТВ (ВИЧ) немесе тұмау вирусы сияқты басқа вирустар сияқты тез өзгермейді. Вакциналарға келетін болсақ, инфекциядан қорғау тұрғысынан олардың тиімділігі біраз төмендеп қалады. Бірақ ауруханаға жатқызудан қорғау тұрғысынан олардың тиімділігі өте жоғары болып қала береді. Векторлық және РНҚ вакциналары үшін орташа есеппен 94% құрайды. Яғни, вирус мутациясы кезінде де вакцина аурудың ауыр кезеңге өтпейтініне жоғары кепілдік береді. Мұнда біз Pfizer, Moderna, AstraZeneca, «Спутник V» туралы айтып отырмыз. Мысалы, QazVac, «КовиВак» және SinoVac кіретін дәстүрлі белсенді емес вакциналарға келетін болсақ, олардың тиімділігі біршама төмен. Бұл негізінен вакциналардың тұрақты Т-жасушалық реакция тудырмайтындығымен байланысты. Бірақ мұнда сіз инфекцияның тіпті 60 проценттік тиімділігі – жақсы нәтиже екенін түсінуіңіз керек. Бастапқыда мұндай жоғары сандарды (тиімділіктің 90% астамы) ешкім күткен жоқ. Векторлық және РНҚ вакциналарының жетістігі вакцинологиядағы нақты революцияға әкелді! Барлық вакциналар осылай жұмыс істей бермейді. Мысалы, тұмауға қарсы егудің тиімділігі жыл мезгіліне байланысты 30-70% құрайды. Ғылыми қауымдастық коронавирус туралы мақсат қойған кезде, «жақсы вакцинаның» шегі 50% тиімділік болды.

- Ревакцинация туралы қашан айтуға болады?

- Бұл туралы айтуға әлі ерте. Мен кейде екі түрлі шектен шығуды кездестіремін: немесе «мен егілмеймін, мен табиғи иммунитетті қалаймын» - деп бәрін де жоққа шығарамыз, немесе «вакциналардың барлық түрлерін араластырып, бір айдан кейін қайта вакцинациялайық» дейміз. Бірақ бізге әлі де деректер қажет. Дельта штаммын жұқтырған кезде ауруханаға жатқызудан оңтайлы қорғау үшін вакцинаның екі дозасы жеткілікті. Қазіргі уақытта ревакцинация ештеңені түбегейлі өзгертпейді.

- Егер адам ауырып шыққан болса, бұл оның иммунитеті бар және оған егу арқылы сырттан араласуға болмайды деген сөз бе?

- Бірінші доза – қоздырғышпен танысу, екіншісі – антиденелердің өршуіне әкелетін «еске салу». Дельта нұсқасымен күресу үшін бізге антиденелердің көп мөлшері қажет, олар екінші дозадан кейін ғана шығарылады. Адам ауырып шыққан кезде де солай болады – оның иммундық жүйесі вируспен танысты. Бірақ оны қорғауға антиденелер жетіспеуі мүмкін. Науқастар үшін вакцина «еске салғыш» рөлін атқарады. Антиденелерді өлшемеуге де болады, стандартты мәндер жоқ, біз тек мерзімдерге ғана назар аударамыз – аурып шыққан соң 3-6 айдан кейін вакцинациялануға болады.

- Қазір көптеген адамдар Қазақстанда балаларды коронавирусқа қарсы вакцинациялаудың басталатынын болжап отыр. Оған көптеген қарсыластар бар. Сіз бұған қалай қарайсыз?

- Қазіргі уақытта Pfizer-мен 12 жастан бастап жасөспірімдерін вакцинациялауға рұқсат етіледі, АҚШ пен Еуропада оны жасап жатыр, өйткені бұл вакцина бойынша зерттеулер бар. «Спутник V» бойынша әзірге мұндай деректер жоқ. Алайда, балаларды егу туралы өте мұқият бола отырып айту керек, өйткені кез-келген қателіктер балалар ауруларына қарсы вакцинацияға әсер етуі мүмкін.

- Пандемия қанша уақытқа созылуы мүмкін?

- Бастапқы белгілері бойынша ковидтің жалпы суық тию инфекциясына ұқсайтынын көріп отырмыз, бірақ одан кейін көп ұзамай тромбоз пайда болып, цитокиндік дауыл мен постковидті синдром сияқты ауыр асқынулар болуы мүмкін. Сондықтан Сovid-19 маусымдық ауруға айналып, тұмау сияқты біздің өмірімізге енетінін немесе енбейтінін әзірге айту қиын.