Әлемдегі ең үлкен екі экономика арасындағы сауда соғысы осыдан 5 жыл бұрын басталған еді. Сол кездегі АҚШ-тың президенті Дональд Трамп: «Біздің бір ғана проблемамыз бар. Ол - Қытай» деген еді. «Tit for Tat» деп аталатын тариф екі елдің өмірлік маңызы бар тауарларының сатылымына тікелей әсер етті. Әсіресе, Трампты Америкадағы сауда дефициті қатты алаңдатқанын жақсы білеміз.  Оның айтуынша, сол кезде АҚШ-тың Қытайдан сатып алған  өнімі америкалықтардың Қытайға сатып отырған өнімінен әлдеқайда көп еді. Яғни, екі ел арасындағы саудадан Қытай тарапы көбірек пайда тауып отырды. 2017 жылы АҚШ-тың Қытаймен сауда тапшылығы 375 млрд доллар болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 382 млрд долларға жетті.  

Сауда тапшылығының туындауына әсер еткен тағы бір фактор Қытайдың доллар-юань саясаты еді. Қытай 2000 жылдың соңынан бастап юань валютасының жаһандық рөлін арттыруға кірісті. Жарты әлемге долларсыздандыру саясатын жүргіземіз деп жар салды.  Десе де, әлем бойынша резервтегі доллардың көп бөлігі Қытайға тиесілі. 2023 жылдың шілде айындағы жағдай бойынша Қытай 3 триллион долларлық қорға ие. Екінші орында тұрған Жапония шамамен 1,1 трлн долларды сақтап отыр. Батыс экономистерінің айтуынша, Қытай долларлық резервтерді жинақтай отырып, ДСҰ-ға кіргеннен кейін он жыл ішінде юаньның құнын жасанды түрде төмен деңгейде ұстаған. Әлсіз валюта Қытай импортын арзанырақ етті, ал американдық экспортты қымбаттатады, осылайша АҚШ-тың Қытаймен сауда тапшылығын тудырған.

Трамптың айтуынша, жылдар бойы Қытай сауда алаңында АҚШ тарапынан көптеген артықшылыққа ие болды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін екіжақты сауданың тепе-теңдігін қалпына келтіру мақсатында Қытай тауарларына 300 миллиард доллардан астам баж салығын салу жоспарланды. Әрине, өз кезегінде Қытай тарапына Трамптың мұндай «белсенділігі» ұнамады. Десе де, АҚШ-тың бұрынғы президенті діттеген мақсатына жетіп, 2018-2022 жылдар аралығында Қытайдың жекелеген тауарларына баж көлемін арттырды. Осы аралықта АҚШ-тағы орташа тариф 3,8 пайыздан 12 пайызға дейін өсті. Сөйтіп, Қытайдан келетін 1300 тауарға баж салығы енгізілді. Бірақ Ақ үй үшін тауар балансын теңестіруге бұл да жеткіліксіз еді. Қытайдың құны 50 миллиард доллардан асқан АҚШ-қа жөнелтілген тауарының барлығына 25% баж салығы салады.

Әрине, аталған жылдары Қытай тарапы да қалыс қалмай сауда тарифін 7,2 пайыздан 18,3 пайызға дейін өсірді. Оның ішінде темекі мен соя өнімінен басталатын 106 тауар түріне тарифті өсіреді. Қазір Қытайдан АҚШ-қа жіберілетін тауарлардың 66,4%-ы өзгертілген тариф бойынша сатылып отыр. Тауар тарифіне қатаң саясат енгізу саларынан 2019 жылы Қытайдың АҚШ-қа импорты 12 пайызға, ал Американың Қытайға экспорты 19 пайызға қысқарған. Сауда көрсеткіштері соңғы жылдарда да жақсара қойған жоқ. Мысалы, АҚШ-тың Қытайдан сатып алатын тауар көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы 24 пайызға төмендеген.  

Екі елдің тариф саясатындағы өзгерістің нәтижесінде Қытай АҚШ үшін негізгі сауда серіктесі деген статусынан айырылды. Мысалы, 2015-2018 жылдар аралығында Қытай АҚШ-тың сауда серіктестері арасында бірінші орында болса, қазір Мексика мен Канададан кейін үшін орында тұр. Census Bureau data хабарлауынша, тауар айналымының көрсеткішіне сәйкес Мексика 2023 жылдың алғашқы төрт айында Қытайдың орнын алмастырып үлгерді.

 

Қытай экономикасының жағдай мәз емес

Қытай 2001 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болғанда ұйымдағы елдердің 80%-дан астамында Қытайға қарағанда Америкамен сауда көлемі жоғары болған. Ал 2018 жағдай күрт өзгеріп, 190 елдің 128-і АҚШ-пен серіктестікті Қытаймен «алмастырады». Оның ішінде 40 ел Америкаға қарағанда Қытаймен екі есе көп сауда жасады. Осы жылдар аралығы Қытайдың «жұлдызды сәті» десек, артық айтпаған болар едік. Яғни, Қытай экономикасы АҚШ экономикасына қарағанда экспортқа көбірек бағытталды. Бұған қоса, жаһандық жеткізу тізбегі жылдам жүрді. Қытаймен сауда жасауға ниет білдірген елдер санының тез өсуін олар ұсынған тауар бағасының төмен болуымен түсіндіруге болады.

Әлемдік саудадағы бетбұрыс 2008-2009 жылдардағы қаржылық дағдарыс кезінде өзгеріске ұшырады. Қытай көп ел үшін әлемдегі негізгі әрі бірінші сауда серіктесі атанады. Бірақ кейінгі жылдардағы АҚШ-тың тариф саясатынан басталған проблемалар, пандемия кезіндегі тоқырау Қытайдың әлемдік сауда тізбегіндегі рөлін ығыстыра бастады. Нәтижесінде, соңғы жылдары Қытай экономикасы бірқатар қиындықтарға тап болды. Былтыр жазда Қытай үкіметі жариялаған есеп бойынша экономикалық өсудің қозғаушы күші саналатын жылжымайтын мүлік секторы күрт құлдырады. Бұл саладағы қытайлық компаниялардың табысы қарызын қайтара алмайтын деңгейге жеткен. Бұған қоса, елдегі муниципалды органның триллиондаған долларлық қарызы бар. Бұл сома Қытайдың ЖІӨ-нің 280 пайызын құрайды.

Экономиканың тілімен айтқанда қазір Қытай дефляциямен күресіп жатыр. Өйткені жаһандық нарықта сұраныс пен қатар баға да төмендеді. Экономиканың негізгі тірегі – экспорттың өсімі соңғы жылдары өзгеріссіз қалып отыр. Былтыр Қытайдың сыртқа сатып отырған тауарының табысы 8,1%-ға, ішкі тұтыну көлемі 7%-ға төмендеді. Сарапшылар оның салдарынан Қытай әлемдік өндірістен 3 трлн доллар жоғалтуы мүмкін екенін айтады.

Ал қызмет көрсету саласында жұмыспен қамтылғандардың үлесі 48% ғана болса, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 80%-ды құрайды. The Center for Strategic and International Studies (CSIS) хабарлауынша, былтырдан бері Қытайдағы жұмыссыздық мәселесі елдегі ең өзекті тақырыпқа айналған. Тіпті, былтырғы маусым айында Қытайдағы қалалық жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі рекордтық көрсеткішке, яғни 21,3 пайызға жетті. Одан бері Қытай билігі жастар арасындағы жұмыссыздық туралы ақпаратты жариялаудан үзілді-кесілді бас тартып отыр.

Сауда-саттықтан өзге АҚШ салған шектеу Қытайдың инвестициялық тартымдылығын тежеп қойды. Қытайдың мемлекеттік валюта басқармасы жариялаған мәліметтерге сәйкес Қытайға келген шетелдік инвестициялар көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы 87 пайызға төмендеген. Соңғы рет мұндай төмен көрсеткіш 1998 жылы тіркеліпті. Financial Times хабарлауынша, шетелдік инвестициялар тек тамыз айында жалпы құны 12 миллиард доллар болатын қытайлық акцияларын сатады. Екі ел әлі де экономикалық тұрғыдан бір-бірімен тығыз байланысты болғанымен, бизнес пен инвесторлар геосаяси тенденцияларды түсініп, Қытайдан іргесін аулақ ұстауға кіріскен сияқты.

GEP жаһандық жеткізілім индексі көрсеткендей, 2020 жылдың маусымынан бері Қытай тауарларын жеткізу тізбегі тоқтап қалған. Мұны бір жағынан АҚШ нарығының сұранысты төмендетуімен байланыстырса, екінші жағынан жалпы тұтынушылық деңгейінің азаюымен түсіндіруге болады.

Қытайдың тауар тасымалы биыл да біраз қиындыққа тап болғалы тұр. CNBC сауалнамасына қатысқан логистикалық компаниялар жүк жөнелтілімі кем дегенде 2024 жылдың ортасына дейін тұралайтынын айтыпты.

 

Си Цзиньпин мен Байден ортақ мәмлеге келе ме?

Дональд Трамптың кезінде «тұтанған» сауда соғысы Байден билікті қолына алған кезде тоқтайтынына сенгендердің болғаны рас. Бірақ АҚШ-тың Қытай экономикасына қатысты шектеуі сол күйінше сақталды. АҚШ-тың соңғы жылдардағы әрекеті сауда тарифіндегі шектеулерді күшейте отырып, экономикалық байланысты кеңейту, яғни дихотомия процессі бойынша әрекет етуге көбірек ұқсайды.

Жалпы, соңғы жылдары да екі ел арасындағы байланыс айтарлықтай жақсарып кете қойған жоқ. Әсіресе, Пентагон былтыр ақпанда АҚШ аспанында бірнеше күн қалықтаған барлау шары Қытайға тиесілі екенін анықтаған еді. АҚШ Қытайдың бұл әрекетін әуе кеңістігі жөніндегі ережелері мен халықаралық келісімді бұзды деп мәлімдеді. Бұған қоса, Украина мен Ресей арасындағы соғыста Қытай Путинге қолдау білдіргені үшін АҚШ Қытайдың біраз компанияларына санкция жариялағанын білеміз. Бұдан бөлек, Тайваньға қатысты келіспеушілік те ушығып кеткен еді. Осы жағдайдың барлығы екі ел арасындағы байланысты одан сайын күрделендіріп жіберді.

Соған қарамастан екі ел арасындағы экономикалық жағдайды тұрақтандыруға Байден мен Си Цзиньпин мүдделі екенін олардың күзде Сан-Францискодағы кездесуінде естіген едік. Бастапқыда президент Байден АҚШ пен Қытай арасында ешқандай түсініспеушілік болмауы тиіс екенін айтып, «саудадағы бәсекелестік қақтығысқа ұласып кетпесін» деді. Кездесу барысында екі державаның әскерлері арасындағы тікелей байланыс арналарын қалпына келтіру туралы уағдаластық орнады. Бұл айтуға болатын жалғыз жетістік еді. Ал инвесторлар бұл кездесуді асыға күткенімен, екі ел арасындағы текетіресті тоқтатуға жасалған нақты қадам байқалмады. Ресми мәлімдемелерде Америка Құрама Штаттарының Қытайға чип сатуды шектеп, бәсекені жалғастыратыны атап өтілген. Оның үстіне Джо Байден баспасөз мәслихатында Си Цзиньпинді тағы да «диктатор» деп атады.

          Алдағы жылдары екі елдің экономикалық жағдайы тұрақтала ма деген сауалға жауап іздейтін болсақ, Қытайдың қазіргі шатқалақтап тұрған экономикасын ескере отырып, аспан асты елі жақын арада АҚШ-пен қарым-қатынасын жақсартуға немесе кем дегенде жағдайдың нашарлап кетпеуіне күш салады деген болжам бар. Өйткені, Қытай АҚШ-тың шектеуіне қарсы әрекет ететін болса, шетелдік инвесторларды қорқытып алуы мүмкін. Қалай дегенмен, жаһандық компаниялар Қытайға инвестиция салу және қытайлық жеткізушілермен серіктес болуы қазіргі жағдайда үлкен тәуекелге барумен бірдей екенін жақсы түсінеді. Өйткені АҚШ-тың болашақта енгізуі мүмкін шектеулері ірі компаниялардың бизнес жоспарын бұзуы мүмкін. Мысалы, Америка экспорттық бақылауды кеңейткен жағдайда, бұл тізімге Қытаймен келісімге отырған компаниялар еніп кетуі ғажап емес.

          Оның үстіне АҚШ Қытайдың қазіргі құлдыраған қаржылық жағдайын негізгі фактор ретінде алға тартып, сауда және инвестициялық шектеулерді «сауда соғысы» деген түсітіктен алыстатып, Қытайдан келетін «тәуекелдерді азайту» деп көрсетіп жүр. АҚШ сауда министрі Джина Раймондо бір сұхбатында: «Біз ұлттық қауіпсіздігімізді қорғау мақсатында ешқашан келісімге келмейтін болсақ та, АҚШ Қытай экономикасын ажыратуға немесе тежеуге ұмтылмайды», -деген болатын. Яғни, инновацияға, өндіріске және саудаға негізделген АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық қатынастар нашарлай береді деген сөз.

          АҚШ-тың Қытайға бағытталған «тәуекелдерді азайту» стратегиясына қытайлық үкімет күмәнмен қарайды. Тіпті, кейбір қытайлық мемлекеттік газеттер «тәуекелдерді азайту» дегеннің астарында «сауда соғысы» жатқанын  ашық жазған. Қытай билігі Байденнің әрекетін екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды қысқартуды көздейтінін меңзейді.

          Бұған қоса, CSIS мәліметінше, Қытайдың «Made in China 2025» және Бейжіңнің 14-ші бесжылдығы деп аталатын өнеркәсіптік саясаты батыс компаниялары мен жеткізушілерін ығыстыруды көздейді. Яғни, Қытай ұлттық қауіпсіздігі мен экономикалық саясатын батыс компанияларының ақшасынсыз жүргіземіз деген жоспар құрған. «Өзін-өзі қамтамасыз ету» деп сипатталатын бұл жоспар Қытайдың тауар өндіруде шетелдік зауыттарға тәуелділін азайтуға бағытталған. Бұл жоспардан Қытайдың ірі серіктестері зардап шегетіні айтпаса да түсінікті. Мысалы, Қытай бұндай саясаты АҚШ сияқты елдердің коммерциялық мүддесіне зиян келтіруі мүмкін. Бұған қоса, әлі де қытайлық жеткізушілер мен тұтынушыларға тәуелді АҚШ-тың маңызды салалары зардап шегуі ықтимал.

          Қалай десек те, екі ел арасындағы сауда тізбегін бір жола тоқтату мүмкін емес, GEP, Supply Chain Consulting компаниясының вице-президенті, Джон Пиатек: «Байден мен Си Цзиньпиннің аталған мәселені біржақты шеше алмағанына қарамастан Қытай АҚШ үшін сенімді серіктес болып қала береді. Өйткені жаңадан жеткізу тізбегін қалыптастыру қиынға соғады», - деді.  Бөлшек сауда және тұтынушыларды талдау орталығы (NRF) болса, Байден әкімшілігінен Қытаймен арадағы тарифтерді жоюға шақырады. Олардың айтуынша, қосылған тарифті саудагерлер қалтасынан төлеуге тура келеді. Өз кезегінде тұтынушыларға да салмақтың бір ұшы тиеді. Көптеген саудагерлер жеткізу тізбегін әртараптандыруға ұмтылғанымен, оны өзгерту үшін көп уақыт жоғалтайын деп тұр.

Көптеген америкалық компаниялар тұрақты екіжақты қарым-қатынастың қайтадан түзелуін қалайды, бұл олардың Қытайдағы операцияларына байланысты геосаяси тәуекелдерді азайтуға көмектеседі деп сенеді. Бұл компаниялардың қатарында Apple, Nike, Caterpillar сияқты алпауыт компаниялар да бар.

Халықаралық экономикалық жүйедегі өзгерістер ауқымды уақытты қажет етеді, әсіресе Қытай мен АҚШ сияқты алпауыт елдердің өзара сауда саттық жүйесін бірден өзгерте салуы екіталай. Сондықтан екі держава арасындағы сауда соғысының бірнеше кезеңіне куә болатын секілдіміз.