Қазақстанда бағалы қағаздар нарығы соңғы 10 жылда кең дами бастады. Отандық қор биржасындағы бағалы қағаздар AIX немесе KASE сынды екі алаңда саудаланады. Соңғы жылдары біршама ұлттық компаниялар акцияларын еркін нарыққа шығарды. Әрине, барлығының қадамы сәтті болмады, пайдаға бірден батпады. Бірақ былтырғы AIX бойынша сауданың жалпы көлемі 582 миллион долларға жетіп, 2022 жылмен салыстырғанда үш есе өскен. Жалпы, отандық құнды қағаздар нарығын не күтіп тұр?

Соңғы жылдары қор нарығын капиталдандыру бағытында айтарлықтай өзгерістер барын көріп отырмыз. Мысалы, биылғы қаңтар-наурыз айларында қор нарығын капиталдандыру (оған акциялар, облигациялар және мемлекеттік бағалы қағаздар кіреді) 68,5 трлн теңге болды. Яғни, былтырғы жылмен салыстырғанда 13%-ға өсім бар. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, бұл өсімнің негізгі драйвері корпоративтік пайда мен дивиденд төлемдерінің артуы, базалық мөлшерлеменің төмендеуі есебінен болып отыр.

Қазақстан қор биржасында Халық банк, Kaspi және Банк ЦентрКредит, Kcell мобильді операторы және «Қазақтелеком» телекоммуникациялық компаниясы, KEGOC жүйелік операторы, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазТрансОйл» және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компанияларының акциялары саудаланады. Биылғы бірінші жарты жылдықта сатып алушылар үлесі Халық банкте -30,2%, Kaspi.kz - 26,1% және Kcell-де 61,9%-ға өсті.

Жалпы қор нарығында қандай компаниялар алдыңғы қатардан табылады деген сауалға  жауап беретін болсақ, оны анықтайтын арнайы критерийлер бар.

Мысалы, компанияның жылдар бойы тұрақты өсімі, нарықтық капитализациясы жоғары компанияның экономикалық күші, акциялардың өтімді болуы және сауда көлемінің жоғары болуы есепке алынады.

 

IPO-ға шыққан компаниялардың жағдайы қалай?

Қазақстан квазимемлекеттік компанияларды IPO-ға шығару мәселесіне үлкен дайындықпен келді. AIX биржаны ашудағы негізгі мақсат - шетелдік ойыншылар қазақстандық компаниялардың үлесін сатып алуына жағдай жасап, AIX алаңында квазиұлттық компанияларды IPO-ға шығару болатын. Бірақ іс жүзінде AIX ірі жекешелендіру алаңына айнала алмады. Олай дейтін себебіміз, 2018 жылы «Қазатомөнеркәсіп» AIX-тен IPO-ға өтеді. Бірақ LSE-де орналастырылған компанияның акциялары жоғары бағаланады. Яғни, бұл оның өтімділігінің төмендеуіне алып келеді. AIX биржасынан 2022 жылдың басында Kcell компаниясы да өз еркімен шығып кетеді. Сөйтіп, акцияларын KASE-ге шоғырландырады. Сол жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК-ның бағалы қағаздары AIX платформасы арқылы IPO-ға шығады. Бірақ сарапшылар бұл қадамды сәтсіз деп санайды. Өйткені қаражаттың 90%-ы KASE алаңында саудаланады.

Қазақстан қор нарығында KASE-нің әлеуеті үлкен болғандықтан, ол ірі компаниялардың облигацияларын шығаруға машықтанған. Ал AIX көбіне шағын және орта кәсіпорындарға қолайлы орта болды.

Осы ретте Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы елдегі екі қор нарығы бір-бірін толықтыруы керек деп санайды. Себебі қазақстандық бағалы қағаздар нарығының негізгі өтімді әрі белсенді тобы KASE-де шоғырланса, AIX шеңберіндегі инвесторларға берілген ерекше мәртебе мен қолайлы реттеу жүйесі жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын еді. Тіпті, бұл стратегия жүзеге асқан жағдайда 10 триллион теңгеден асатын бірыңғай нарыққа қол жеткізудің де ауылы алыс емес.

Елімізде алғашқылардың бірі болып «ҚазТрансОйл» АҚ 2012 жылы IPO-ға шығады. Артынша, «KEGOC» АҚ 2014 жылы, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ 2018 жылы, Kaspi.kz 2020 жыл, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» 2022 жыл Air Astana 2024 аталған алаңда саудаға шығады. Оның ішінде тұрақты өсім көрсетіп отырған компаниялар да бар. QazTrading мәліметінше, соңғы онжылда IPO-ға шыққан компанияларға салынған инвестициядан түскен табыс бойынша Kaspi.kz бірінші орында тұр. Банктің жылдық кірісі +75%. Келесі «Қазатомөнеркәсіптің» бағалы қағаздарының жылдық табысы +58%, үздік үштікке енген ҚазМұнайГаздың жылдық кірісі +42%. «KEGOC» көрсеткіші +40,8%. Айта кетерлігі, бұл көрсеткіш соңғы 10 жылдықтағы талдауға негізделген. Ал биыл жыл басынан бері IPO-да оза шапқандардың қатарында Банк ЦентрКредит +48,4%, Kcell +38,6% және Халық банкі +21,1% өсім көрсетіп отыр. Әзірге теріс динамика тек «ҚазТрансОйл» акциясында -3,4% ғана. Былтыр «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бағалы қағаздар құны салыстырмалы түрде жоғары болды. Бірақ соған қарамастан өсу динамикасы 20% межесінде болып отыр. Оның себебі әлемдік уранға сұраныстың қалыпты деңгейде сақталуымен түсіндіріледі. Яғни, биыл да акциясы тұрақты түрде саудаланатын «ойыншылардың» қатырында «Қазатомөнеркәсіпті» кездестіреміз деген сөз. Болашақта әлеуеті бар акциялардың қатарында «KEGOC» АҚ-ны атауға болады. Компания акциялары былтырдан бері 27% өсім көрсетіп отыр. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап аталған компанияның бағалы қағаздарына қатысты нормативтік-құқықтық өзгерістер енгізілген болатын. Сарапшылар осы жағдайдан кейін биылғы қаржылық көрсеткіштің айтарлықтай жақсаратынына сенім білдіріп отыр.

Биыл наурыз айында «Самұрық-Қазына» қоры Air Astana әуе компаниясын IPO-ға шығару арқылы 23 млн доллар пайда тапқаны туралы ақпарат жарияланды. Air Astana әуе компаниясының IPO-сы барысында нарықтан тартылған 370 млн доллар қаржының 120 млн доллары әуе компаниясының дамуына жұмсалатыны да айтылғаны есімізде. Бірақ артынша 2 айдан кейін Лондон қор биржасының (LSE) сайтында жарияланған мәліметте IPO-ға өткен Air Astana биржадағы сатылған акцияларын қайта кері сатып алатыны жазылған. Оның себебі Air Astana компаниясының бұған дейін қабылдаған «компанияның міндеттемелерін орындау» деп аталатын бағдарламаға сәйкес жалпы сомасы 12 млн долларға 4,8 миллионға жуық акция сатып алуы тиіс. Бұл бір акцияға шаққанда шамамен 1100 теңге.

Қайта сатып алу бағдарламасының бірінші бөлігі 2024 жылдың 30 сәуірінен басталып, 2025 жылдың 8 ақпанға дейін жоспарланған. Акцияларды сатып алу үшін әуекомпания Freedom Broker, Freedom Finance Global және Halyk Finance брокерлерін жалдаған. Қазіргі кезде компанияның 44 пайыз акциясы KASE, AIX және LSE биржасында еркін айналымда жүр. Компанияның бұл әрекетін наурыз айында акция құнының 949 теңгеге дейін арзандап кетуімен түсіндіруге болады. Бұған қоса, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының мәліметінше, Air Astana-ның таза табысы 18%-ға азайғаны да жағдайды ушықтырып отыр. Екінші жағынан биржада Air Astana акцияларын сатушылардың саны сатып алушылардан асып кеткен. Нарық заңдылығына сәйкес ұсыныс сұраныстан артса, акция құнсызданады. Қалай десек те, IPO алаңына шыққан әуе компаниясының алғашқы қадамы сәтті бола қоймады. Десе де, Қазақстанның Азаматтық авиация комитеті 2025 жылы көптеген елге жаңа рейстер ашуды жоспарлауы және Air Astana-ның 2028 жылдың соңына қарай авиапаркін 80 әуе кемесіне дейін ұлғайту сияқты позитивті жоспары компанияның бағалы қағаздар сатылымына оң әсер етуі мүмкін.

 

Бағалы қағаздар нарығымен айналысатын қазақстандықтардың үлесі қанша?

          Жақында Freedom Finance Global қазақстандықтардың артық ақшасын қайда сақтауды жөн көретінін зерттеген екен. Сауалнамаға 18 жастан асқан 3 035 тұрғын қатысқан. Соның нәтижесі бойынша респонденттердің тек 20,4%-ы ғана IPO арқылы бизнесті дамытуға инвестиция тартуға болатынын атаған. Ал сауалнамаға қатысушылардың 17,7%-ы бағалы қағаздар нарығына қатысты ешқандай ақпарат білмейтін болып шықты. Ал қалғандары тек IPO туралы естігенін айтады. Ресми мәлімет бойынша елімізде тұрақты табысы бар халықтың 3 жарым пайызы ғана қор нарығынан табыс табады. Орталық депозитарийдің мәліметінше, осы уақытқа дейін қазақстандықтар екі миллионнан астам брокерлік шот ашқан. Бірақ олардың көпшілігі бос күйінде тұр. Оның себебі, азаматтар үшін артық ақшаны инвестицияға салудың негізгі тетігі банктен депозит ашу немесе жылжымайтын мүлік алып арендаға беру. Бағалы қағаздар нарығына ақша салу әлі де болса сенімсіз құрал. Адамдар қолдағы бар қаражатынан айырылып қаламыз ба деген қорқыныштың барын жасырмайды. Оның үстіне қаржылық пирамидаларға қатысты атышулы жанжалдар сенімсіздіктің туындауына себеп болып отыр. Бір жағынан акциямен жұмыс істеудегі жан-жақты білімнің жоқтығы да негізгі себептің бірі.

          Десе де, жоғарыда атаған 3 жарым пайыз акционерлердің таңдауы тек отандық нарыққа ғана емес, KASE Global секторындағы шетелдік қағаздарға да түсіп отыр.  Мысалы, 2023 жылдың 10 айында осы сектордағы сауда көлемі 2022 жылдың ұқсас кезеңіне қатысты 44%-ға өсіп, 73,1 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде Apple Inc. – 27,4 млн доллар, Johnson & Johnson – 11 млн доллар, Microsoft Corporation – 5,5 млн доллар, Tesla – 2,9 млн доллар, Advanced Micro Devices – 2,4 млн доллар болған.

          Айта кетерлігі, әлемдік үдеріспен қатар Қазақстанда да бөлшек инвесторлар саны көбейген. Олар көп жағдайда ірі инвестицияларды жүзеге асырудың орнына қазақстандық брокерлер қызметінің көмегімен шағын инвестицияларды тиімді деп санайды. Десе де, қай кезде де тәуекелдің болуы түсінікті жағдай. Мысалы, қаржы институттарының жағдайы Ұлттық валюта бағамының ауытқуы тікелей тәуелді.

 

Мемлекеттік бағалы қағаздар бюджет жыртығын жамап отыр

Биыл Қаржы министрлігі құны 5,17 трлн теңге болатын мемлекеттік бағалы қағаздарды саудаға шығаруға ниет білдіріп отыр. Қазақстандық биржадағы жалпы бағалы қағаздардың сауда-саттық көлемі 10,9 триллион теңге болса, соның 8 триллионы мемлекеттік бағалы қағаздардың саудасына тиесілі.

Осы айда Қаржы министрлігі бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін 870 млрд теңге қарыз тартатынын мәлімдеген болатын. Яғни, жалпы сомасы 870 млрд теңгеге облигация орналастыруды жоспарлаған. Бұл мамыр айындағы көрсеткіштен 1,5 есе артық. Сонымен қатар, Павлодар облысы әкімдігі де жылдық мөлшерлемесі 0,35%-бен жалпы 1,4 млрд теңгеге облигация орналастырған. Айта кетерлігі, мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алатындардың ішінде 48,8% банктерге тиесілі, 40,7%-ы институционалдық инвесторлар екен.

Жалпы, біздің елде облигация шығару арқылы қарыз тарту жылда жиі қолданылатын тетіктердің бірі. Көп жағдайда Қаржы министрлігі шығарған мемлекеттің бағалы қағаздарын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, Ұлттық қор және ЕДБ-тер сатып алады. Әсіресе, банктер үшін шағын және орта кәсіпкерлікке несие беру емес, облигация сатып алып, сату арқылы пайда табу тиімдірек болып отырғаны жасырын емес. Кейде валюталық ақшалай міндетемелер негізінде акциялар шетел нарығына да шығып жатады. Осы ретте базалық мөлшерлеменің төмендеуіне қарамастан, мемлекеттік бағалы қағаздар жергілікті ғана емес, шетелдік инвесторлар арасында да сұранысқа ие екен. Өйткені оның кірісі күтілетін инфляциядан жоғары. Бұған қоса, салынған капиталдың рентабельділігі мен кіріске ешқандай салық салынбауы инвесторлар үшін тартымды болып отыр.