Биыл Қазақстанда ауыл шаруашылық саласында рекордтық көлемде өнім түсті. «Алтын, күміс – тас екен, арпа, бидай – ас екен» деп өскен халықтың ұрпағымыз ғой. Әлбетте, астықтың көп түскені жақсы. Бірақ таяқтың екінші ұшы да бар. Осыншама мол өнім қамбамызға сыя ма? Ішкі нарықтан артылғанын қай елдерге сата аламыз?
Биыл астық бітік шықты. Дәнді-дақылдардың биылғы түсімі орташа есеппен гектарына 16,1 центерді құрап, 26,7 миллион тонна астық бастырылды. Сонымен қатар 3,2 млн тонна майлы дақыл, 2,9 млн тонна картоп, 3,9 млн тонна көкөніс және 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды.
Жыл басында жер-жерді қарғын су басқанда жазда құрғақшылық болатыны туралы болжамдар айтылған. Сол себепті біраз сарапшы астық түсімі азаяды деп топшылаған. Алайда іс жүзінде бәрі басқаша өрбіді. Жаз айлары шаруаға қолайлы болды. Нәтижесінде астық бітік шығып, мол өнім түсетіні аңғарылған.
Бірақ егіннің бітік шығуы бір басқа да, күзде оны шашау шығармай бастырып алу бөлек мәселе. Бұл тұрғыдан алғанда мемлекет болып, дихандар болып «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» білді десек артық айтқандық емес. Қазіргі өнімнің көп түсуі де осыған байланысты.
Мемлекет дегеннен шығады. Президент Тоқаев ауыл шаруашылығын дамыту қажет екенін талайдан бері айтып жүр. Үкімет мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды ұлғайтты. Мәселен, биыл жеңілдікті қаржыландыру 580 миллиард теңгені құрады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Келесі жылы осы бағытта 700 миллиард теңге бөлу жоспарланған.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы технологияларын дұрыс қолдану, сапалы тұқым себу, минералды тыңайтқыштар пайдалану да өнімнің көп түсуіне ықпал еткенін айта кеткен жөн. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылға қарай бидай өнімділігін гектарына 20 центнерге жеткізу көзделген. Табиғат жылы қабақ танытып, заманауи технологияларды тиімді пайдалана алсақ, бұған қол жеткізетініміз анық. Бірақ соншама мол өнімді қайда жібереміз? Мәселе сонда.
Үкімет таратқан деректерге сай, республикадағы астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30 млн тоннаны құрайды. Соның 12,7 миллион тоннасы лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына тиесілі. Бүгінде дейін соларға 7,9 миллион тонна астық тапсырылыпты. Мұның 5,7 миллион тоннасы – бидай. Қалған өнім дихандардың қоймасында сақталып тұр. Кәсіпорындар заманауи техникалармен жабдықталған. Ал жеке шаруалар ше? Қазір Үкіметтің алдында тұрған міндеттің бірі – түскен мол өнімді шірітіп алмау. Сондықтан шаруаларға көмек керек-ақ.
Жалпы, Қазақстан жылына 8-9 миллион тонна астықты экспортқа шығарады. Соның ішінде бидайдың үлесі жоғары. Шамамен 6,5-7,5 тоннаны құрайды. Биылғы рекордтық көрсеткішті ескерсек, экспорт географиясын кеңейтіп, көлемін ұлғайтуға тура келеді. Бүгінде біздің астықты қырықтан астам мемлекет сатып алады. Олардың қатарында – Орталық Азия елдері, Қытай, Түркия, Ауғанстан секілді мемлекеттер бар.
Ресми деректерге сүйенсек, қараша айына дейін 6,3 миллион тонна астық экспорталыпты. Соның ішінде биылғы өнім 2,37 тоннаны құрап отыр. Бұл – былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 52 пайызға көп. Мысалы, Өзбекстанға (944 мың тонна), Тәжікстанға (377 мың тонна), Қытайға (355 мың тонна) экспортталған астық көлемі ұлғайған. Осы орайда, еліміздің бидайы Иран нарығына кіре бастағанына ерекше назар аударған жөн. Былтыр аталған елге 10 мың тонна астық экспорттасақ, биыл бұл көрсеткіш 300 мың тоннаға жуықтады.
Бұдан бөлек, алтын дәнімізді Еуропаға және Солтүстік Африка елдеріне жеткізу мәселесі қазір күн тәртібінде тұр. Үкімет 2 миллион тонна астық тасымалдау мәселесін ұйымдастыруды пысықтап жатыр. Жоспар бойынша, биыл 12 миллион тонна астық экспорттап үлгеруіміз қажет. Сонда шаруаға да жайлы, мемлекетке де тиімді болмақ.
Сондай-ақ биыл ұн экспорты көлемін ұлғайтуға тура келеді. Қазақстан ұн сатудан әлем бойынша екінші орында тұр. Яғни, жаһандық нарықтың 12 пайызға жуығын Сарыарқада піскен дән қамтамасыз етеді. Биылғы мол өнімді ескерсек, келесі жылы Қазақстанның әлемдегі ұн нарығындағы үлесі тағы артатыны түсінікті.
Жоғарыда атап өткеніміздей, таяқтың екі ұшы бар. Астықтың мол түсімі шаруалар үшін қолайсыз болуы мүмкін. Нарық заңы бойынша ұсыныс көбейсе, баға түседі. Қазір қамбамыздың аузы-мұрны шыға толғанын көрші елдер естімей отырған жоқ. Осындай сәтті пайдаланып, Қазақстан астығын импорттайтын мемлекеттер бағаны түсіруге тырысатыны анық.
Оның үстіне, қазір ішкі нарықта да дәнді-дақылдардың құны арзандап жатыр. Былтыр осы уақытта үшінші сыныптағы бидайдың тоннасы 110-115 мың теңге көлемінде сатылған еді. Тамызда баға 90 мыңға дейін түсті. Қазір нарықта 70 мың теңге көлемінде сатылып жатыр. Кей шаруа астығын 50 мыңға бағалап жатқанын айтып шарасыз күйде отыр. Өйткені бұл сома өнімге жұмсалған шығынды толығымен жаппайды.
Соңғы рет Қазақстан мұндай мол көлемде өнімді 2011 жылы жинап, шамамен 27 миллион тонна астық бастырылды. Биыл да осыған жетеғабыл дәнді дақыл жиналып отыр. Молшылықтан бағаның арзандағанын ескеріп, 2011 жылғы тәжірибені қайта пайдаланған жөн. Сол кезде «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ нарықты реттеу мақсатында артылған өнімді сатып алған-ды.
Биыл да Үкімет осы тәсілді қолдануды жоспарлап отыр. Қазір астықты тасымалдауды жоспарлау үшін жедел астық штабын құру жұмыстары басталды. Экспорт географиясын кеңейту мақсатында халықаралық дәліздер құру жөніндегі жобалар іске асырылып жатыр.
«Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ егіншілерден астық сатып алу шараларын қабылдауға кірісті. Осылайша, Президент тапсырмасына сәйкес жаңа өнімді тікелей сатып алынады. Алғашқы кезеңде Үкімет резервінен 10 миллиард теңге бөлінеді. Бұған 150 мың тонна астық нарықтық бағамен сатып алынады. Бүгінге дейін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясына» тікелей сатып алу бағдарламасы бойынша астық жеткізуге ауыл шаруашылығы өндірушілерінен 287 өтінім келіп түсті. Өтінімдердің жалпы көлемі 3,8 млрд теңгеге 57,3 мың тоннаны құрап отыр. Корпорация үшінші сыныптағы бидайды 85 мыңнан бастап бағалаған. Егер дақыл желімтегінің сапасы 27 пайыздан көп болса, құны 100 мың теңгені құрайды.