Халықтың несиелік жүктемесінің шамадан асып кетуі жайлы естіген боларсыздар. Бұл – ел азаматтарының едәуір бөлігі несие алып, бірақ оны уақтылы өтеуге мүмкіндігі жетпейтін кезде қолданылатын ұғым. Қазақстан үшін бұл жағдай таңсық емес, әсіресе, соңғы жылдары несие алу көлемінің қарқынды өсуіне байланысты бұл елдегі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
Елдегі экономикалық жағдайды ескерсек, көп азамат үшін несие алу қаржылық мәселелерді шешудің бірден-бір жолы болып тұр. Елдегі несие жүктемесінің артуына себеп болған бірнеше факторды атап көрсетуге болады:
- табыс көлемінің төмендігі: халықтың көп бөлігі жалақыдан жалақыға дейін өмір сүретіндіктен, қосымша жинақтары жоқ. Сондықтан қаражат қажет кезде оны табудың бірден-бір жолы ретінде қаржылық несиені қарастырады.
- инфляция: тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуіне алып келеді.
- несиенің қолжетімділігі: банктер мен микроқаржы ұйымдары минималды талаптармен несие ұсына береді.
- қаржылық сауаттылықтың төмендігі: көп жағдайда тұтынушылар несие келісімшарттарының шарттарын түсіне бермейді, сәйкесінше, қарыз көлемінің шындап келгенде қанша екеніне мән бермейді.
Осы тұста халықтың несие жүктемесінің жоғарылығы мәселесін егжей-тегжейлі талдап, салдарымен танысып, оны шешудің қолжетімді әрі мүмкін әдістерін қарастырып көрсек.
Алдымен Қазақстандағы несие түрлеріне бір көз жүгіртіп өтейік. Бүгінде Қазақстанда несиенің келесідей негізгі түрлері қолжетімді. Тұтынушылық несие: халық жеке қажеттіліктерін жабу мақсатында алатын несие түрі. Оның арасында оқу ақшасын, ем қаражатын төлеу, техника сатып алу, жөндеу жұмыстарын жүргізу сияқты жеке қаржылық мәселелерді шешумен қатар күнделікті қолданысқа алынатын қаржылақ несие де бар (той жасауға алатын несие жайлы сөз етпесек те болатын шығар). Қазақстандағы несие портфелінің негізгі бөлігін осы тұтынушылық несие құрап отыр.
Ипотекалық несие: тұрғын үй сатып алуға немесе салуға алынатын несие. «7-20-25» немесе «Баспана хит» сияқты мемлекеттік бағдарламалар ипотеканың халық үшін қолжетімдірек болуына ықпал етіп, әлдеқайда ұтымды шарттар ұсынады. Бірақ халықтың бәрі тұрғын үйді мемлекеттік бағдарлама аясында алмайтындықтан, басқа да тұрғын үй несиелері жетіп жатыр.
Келесі, автокөлік несиелері мен бизнес ашу мен оны дамытуға алынатын несиелер. Соңғы жылдары шағын және орта бизнеске жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламалары қолжетімді бола түсуде.
Адамдар несиені түрлі себептермен алады: күнделікті мәселелерді шешу, жылжымайтын мүлікке инвестиция салу немесе бизнесті дамыту сияқты. Дегенмен, қарыздық жүктеменің артуы көптеген отбасылардың қаржылық әл-ауқатына үлкен қауіп төндіріп отырғанын естен шығармау керек.
Несие қолжетімділігі. Елдегі банк секторы мен микроқаржы ұйымдары қызметінің дамуы арқасында халықтың едәуір бөлігі несиеге оңай қол жеткізіп отыр. Дегенмен, қарыз алушылардың кей бөлігі несиені жабуға келгенде экономикалық қабілеттілік көрсете алмай жатады. ҚР Ұлттық банкінің мәліметінше, қазіргі таңда 8,4 миллион қазақстандық азаматтың несиесі бар. Себебі халықтың табысы төмен біршама бөлігі тұрғын үй, азық-түлік пен медициналық қызмет алу сияқты негізгі қажеттіліктердің өзін жабу үшін несие алуға мәжбүр. Бұған елдегі жұмыссыздық көлемін қоссақ, жаппай қарызға белшеден батып жүрген халықты көреміз.
Дегенмен елімізде несиесін төлей алмай жүргендер саны аз емес. Оған себеп мерзімі өтіп кеткен несиелер санының артуы мен отбасындағы қаржылық жағдайдың күн өткен сайын төмендеуі. Сырттан қараған адамға бұл шығар есігі жоқ жабулы шеңбер сияқты көрінуі мүмкін. Оның басты себебі ретінде төмендегі факторларды атай аламыз: мерзімі өткен несие пайызының жоғарылығы, банктер мен микроқаржы ұйымдарының сот арқылы борышкерлерге қысым көрсетуі мен мүлкінен айырылған адамдардың күйзеліске түсіп, өмір сүру сапасының төмендеуі. Яғни несиеңді жаба алмасаң, саған банктер сот арқылы қысым көрсетеді, қысым көрген соң күйзеліске түсесің, нәтижесінде қаржылық қабілетің төмендеп, несиеңді жаба алмайсың.
Бір кездері мұндай жолды Қазақстандықтар да тапқан сияқты болған. Нақтырақ айтқанда, мемлекет несиеден құтылуға мүмкіндік беріп, қол ұшын созған еді. Соның нәтижесі не болды?
2019 жылы несиелік амнистияға 507,4 мың азамат ілініп, олардың 105,2 млрд қарызы кешірілген еді.
Ал жақында ғана Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова өз сөзінде амнистияға іліккендер арасында қайта қарызға батқандар бар екенін айтқан еді:
“Біздің талдауға сәйкес, өкінішке қарай, 2019 жылғы несиелік амнистияға іліккен азаматтардың басым бөлігі қайта несие алған. Ал кейбірінің жағдайы тағы мәселе туындатып тұр”.
Борышкерліктен құтылған азаматтардың қайта несиеге батуына себеп болған жеке қаражатын басқару дағдыларының болмауы мен жаңа несие алуға итермелейтін төмен мөлшердегі табыс. Бұған инфляция мен күнделікті өмір сүруге қажет тауарлар бағасының өсуін қосыңыз.
Сондықтан бұл мәселені түбірімен шешу үшін тек қаржылық көмек көрсету жеткіліксіз, жүйелі өзгерістер енгізу де маңызды.
Санап үйренейік: қазақстандық халықтың қаржылық сауаттылығы қай деңгейде?
Қаржылық сауаттылық - тұрақты қаржылық жағдайдың/деңгейдің негізі. Қазақстанда бұл саладағы білімнің аздығы қарыз жүктемесінің жоғары болуының бір себебі болып отыр. Көптеген азаматтар несиенің нақты құнын қалай есептеу керек, неліктен жинақтың/қаржы жастықшасының болуы маңызды, отбасылық бюджетті қалай басқаруға болады деген сияқты қарапайым сұрақтардың жауабын ойлай бермейді.
Қаржылық сауаттылық деңгейін жоғарылату үшін мектептер мен ЖОО-да оқыту бағдарламаларын ұйымдастырып, халықты оқытуға бағытталған мемлекеттік науқандар жүргізіп, кеңес беру қызметін ұсыну үшін қаржылық ұйымдармен серіктестікті дамытуға болады.
Жалпы, қаржылық сауаттылықты қалыптастыру мен оның деңгейін арттыру жүйелі жұмысты қажет етеді.
Халықтың несиелік жүктемесінің артуымен күрес
Қазақстан несиелік жүктемені азайту мақсатында бірқатар шараларды қабылдауда:
Қарыз алушыларға қойылатын талаптар күшейтіліп, қарыз жүктемесіне шектеулер белгіленген.
Қарызды қайта құрылымдау, яғни бнктер қиын жағдайға тап болған қарыз алушылар үшін несие шарттарын қайта қарау бағдарламаларын ұсынады. Қаржылық кеңес беру орталықтарын құру, яғни халыққа қарызды басқару бойынша көмек көрсететін тегін қызмет қолжетімді. Сондай-ақ қазір eGov мобильді қосымшасы мен eGov.kz порталында несие алудан ерікті түрде бас тарту туралы өтініш беруге болады.
Басқа елдердегі жағдай қалай?
Әлемдік тәжірибеге зер салсақ, халықтың қарызға батуымен табысты күресіп жатқан мысалдарды көре аламыз. Мысалы, АҚШ-та несие рейтингтерін жүргізу міндетті, әрі микроқаржы ұйымдарын реттеу жұмыстары да күшейтілген. Германияда қарыз деңгейін шектеу мен жинақ мәдениетін дамытуға көп көңіл бөлінуде. Оңтүстік Кореяға келсек, онда қаржылық сауаттылық бойынша мемлекеттік білім беру бағдарламалары бар. Осы сынды шараларды Қазақстанның ұлттық ерекшеліктері мен экономикалық жағдайдын ескере отырып, біздің мәдениетке бейімдеуге болады.
Қаржылық тұрақтылыққа жол қайда?
Қазақстан халқының қарыз жүктемесі кешенді көзқарасты талап ететін күрделі мәселе. Оны шешу үшін мемлекет, қаржы институттары мен азаматтар күш-жігерін біріктіру қажет. Қаржылық сауаттылықты арттыру, несие беру тәртібін қатайту мен халықтың осал топтарына қолдау көрсету қарыздық жүктемені айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні - жеке қаржыға жауапкершілікпен қарау мен мемлекет тарапынан жүргізілетін қаржылық бақылау ғана тұрақты экономикалық дамуға қол жеткізуге мүмкіндік береді.