Қазақстанның басты стратегиялық мақсатының бірі – 2029 жылға дейін ішкі жалпы өнімді 450 млрд долларға жеткізу. Былтыр ішкі жалпы өнім көлемі 288 миллиард долларды құрады. Биыл 300 миллиардтан асуға тиіс. Бұл межеге жету үшін экономиканы жеделдетіп дамытудың сенімді құралдары қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары бірнеше рет атап өткендей, арнайы экономикалық аймақтар – осындай құралдардың бірі. Олар елдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, өңірлерді теңгерімді дамытудың және экспорттық әлеуетті кеңейтудің маңызды тетігі болып отыр.
Естеріңізде болса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы халыққа Жолдауында арнайы экономикалық аймақтардың мәселесіне тоқталды. Жолдауда АЭА-ны дамыту үшін мүлде жаңа саясатқа көшуді тапсырды. Кейінірек те президент арнайы экономикалық аймақтар мәселесін назардан тыс қалдырған жоқ. Әрдайым назарда ұстап, атқарылып жатқан жұмыстарға бақылау жасап келеді.
Жалпы, 2024 жылға дейін Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтарда құны 7,5 триллион теңгені құрайтын 354 жоба жүзеге асырылды. Бүгінде аталған кәсіпорындар 25 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Шамамен 2,9 триллион теңге инвестиция тартылды. Статистикаға сүйенсек, 2001-2024 жылдар аралығында өндіріс көлемі 8,4 триллион теңгені құраған. Соның ішінде 601 миллиард теңгенің өнімі экспортқа шығарылды. Мемлекет қазынасына 437 миллиард теңге салық түскен.
Қазақстан үшін арнайы экономикалық аймақтар тек салықтық жеңілдіктер беру құралы ғана емес, жаңа экономикалық үлгі қалыптастырудың маңызды тетігіне айналды. Біріншіден, АЭА шетелдік және отандық инвесторлар үшін қолайлы климат қалыптастырады. Мәселен, «Астана – жаңа қала» АЭА-сы іске қосылғаннан бері 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Яғни, өндіріс қуаты ғана артып қойған жоқ, сонымен қатар технология трансферті мен жоғары білікті кадрлар даярлауға мүмкіндік берілді.
Екіншіден, АЭА аймақтық дамуды теңестіруге ықпал етеді. Мысалы, Түркістан облысындағы «Оңтүстік» АЭА-сы тоқыма өнеркәсібін қайта жандандырды. Онда жалпы инвестиция құны 55,2 млрд теңгені құрайтын 32 жоба іске асырылып, 2446 жұмыс орны құрылды. 2010 жылдан бастап 2022 жылдың І жартыжылдығы аралығында өндірілген өнім көлемі 126,3 млрд теңгені құрады. Экспорт көлемі 62,8 млрд теңгеге жетті.
Үшіншіден, арнайы экономикалық аймақтар экспорттық әлеуетті күшейтеді. «Хоргос – Шығыс қақпасы» АЭА Қытаймен сауда көлемін едәуір арттырды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, кейінгі жылдары елімізде жаңадан арнайы экономикалық аймақтар құрылғаны белгілі. Мәселен, биылғы шілдеде Үкімет қаулысымен «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-ның ережесі мен нысаналы индикаторлары бекітілді. Соған сәйкес, арнайы экономикалық аймақтың аумағы 5431,5 гектарды құрайды. Жоспар бойынша, «Қорғас – Шығыс қақпасына» салынатын инвестиция көлемі 2030 жылға қарай 522,7 миллиард теңгеге жетуге тиіс. Ал 2035 жылы бұл көрсеткіш 715,5 миллиард теңгені құрауы қажет. Алдағы уақытта АЭА аумағында 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады деп күтіліп отыр.
Сол секілді мамырда «Қорқыт Ата» жаңа арнайы экономикалық аймағы құрылды. АЭА ендігі жерде Қызылорда облысындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне жақын 550 гектар аумақта орналасады. Оның аумағында өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті өндірістерді жедел дамыту, қызмет көрсетуді сапалы деңгейге шығару жоспарланған. Сонымен қатар инвестиция тарту, жаңа технологиялар енгізуге басымдық беріледі. Үкіметтің жоспары бойынша, 2049 жылға қарай АЭА-ға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 150 млрд теңгеге жетуге тиіс. Тауар өндіру мен қызмет көрсету көлемі 500 млрд теңгені құрайды.
Тоқаев Ақтөбе қаласының әуежайын мультимодалды хаб ретінде дамытуды тапсырған болатын. Қазіргі таңда мұнда арнайы экономикалық аймақ құру жұмыстары басталып кетті. Жобаға 1,2 триллион теңгеден астам инвестиция тартып, 5 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. Таяуда мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Түркияға барған сапарында S Sistem Lojistik компаниясының басқарма төрағасы Хусейн Барлинді қабылдаған. Аталған компания Ақтөбе халықаралық әуежайында логистика орталығын құруға қаражат құятыны белгілі болды.
Ақтөбе әуежайында арнайы экономикалық аймақ құру – ауқымды жұмыстың бір бөлігі. Мемлекет басшысы мультимодальды әуе хабтарын құруды тапсырғаны белгілі. Осы тапсырманы іске асыру мақсатында, биыл Үкімет «Оңтүстік», «Астана – Технополис», «Сарыарқа», «Alatau» және «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймақтарына порт аймақтары мәртебесін беретін қаулы шығарды.
Былтыр Президент жарлығымен облыстық маңызы бар Алатау қаласы құрылған-тұғын. Сөйтіп, ондағы G4 City арнайы экономикалық аймағының аумағы ұлғайтылып, атауы өзгертілді. Осылайша, 96,5 мың гектарды қамтитын Alatau арнайы экономикалық аймағы құрылды. Биыл Тоқаев Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдап, Alatau АЭА-ның әлеуетін нығайтуды тапсырды.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, арнайы экономикалық аймақтар экономикалық серпіліс беруде шешуші рөл атқарып келеді. Мысалы, Қытайдағы Шэньчжэнь арнайы экономикалық аймағы 1980 жылы құрылғанда шағын ауыл болатын. Бүгінде 10 миллионнан астам халқы бар ірі мегаполиске айналды. Аймақтың ай сайынғы экспорт көлемі 2024 жылы $30 млрд-қа жетіп, 1996–2024 жылдардағы орташа көрсеткіштен бірнеше есеге артты.
Малайзия мен Сингапурдың Жохор-Сингапур арнайы экономикалық аймағы (JSSEZ) да аймақтық ынтымақтастықтың табысты үлгісі саналады. Жоба 2030 жылға қарай жыл сайын шамамен 26 млрд доллар көлемінде кіріс әкеліп, 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Мұндай көрсеткіштер арнайы экономикалық аймақтардың тек ішкі нарықты ғана емес, көршілес елдермен бірлескен дамуды да жандандыратынын көрсетеді.
Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Jebel Ali Free Zone (JAFZA) 1985 жылы құрылды. Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақта 9 500-ден астам компания орналасқан. Соның ішінде Fortune Global 500 тізіміндегі ірі корпорациялар да бар. Дубайға құйылған тікелей шетелдік инвестицияның 32 пайызы JAFZA-ның меншігінде.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, арнайы экономикалық аймақтар Қазақстанға негізгі үш бағыт бойынша пайда әкеледі. Біріншіден, қыруар инвестиция құйылады. Шетелдік капиталды, технологияны және ноу-хауды елге әкелу арқылы өндірістік база жаңартылады. Екіншіден, экспортты әртараптандыруға мүмкіндік береді. Яғни, шикізатқа тәуелділікті азайтып, қосылған құны жоғары өнімдерді сыртқы нарыққа шығарудың тиімді тәсілі болмақ. Үшіншіден, аймақтарды тепе-тең деңгейде дамытудың жолы. Өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды тек ірі қалаларда ғана емес, өңірлерде де шоғырландыруға мүмкіндік беріп отыр.
Дегенмен, елдегі арнайы экономикалық аймақтардың бәрі керемет дей беруге келмес. Әлі де АЭА-ның тиімділігіне кедергі келтіретін жүйелі мәселелер бар. Біріншіден, инфрақұрылым жетіспейтіні анық байқалады. Жоғары аудиторлық палата деректеріне сүйенсек, елдегі оннан астам АЭА-ның тек төртеуі ғана өнім шығаруға айтарлықтай үлес қосып отыр. Қалған аймақтардың инфрақұрылымдық қамтамасыз етілу деңгейі орта есеппен 70 пайыздан аспайды. Бұл олардың мақсатты көрсеткіштерге жетуге айтарлықтай кедергі келтіреді.
Екіншіден, АЭА аумақтарының толуы да төмен деңгейде қалып отыр. 2024 жылғы статистикаға сәйкес, арнайы экономикалық аймақтар орташа есеппен 40 пайызға ғана толған. Тек «Астана – жаңа қала» мен «Павлодар» АЭА-лары түгелге жуық қамтылған. Үшіншіден, АЭА-дағы өнеркәсіптік жобаларда квазимемлекеттік сектордың үлесі өте жоғары. Бүкіл инвестицияның 65,2 пайызы осы секторға тиесілі. Мұндай тәуелділік жеке капиталдың белсенділігін төмендетуі мүмкін.
Аталған мәселелер бір күнде пайда болған жоқ. Жылдар бойы жиналған құрылымдық кемшіліктің салдары. Дегенмен, жаңадан құрылған аймақтарда бұл қателіктер ескеріліп жатыр. Мәселен, Alatau мен «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймақтарында мұның бәрі жіті қадағаланыпты. Alatau-да қаржы, білім және медицина, инновация мен логистика, мәдениет пен туризм салаларына арналған аймақтар бар. Бұл құрылым халықаралық тәжірибеге, соның ішінде Дубайдағы DIEZ интеграцияланған экономикалық аймағына сүйеніп жасалды. Сондай-ақ IT, электроника, телекоммуникация және биоинженерия салаларын да дамыту көзделген.
«Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы өңдеу өнеркәсібін, логистиканы және өңірлік экономиканың әртараптандырылуын ынталандыруға бағытталған. Осылайша, импортқа тәуелділікті азайту және өндірістік кластерлер қалыптастыруды мақсат етіліп отыр.
Қорыта айтқанда, арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігі орасан. Ең бастысы, елімізде құрылған АЭА-ларды кәдеге жарата білу қажет. Мемлекет бұл бағытта серпінді жоспарлар қабылдады. Құқықтық база жетілдірілді. Мемлекет басшысы Тоқаев та арнайы экономикалық аймақтардың дамуын жіті қадағалап отыр. Ендігі мәселе, сол аймақтардың тиімді жұмыс істеуне басымдық беру қажет.