«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Abu Dhabi Ports Group (ADP) Басқарма төрағасы Мұхаммед Джума әл-Шамисимен бейне-конференц байланыс арқылы келіссөз жүргізді.
Тараптар биыл ақпанда ресми тіркелген және жұмыс істеп жатқан Caspian Integrated Maritime Solutions БК (CIMS) бірлескен кәсіпорынның даму стратегиясын талқылады.
Келіссөз барысында ҚМГ мен ADP басшылары Каспий және Қара теңіздерде мұнайды тасымалдау үшін CIMS-тің танкерлік флотын ұлғайту мәселелеріне тоқталды. Қазіргі кезде бірлескен кәсіпорын дедвейт көлемі 8-12 мың тонна танкерлерді сатып алуды жоспарлап отыр.
Тараптар сондай-ақ ашық теңізде қолданылатын Aframax/Suezmax флотының кеңеюін талқылады. «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС (ҚМГ-нің еншілес компаниясы) мен ADP-де қазірдің өзінде ашық теңізде қызмет көрсететін жеке танкерлер пулы бар.
Одан бөлек, келіссөз қатысушылары Каспий теңізінің Қазақстан секторына қызмет көрсететін флотты дамыту мәселелеріне тоқталды.