Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына сапары Ұлы Отан соғысы кезінде ірі шайқастар болған Ржев округіндегі тарихи жерлерге барудан басталды.
Мемлекет басшысы 100-ші және 101-ші дербес атқыштар бригадасының құрамында соғысқан қазақстандық жауынгерлерге арналған мемориалдық кешенге гүл шоғын қойып, боздақтардың рухына тағзым етті.
Мемориал ұзындығы 27 метр, биіктігі 4 метр болатын гранит қабырғадан тұрады. Онда «100-ші және 101-ші дербес атқыштар бригадасының жауынгерлері мәңгі жадымызда сақталады. Сіздерге алғысы шексіз қазақстандықтар атынан» деп жазылған.
Ескерткіш тақтаның оң жағына Қазақстан картасы бар панно орнатылған. Онда 1941 жылы екі бригада жасақталған Алматы және Ақтөбе қалалары, сондай-ақ елордамыз – Астана қаласы белгіленген. Осы бригадалар сапына Қазақстаннан шақырылған 9312 жауынгердің есімі мәрмәр тақталарға қашалып жазылған.
Президент Ржев округі Трубино деревнясындағы майдандас жауынгерлер жерленген бауырластар зиратына гүл шоғын қойды
Мемлекет басшысы Ржев түбіндегі сұрапыл шайқас кезінде қаза тапқан және із-түзсіз жоғалған боздақтардың рухына тағзым етті.
Бауырластар зиратында қолында автоматы бар жауынгердің мүсіні орнатылған. Ескерткіштің жанындағы таста «1941-1945 жылдары неміс-фашист басқыншыларынан Ржевті азат ету үшін болған шайқаста қаза тапқан 881-ші атқыштар дивизиясы мен 331-ші зеңбіректі артиллериялық полктің майдандас жауынгерлеріне» деп жазылған.
Бұл жерде 2000-нан астам солдаттың мүрдесі жатыр. Жерленгендер тізімінде Қазақстан Президентінің әкесінің ағасы – Қасым Болтаев та бар.