ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта білім комитетінің хабарлауынша, қазіргі таңда оқулықтардың 80% цифрлық форматқа көшірілген. Цифрлық нұсқадағы оқулықтар мемлекеттік сараптамадан өтіп, оқу-әдістемелік кешендер тізіміне енгізілді.

Цифрлық оқулықтарды әзірлеуге еліміздің 11 баспасы тартылды. Пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдерін енгізу мақсатында педагогтердің оны пайдалануы үшін әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, оқытылды.

«Қазіргі күні еліміздегі бастауыш сынып оқулықтарының 94 пайызы, 5-9 сынып оқулықтарының 81 пайызы, 10-11 сынып оқулықтарының 61 пайызы электронды нұсқаға көшірілген. 2024 жылы пәндерді цифрлық оқулықтармен 100% қамту жоспарланған»,– дейді орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.

Электрондық оқулықтармен қатар мектептерде қосымша оқу материалы ретінде мультимедиалық контенті бар цифрлық білім беру ресурстары белсенді қолданылады. Қазіргі күні 50 мыңнан аса цифрлық білім беру ресурсы жасалды. 2023 жылдың басынан бастап Цифрлық білім беру ресурстарына 6,7 мың мектеп қосылды. Бұл ресурстарды бүгінде күн сайын 3 миллионға дейін оқушы мен мұғалім қолданып келеді. Цифрлық білім ресурстарында барлық сыныптарды қамтитын 50 мыңнан аса бейнесабақ жарияланған.