ҰҚК Астана қаласы мен Ақмола облысы бойынша департаменттері Ұлттық ұланды жұмылдыра отырып прокуратура органдарының үйлестіруімен синтетикалық есірткінің екі ірі жасырын өндірісінің жұмысын тоқтатты.

Заңсыз айналымнан 29 келіден аса «мефедрон» психотроптық заттары, 1 тоннадан аса прекурсорлар, сонымен қатар есірткі өндіруге арналған химиялық реагенттер мен арнайы зертханалық құрылғылар алынды.

Тәркіленген есірткінің «қара нарықтағы» бағасы 580 млн теңгеден асуы мүмкін.

Ұсталған республикамыздың 4 азаматына қатысты сот санкциясымен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-тармағы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.