ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Алматыдағы «Ақкент» тұрғын үй кешенінде болған өрттің салдарын жою мәселесі қаралды.

Премьер-Министр көпқабатты ғимаратта болған өрттен 42 адам зардап шеккенін айтып, Үкімет атынан қаза тапқан әйелдің туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов 16 қабатты үйдің кіреберісіндегі түтін туралы хабар түскеннен кейін оқиға орнына дереу екі бөлімше жіберілгенін хабарлады. Қаладағы көлік кептелісіне қарамастан, алғашқы өрт сөндірушілер оқиға орнына 8 минутта жетті. 30 минут ішінде ол жерге 15 техника мен жеке құрамнан 75 адам жиналды.

Өрт сөндірушілер 80 адамды, оның ішінде 35 адамды арнайы құтқару бас киімінің көмегімен құтқарып  қалды.  Жалпы өрт сөндіру жұмыстары бір жарым сағатқа созылды. 4 тамыздағы жағдай бойынша 5 адам медициналық мекемелерде стационарлық ем шараларын қабылдап жатыр.

Министр өрт сөндірушілер жұмысының бірқатар факторға байланысты күрделене түскенін айтты. Мәселен, аула ішіне қойылған автокөліктердің себебінен өрт сөндіру техникасына оқиға орнына қарай өту қиынға соқты. Сондай-ақ балкондардағы шұғыл эвакуациялауға арналған апаттық люктер жабық болған.

Өрттің себептерін анықтау үшін бірқатар сараптама тағайындалды. Тергеу аяқталғаннан кейін тиісті процессуалдық шешімдер қабылданатын болады.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы айтып берді. Атап айтқанда, кіреберістер мен зардап шеккен пәтерлерге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ тұрғындарды уақытша басқа жерге орналастыру (пәтер жалдау) бойынша шығындарды өтеу көзделген.

Премьер-Министр көпқабатты үйлерде өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын өзектендіріп, сондай-ақ тұрғын үй инспекцияларының жұмысын жандандыру қажеттігін атап өтті.

«Төтенше жағдайлар министрлігі өткізіліп жатқан оқу-жаттығулар аясында халықтың өрт кезіндегі іс-қимылдарға дайындық деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылдауы тиіс», — деді Үкімет басшысы. 

Сонымен қатар Премьер-Министр барлық өңірде үй орамдарының инфрақұрылымын дайындау және оларды абаттандыру кезінде шұғыл қызметтердің қозғалысын да ескеру қажеттігін атап өтті, өйткені «Ақкент» тұрғын үй кешеніндегі өрт кезінде ауладағы автомобильдер мен биік бордюрлар өрт сөндіру техникасының жұмысына кедергі келтірді.

Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов тұрғындарды үйлеріне тезірек қайтару үшін қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді, өртке қарсы талаптарды сақтау бойынша жаңа көпқабатты үйлерге тексеру жүргізуді, сондай-ақ республика бойынша ТЖМ бөлімшелерінде жыл сайын техника жаңарту кезінде биік ғимараттарда жұмыс істеу үшін арнайы техника қажеттілігін ескеруді тапсырды.