ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Батыс өңірін, атап айтқанда, Маңғыстау облысын электрмен тұрақты түрде қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Кеңесте қатысушылар назарына Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы (МАЭК) жөндеу жұмыстарының барысы және жалпы Маңғыстау облысын электрмен тұрақты түрде қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама ұсынылды.

Мәселен, жедел іс-шараларды жүзеге асыру шеңберінде жаңа электр желілері нысандарын салу арқылы Батыс энергетикалық аймағын нығайту жөніндегі жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Бұл тұтынушыларды энергия қуатынан шектемеуге мүмкіндік береді, өйткені МАЭК энергоблоктары ажыратылғанның өзінде электр энергиясының тапшылығы Орал-Атырау-Маңғыстау транзиті арқылы өтеледі.

Сонымен қатар Маңғыстау облысында электр энергиясын тұтынудың болжамды өсімін ескере отырып, бірқатар ұзақ мерзімді шаралар әзірленді. Олардың қатарында 500 кВ электр беру желісін салу арқылы Батыс энергетикалық жүйесін Қазақстанның Бірыңғай Энергожүйесімен біріктіру, сондай-ақ Батыс аймақта жаңа генерациялау жобаларын іске қосу бар. Мәселе базалық және маневрлік генерацияланатын газ стансалары және жаңартылатын энергия көздеріне негізделген гибридті стансалар салу туралы болып отыр. Сонымен қатар облыстағы жұмыс істеп тұрған стансаларға да жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады.

Премьер-Министр Маңғыстау облысына қажетті энергетика саласындағы жобаларды іске асыруды жеделдетуді және бұрын жоспарланғандай 2027-2028 жылдарға емес, нысаналы мерзімдер ретінде алдағы 2024-2026 жылдарға бағыттауды талап етті.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов тұтынушылардың электр жарығын сөндірмеу үшін өңірді электрмен тұрақты түрде қамтамасыз ету жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау қажеттігін айтты.