ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген жиналысына қатысып, депутаттар алдында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауларының іске асырылуы туралы айтып берді.
Өз сөзінде Премьер-Министр барлық бағдарламалық құжат халқымыздың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғаннын айтты.
«Бұл тапсырмалар қиын кезеңде, үнемі туындап отыратын сыртқы және ішкі сын-қатерлер жағдайында іске асырылды. Дегенмен жалпы қойылған міндеттер жүзеге асырылды, ал ұзақ мерзімді және жүйелі тапсырмалар орындалу барысында», — деді Үкімет басшысы.
Мәселен, әлеуметтік салада жүйелі шаралар қабылданды. Жаңа Әлеуметтік кодекс бекітілді. Ол азаматтарды туғаннан бастап егде жасқа жеткенге дейін әлеуметтік қолдауды көздейді. Балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдау үшін бала күтімі кезеңі 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды. Көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы артты. Бүгінде бұл жәрдемақыны 750 мыңнан астам ана алады.
«1 қыркүйектен бастап жалпы білім беретін мектептердің 1-4 сыныптағы балалары тегін тамақтандырумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ биыл әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан 97 мың баланың балабақшаларда тегін тамақтану мәселесі шешілді. Осылайша, мемлекет осы санаттағы балалардың мектепке дейінгі білім беру шығыстарын өз мойнына алды», — деді Әлихан Смайылов.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған адамдарға берілетін әлеуметтік жәрдемақы 23%-ға артты. 2 млн-нан астам зейнеткердің зейнетақысын саралап арттыру жүргізілді. Жалпы бүгінде мемлекеттің зейнетақы бағдарламасы бойынша шығыстары 3 трлн теңгеден асады.
Одан бөлек Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бектілді. Осыған байланысты зейнетақыға арналған шығыстар 800 млрд теңгеден астам қосымша соманы құрайды.
Оған қоса биыл азаматтарға өз зейнетақы жинақтарын басқару құқығы берілді. Салымшылар зейнетақы жинақтары сомасының 50%-ын өздері таңдаған жеке басқарушы компанияларға бере алады. Жалпы 1 млн-нан астам адам зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге пайдаланды.
Осы жылдың басынан бастап Үкімет Отбасының цифрлық картасын енгізді. 500 мыңнан астам қазақстандыққа проактивті әлеуметтік қолдау көрсетілді.
Өңірлермен бірлесіп, Халықтың табысын арттыру бағдарламасы шеңберінде жұмыспен қамтудың Кешенді жоспары іске асырылуда. Қазіргі уақытта жаңа, бос және мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына 600 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты, олардың жартысы – жастар.
«Президенттің жастарды және халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамту мәселелері туралы тапсырмалары ерекше орын алады. Жастардың жас шамасы 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде 5,7 млн адам мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізе алады. Биыл олардың 9 мыңға жуығы, соның ішінде әлеуметтік осал топтардағы жастар, 2,5%-бен жеңілдікті кредиттер, өтеусіз гранттар алып, өз істерін ашты», — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министрдің айтуынша, сондай-ақ 1,2 млн азаматтық қызметкердің жалақысын 2 есеге арттыру міндеті қойылды. Осыған байланысты жыл сайын мұғалімдердің жалақысы 25%-ға, дәрігерлердің жалақысы 30%-ға, орта медициналық персоналдың және басқа санаттағы жұмыскерлердің жалақысы 20%-ға артып келеді.
Оған қоса шамамен 2 мыңнан астам кәсіпорынмен жұмыс жүргізілді, нәтижесі бойынша жұмыс берушілер 1 млн-нан астам жұмысшылардың жалақысын 10%-дан 50%-ға дейін арттырды.
Орта білім беруді қаржыландыру тек соңғы 5 жылдың өзінде 2 еседен астам немесе 2 трлн-нан 4,5 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталды, жоба аясында 369 мектеп салынады. Бұдан басқа Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылды. Осы қорда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар шеңберінде мемлекетке қайтарылған қаражат жинақталады. Бүгінде Қорға 120 млрд теңге түсті. Оның 97 млрд теңгесі 62 мектеп салуға жұмсалды.
Жыл сайын отандық университеттерде білім беру гранттарының саны көбейіп жатыр. Биыл бөлінген 88 мың гранттың 73 мыңы биылғы мектеп түлектеріне берілді.
«Ертеңнен бастап 380 мыңнан астам студенттің стипендиясы өседі. Тек соңғы 3 жылда 1 студентке жұмсалатын шығыстар орта есеппен 420 мыңнан 1 млн теңгеге дейін өсті», — деді Премьер-Министр.
Студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету де – маңызды мәселе. 2020 жылдан бастап жыл сайын жатақханаларда 10 мың орын пайдалануға беріледі. Жатақханалар құрылысын мемлекеттік субсидиялау бағдарламасы шеңберінде қазірдің өзінде 99 жатақхана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 32-сі ашылады деп жоспарлануда.
Бұл ретте 1 қыркүйектен бастап халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарынан шыққан, басқа қаладан келген студенттерге жатақханада тұру шығындары өтелетін болады.
Жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының жалақысы 20%-ға артады.
Үкімет басшысы республикада ғылымды басқару моделі қайта ретке келтіріле бастағанын айтты. ҚР Президентінің жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес пен Ұлттық ғылым академиясы құрылды. Бұл ретте қазақстандық ғалымдардың ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін коммерцияландыруға ерекше назар аударылады.
2023-2025 жылдар аралығында ғылымды қаржыландыру көлемі 643 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде биыл 149 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 есеге көп.
«Өткен жылы 1 700 жетекші ғалымның жалақысы 70%-ға өсті. Жыл сайын жас ғалымдарға әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өту үшін 500 грант беріле бастады. Сонымен қатар іргелі зерттеулермен айналысатын 11 ғылыми-зерттеу институты тікелей мемлекеттік қаржыландыруға ауыстырылды», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі мәселелері – ерекше бақылауда.
Атап айтқанда, неврологиялық аурулары бар балаларды оңалтуды қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Бүгінгі таңда 55 медициналық ұйым осындай қызмет түрлерін көрсетеді. Оның 27-сі соңғы 2 жылда ашылған.
Саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін резидентурада мамандар даярлауға мемлекеттік тапсырыс 70%-ға ұлғайды. Ол биыл 1000 грантқа көбейді.
Соңғы 3 жылда медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге республикалық бюджеттен 805 млрд теңге бөлінді.
«Биыл “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасын іске асыру басталды. Ұлттық жоба аясында 655 бастапқы денсаулық сақтау нысаны салынып, 32 ауданаралық аурухана жаңғыртылады. Бұл 4 млн-нан астам ауыл тұрғындарын мамандандырылған медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндік береді», — деді Премьер-Министр.
Оған қоса мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін пайдалана отырып, жоспарланған 8 облыстық көпсалалы және университеттік клиниканың екеуінің құрылысы басталды.
Әлеуметтік блок бойынша баяндамасын аяқтай келе, Үкімет басшысы BIGPHARMA ТОП-50 қатарына кіретін ірі әлемдік фарминдустриямен ынтымақтастықты нығайту отандық өндірісті дамытуға қуатты серпін бергенін айтты. Мәселен, «Pfizer» және «Roshe» компанияларымен Қазақстанда препараттар өндірісін ашу бойынша келісімдерге қол қойылды.
Мемлекеттік қолдау шеңберінде қазіргі уақытта 36 отандық тауар өндірушімен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізу бойынша 98 ұзақ мерзімді келісімшарт бар.
«Биыл сатып алынған 1,6 мың дәрілік заттың 947 позициясын немесе 61%-ын отандық фармацевтикалық компаниялар өндірді», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.