ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен ҚХР Шаньдун провинциясы партия комитетінің хатшысы Лин У сауда-экономикалық және көлік-логистикалық салалардағы ынтымақтастықты жандандыру мәселесін талқылады.
Үкімет басшысы бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы жалпы тауар айналымы көлемінің 6%-дан астамы Шаньдунға тиесілі екенін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан өз өнімдерін Қытай нарығына одан әрі ілгерілетуге және өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын қарастыруға мүдделі. Осыны ескере отырып, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде көлік әлеуетін дамыту және өзара іс-қимылды тереңдету ерекше өзектілікке ие.
«Бұған бір күн бұрын Алматыда өткен қазақстандық арпаны ҚХР-ға жеткізу үшін "Қытай–Еуропа" бағыты бойынша алғашқы кері бағыттағы пойыздың іске қосылуы ықпал етеді. Біз осы бағыт арқылы қазақстандық өнімдерді жеткізуді арттыруға және жеткізілетін тауарлар мен қызмет түрлерін кеңейтуге дайынбыз», — деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ Премьер-Министр Астанада Шаньдун провинциясымен ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай форумын өткізудің маңыздылығын атап өтті.
«Бұл іс-шара біздің іскер топтарымыз арасындағы өнімді сауда-инвестициялық өзара қарым-қатынастарды кеңейтуге мүмкіндік беретіні сөзсіз», — деді ол.
Өз кезегінде Лин У Шаньдун провинциясы мен Қазақстан өңірлері арасында өнімді ынтымақтастық орнағанын атап өтті. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, сауда және логистикалық инфрақұрылым құрылысы салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту бойынша үлкен әлеует бар.
«Бұл жолы бізбен бірге Шаньдун провинциясынан аталған салалардағы 100-ден астам кәсіпорынның өкілдері келді. Біз бірқатар бірлескен сауда-экономикалық жобаларға қол қоямыз деп отырмыз. Ортақ күш-жігердің арқасында болашақтағы ынтымақтастығымыз кеңейетініне сенімдіміз. Біз кәсіпорындарымыз арасындағы серіктестікті тереңдетіп, бірлескен жобаларды көбірек жүзеге асыруға дайынбыз», — деді Лин У.