Президенттің Германияға ресми сапарының екінші күні Федералдық Президент Франк-Вальтер Штайнмайермен кездесуден басталды.

Тараптар Германия Президентінің таяуда Қазақстанға жасаған сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын қарастырды. Атап айтқанда, энергетика, транзит, логистика, пайдалы қазбаларды игеру, жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы және цифрландыру секілді  ынтымақтастықтың басым бағыттарына қатысты бірлескен жұмыстарды талқылады.

Келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды, сондай-ақ екі елдің ғылыми және білім беру ұйымдары арасындағы қатынастарды нығайту мәселесіне баса мән берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстан мен Германияның көпжақты ынтымақтастығын одан әрі нығайту үшін бірлескен іс-қимылдарды арттыра түсуге уағдаласты.

Мемлекет басшысы Германия Президентінің Bellevue резиденциясындағы Құрметті қонақтар кітабына естелік қолтаңба қалдырды.