Жаңа оқу жылының басталуымен және сабақтардың дәстүрлі форматына оралуымен байланысты, мектептердің шамадан тыс жүктелуі мәселесі, әсіресе Қазақстанның ірі қалаларында, тағы да өзі жайлы еске салды: олардың құрылыс қарқыны демографиялық процестер динамикасынан айтарлықтай төмен екендігі анық. Нәтижесінде, көптеген сыныптарда оқушылар саны стандарттарға сәйкес келетін нормативтерден әлде қайда көп. Бұл білім сапасына және біздің балаларымыздың денсаулығына кері әсерін тигізеді, өйткені олардың бір жерде тығыз шоғырлануы инфекциялардың барлық түрлерінің таралу қаупін едәуір арттырады.

Билік демографиялық өсімді байқамай қалды ма?

...Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқы екі онжылдықта еліміздегі мектеп оқушыларының саны тұрақты түрде азайып келді. 2010 жылға қарай ол екі жарым миллионға дейін төмендеді. Бұл КСРО ыдыраған кездегімен салыстырғанда 600 мың оқушыға аз. Негізгі себеп 1990 жылдары қазақ емес ұлт өкілдерінің жаппай кетуі, 2000 жылдары осы жайт кешіктірілген теріс әсерін жалғастыра түсті. Мұндай жағдайда жаңа мектептерге деген ерекше қажеттілік туындамады (кеңес дәуірінде салынған мектептер сол кезде жеткілікті болатын), сонымен қатар, осы 2000 жылдардың басына дейін республиканың құрылыс индустриясы бөлшектелген күйде қала берді.

Бірақ содан кейін эмиграция онша көп емес болып қалды, сонымен бірге елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруына байланысты нәрестелердің көбеюі басталды, оған бірінші кезекте мұнайдың әлемдік бағасының өсуі ықпал етті. Нәтижесінде, 2010 жылдан кейін мектеп жасындағы балалардың саны өте тез өсе бастады, ал 2020 жылы олардың саны үш жарым миллионға жетті. Басқаша айтқанда, небәрі он жылдың ішінде мектеп жасындағы балалардың өсімі миллионға жуық санды құрады (!).

Сонымен қатар, ауылдар, поселкелер, депрессиялық шағын қалалар тұрғындарының облыс орталықтарына және әсіресе астаналарға жаппай көшуі жалғаса берді. Бұл аймақтық жағдайда мектеп оқушыларының санының өсуінің біркелкі болмауына әкеліп соқты. Егер бүкіл ел бойынша он жылда (2010-2020 жж.) 38,3 процент болса, онда, мысалы, Алматыда – шамамен 70 процент. Бірақ оңтүстік мегаполистің билігі де, орталық мемлекеттік органдар да дер кезінде бұл дерлік жарылғыш өсуге қатысты ешқандай шара қолданбады.  

Елдегі ең ірі қаланың жағдайы туралы толығырақ тоқталғым келеді. Алдымен 2013 жылы басылып шығарылған «Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінің статистикасы» жинағының кейбір сандарын келтіргенім жөн болар. 2010/11 оқу жылында Алматыдағы 181 мемлекеттік жалпы білім беретін мектептерде 158,26 мың бала, немесе олардың әрқайсысында орта есеппен 875 оқушы оқыды. Оқушылардың орташа сынып көлемі оңтайлы болды: бастауыш сыныптарда – 25,6 оқушы, бесінші-тоғызыншы сыныптарда – 23,9 оқушы, жоғары сыныптарда – 21,5 оқушы.  

Ал енді «жаңа» сандар. Енді ғана басталған 2021/2022 оқу жылында, жақында қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Жылқыбаева айтқандай, Алматыдағы мектеп оқушыларының саны 280 мыңнан асты. Яғни, 2010 жылмен салыстырғанда 122 мыңға өсті. Егер қазіргі кезде ірі қалаларда салынып жатқан типтік мектептер максимум бір жарым мың оқушыға есептелгенін ескеретін болсақ, онда осы он жылдың ішінде оңтүстік астанада олар тағы да 80 мектепке кобеюі керек еді (122,000:1,500). Ал нақты өсім – қосымша тек 26 мектеп болды (бұрын 181 мектеп болған, енді олардың саны 207-ге дейін өсті).  

Иә, бұған қоса, 25-ке жуық мектептерге, оларды кеңейту мақсатымен, қосымша ғимараттар салынды. Бірақ оларда небары он мыңнан он екі мыңға дейін оқушылық орындар бар. Бұл көрсеткішті ескере отырып, сондай-ақ жекеменшік оқу орындарының контингентін (ең көп дегенде, оқушылардың жалпы санының төрт-бес процентін) алып тастағанда, Алматыдағы әрбір мемлекеттік жалпы білім беретін мектептің орташа оқу жүктемесі бүгінде 1200-1250 бала екені белгілі болды. Немесе 11 жылға жуық уақыт бұрын болған оқушылар санынан бір жарым есе көп, мен қайталап айтамын, сол кезде олардың саны 875 оқушы болатын. Сәйкесінше, егер 2010 жылы бастауыш сыныптарда орта есеппен 25,6 оқушы болса, қазір оларда 36-37 оқушы бар.

Жоспарлар үлкен, бірақ жеткілікті емес және олардың орындалуы қиын

Мен бір ғана жеткілікті дәрежеде көрнекі мысал келтіремін. Қала тұрғындары жақсы білетін «Мега» сауда ойын-сауық орталығынан сәл төменірек, Розыбакиев көшесі мен Гагарин даңғылының арасында №38 мектеп бар. Осы мақала авторының қызы сол мектепті 2007 жылы бітірген. Ол бітіріп шыққан 11-ші «А»-да не бары 16 оқушы оқыған, ал барлық он бірінші сыныптарда – 55 оқушы болды. Ал жарты ғасырдан астам бұрын салынған мектепте жалпы алғанда мөлшермен 700-ге жуық бала болды – бұл мектеп дәл сонша оқушылар үшін арналған.

2000 жылдардың ортасында-аяғында орын алған тұрғын үй құрылысының өсуінің бірінші толқыны сол аумақты айналып өтті: жеке үйлер бұзылды, бірақ олардың орнында ұзақ уақыт бойы ештеңе тұрғызылған жоқ – сол кезде әлемдік қаржылық дағдарыс болды. Алайда, 2015 жылдан бастап бірінен соң бірі жаңа тұрғын үй кешендері пайда бола бастады. Ал №38 мектепке жүктеме күрт өсті. Жақын маңдағы тұрғын үй кешендерінің бірінің тұрғындарының айтуынша (олар жаңа үйлерге көктемде көшіп кірген), оларға білім беру мекемесінің қабылдау бөлмесінде балаларды тіркеуден бас тарта отырып, мұны былайша түсіндірді: сыныптар толып кетті, кейбіреулеріне, шамасы, спортзалда сабақ оқуға тура келеді, ал оқушылардың жалпы саны қазірдің өзінде 1700-ге жетті. Алайда мектеп, қайталап айтамын, 700 оқушыға арналған. Бүгінде ол жерде 600 орыннан тұратын қосымша ғимарат салынып жатыр, бірақ бұл да мәселені толық шеше алмайды. Сонымен қатар айналада белсенді тұрғын үй құрылысы жалғасуда, алдағы жылдары жүздеген және мыңдаған жаңа қоныс аударушылар пайда болады. Ал мұндай аудандар Алматыда өте көп.

Он жылдан кейін қаладағы мектеп жасындағы балалардың саны 380-400 мыңға жетуі ықтимал. Осы уақытқа дейін жалпы білім беру мекемелеріне жүктемені нормативке дейін төмендету үшін осы кезеңде шамамен 150 мектеп немесе жыл сайын әрқайсысы бір жарым мың орынға есептелген 15 мектеп (жылына қосымша 22-23 мың оқушы орнын) салу қажет. Егер оңтүстік астанада соңғы он жылда орта есеппен жылына екі-үш мектеп пен дәл сондай мөлшерде қосалқы ғимараттар тапсырылатынын ескеретін болсақ, мұның іске асырылуы қаншалықты мүмкін?

Ағымдағы жылдың сәуір айында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік нысандар құрылысының жоспарымен таныстыра отырып, жергілікті билік жаңа білім беру мекемелерінің құрылысына байыпты түрде кірісетінін айтты. Биыл барлығын қосқанда 12,6 мың оқушыға арналған сегіз мектептің құрылысы басталады, келесі жылы – мектептердің дәл осындай саны салынады. Оған қоса, қосымша оқу ғимараттарын салу тәжірибесі жалғасып жатыр. Сонымен қатар, кәсіпкерлерді жеке мектептерді ашуға ынталандыру әрекеттері жүргізілуде, ол мектептерге әр балаға арнайы бюджеттік қаражат бөлінетін болады – бұл мүмкіндік жан басына қаржыландыру принципі енгізілгеннен кейін пайда болды (Алматыда екі жыл бұрын бір оқушыға жылына 235 мың теңге бөлінген болатын). Шындығын айтсақ, егер балабақшаларға қатысты мұндай схемалар жұмыс істейтін болса, онда мектептерге қатысты – бұл мүлдем басқаша нәрсе. Сондықтан кәсіпкерлер арасында да, ата-аналар арасында да оған ниет білдірушілер әзірге аз.

Бірақ жаңа мемлекеттік мектептерді пайдалануға беру мен жеке меншік мектептердің ашылуының жоспарланған жылдамдығының өзінде де оқушылар орындарының жетіспеушілігін жақын арада жою мүмкін болмайды. Бұл жылдамдықтар кем дегенде бір жарым есе жоғары болуы керек. Сонымен қатар, жер мәселесі үлкен кедергіге айналуы мүмкін, оны Алматы әкімі де мойындады: «Біз болашақта 16 мектептің құрылысын дайындап жатырмыз. Мұндай ауқымды құрылысқа жер телімдерін қайдан алуға болады? – деген сұрақ туындайды. Егер жер болмаса, біз қала тұрғындарынан жер сатып алуға барамыз. Бұдан басқа амал жоқ».

Әңгіме 16 мектеп жөнінде болып отыр, бірақ келесі онжылдықта тапшылықты жою үшін тоғыз-он есе көп мектеп (оның ішінде қаланың жер бағасы өте қымбат аудандарында) салу қажет.

Урбанизация, бұрмаланулар мен теңгерімсіздік

Кеңестік Қазақстанда қалаларға, әсіресе ірі қалаларға қоныс аудару қатаң (Алматыға қоңыс аудару тіпті ерекше тұрде) реттелетін. Бұл, ең алдымен, әлеуметтік инфрақұрылымға – мектептерге, ауруханаларға және т. б. шамадан тыс жүктемені болдырмау ниетімен түсіндірілетін. Ауыл тұрғындары түған жерлерінен кетіп қалуға асықпаулары үшін оларға қалалықтардікімен бірдей жалақы төленетін, ал кейде одан да көп ақша төленетін, оның ішінде ауылшаруашылық өнімдерін сатып алу бағасын жоғарылату арқылы олардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға тырыстатын («Қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты жояйық» деген аса утопиялық ұранды естіріңізге түсіріңіздерші). Урбанизация процесі, әрине, тоқтатылған жоқ, бірақ ол біртіндеп және бақыланатын түрде жасалатын. Ал қалаларда тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік нысандар арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысатын. Орталықтандырылған және жоспарлы экономика жағдайында мұның бәрі қалай да болмасын іске асыруға мүмкін нәрсе болатын. Оның үстіне, барлық нәрсенің құрылысын мемлекет жүргізетін, ол сондай-ақ олардың иесі болып табылатын.

Бүгінде жағдай мүлде басқаша. Қала мен ауыл бір-бірінен табыс деңгейі мен өркениеттің жетістіктеріне қол жеткізу дәрежесі бойынша түбегейлі ерекшеленеді, бұл іс жүзінде шексіз урбанизация процесінің катализаторына айналады. Тұрғын үйлер негізінен жеке қаражатқа салынатын болса, әлеуметтік нысандар көбінесе мемлекеттің қаржысына салынып жатыр. Және бұл мәселелерде тиісті реттеудің болмауы өте күрделі бұрмалануларға әкеліп соқты.

Мысалы, қазір Алматыда кеңестік кезеңге қарағанда әлдеқайда көп тұрғын үйлер салынуда: соңғы үш жылда бес миллион шаршы метрден астам пайдалануға берілді (КСРО-ның соңғы онжылдықтағыдай дерлік), ал қаланың жалпы тұрғын үй қорының 31 миллион шаршы метрінің тек үштен бір бөлігі «кеңестік» құрылыс болып табылады. Отыз жылдық тәуелсіздік жылдарындағы мектептер КСРО болған жылдарға қарағанда алты есе аз салынған. Ал қала тұрғындарының, негізінен республиканың басқа аймақтарынан қоныс аударушылардың есебінен, көбеюі бұл диспропорцияны одан сайын ушықтырды.

Кейбір қызу бастар, соның ішінде айтарлықтай танымал адамдар, Алматыны ішкі мигранттар үшін жабуға немесе, ең болмағанда, оңтүстік астанаға қоныс аударуды шектеуге шақырады: олардың айтуынша, оның әлеуметтік инфрақұрылымы одан әрі төзе алмайды. Бірақ бұл жақсы ақша төленетін жұмысқа орналасуға, мансап құруға және балаларға азды-көпті сапалы білім беруге мүмкіндіктері бар мегаполисте өмір сүргісі келетін Қазақстанның басқа азаматтарына қатысты әділетсіздік, тіпті кемсіту болып табылатын нәрсе емес пе?

Мәселені басқаша, соның ішінде, бәлкім, жаңа тұрғын үй кешендері үшін жер учаскелерін беруді және әлеуметтік объектілерге, соның ішінде мектептерге орын қалдыру қажеттілігіне қарай олардың құрылысына рұқсат беруді қарастыратын заңнамалық және нормативтік актілерді қабылдау арқылы (билік бұған дейін оны жасаған жоқ, нәтижесінде біз қазір өзіміз қол жеткізген нәрсені иеленіп отырмыз) шешу керек. Оларды кім және қандай қаражатқа салатыны – енді басқа мәселе...