Бүгінгі еңбек нарығында мамандарға деген сұраныс тым құбылмалы. Егер бір кездері Лениннің өсиетіне ұқсас «Learn, learn, learn» (оқы, оқы, оқы) деген принцип жұмыс істесе, қазір «Learn, Unlearn, Relearn» (оқы, оқығаныңды ұмыт, қайта оқы) принципі сұраныста. Сондықтан да болар ЖОО-ның орынына 3 айлық, 6 айлық оқыту курстарын дұрыс көретін жандар саны артып келеді. Бұл өз кезегінде 4 жылда 1 мамандықты игерудің орнына қысқа уақытта жиі мамандық ауыстыруға жол ашады.
Алайда бұл тереңдетілген білім керексіз болып қалды дегенді білдіре ме? Әрине, жоқ. Бүгінгі өскелең ұрпақ негізгі білімді университет қабырғасында емес, мектеп табалдырығынан бастап алады. Көп жағдайда толық білім деп тек аяқталған жоғары оқу орнында алған білімді айтып жатады. Алайда баланың білімге деген құштарлығын оятып, білімнің алғашқы дәнін себетін – ол мектеп қабырғасы екені дау туғызбайды.
Мектептегі білім мен өмірдегі табыстың байланысы бар ма?
Билл Гейтс, Марк Цукерберг, Стив Джобс сияқты адамдарды не байланыстырады деп ойлайсыздар? Иә, әрине, алдымен олардың технологиялық магнат екендігі шығар. Бірақ бұдан бөлек олардың әрқайсысы жоғары оқу орындарындағы білімдерін жарты жолдан тастап кеткен жандар.
Бұл білім алмай-ақ табысқа жетуге болады дегенді білдіре ме? Жоқ. Олар жоғары оқу орындарын аяқтамаса да, жақсы білім беретін мектептерге барған. Мысалы, Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс Сиэтлдегі ең жақсы мектепке барған, соның арқасында Гарвардқа қиындықсыз түсе алған.
Білім алмай-ақ жетістікке жеткен жандардың тағы бір мысалы Генри Форд. Алайда ол өзінің білімсіз-ақ табысты болғанына қарамастан, жалғыз ұлын ең жақсы жекеменшік мектептерге берген. Себебі білімсіз жетістікке жету әлдеқайда қиын болатынын өз мысалында түсінген адам. Бұл мектептерде Томас Эдисонның ұлы Чарльз, Debevoise & Plimpton ірі заң фирмаларының бірінің негізін қалаушы Эли Дебевуаз, Morgan Stanley қаржы корпорациясының негізін қалаушы Гарольд Стэнли оқыған.
Осы мысалдардан-ақ ауқатты, ықпалды адамдар балаларын үздік мектептерге беруге тырысқанын байқаймыз. Элитарлы мектептер (қарапайым мектепке қарағанда тереңдетілген білім беретін, жайлы жағдай ұсынатын білім ошағы) әлем тарихында ежелден бар. Олардың тарихы сан ғасырлық кезең мен көптеген мәдениетті қамтиды. Элитарлы мектептер өз бастауын Ренессанс дәуірінен алады, бүгінге дейін сұранысын жоғалтпай келеді.
Элитарлы мектептер бір кездері тек бай-қуатты адамдар ғана қол жеткізе алатын шекті деңгей болса, қазір мемлекеттің қолдауымен кейбір элитарлы мектептерде үздік атанған кез келген оқушы білім ала алады. Алайда қоғамдық білімді қарапайым және элитарлы деп санаттарға бөлудің салдары қандай болады?
Қазақстандағы жағдай қандай?
Енді еліміздегі жағдайға келетін болсақ. Элитарлы білім беруді былай қойғанда, Қазақстанда мектеп жетіспеушілігі деген өзекті мәселе бар. 2023 жылғы оқу жылында Қазақстан мектептерінде оқушы орындарының тапшылығы 270 мыңнан асқан. Әрине, бұл мәселенің шешімін табу үшін жұмыстар жүріп жатыр. Мысалы, 2023 жылы 137 мың оқушыға арналған 165 жаңа мектеп ашылған. Жаңа мектептер үш ауысымда оқытатын 29 мектеп пен апатты жағдайдағы 12 мектептің мәселесін шешіп, осылайша 113 елді мекендегі оқушыларға арналған орын тапшылығын жойған. Алайда мәселе әлі де жедел шешімді қажет етіп тұр.
Елімізде элитарлы білім тұрмақ жалпы білімге қол жеткізе алмай отырған балалар бар екенін ескерсек, дарынды балаларға арналған білім ошақтарын ашу мен дамыту, оларға қыруар қаражат бөлу орынсыз секілді көрінеді. Бірақ элитарлы білімге сұраныс қашанда жоғары.
Егер тәуелсіздік алған жылдары Қазақстандағы білім беру деңгейі шамамен бәріне ортақ болса, соңғы 10-15 жылда жеке меншік мектептерге деген сұраныс айтарлықтай артты. Жетілдірілген оқу бағдарламалары мен заманауи білім беру технологияларын ұсынатын мұндай мектептердің ата-аналар арасында да беделі жоғары. Дегенмен элитарлы мектептерге сұраныстың артуы білім беру жүйесінде теңсіздікке әкелмей ме? Себебі үздік мектептердің басым бөлігі ақылы, яғни сапалы білім = қомақты қаржы формуласы жұмыс істеп тұр.
Қазақстанда элитарлы мектептер жетерлік. Haileybury, «Мирас» халықаралық мектебі, TAMOS Education физика-математика мектебі, «Нұр Орда» халықаралық мектебі сияқты мектептерде оқу ақысы ай сайын 100 мыңнан 500 мыңға дейін жетеді. Ал бұл қаражатты кез келген қазақстандық отбасының қалтасы көтере бермейтіні анық. Қарап тұрсаңыз, кейбірінің оқу ақысы университеттегі бағадан қымбат.
Ал ақысыз оқуға болатын элитарлы мектеп дегенде бірден ойға оралатыны – Назарбаев зияткерлік мектептері (НЗМ). Бұл мектептерде 1-6 сыныптар аралығында тек ақылы негізде оқуға болса, 7 сыныптан бастап ақысыз негізде түсуге мүмкіндік бар. Барлығына шарт ортақ: екі емтиханнан сүрінбей өткен оқушылар мектепке қабылданып, ары қарай оқуын елдегі «үздік» мектепте жалғастыруға мүмкіндік алады.
Барлығына талап ортақ болғанымен, әр оқушының бастапқы «старт позициясы» әртүрлі болғанын ұмытпау керек. Айтып отырғанымыз білім сапасы. 7 сыныпқа дейін ауыл мектебінде және қаладағы элитарлы мектепте оқыған екі баланың мүмкіндігі тең болмайды. Неге? Бәрі қаражатқа келіп тіреледі.
«2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңының жобасының қаулысында НЗМ-ге 2022 жылы 19,9 млрд теңге бөлінгені көрсетілген. «Сапалы білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету» тармағына сәйкес жалпы білім беретін мектептерге жұмсалған шығындар – 294 млрд теңге.
Қазір елімізде жалпы білім беретін 7550 мектеп және 22 НЗМ бар. Бөлінген қаржыны мектептер санына бөлсек, орта есеппен бір жалпы білім беретін мектепке 39 млн теңге, ал НЗМ-ге 905 млн теңгеден келеді. Бұдан шығатын қорытынды – НЗМ-ге бөлінетін қаражат жалпы білім беретін мектептерге қарағанда орта есеппен 23 есе көп.
Көп қаражат деген не? Бұл – үздік мұғалімдер, жабдықталған кабинеттер мен зертханалар, жаңа кітаптар, тағысын тағылар. Мұндай жағдай ауыл мектептеріне қолжетімді деп айта алмаймыз. Яғни, осындай элементтер оқушының білім сапасына тікелей ықпал етері сөзсіз. Бұл ойымызды сарапшылар да дәлелдеп отыр. Пандемиядан кейін жарық көрген «Пандемия және Қазақстандағы білім: елеулі шығындар мен теңсіздіктің артуы» атты зерттеуінде Жан-Франсуа Марто былай деп жазады:
- Назарбаев зияткерлік мектебін алып қарастырсақ, НЗМ оқушыларының білім деңгейі өз құрдастарынан әлдеқайда жоғары. Мысалы, 2018 жылғы PISA нәтижелеріне сәйкес НЗМ оқушыларының ұпайы қарапайым мектеп оқушыларына қарағанда 124-ке артық болған. Бұл үш жылдық білім беру бағдарламасы жасайтын айырмашылық. Функционалды сауаттылық тұрғысынан да НЗМ оқушыларының үлгерімі орташа республикалық көрсеткіштен әлдеқайда жоғары: 2018 жылғы PISA нәтижелері бойынша НЗМ оқушыларының тек 6,2%-ы функционалды сауатсыз деп табылса, ал ел бойынша бұл көрсеткіш 64%-ды құрайды.
Яғни, зерттеушінің сөзіне сүйенсек, НЗМ оқушысы мен қарапайым мектеп оқушысының арасындағы айырмашылық шамамен 11 сынып пен 8 сынып арасындағы деңгей сияқты. Алайда теңсіздік тек элитарлы мектептер мен қарапайым мектептер арасында ғана емес, жалпы білім беретін ауыл мектептері мен қалалық мектептер арасында да байқалады. Бұны тіпті НЗМ мектептеріне қабылданатын оқушылардың нәтижесінен-ақ көруге болады. НЗМ деректері бойынша қала мектептерінен келетін оқушылар саны ауыл мектептерінен келіп оқитын оқушылардан 11 есе көп.
Білім берудегі теңсіздік жайлы айтқанда білім сапасы, әлеуметтік-экономикалық деңгей, ресурстар қолжетімділігі, аймақтардың даму дәрежесі сынды факторлар ескеріледі. Ал бұл мәселелер түптеп келгенде оқушылардың біліміндегі айырмашылыққа әкеліп соғады.
Мектептердің материалдық-техникалық базасы оқушы үлгеріміне әсер етеді ме?
Әлемде дамыған елдердің мектеп оқушыларының білім сапасын зерттейтін PISA тесті бар. Ол әр үш жыл сайын өтеді. Сол PISA зерттеушілері балалардың үлгерім деңгейі мен мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуы арасында тікелей байланыс бар дейді. Ал ауылдық мектеп пен қалалық мектептердің материалдық-техникалық базасында үлкен айырмашылық бар екені жасырын емес. Мысалы, 2022 жылы жарық көрген «ҚР білім беру жүйесінің статистикасы» деректеріне сүйенсек, ауылдық мектептердің 25,4%-да спорт зал, ал 13,6%-да кітапхана, 15%-да асхана жоқ. Осы себепті кез келген қатардағы оқушыға қажет дүниеге қол жеткізе алмаған ауыл баласының білім деңгейі салыстырмалы түрде төмен болатыны анық. Жоғарыда айтқанымыздай, білім сапасы қаржыландыру көлеміне, инфрақұрылымның болуына және профильді мұғалімдердің сабақ беруіне де байланысты.
Соңғысы өзекті мәселе. Себебі кезіндегі «тарих пәнінің мұғалімі география, еңбек, алгебрадан да сабақ береді» деген әзіл әлі де өзекті. Ауылдарда маман жетіспейді. Қазір ауылдық жердегі жоғары санатты мұғалімдердің үлесі жалпы мұғалімдер санының тек 18,5%-ын құраса, қалада бұл көрсеткіш 31,2% құрайды.
Ауылдық мектептердегі білім беру сапасы мен ауыл халқының қалаларға көшуі ауылдық жерлердегі мектеп санының азаюына әкеліп отыр. Егер 2015 жылы еліміз бойынша 5546 ауылдық мектеп болса, 2021 жылдың соңына қарай олардың саны 5262-ге төмендеген.
Элитарлы мектептер қарапайым мектептерді тасада қалдырмайды ма?
Малкольм Гладуэлл «Генийлер және Аутсайдерлер» атты кітабында бір ғана фактордың адам өміріне қандай үлкен әсер ететінін сипаттайды. Мысал ретінде хоккейшілерді сипаттайды. Жасы мен қабілеті бірдей қатарластарының арасынан таңдалып алынған балалар жеке топта дайындалып, үздік жаттықтырушылардан сабақ алады. Жылдар өткеннен кейін «сұрыпталып алынғандар» сол бұрынғы тобында қалып қойған хоккейшілерге қарағанда анағұрлым шебер спортшы болады екен.
Себебі бөлінетін назар мен қаражат екі топта екі түрлі. Элитарлы мектептер мен қарапайым мектептер арасындағы айырмашылық та осы сияқты. Онсыз да өз қатарластырының арасынан іріктеліп алынған балалар сапалы ортаға түсіп, жоғары санаттағы мұғалімдерден білім алады. Кейін баланың қабілеті шыңдалып, ауылдағы құрдасынан деңгейі бір елі жоғары тұрады.
Әрине, түптеп келгенде тереңдетілген білім беретін мектептер мен қабілетті балаларға арналған оқу орталықтары қажет. Бұл болашақ дарын иелерін тәрбиелейтін орта болары сөзсіз. Бірақ қатардағы мектептер де қаржыдан, қолдаудан тыс қалмауы шарт. Себебі үш жарым миллионға жуық оқушымыздың тек 2%-ы мамандандырылған мектептерде оқиды.
Әрине, барлық мәселе тек ақшаға байланысты емес. Біліммен көзін ашып, кітаптан нәр алған талай дарын ауыл мектебінің қабырғасынан шыққан. Олар үшін теңсіздік кедергі емес. Оған қоса, қазіргі онлайн дәуірде қажет ақпарды интернеттен табуға болады. Бірақ оқушының бәрі ерекше дарын иесі емес. Сондықтан бюджеттен бөлінетін ақша тек таңдаулы емес, барша мектепке бірдей жоғары болғанда ауылдағы оқушылардың да өмірде жоғары жетістікке жету мүмкіндігі арта түседі.
Айырмашылық артпасын
Жалпы, элитарлы білім беру жүйесі керек-ақ, сирек талант иелерін іріктейді. Үлкен өмірге жақсы баспалдақ болады. Бірақ ол ата-ананың қаражатынан емес, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылса, мәселе басқаша болады. Салдары да болуы мүмкін.
Бұл элитарлы мектептерді жою керек дегенді білдірмес. Керісінше, бюджет қаражатын тиімді пайдаланып, жалпы білім беретін мектептердегі материалдық базаны жаңартып, білікті мамандарды тарту керектігін білдіреді.
Білімді ұрпақ – елдің жарқын болашағының кепілі. Ауылдық, қалалық және элитарлы мектептер арасындағы сапа айырмашылығын азайта білсек, онда тек іріктелген емес, барлық шәкірттің өмірде биік белестерді бағындыруға мүмкіндігі артады.