Соңғы бірнеше айда отандық ақпарат алаңы мен қоғам санасын дүр сілкіндірген бірден-бір тақырып – экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі. Оған жары Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айып тағылған.
Бұл мәселенің кең ауқым алуына түрлі факторлар ықпал етті. Біріншіден, қоғамда аса өзекті болып тұрған тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі. Жылдар бойы «ұят боладыға» салынып, сырты бүтін, іші түтін болып өмір сүрген отбасындағы әйелдер жан айқайларын жеткізіп, қоғамнан қолдау іздеді.
Екіншіден, Бишімбаевтың экс-министр екені, бір кездері жоғары лауазымдарға тағайындалып, жемқорлықпен айналысты деп айыпталып, істі болуы. Мерзімін өтемей жатып, экс-президент Назарбаевтың рақымшылығына ілігіп, мерзімінен ерте босап шығуы, оның бүгінгідей салдарға әкеліп соғуы халықтың ашуын туғызбай қоймады.
Осы жайттарды, халықтың жіті назарын ескере отырып, Бишімбаевқа қатысты сот процесі ашық түрде, БАҚ-тың қатысуымен, онлайн режимде өтеді деген шешім шықты. Ал бұл шешім сот жүйесі үшін жаңа кезеңнің басталғанын көрсетті, сонымен қатар қоғам санасы да сот процесімен бірге өзгере бастағандай. Енді бұл процестің қалай жүргенін саралап көрсек.
Сот процесінің ашықтығы және оның салдары
Алдымен, сот процесінің бастан аяқ БАҚ-тың қатысуымен, тікелей эфирде өтіп жатқанына тоқталсақ. Бұл ел тәжірибесінде бұрын-соңды болмаған оқиға. Ашық өтіп жатқан сот процесін тек қазақстандықтар ғана емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдар да бақылап отыр. Жоғарғы Соттың, БАҚ-тың ресми Youtube-арналарындағы қаралым саны 200 мыңнан асып жығылған. Кейбір ТМД елдері де бақылап отырған іс қазақстандық сот жүйесіндегі өзгеріс болғаны рас. Тіпті, көршілес Ресейден журналистер келіп, сот ісі жайлы ақпарат таратып, бүтін бір шығарылымдар жариялап жатты. Демек, Қазақстандағы ашық сот мәдениеті көршілес елдерге де үлгі болуға тұрарлық деуге болады.
Ал бұл өз кезегінде ашықтық пен әділдік қағидаттарын нығайта түседі. Біріншіден, сот отырыстарының тікелей трансляциялануы мен БАҚ-тың қатысуы соттың ашық өтуіне, шешімнің әділ болуына кепіл болады. Әрі халықтың да заң мен құқық саласына деген қызығушылығы мен сенімін арттырды.
Екіншіден, сот отырыстарының көрсетілімі халықтың құқықтық сауатын ашып, сот процесі қалай өту керек, алқабилер деген кім, прокурорлардың қызметі қандай, судья өзін сотта қалай ұстауы керек, қандай заң нормалары бар, дәлелдер мен дәйектер қалай келтіріледі деген сұрақтарға қатысты жауап алды.
Біздің құқықты қорғап жүрген жандардың біліктілігі қандай?
Әлеуметтік желіде белсенді оқырмандар байқаған да болар, қазір желіде «Аймағанова сияқты прокурор болсам, Құлбаева сияқты судья болсам, Вранчев пен Оразбахова сияқты адвокат болсам, Халимназаров сынды судмедэксперт болсам» дейтін жастар көбейген. Бұл қуантпай қоймайды.
Бір кездері блогер болсам, әнші болсам, әртіс болсам деп жылдам танылатын салаға баруды қалайтын жастар енді заң мен құқыққа қызығушылық танытып жатыр. Оған себеп баршылық. Заңға жүйрік адвокаттар адам құқығы саласында құр сөзбен қуырдақ қуырудың емес, нақты, дәлелді сөйлеудің қаншалықты зілді, салмақты, жауапты екенін көрсетті.
Орынды ескертулер айтып, қай тарапты болмасын бақылауда ұстап, сот залындағы тыныштықты сақтап, нақты, дәл сұрақтар қоя білетін судья Айжан Құлбаева да қазақстандық соттың бейнесінің қаншалықты білікті, білімді екенін дәлелдей алды. Ал Аймағанованың өткір тілі мен қайсар мінезі әлеуметтік желідегі халық шығармашылығына да сеп болып жүр.
Осыдан бір жыл бұрын дәл осы Айжан Аймағанова Қайрат Боранбаевқа 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған мемлекеттік айыптаушы болған. Заң тілімен сөйлеп, тура сөзбен ту тіккен Аймағанованың бейнесі заң жолына түссем дейтін өскелең ұрпақ үшін үлгі болып-ақ жүр. Нүкенованың неден және қалай көз жұмғанын жіпке тізгендей түсіндіріп, жалпақ тілмен жеткізе білген Халимназаровтың да танымалдығы күрт артты.
Жалпы, аталған сот процесінде әр тұлғаның орны бөлек әрі маңызды екеніне тағы бір көз жеткіздік. Олардың кәсібилі соттың сауатты өтуіне, үкімнің әділ шығуына тікелей ықпал етері хақ.
Қоғамдағы өзгеріс және жаңа заң
Енді сот, заң мен құқық салаларын сәл ысырып, күнделікті өмірдегі өзекті мәселелерге оралсақ. Бишімбаев ісі қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық деген үлкен мәселенің бетін ашты. Әрине, оның өзекті екені бұрыннан мәлім еді. 2015-2016жж Қазақстанда өз үйінде 400-ге жуық әйел осы қылмыстан көз жұмады деген қауіпті статистика да тарап кеткен (Айтпақшы, қазір бұл сан азайған, былтыр 69 әйел үйіндегі зорлықтан қайтыс болған, әлі де көп). Жоғарыда сөз болған сот процесі қоғам назарын осы мәселеге ерекше аударды.
Бір кездері «Екі жастың ортасына есі кеткен түседі» деп отбасылық мәселелерді ас үйден ары асыруды қаламайтын қазақ қоғамы жағдайдың қандай дәрежеге жеткенін ашық түсінгендей. Азаматтық белсенділер, қорғаушылар, жалпы, бүтін қоғам бір кісідей жиналып, заңды қатаңдату туралы петиция жария болып, 150 мыңнан астам қол жинады. Аталмыш петицияның заңды күші болмаса да (2021 жылы жарияланғандықтан), ол Тоқаевтың құлағына жеткен болатын. Ал Қазақстан соңғы жылдары «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Заң мен тәртіп», «Әділетті қоғам» қағидаттарын ұстанып келе жатқанын ескерсек, өзгерістердің болатыны анық еді.
Осылайша, биылғы сәуірде Қ. Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды.
Сондай-ақ Бишімбаевтың ісі қоғамдағы кезекті бір мәселе – отбасы құндылықтарының маңызын айқындап берді. Бай-бақуатты, беделді отбасында өскен Қуандық Бишімбаев бір кездері «алтын бала» атанған, Назарбаевтың айналасында жүрген, жастайынан ел басқарып, министр болған, аса маңызды басшылық қызметтер атқарған, шетел асып, білім алып келген еді. Осы тұста Әл Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі еріксіз ойға оралады.
Бұл іс отбасыдағы тәрбие мәселесі аса маңызды екенін де көрсетті. Тамағы тоқтық, көйлегі көктік – тәрбиенің негізгі міндеті емес екен. Ата-ананың баласына лайықты тәрбие беріп, ақ пен қараны ажыра білуді үйретудің маңыздылығын көрдік.
Бұл сот қазақ қоғамына не берді?
Аталған сот процесі жалпы сот жүйесі мен құқықтық салаға халықтың сенімін арттырғанымен қатар қоғамдағы аса өзекті екі мәселенің бетін ашып берді. Нақтырақ айтсақ, Бишімбаев пен Байжанов қоғамдағы екі маңызды мәселенің бейнесіне айналғандай.
Бишімбаев – ел алдында адал жар, сыйлы отағасы болып көрініп, үй босағасын аттай сала әйеліне жұдырық ала жүгіретін кейбір ұрда да соқ ерлердің бейнесі болса, Байжанов көзге оттай басылып тұрған мәселені көрсе де, көрмеген кейіп танытатын немқұрайлылықтың, бейғамдықтың бейнесі сынды.
Осы екі мысалға қарап отырып, енді қоғам зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзімсіздік танытып, қауіпсіз орта құруға тырысады деп сенеміз.
Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі үнемі айтылып, жазылып жүрген мәселе болатын. Бірақ ақпараттың таралу ауқымы мен талқылану алаңы осыншалық үлкен болмаған. Ал Нүкенованың өлімінен кейін қазақ қоғамы кері қайта алмайтын нүктеге жеткенін, шыдамның шегі таусылғанын түсінгендей. Демек мұндай істер азаматтық қоғамның оянып, белсенділік танытуына ықпал ете алды деген сөз емес пе?
Қалай болғанда да, аталмыш сот процесі сот жүйесі үшін де, қазақ қоғамы үшін де өзгерістердің, дамудың бастауы болды.