Бүгінгі замандағы басты капитал – еңбек адамы. Нақтырақ айтсақ, экономиканың қозғаушы күші – білікті мамандар. Қазақстанның еңбек нарығындағы жағдай не болып жатыр, қандай талаптары мен сын-қатерлері бар, жұмысшылар жұмыс берушілер ұсынған жағдайға разы ма, жалақы қай деңгейде? Осы және басқа да сұрақтарды тереңінен тарқатып көрсек.

Жасыратыны жоқ, қазір Қазақстанда кадр тапшылығы байқалады. Сарапшылар 2030 жылға қарай бұл қажеттілік 100 мың орынға жетеді дейді. Қазір маман тапшылығының орнын жабу үшін елімізде 4 жылдық стандартты біліммен қатар қысқа мерзімді баламалы білім беру бағдарламасы да бар. Сол үшін елімізде «Кәсіби біліктілік туралы» арнайы заң қабылданды. Яғни, енді азаматтар белгілі бір мамандықты оқыту орталықтарында меңгеріп, алған сертификаты бойынша жұмысқа орналаса алады.

Мемлекет басшысы да былтырғы Жолдауында «Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек. Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезіледі. Әсіресе техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сондықтан осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн. Оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажет. Экономиканың басымдықтарына, аймақтың және саланың ерекшеліктеріне байланысты тиімді қаржыландыру тәсілдері керек. Жалпы, еңбек нарығын жан-жақты дамыту үшін Үкімет қысқа мерзімде 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарды бекітуі керек» деп тапсырма берген еді.

Қазақстан экономикасының түрлі салаларында 2024 жылдың бірінші тоқсанында 9,2 миллион адам жұмыс істесе, оның 7 миллионы жалдамалы жұмыста, бұл жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 76,2%-ын құрайды. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны – 2,2 миллион, бұл жалпы қызмет ететін халықтың 23,8%-ы. Жұмыс күшінің көп бөлігі сауда (16,8%), білім беру (13,1%), өнеркәсіп (12,3%) пен ауыл шаруашылығы (11,1%) сынды салаларда шоғырланған.

Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірледі. Құжатта қазіргі таңдағы жастардың еңбек нарығына келуін жылына шамамен 300 мың адамды құрайды делінген. Бұл 2000 жылдардағы демографиялық өсумен байланысты.

Бір кездері Әл Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» десе, қазір жұмыс берушілер бұл сөзді өздеріне ыңғайлап, «тәжірибесіз берілген білім – білікті маманның қас жауы» деп өзгертіп алған десек те болады.

Қазіргі таңда еліміздің ғана емес, әлемнің еңбек нарығына тән тағы бір ерекшелік – жұмыс берушілер әлеуетті қызметкердің мамандығына не кәсіби біліміне емес, оның жұмыс тәжірибесіне, қабілет-дағдысына барынша мән береді. Дипломың болса, жерде қалмайсың дейтін кезең өтіп, тәжірибең болса, жерде қалмайсыңға ауысқандай. Жұмысқа қабылдауда жұмыс берушілер үшін маңызды көрсеткіштер қатарында: қызметкердің шешім қабылдау, талдау жасау, клиентпен жұмыс істеу, мәселені жан-жақты шеше білу қабілеттерімен қатар, процесті автоматтандыру, экологиялық негізде ойлау, эмоциялы интеллект сынды дағдыларының болуы да маңызды.

Байқасақ, жұмыс берушілер тарапынан жұмысшыларға деген сұраныс пен талап артқан. Ал олар өздері қандай жағдай мен шарттар ұсына алатынына келсек.

 

Табыс талапқа сай ма?

Қазақстанда орташа жалақының жыл сайынғы өсімі байқалады. Мысалы, қаңтардағы жылдық өсім 2023 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 18%-ды құраған. Бұл – жоғары біліктілігі бар мамандарға сұраныстың артуымен байланысты.

Биылғы бірінші тоқсандағы орташа айлық 382 279 теңгені құраған. Бірақ бұл – атаулы жалақы, ал медианалық жалақының жайы қандай екеніне тоқталсақ. Ел бойынша медианалық жалақы 262 мың теңгені құрайды. Байқап тұрсақ, атаулы жалақыдан 120 мың теңгеге аз.

Медианалық жалақы бойынша өңірлер көшін Астана, Алматы мен Қарағанды бастап тұр, оларда сәйкесінше 299 мың, 289 мың және 249 мың. Ал ең төменгі жалақы Тараз (202 210 теңге) бен Талдықорғанда (199 716 теңге).

2023 жылдың қорытындысы бойынша hh.kz сайтындағы ұсынылған орташа жалақы 223 792 теңгені құраса, жалақысы 1 млн теңгеден асатын қызметтер жалпы бос жұмыс орындар санының тек 3,5%-ын құраған.

Осы тұста шетелге кетіп жатқан, өзінің білімін, қабілетін елде пайдалана алмаған білікті кадрлардың дамыған жетекші елдерге тұрақты жұмысқа көшіп кетуін, қоныс аударуын айтпай кетуге болмайды. Бұл экономикаға кері әсер етпей қоймайды.

Бұл тек Қазақстан үшін ғана өзекті мәселе емес, әлем елдерінде де бар «brain drain» атты құбылыс, яғни білікті, ақылды адамдардың елден көшіп кетуі назар аударуды қажет ететін сұрақ болып отыр. Ал біздің елдегі жағдай қалай, статистика не дейді, осы сұрақтарға тоқталып көрсек.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы Қазақстаннан 12 732 адам көшіп кеткен. Оның 9948-і ТМД елдеріне, қалған 2784-і басқа елдерге тиесілі.

Елімізден кететін мамандардың негізгі бөлігін техника (2809 адам), экономика (1456 адам), педагогика (75 адам) мен заң (421 адам) саласының мамандары құрайды.

Еңбек пен халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше қазақстандықтар үшін ең тартымды елдер – Германия, АҚШ пен Польша. Жоғары біліктілігі бар мамандардың Қазақстаннан кетуінің негізгі себептері – жоғарыда аталған елдердегі өмір сүру деңгейі мен  жалақының жоғарылығы.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек еліміздегі түлектердің еңбек нарығына дайындығы айтарлықтай төмен дейді. Оның сөзінше, білімнің теориялық сипаты мен еңбек нарығынан оқшаулануы да ЖОО түлектерінің нарық сұранысындағы маман болып шығуына кері әсерін тигізеді.

«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мақал кері сипат алып, өз еліңде ұлтан болғанша ... деп ауысқан сияқты.

 

Маман тапшылығы қаупі бар ма?

Жоғарыда аталған себептерден Қазақстанда қазір білікті мамандар тапшылығы бар екені шығады. Бұл тек Қазақстандағы ғана емес, әлем елдеріндегі үрдіс. Маман тапшылығының басты себептерінің бірі – демографиялық факторлар, соның ішінде халықтың қартаюы дейді мамандар. АҚШ, Канада, Италия, Германия, Жапония, Австралия, Ұлыбритания мен Франция сияқты дамыған елдерде бэби-бумерлер қартайып, зейнетке шығуда, ал олардың орнын басатын ұрпақ әлі білікті маман дәрежесіне жетпеген.

Алайда Қазақстандағы мамандар тапшылығының өзіндік ерекшеліктері бар. Статистика бюросының соңғы есебіне сәйкес, жағдай, әрине, анау айтқандай нашар емес.

Қазақстандық еңбек нарығындағы басты сұраныс төмен және орта біліктілігі бар жұмысшылар арасында байқалады. Мысалы, Enbek электронды еңбек биржасында сәуір айындағы бос орындарға сүйенсек, қазір жүргізуші, тәрбиеші мен күзетші сынды мамандықтарға сұраныс көп.

Ал жалпы статистикалық деректер бойынша елімізде 2023 жылдың соңында 923 мың бос жұмыс орны болған, соның ішінде 97 540 есепші, 84 076 күзетші, инкассатор және сол саладағы кәсіптер, 73 368 дүкен сатушысы мен көмекшісі, 50 343 орта мектеп мұғалімі, 49 127 автокөлік жүргізушісі, 43 801 күтім бойынша орта медициналық персонал қажет екен. Жоғарыда айтылғандай маман тапшылығы орта біліктілігі бар жұмысшылар арасында қатты сезіледі.

Маман тапшылығының келесі себебі – еңбек нарығында менеджмент, заңгер мен экономист сынды мамандықтарды бітірген жас мамандар саны тып көп, ал қазір сұраныстағы IT мамандары, инженерлер, геологтар мен агрономдар саны тапшы. Иә, соңғы IT мамандарына оқыған жастар саны көп шығар, бірақ олар әлі білікті, сұранысқа ие маман дәрежесіне жетіп үлегере қоймаған.

Аймақтардағы маман тапшылығының себебі – табиғи урбанизация. Іскер орта Алматы мен Астанада шоғырланғандықтан, аймақтық мамандар да аталмыш қалаларға көшуді жөн санайды, соның салдарынан басқа шет аймақтардағы еңбек сапасы төмендейді.

Мысалы, 2023 жылы жұмыс берушілер hh.kz сайтында түрлі салалар бойынша жарты миллионнан астам бос жұмыс орындарын жариялаған болса, оның 42%-ы Алматыда, 21%-ы Астанада болған.

 

Бұған еңбек министрлігі не дейді?

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дайындаған 2024-2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасында бұл жайлы айтылған.

Құжатта еңбек ресурстарының дамуын тежейтін мәселелер тізбектелген, соның ішінде:

- табиғи ресурстарға тәуелді экономика мен еңбек өнімділігінің төмендігі;

- жұмысшылардың біліктілігі мен дағдыларының еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмеуі;

- кәсіптік білім беру мен оқыту жүйесінің жеткіліксіз дамуы;

- бейресми жұмыс істеу үлесінің жоғарылығы, әсіресе ауылдық жерлерде, сондай-ақ жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау деңгейінің төмендігі;

- әйелдер, жастар, мүгедектер, этникалық топтар арасындағы жұмыс пен табысқа қол жеткізудегі теңсіздік.

 

Мұның шешімі не болмақ?

Еңбек министрлігінің тұжырымдамасында қалыптасқан жағдайды жақсартуға арналған бірнеше ұсыныстар бар. Шенеуніктер техникалық және кәсіптік білімнің сапасын арттыруды, ұлттық біліктілік жүйесін дамытуды, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға ынталандыруды, онлайн оқытуды дамытуды және басқа да шаралар ұсынып отыр.

Шыны керек, құжатта оқылғанда әдемі естілетін амал-әдістер. Алайда бүгінге дейін олар нақты нәтиже бермегенін көріп отырмыз. Берсе, жастарымыз Кореяда зиянды зауыттарда, Англияда құлпынай фермаларында еңбек етпес еді.