Сарбаздардың қауіпсіздігі – бүгінгі таңда қоғамды мазалайтын маңызды мәселенің бірі. Әскери прокуратураның мәліметінше, 2020 жылдан 2023 жылдың сәуіріне дейін елдің Қарулы күштеріндегі қызметін атқарып жатқан 270 азамат (сарбаз, офицер) қаза тапқан. Оның 86-сы өз-өзіне қол салғандар. 20 әскери қызметкер өмірмен қош айтысуға талпынған. Соған қарамастан «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бабы бойынша бір ғана адам сотталған.

Сонда әскери қызметкерлердің өз-өзіне қол салуы мен өлім-жітімнің жиілеп кетуіне не себеп болып отыр? Бір кездері тек әскерилер мен олардың отбасының мәселесі болған бұл сұрақ соңғы жылдары үлкен қоғамдық резонанс тудырды. Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсыратынын, сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне армия басшылығы мен құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты екенін айтқан болатын.

«Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет» - деді Президент.

Жалпы, әскерилер арасындағы өлім-жітім – кеше пайда болған мәселе емес, жылдар бойы жиналып, бірақ беті жабылып келе жатқан жара. Оның негізгі себептері ретінде әлімжеттік пен психологиялық қысым айтылады.

 

Абайсызда құлап қалды...

Соңғы мысалдардың бірі – Ербаян Мұхтардың ісі. Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 бөлімінде қызмет етіп жүрген сарбаз былтыр құлап, комаға түскен болатын. Оның ата-анасы Президентке үндеу жолдап, балаларының комаға түсуіне себеп болған «дәретханада абайсызда құлап, басын кафельге соғып алды» деген нұсқамен келіспейтіндігін айтқан еді. Бұл тек бір ғана мысал. Осы сияқты көптеген оқиғалар әскери жүйедегі мәселелердің өршіп тұрғаны мен оның шұғыл шешім табу керектігін көрсетеді.

Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, мәселенің басты себептердің бірі жоғарыда айтылған «дедовщина» фактілері. Қорғаныс министрлігі бұл теріс үрдіспен жылдар бойы күрес жүріп келе жатса да, тамырын тереңге жайған әлімжеттікті бір бұйрықпен не шешіммен доғару оңай емес. Әскерге енді келген жас сарбаздар «сарысүйек» сарбаздар тарапынан физикалық және психологиялық қысым көреді. Бұл өз кезегінде кейде ауыр салдарларға әкеліп соғып жатады. Қоғамдағы түрлі пікірлерге құлақ түрсек, бәрі бір кісідей жүйе реформалауды қажет етеді, сондай-ақ әскери қызмет жағдайын жақсарту мен тәртіпті қатаң қадағалау қажет дейді. Бірақ оны іске асырудың жолы қандай?

 

АҚШ-тағы жағдай қалай?

Алайда әскери жүйенің осындай кеселі тек бізде ме? Жоқ, әлемнің алпауыты саналатын АҚШ та әскери жүйедегі келеңсіздікке алаңдаушылық танытуда. Пентагонның деректеріне сүйенсек, АҚШ әскерінде жылына 20-дан астам әскери қызметкер суицид жасайды екен. Ал The Epoch Times басылымының хабарлауынша, суицидтердің саны 2020 жылы 176-ға жеткен. Бұл 1938 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Жаға ұстатарлық сан АҚШ басшылығын жедел әрекетке көшіп, аталмыш мәселемен күресу үшін бірқатар бағдарламалар енгізуге мәжбүрледі.

АҚШ-та әскери қызметкерлерге арнайы психологиялық көмек көрсету бағдарламалары жұмыс істейді. Сондай-ақ жедел жәрдем телефондары, стресс жағдайларға жүйелі түрде дайындық, әскердегі күйзеліс факторларының мониторингі енгізілді. Оның ішінде психологтармен міндетті кездесулер, сондай-ақ қол астындағы қызметкерлер арасында зорлық-зомбылық пен депрессия жағдайларын болдырмау үшін командирлерге арналған білім беру бағдарламалары да бар.

 

Біздің әскердегі жағдай өзгере ме?

Өкінішке қарай, қажеттіліктің артып келе жатқанына қарамастан, жоғары шенді әскерилер әзірге сарбаздардың психологиялық жағдайымен жүйелі жұмыс жүргізуге асығар емес. Саланы толық реформалау жұмысы негізінен тек жергілікті бастамалармен ғана шектеліп отыр, ал бұл өз кезегінде тек қысқа мерзімді нәтиже береді.

Бірақ қабылданып жатқан шаралар да жоқ емес. 2023 жылы сарбаздарды қолдау шаралары енгізілді, бірақ қабылданғанына аз ғана уақыт өткендіктен, оның нәтижесі туралы ауыз толтырып айтуға әлі ерте.

Әскери психологтар шектеулі ресурстармен жұмыс істегендіктен, суицид пен зорлық-зомбылықтың алдын алу бағдарламалары айтарлықтай күшейтуді қажет етіп отыр. Соңғы уақытта жиілеп кеткен жағдайларды ескере отырып, тәртіптік бақылау мен командирлердің жауапкершілігін арттыру туралы да сөз болып жүр.

Сондай-ақ әскерилердің қызмет ету жағдайларын жақсарту да маңызды дейді сарапшылар, атап айтқанда, казармаларды модернизациялау, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мен әскердегі зорлық-зомбылық пен қорлаудың алдын алу мақсатында оқыту бағдарламаларын құру. Әрине, барлық сарбазды жүйелі түрде медициналық-психологиялық тексеруден өткізу де маңызды шара.

        

          Шетелдердегі реформалар

Енді осы салада табысты нәтиже көрсеткен елдерді бір саралап өтсек. Мысалы, Израильде әскери қызметке кірісер алдында жүргізілетін міндетті психологиялық дайындық жүйесі бар. Бұл әскери қызметкерлерге күйзеліс  жағдайларын еңсеру мен депрессияға бейім болмауға көмектеседі.

Швецияда әскерилер арасындағы зорлық-зомбылық пен суицид деңгейін төмендетуге бағытталған әлеуметтік қолдау бағдарламалары бар. Яғни, медициналық және психикалық көмекті арттыру әдістері өлім-жітімнің санын азайтуы бек мүмкін.

Қорыта келгенде, жастар әскер қатарына ел қорғаймын, жер қорғаймын, азаматтық борышымды атқарамын деп барады. Алайда совет заманынан қалған әлімжеттік, қорлау, күш көрсету сынды келеңсіздіктер жас психиканың тез сынып кетуіне әкелетіні жасырын емес. Егер осы бір жылдар бойы жалғасып келе жатқан көне әрі теріс «салтты» тоқтата білсек, армияның абыройы артып, әскерге бару жастардың арасында абырой саналар ма еді. Әйтпесе, әскерилер әлі күнге жігіттерді көшеде аулап, көлікке тоғытып, еркінен тыс жіберіп жатыр. Мұндай қалыптасқан жүйеде армиямыз айбынды, қуатты болады деп сеніммен айту қиын. Отанын қорғайтын сарбаздар да өз елінің қорғауында екеніне сенімді болуы керек.