Қазіргі таңда әлем жыл санап емес, күн санап өзгеріп келеді. Оның басты себебі – үздіксіз дамып келе жатқан технологиялар. Әлем қазір технологиялық дүмпу кезеңінде. Бұл қылмыспен күресуде озық технология қолданылыпы келеді. Жаңа заман талабына икемделген мемлекеттер азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қылмыстың алдын алуда цифрлық технологияларды кеңінен пайдаланады. Қазақстан да әлемдік өзгерістер көшінен қалмай, құқық қорғау жүйесін цифрландыруда сенімді қадамдар жасап келеді.
Цифрландыру мен оның Қазақстан үшін маңызы
Қазақстанда цифрландыру тек экономика мен мемлекеттік қызметтерде ғана емес, құқық қорғау саласында да белсенді пайдаланылуда. «Сергек» жобасының енгізілуі технологияларды күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдырудың айқын мысалы бола алады. Смарт-бақылау камералары жолдардағы заңбұзушылықтарды тіркеп қана қоймай, қылмыстарды ашуға да көмектеседі. Сергек камераларының арқасында қазірдің өзінде ондаған қылмыстың жолы кесіліп, іздеуде жүрген қылмыскерлер ұсталған. .
Бірыңғай цифрлық деректер базасын құру да құқық қорғау органдарының жұмысына оң ықпал етеді. Аталмыш деректер базасы түрлі құрылымдар арасында жылдам ақпарат алмасуға мүмкіндік береді, ал бұл өз кезегінде тергеуді айтарлықтай жылдамдатып, процестің ашық өтуіне ықпал етеді.
Заң мен технология үйлесімінің айқын мысалы болған – биыл көктемде өткен экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты. Бір мезгілде тек Қазақстан ғана емес, алыс-жақын шетел азаматтарды бақылап отырған сот процессі тікелей эфирде өтті. Нәтижесінде халықтың да құқықтық сауаты артып, сот жүйесіне деген сенімі өсті.
Президент те өз сөзінде «Цифрлық технологиялар азаматтардың сот процесіне қатысуын айтарлықтай жеңілдетті. Сондай-ақ сот қызметінің барынша ашық болуын қамтамасыз етті. Елімізде арнайы ақпараттық жүйе бар. Судьялар сол арқылы басқа соттардың шешімдерімен таныса алады. Бұл – әділ сот актілерін қабылдауға мүмкіндік беретін ұтымды тәсіл. Соның арқасында ортақ мәлімет қоры қалыптасады. Жалпы, сот ісін жеңілдету – маңызды міндет. Ол үшін озық технология мен жасанды интеллектіні кеңінен пайдаланған жөн» деп атап өткен болатын.
Азаматтар арыздарын онлайн беріп, іс барысын онлайн қадағалап, тіпті, сот процессіне қашықтан қатыса алуы – электронды сот жүйесі жеткен жетістіктердің бірі. Бұл өз кезегінде бюрократияны азайтып, әділ сот төрелігіне қолжетімділікті арттырады.
Технологияларды белсенді пайдаланып жатқан салалардың бірі – активтерді қайтару мен қылмыскерлерді іздестіру. Бұл істе қазақстандық прокуратура органдары жасанды интеллектінің игілігіне жүгінуде. Нәтижесі қазірдің өзінде ауыз толтырып айтарлықтай. Бас прокуратурада елден заңсыз шығарылған активтерді іздеу үшін қолданылатын «ақылды» аналитикалық платформаны пилоттық режимде сынап көруде. Сондай-ақ қазіргі таңда қабылданған шаралардың, соның ішінде ақпараттық жүйелерді пайдаланудың нәтижесінде іздеуде жүрген 605 қылмыскер ұсталған. Бұл жайлы Президенттің қабылдауында болған Бас прокурор Берік Асылов айтқан болатын.
Оның үстіне, цифрландыру тек қолайлы қызмет қана емес, ашықтық пен әділдіктің кепілі. Процестерді автоматтандыру сыбайлас жемқорлық пен адами факторлардың орын алуын азайтады.
Әлем тәжірибесі: табысты мысал деп қай елдерді атауға болады?
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша әлем бойынша технологиялық көшбасшы ретінде Сингапуры айта аламыз. Аталмыш елде қазіргі таңда жасанды интеллект арқылы қылмыстың орын алуы мүмкін орындары мен уақытын болжай алатын жүйелер әзірленуде. Камералардан, әлеуметтік желілер мен басқа да дереккөздерден алынған ақпаратты талдау полицияға уақытынан бұрын әрекет етуге мүмкіндік береді.
Көшбасшылар тізіміндегі ел ретінде Эстонияны да атауға болады. Мұнда азаматтар қылмыстар туралы хабарлай алатын әрі онлайн кеңес ала алатын электронды үкімет жүйесі белсенді жұмыс істейді. Полиция мен халық арасындағы өзара байланыс шағын қылмыстар деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Ал Ұлыбритания болса, адам келбетін тану технологиясын белсенді түрде енгізуде. Лондон көшелеріндегі камералар қылмыскерлерді нақты уақытта түсіріп қана қоймай, жоғалған адамдарды табуға да көмектеседі.
АҚШ бар үмітін бигдата (Big Data) мен жасанды интеллектке артып отыр. Қазір АҚШ-та кеңінен қолданылатын ShotSpotter сияқты жүйелер оқ даусын негізге ала отырып, атыс орнын анықтап, оқиға орнына бірден полицияны жібере алады.
Бұл мысалдар технологияның қылмысқа қарсы күресте қуатты құрал екенін, сондай-ақ заманауи технологиялардың құқық қорғау қызметінің тиімділігін айтарлықтай арттыра алатынын көрсетеді.
Болашаққа бағдар қандай?
Алайда құқық саласына технологияларды енгізудің жіті назарды қажет ететін тұстары бар. Ең өзекті болып тұрғаны – деректердің құпиялылығын қамтамасыз ету, кибершабуылдардан қорғау мен заманауи технологиялармен жұмыс істей алатын білікті мамандар даярлау қажеттігі.
Қазақстан осы қарқынмен цифрландыру инфрақұрылымын дамытып, аталмыш саланы қаржыландыруды арттырып, қызметкерлердің біліктілігін жоғарылатуға бөлінетін назарды бәсеңдетпесе, Сингапур мен АҚШ дейгейіне жететін күн де алыс емес.
Қорыта келгенде, цифрландыру – жай тренд емес, қазіргі құқық қорғау жүйесінде маңызды орын алатын қажетті өзгеріс. Технологияларды қолдану қылмыспен күресті ашық әрі жылдам етеді. Қазақстан құқық қорғау жүйесін цифрландыру мен технологияландыру жолына түскелі ұзақ уақыт өткен жоқ, бірақ соған қарамастан ағашқы жемісін қазірдің өзінде жеп отыр.
Бүгінде технологиялар барлық саланы өзгертіп жатыр, одан құқық қорғау жүйесі де шет қалмады. Бастысы, жаңа технологиялар көмегімен әр адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау.