Осы аптада бүкіл елдің назары қайтадан Талғарға ауды. Марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев қала маңындағы зираттан асылған күйінде табылды. Сот-медициналық сараптаманың алдын-ала болжамына сәйкес, өлім механикалық асфиксия салдарынан болған. Алайда Алматы іргесіндегі жағдай неге ушығып кетті?  

 

Марқұмның денесін жер қойнына тапсырған күні Шерзаттың әкесі Қаржаубай тұтқынға алынды. Бұл жағдай әлеуметтік желіге телмірген жұртты екіұдай жағдайға қалдырған еді. Бастапқыда көпшілік полицияның әрекетін түсінбей дал болды. Алайда оқиға орнындағы видеолардан құқық қорғау қызметкерлері алгоритмге сай әрекет еткені анық аңғарылады.

Алматы облысы Полиция департаментінің таратқан деректеріне сүйенсек, Қаржаубай Нұрымов бұзақылық және көлік құралдарының қозғалысына кедергі жасау фактісі бойынша ұсталған. Сондай-ақ қоғамдық орында және полиция қызметкерлеріне қарсы дөрекі сөз сөйледі, оларды пышақпен қорқытты, сонымен қатар басқа біреудің мүлкіне қасақана зақым келтірді деген айып тағылып отыр. Осыған байланысты бұзақылық фактісі бойынша сот оны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алуды тағайындалған. Ал бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру фактісін қылмыстық іс тіркелген.

Желідегі видеоларды мұқият бақылаған адам шын мәнінде Қаржаубай Нұрымовтың қолына пышақ ұстап тұрғанын аңғаруы қиын емес. Кейін полиция көлігінің дөңгелегін жарып, сызат түсіргені мәлім болды. Бір жағы, оның эмоциясын түсінуге болады. Екі айдың ішінде отбасындағы екінші ауыр қаза. Өз ажалы жетсе мейлі екен, дегенмен ұлы мезгілсіз, кісі қолынан мерт болып отыр. Інісі жұмбақ жағдайда көз жұмды. Ұлының өлімінен кейін белгісіз біреулер баспанасын өртеп кетті. Мұндай ауыр жағдай кез келген адамға психологиялық ауыр соққы.

Бәлкім, Қаржаубай сол сәтте морт сынып кетті ме, кім білсін?! Қолына пышақ алып, көліктің үстіне шығып алуы да ақылын эмоциясы жеңгенін көрсетеді. Әйтпесе, бұған дейін халықты сабырға шақырып жүрген жәбір көрушінің сабыры таусылғанын қалай сипаттауға болады?

Екінші жағы, құқық қорғау қызметкерлерін де айыптаған жөн емес. Қолына пышақ ұстаған адам көліктің үстінде сес көрсетіп тұр. Кез келген сәтте қаруын өзіне немесе айналасындағыларға жұмсауы мүмкін. Әбден ызаланған, ашу кернеген. Мұндай жағдайда адамның іс-әрекетін болжау қиын. Сол жерде сабырға шақырып тұрғандардың біріне пышағын жүрек тұсынан сілтеп жіберсе ше? Ашуға булықты деп бәріне көз жұмуға болмас.

Сол себепті полиция Қаржаубайды қарусыздандырып, сабырға шақыру үшін бөлімшеге алып кеткені дұрыс шешім болғандай. Бұл қолынан пышағын алып, арқасынан қағып қоя беретіндей жағдай емес. Заңға сәйкес, оған қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамақ тағайындалды.

Эмоциямен қарасақ, бұл әділетсіз секілді. Алайда заң эмоцияға емес, фактіге жүгінеді. Ірілі-ұсақты бұзақылық жасадыңыз ба, қолмен істегенді мойынмен көтеру қажет. Заң бәріне ортақ дейміз. Бірақ сезімге беріліп, заңды белінен басып жатсақ, оның қай жері ортақ?

Әркім басына түскен қайғыға не ауыртпашылыққа байланысты заңды бұза берсе, онда қоғамда қандай тәртіп орнайды? Өзіміздің фаворитімізді ақтап ала берсек, басқалар да өздерінің туысын құтқарып қалуға тырысатыны анық қой. Мұндай жағдайда әділетті Қазақстан емес, әділетсіз Қазақстан болып кетпей ме?

Иә, заң бәріне ортақ. Оған бағыну қажет. Қаржаубай ұсақ бұзақылық жасады. Бұл анық. Соған сай оған жаза тағайындалады. Дегенмен бұған назар аударып, негізгі мәселеден назарымызды аудармауымыз қажет. Қазіргі басты мәселе – Шерзат Болатты өлтіргендердің әділ жазасын алуы. 

Қазір тергеу-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Қылмыстық тергеу жылдың соңына дейін аяқталады екен. Екі оқиға да Ішкі істер министрлігінің жеке қадағалауына алынған. Бас прокуратура да бұл іспен айналысып жатыр. Ендеше бүкіл қоғам назарын аударған мәселеде кінәлілер қалай да жазасын алатыны анық.