Қыс түссе, Сәтбаев қаласының тұрғындары көмірдей қара қар деп аталатын экологиялық мәселемен бетпе-бет келіп жатады. Әдетте тазалықтың белгісі саналатын әппақ қар бұл қалада сұр мен қара реңкке боялып, қаладағы ауаның шынайы күйін көрсетеді. Ал қала тұрғындары бұл ауамен күн сайын тыныстап жүр. Қара қар – жай ғана маусымдық құбылыс емес, елеусіз қалдыруға болмайтын апаттың белгісі.

Мұнда балалар алаңы, көліктер, көшелер, шатырлар, ғимараттар, жалпы, бетінде қар жамылғысы бардың бәрі қара-сұр түске боялған. Бірер жыл бұрын жеке облыс атанып, күніміз туды деген ұлытаулық жұрт, соның ішінде сәтпаевтықтар әлі де қарапайым ғана құқық – таза ауамен дем алуға қол жетізе алмай келеді.

 

Қара қардың жаууына не себеп?

Қара қар аспаннан жапалақтап жаумайтыны түсінікті, жер бетіне қонған қар ұлпаларымен жарыса көмір мен отынның күлі дерсіз, қалдығы дерсіз, бірге қонады. Оның басты себебі – ауаның ластануы. Көміртегі бөлшектері мен күйе сынды басқа да қалдықтар қарға түскенде әппақ қардың бетін көмір түсіне бояйды, нәтижесінде сәтпаевтықтар қаңтар-ақпанда ақ ұлпа қарға емес сұрғылт «мамыққа» оранып жүреді. Сәтбаев қаласындағы ауаның ластануына негізгі себеп ретінде төмендегі факторларды атап көрсетуге болады:

Өнеркәсіп орындары: Қала маңында жұмыс істейтін зауыттар атмосфераға тонналап зиянды заттар шығарады. Ал ескірген технологиялар жағдайды тек ушықтыра түседі. Фильтрлер жаңартылмайынша бұл жағдай өзгере қоймасы анық, ал оның бәрін жаңарта салуға қаражат қайда дейді өнеркәсіп басшылығы.

Жылу электр станциялары (ЖЭС): ЖЭС-та қолданылатын көмір – ластанудың негізгі себепкерлерінің бірі. Көмір жанғанда ауа мен жерге шөгетін денсаулыққа қауіпті заттар шығады. Бұл жерде де жоғарыда айтқанымыздай артық заттарды, зиянды қалдықтарды ауаға өткізбейтін сапалы сүзгілер керек, бірақ оған сәтпаевтықтардың қолы әзірге жетпей отыр.

Көліктер: Автокөліктердің саны артқан сайын олар шығаратын қалдықтар да артады, бұл әсіресе қыста қатты байқалады.

Машиналар ма, жылу электр станциялары ма: басты кінә кімде?

Зиянның ауқымын салыстыру, әрине, қиын, алайда зерттеулерге сүйенсек, Сәтбаев сияқты өнеркәсіптік аймақтарда жылу электр станциялары мен зауыттар ауа ластануының негізгі себебі болып отыр. Дегенмен, көліктер де кенде қалып жатқан жоқ, әсіресе кептеліс жиі болатын қала орталықтарында ауаның бір қарағандағы көрінісі толығымен «газдан жасалған тұзақ» сынды әсер қалдырады.

Басқа елдердегі жағдай қандай?

Сәтбаев қыста қара қардың құрсауында қалатын жалғыз қала емес. Мұндай мәселемен әлем елдері күресіп келеді. Соның бірнешеуіне көз жүгіртіп өтсек. Әлемдік тәжірибеге сәйкес мемлекет немесе қоғам деңгейінде жүйелі шаралар қабылданбаса, ауа ластануымен күрес айтарлықтай нәтиже алып келмейді. Сонымен:

Қытай: Ауаның ластану деңгейі өте жоғары болған Пекин өнеркәсіп орындарына қатаң стандарттар енгізді, көлікті жаппай электр энергиясына көшіріп, жасыл энергетикаға инвестиция салды. Нәтижесінде соңғы он жылда қала аспанындағы түтін сейіле бастаған.

Үндістан: Түтін салдарынан пайда болған ауру кең таралған соң Нью-Делиде үкімет қатты ластану кезінде мектептер мен кәсіпорындарды жауып тастайтын болды. Ал қазіргі таңда олар ауа ластануымен күрес үшін жасанды жаңбыр жаудырып, осылайша ауадағы қалдықтардың адам ағзасына зиянын азайтуда.

Еуропа елдері де бұл тізімнен бой көрсетті: ЕО елдері көміртегі шығарындыларын азайту үшін стандарттар енгізуде. Стокгольм мен Амстердам сияқты ірі қалалар велосипедтер мен электрлі қоғамдық көліктерді пайдалануды белсенді түрде насихаттап жатыр. Нәтижесінде қозғалыс саябырлап, ауа тазарады, әрі дене шынықтыру да қатар жүреді. Бір оқпен бірден үш қоян ату деген осы емес пе?

Бейжің мен Нью-Дели сияқты қалаларда адамдар 2020 жылғы біз сияқты көмір сүреді. Яғни қорғаныс бетпердесі өмірдің ажырамас бөлігіне айналған. Ауаның ластануының денсаулыққа әсері (кері әсері) бүгінде дау туғызбайды. Ол тыныс алу жолдары ауруларынан бастап жүрек-қан тамырлары ауруларының күшеюіне дейін алып келеді, сондықтан бұл шұғыл шаралар қабылдауды қажет ететін мәселе.

Қала әкімдігі не дейді?

Сәтпаевтағы жағдай тек жағаны ұстатып қана қойған жоқ жергілікті әкімдік қайда қарап отыр деген сұрақ туғызды. Билік экологиялық жағдайды жақсартудың кешенді шараларын әзірлеудің орнына құрғақ уәдемен шектеліп жатыр ма, әлде қабылданып жатқан нақты шаралар бар ма? Әлеуметтік желі мен БАҚ-тағы тұрғындар сөзін негізге алсақ, сәтпаевтықтар жылу электр станцияларын жаңарту мен кәсіпорындарға заманауи технологияларды енгізу бойынша нақты қадамдарды көріп отырған жоқпыз дейді.

Бірақ жақында ғана Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков ҚР Үкіметі отырысында Премьер-Министр Олжас Бектеновке Сәтбаев қаласындағы экологиялық жағдайды жақсарту шаралары бойынша баяндама жасады. «10 қаңтарда эмульгаторы бар төртінші қазандықты іске қостық. Жылыту кезеңінен кейін қалған үш қазандыққа эмульгаторлар орнатамыз», - деді.

Бұған қоса, облыс билігі көмірді ауыстыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Егер бұрын олар күлділігі 40% болатын Молодежный разрезінің көмірін пайдаланса, қазір күлділігі 15–19% шамасында Қаражыра разрезінен көмір алып отыр екен. Бұл қаладағы жағдайды жақсартады деп күтеміз.

Бұдан шығар жол қайда?

Сәтбаев кешенді шаралар күтуде. Жылу электр станциялары мен өнеркәсіптік нысандарды жаңарту, яғни заманауи сүзгі технологияларын енгізу мен баламалы энергия көздеріне көшу. Бұл өз кезегінде ластану деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Қоғамдық көлікті дамыту – қолжетімді әрі экологиялық таза көлік инфрақұрылымын құру жолдардағы автокөліктердің санын азайтады. Ертең Сәтпаевтың қазақстандық Амстердамға айналмасына кім кепіл? Бастысы – таза ауа қазақ тұрғындарына берілген артықшылық емес, олардың заңды құқығы екенін ұмытпайық.