Парламент сенатының 16 наурыздағы жалпы отырысында депутаттар "2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды қабылдады, деп Zakon.kz.
Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, шығыстардың қосымша өсімі 2,2 трлн. Негізінде мемлекет басшысының Жолдау мен сайлауалды бағдарламасы аясында айтылған бастамаларын, өңірлерге жұмыс сапарларының қорытындысы бойынша тапсырмаларын жүзеге асыру үшін қаржы қажет. Бұл үшін 2 триллион теңге бөлінеді. Бұл - өңірлерді қолдауға, ауыл шаруашылығын, көлік инфрақұрылымын және өңдеуші өнеркәсіпті, сонымен қатар әлеуметтік саланың жекелеген бағыттарын одан әрі дамытуға бағытталған шығыс.
"Сонымен қатар бұл бағыт аясында жылумен жабдықтау жүйелерін салу және реконструкциялау, электр энергетикасын дамытуға 144 млрд. теңге, қорғаныс және азаматтық қорғауды қамтамасыз ету, оның ішінде өртке қарсы қызмет қызметкерлерінің жалақысын көтеруге, азаматтық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 126 млрд. теңге, тұрғын үй сатып алу үшін қарыздар мен тұрғын үй жинақ салымдары бойынша сыйлықақылар беруге 92 млрд. теңге көзделеді. Басқа да бірқатар маңызды міндеттемелерді іске асыруға 186 млрд. теңге бағытталатын болады. Бюджетті қайта қарау нәтижесінде экономиканың нақты секторы мен өңірлерді қолдауға ерекше мән берілді. Бұны шығыстардың құрылымының өзгеруінен байқауға болады", - деді Ерұлан Жамаубаев.
Атап айтсақ, экономиканың нақты секторын қолдауға қосымша 1,3 трлн. теңге көзделген. Тиісінше, шығыстардың жалпы көлеміндегі бұл бағыттың үлесі 5,3%-ке ұлғайды. Нәтижесінде аталған салаға арналған шығыстар 3,5 трлн. теңге немесе жалпы шығыстардың 15,6% мөлшерінде жоспарланып отыр.
Министрдің сөзінше, бұл орта мерзімде елдің дамуына оң мультипликативтік әсер етеді. Әлеуметтік саланың шығыстары 298 млрд. теңгеге ұлғайтылды және 8,5 трлн. теңге немесе бюджеттің жалпы шығыстарының 37,5%-ін құрап отыр.
"Қаражат "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын іске асыруға, мектепке дейінгі білім беру мекемелері педагогтерінің жалақысын көтеруге және колледж студенттердің стипендияларын ұлғайтуға, әлеуметтік төлемдердің, жәрдемақылардың мөлшерлерін арттыруға, денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуға бағытталады", - деді Ерұлан Жамаубаев.
Жалпы биыл республикалық бюджетінің параметрлері мынадай:
- бюджет кірістері 1,5 трлн теңгеге өсумен 19,3 трлн теңге болды;
- Тапшылық ЖІӨ-нің 2,7% деңгейінде сақталды;
- Республикалық бюджеттің шығыстары 22,5 триллион теңге көлемінде жоспарланған.
Қарау нәтижесінде сенаторлар ұсынылған түзетулерді қолдады. Осылайша «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды деп есептеледі және мемлекет басшысына қол қоюға жіберілді.