ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа Бюджет кодексінің жобасы қаралды.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров атап өткендей, құжатты дайындау кезінде соңғы жылдардағы реформалар мен үрдістердің барлығы, Президенттің тапсырмалары, халықаралық ұйымдардың, Жоғары аудиторлық палатаның және сараптамалық қоғамдастықтың ұсыныстары ескерілді. Жаңа кодекстің жобасы бюджеттік процестерді жеңілдетуге, бюджетаралық қатынастарды жетілдіруге және жалпы мемлекеттік қаржыны басқару сапасын арттыруға бағытталған.
Пилоттық режимде блоктық бюджетті енгізу есебінен мемлекеттік органдардың икемділігі мен дербестігі артады. Бұл ретте бір мақсатқа екінші немесе үшінші бюджеттік бағдарламаны ашуға тыйым салатын норма енгізіледі. Сондай-ақ бюджеттік бағдарламалар арасында қаражатты қайта бөлу көлемі түзету жолымен 10%-дан 15%-ға дейін ұлғаяды.
Сонымен қатар жаңа кодексте бюджеттік процеске қатысушылардың ашықтығы мен есептілігі күшейтілді. Мұндағы негізгі критерий – жүргізіліп жатқан жұмыстың сапасы мен нәтижелері үшін жауапкершілік. Есептілік бюджет жобасын және оның орындалуы туралы есепті қорғау кезінде өкілді органдарда лауазымды адамдарды тыңдау, құжаттарды жариялау және талқылау, мемлекеттік аудит жүргізу, сондай-ақ лауазымды адамдардың жауапкершілігін белгілеу арқылы жүзеге асырылады.
Премьер-Министр 2004 жылдан бері бюджет саласында бірқатар маңызды және жүйелі реформа жүргізіліп келетінін айтты. Атап айтқанда, бюджет заңнамасы бір ретке және жүйеге келтірілді, сондай-ақ нәтижеге бағытталған бюджет қалыптастыруға көштік.
«Осылайша, бюджеттік құқықтық қатынастарды реттеудің біртұтас саясаты құрылды. Бюджет жүйесінің бірыңғай принциптері белгіленіп, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру жұмыстары іске асырылды. Сонымен қатар мұнай кірістерін жинақтау механизмі енгізілді», — деді Әлихан Смайылов.
Оған қоса Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айқындалған жаңа экономикалық бағытты іске асыру үшін бюджеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыру тәсілдерін өзектендіру керек. Осыған байланысты жаңа кодекс мемлекеттің барлық қаржылық ағынын шоғырландырып, бюджет ережелерінің қатаң сақталуын және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің есеп беруін қамтамасыз етеді.
«Бюджет кодексі мемлекеттік қаржыны бөлу принциптерін айқындайтын негіздемелік әрі икемді құжатқа айналады. Құжаттағы новелланың бірі – блоктық бюджеттеуді пилоттық түрде енгізу. Ол мемлекеттік органдардың дербестігі мен жеделдігін арттыруға ықпал ететін болады», — деді Премьер-Министр.
Ұлттық қорға келетін болсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес одан түскен қаражат қажетті өте маңызды инфрақұрылымды және стратегиялық жобаларды ғана қаржыландыруға бағытталады.
«Жаңа Бюджет кодексі мемлекеттік экономикалық саясаттың басты құралына айналуы тиіс. Ол Президент белгілеп берген әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін іске асыруға ықпал ететін болады. Кодекс бүгінгі күн талаптарына сай келеді, сондай-ақ үнемді және жауапты бюджеттік саясатты іске асыруға мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.
Құжат бойынша дауыс беру рәсімінен кейін Үкімет басшысы оның ҚР Парламентіне енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.