Прокурор Қайрат Боранбаевты 8 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін елорданың Сарыарқа аудандық №2 сотында Қайрат Боранбаевқа қатысты қылмыстық істі қарау жалғасты.

«Қайрат Боранбаевты Қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-бөлігінде (қылмыс жасауға жәрдемдесу), аталған баптың 2-тармағының 189-бөлігінің 4-бөлігінде (жымқыру немесе бөгденің мүлкін аса ірі мөлшерде ұрлау), сонымен қатар 218-баптың 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық жолмен ірі көлемде ақша және мүлік иеленгені үшін кінәлі деп тануды сұраймын. Оған ҚР Қылмыстық кодекстің 28-бабы, 5-бабы және 4-баптың 189-бөлігі бойынша жаза тағайындалсын. Яғни өмір бойы мемлекеттік қызмет, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу мен бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 8 жыл бас бостандығынан айыру және 218-бабы 3-бөлігі бойынша мүліктерін тәркілеу сұралады», - деді мемлекеттік айыптаушы, прокурор Айжан Аймағанова сотта.

Сондай-ақ, мемлекеттік айыптаушы Қ. Боранбаев жазасын орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу режимін тағайындауды сұрады.

«Қ. Боранбаевқа қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы бұрынғыдай қалдырылсын. Боранбаевты қамауда ұстау уақыты 15 наурыздан бастап үкім заңды күшіне енген күнге дейін 1,5 күн бас бостандығынан айыру үшін 1 күн есебінен жаза мерзіміне есептеуді сұраймын. Оған тиесілі жылжымайтын мүлікке және ақшалай қаражатқа салынған тыйым мүлікті тәркілеуге және оған қатысты басқа қылмыстық істі тергеуге байланысты сол күйінде қалдырылсын», - дейді прокурор.

Одан бөлек, сотта Қылмыстық кодекстің 49-бабына сәйкес Қ. Боранбаевқа (арнаулы, әскери атақ-дәрежелері, шені мен дипломатиялық дәрежесінен, біліктілігі және мемлекеттік атақтарынан айыру) берілген мемлекеттік наградаларды кері қайтаруда сұралды. Олардың қатарында «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», «Парасат» және үшінші дәрежелі Барыс ордені бар.

Айта кетсек, Астанада Қайрат Боранбаевқа қатысты сот отырысы былтыр желтоқсанда басталған еді.

Естеріңізге сала кетейік, Қаржылық мониторингі агенттігі Қайрат Боранбаевтың үстінен квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаражат жымқыру фактісімен іс қозғап, изоляторға қамаған болатын.