ҚР Ұлттық экономика министрлігі "Defence Engineering" компаниясын АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) SDN санкциялар тізіміне расымен енгізгенін хабарлайды.
Кәсіпорын Астанада тіркелген. Бүгінде ол белсенді емес. ҚР Қаржы министрлігінің ақпараты бойынша, компанияның қызметі 14.02.2021 жылдан бастап тоқтатылған.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, аталған кәсіпорынға ерекше тауарларды өткізуге лицензия, рұқсат берілмеген.
Біз компанияның санкциялар тізіміне енгізілуін Қазақстанның резиденті болып табылмайтын, оның иесі Ашот Мкртычевтің АҚШ санкциясында болуымен байланыстырамыз. Компанияның санкциялар тізіміне енгізілуі техникалық сипаттағы жәйт.
Бұл адам 2020 жылғы 7 наурызда ҚР аумағынан кетіп қалған. Одан кейін елге кірмеген.
"Defence Engineering"-тен басқа, оның басқа юрисдикцияларда тіркелген екі компаниясы да санкцияға іліккен.
Біз батыстағы әріптестерімізбен үнемі байланыстамыз. Бұл компания бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады.