Үкімет отырысында Қазақстанның биылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралды.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров есепті кезеңде ел экономикасының өсу қарқыны 4,7% болғанын баяндады. Нақты сектордағы оң динамика 3,7%, қызмет көрсету саласында 5,1%-ды құрады. Өсу қарқыны жоғары салалар: құрылыс – 12,6%, сауда – 10%, сондай-ақ ақпарат пен байланыс – 8,4%.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,1% болды. Инвестициялар ағыны артқан салалар: көлік және қойма – 59,4%, сауда – 37,5%, білім – 23,7%, ауыл шаруашылығы – 12,9%, өнеркәсіп – 8,2%, оның ішінде тау-кен өнеркәсібі – 4,3%.
Қаңтар-тамызда республиканың сыртқы сауда айналымы 4,2%-ға өсіп, $91,1 млрд-ты құрады. Экспорт $51,2 млрд-қа жетті, оның ішінде өңделген тауарлар – $16,2 млрд, импорт – $39,8 млрд. Жалпы Қазақстанның оң сауда балансы $11,4 млрд-қа тең.
Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 9 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 13,8 трлн теңге кіріс түскенін, жоспар 97%-ға орындалғанын мәлімдеді. Республикалық бюджет 9,2 трлн теңгеге, жергілікті бюджеттер 4,7 трлн теңгеге толықты. Сол кезеңде мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,3%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 98,6%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 99,5%-ға орындалды.
Үкімет басшысының айтуынша, 9 айдың қорытындысы бойынша Абай, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларында барлық негізгі көрсеткіштің өсуі тіркелді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде инфляция деңгейі 11,8%-ға дейін төмендеді.
«Жылдың соңына дейін 2,5 ай қалды. Экономиканың барлық саласында өсу қарқынын арттыру үшін нақты шаралар қабылдау керек», — Премьер-Министр.
Сонымен қатар жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және отандық азық-түлік өндірісін ынталандыру бойынша жұмысты жалғастыру тапсырылды.
«Шетелдік және отандық инвесторларды тарта отырып, шикізаттық емес секторларда, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, IT, туризм және басқа салаларда инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдетуге баса көңіл бөлу керек», — деді Әлихан Смайылов.
Қорытындылай келе, Үкімет басшысы сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, жаңа жұмыс орындарын құруды ынталандыру бойынша тиісті шараларды одан әрі жалғастыру қажеттігін айтты.