2023 жылғы 22 тамызда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың төрағалығымен туризм саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті.
Кеңес барысында отандық туризмнің проблемалық мәселелері талқыланды.
Елордалық турбизнес өкілдері визалық рәсімдерді жеделдету және цифрландыру, туроператорлар мен гидтердің қызметін реттеу жұмысын күшейту, туризм саласындағы инвестициялық жобаларды қолдау жөнінде ұсыныстар айтты.
Сонымен қатар чартерлік бағдарламаларды субсидиялау және халықаралық әуе компанияларын тарту тәртібін жеңілдету бойынша ұсыныстар айтылды.
Туризмнің экологиялық аспектілеріне, экожүйеге түсетін жүктемені реттеуге және туристік орындарда тазалықты сақтауға ерекше назар аударылды.
Кеңес қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т. Дүйсенова Мәдениет және спорт министрлігіне осы мәселелерді 2023 жылғы 15 қыркүйекте Ақтау қаласында ҚР Премьер-Министрінің қатысуымен өтетін Туризмді дамыту жөніндегі халықаралық форум аясында талқылау үшін дайындауды тапсырды.