ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты.
Үкімет басшысы өз сөзінде ЕАЭО 10 жыл ішінде өңірдегі беделді интеграциялық бірлестік ретінде танылғанын атап өтті.
«Бүгінгі таңда ЕАЭО – 190 млн-ға жуық халқы, 93 млн-нан астам адамнан тұратын еңбек нарығы бар және ЖІӨ-сі $2,7 трлн құрайтын сұранысқа ие және тиімді ынтымақтастық форматы. Мүше мемлекеттердің өзара саудасы 2015 жылдан 2022 жылға дейін 2 есеге өсіп, шамамен $85 млрд-қа жетті. Мұның бәрі біздің бірлескен күш-жігеріміз бен жемісті жұмысымыздың, сондай-ақ елдер арасындағы жоғары дәрежедегі әріптестік қарым-қатынастардың нәтижесі», — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министрдің айтуынша, интеграциялық бірлестікті одан әрі дамытудың өзекті мәселелерінің бірі – Орта мерзімді кезеңге арналған декларация жобасы.
«Бұл құжат нақты экономикалық нәтижесі бар салалардағы интеграциялық үдерістердің дамуына жаңа серпін беретініне сенімдімін. Бұл ретте ЕАЭО-ның базалық қағидаттары мен мақсаттары, атап айтқанда, оның экономикалық бағыты интеграцияның мызғымас негізі болып қалуы керек», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы ЕАЭО-ның сауда-экономикалық саланы дамытуда пайдаланылмай келген зор әлеуеті бар екеніне тоқталды. Алайда тың жетістіктерге жету үшін интеграцияның қазіргі қалыптасқан жағдайына шынайы баға беру қажет.
«Осы мақсатта биылғы мамыр айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылданған міндеттемелердің орындалуын бағалауды тапсырды. Ұсынылған баяндама жобасын сапалы деңгейде пысықтау қажет деп санаймыз», — деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов сауда-саттықтың ұлғаюына транзиттік әлеуетті тиімді пайдалану мен дамыту ықпал ететінін атап өтті. Мәселен, қазіргі уақытта ЕАЭО аясында тауарлар айналымын бақылаудың бірқатар жаңа тетіктері, оның ішінде навигациялық пломбалар қолданылып келеді.
«Мүше мемлекеттердің аумағы бойынша барлық жүк тасымалы бақыланатын болады. Бұл ретте бизнес үшін навигациялық пломбаларды кезең-кезеңмен және барынша “ауыртпалықсыз” енгізуге тиіспіз. Комиссияға бұл жұмысты бизнестің пікірін ескере отырып жүргізуді ұсынамын», — деді Премьер-Министр.
Оған қоса Үкімет басшысы табысты экономикалық интеграцияның басты өлшемі жаңа өндірістер, технологиялар мен жұмыс орындары екенін айтты. Қазіргі уақытта комиссия алаңында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ортақ нарықтарын одан әрі дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр.
Қазақстан осы салалардағы ынтымақтастықтың көкжиегін денсаулық сақтау саласындағы бірыңғай саясат арқылы емес, жоғары технологиялық дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды өндіру үшін жағдай жасау арқылы одан әрі кеңейтуді ұсынады.
«Бұл тұрғыда біз өндірістік қуаттарды дамытуды ынталандырып, сондай-ақ технологиялар трансферті үшін қолайлы жағдайлар жасауымыз керек. Комиссиядан тұжырымдаманы түзету кезінде осыны ескеруін сұраймын», — деді Үкімет басшысы.