ҚР Үкіметінің отырысында Қазақстанның 2024-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуның болжамы, сондай-ақ республикалық бюджеттің және Ұлттық қордан 2024-2026 жылдарға арналған трансферттердің параметрлері қаралды.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров республиканың даму болжамы халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі бойынша болжамдарын, сыртқы нарықтардағы конъюнктураны ескере отырып, қалыптастырылды. Барлығы үш сценарий қаралып жатыр – базалық, оптимистік және пессимистік.
Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне $80 деңгейінде алу ұсынылады. Болжам бойынша 5 жыл ішінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсуі 5,8%-ды құрайды. Инфляция 2024 жылы 6-8%, 2025 жылы 5,5-7,5% деңгейінде айқындалды, кейіннен 2026–2028 жылдары 5%-ға дейін төмендейді.
2024 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 5,3%-ды құрайды, кейін 2028 жылы 6%-ға дейін өседі. Номиналды ЖІӨ 2024 жылғы 135 трлн теңгеден 2028 жылы 218,5 трлн теңгеге дейін өседі.
Жалпы экономиканың барлық базалық саласында өсім күтілуде. Мәселен, өнеркәсіпте орташа жылдық өсу қарқыны 4%-ды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 4,9%-ды, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 3,1%-ды құрайды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің орташа жылдық өсімі 4,5%-ды құрайды. Құрылыс саласындағы өсім болжам бойынша орта есеппен 8,8%-ды, саудада 7,4%-ды құрайды.
Экспорт көлемі 2024 жылы $83,1 млрд-тан 2028 жылы $94,8 млрд-қа дейін ұлғаяды, импорт $60,7 млрд-тан $65,6 млрд-қа дейін өседі.
2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады. Оның айтуынша, 2024 жылы түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде болжануда, ал шығыстар 2023 жылға қарағанда, 1,5 трлн теңгеге өсіп, шамамен 24 трлн теңгеге дейін ұлғаяды деп жоспарлануда. Бюджет шығыстарының негізгі үлесі әлеуметтік салаға тиесілі.
Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферттер тартылатын болады. Бұл қаражат әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға жұмсалады. Бұл автожолдарды, жылу, газ және сумен жабдықтау желілерін, инженерлік желілерді жаңғыртуға, сондай-ақ «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары аясында әлеуметтік нысандар салуға қатысты.
Премьер-Министрдің айтуынша, үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы, ең алдымен, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемесін толық және уақытылы орындауға, сондай-ақ экономиканың сапалы және орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Мұнайға деген ең төменгі бағаны ескере отырып, Ұлттық қорға кепілдендірілген трансферт мұнай секторынан түсетін түсімдер көлемінен аспайтын болады. Оған қоса бюджет шығыстарының өсуі инфляцияны ескере отырып, ұзақ мерзімді экономикалық өсудің орташа деңгейінен аспайды.
«Жалпы жан-жақты ойластырылған әрі теңгерімді бюджет жобасы қалыптастырылды. Ол бұрынғыдай әлеуметтік бюджет болып қала береді. 2024 жылы әлеуметтік салаға 9,9 трлн теңге көзделіп отыр», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы экономиканың нақты секторында өңдеу өнеркәсібін дамытуға, бизнесті қолдауға, көлік инфрақұрылымын дамытуға және газдандыруға басымдық берілетінін айтты.
«Жалпы аталған салаларға 2024 жылы 2,8 трлн теңге бөлу жоспарлануда. Біздің алдымызда тұрған маңызды міндет – бюджет қаражатын барынша тиімді пайдалану», — деді Үкімет басшысы.
Ұсынылған құжаттар бойынша дауыс беру рәсімінен кейін Әлихан Смайылов заң жобаларын және Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ҚР Парламентіне енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды.