ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Мәжілістің жалпы отырысында халықты жұмыспен қамту, шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі шаралар туралы айтты.

Ол жастар санатына жататын тұлғалардың жас мөлшері 35-ке дейін ұлғайтылғанын еске салды. Бұл 6 млн-ға жуық азаматтың мемлекеттік қолдау шараларын, оның ішінде жұмыспен қамту бөлігін тиімді пайдалануға мүмкіндік берді.

«Ағымдағы жылы 20 өңірде жұмыспен қамту жоспары іске асырылуда. Оларда алғаш рет аймақтардың өңірлік еңбек нарығының ерекшелігі ескеріліп, тиісінше мемлекеттік қолдау шаралары сараланды. 1 қазандағы жағдай бойынша 715 мыңнан астам адам жаңа, бос және мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына орналастырылды, оның жартысы – жастар», — деді вице-премьер.

Тамара Дүйсенованың айтуынша, Үкімет жүзеге асырып отырған инвестициялық жобалардың орны ерекше. Мәселен, биыл жалпы сомасы 273 миллиард теңгеден асатын қаржыға 64 жоба жүзеге асырыла бастады. Соның арқасында 12 мыңнан аса жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

«Жалпы, Үкімет өнеркәсіптің түрлі салаларында сапалы және тұрақты жұмыс орындары ашу үшін алдағы жылдары осындай 800 инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр», — деді Тамара Дүйсенова.

Ол Үкіметте шағын және орта бизнесті қолдау және дамыту жөнінде кешенді бағдарлама әзірленіп жатқанын атап өтті.

«Бүгінде “таза парақтан реттеу” қағидатын байқап көрдік. Бір жарым жыл ішінде 44 сала бойынша 128 мың талап сарапталды. Оның 9 мыңы жаңа реттеуші саясаттың шарттарына сәйкес келмейді», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Оның айтуынша, таяу арада кәсіпкерлер үшін салық органдары алдында есеп беру үрдісі едәуір жеңілдейді. Мәселен, көрсеткіштері нөлге тең болса, құзырлы органдарға есеп беруді міндеттемеу жоспарланып отыр. Осы арқылы кәсіп иесінің шоты бұғатталмайтын болады. Салық органдарына берілетін есептілік 30%-ға қысқармақ. Жоспарлы тексерулер де азаяды.

«Мемлекеттік бақылау және қадағалау салаларында тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру ісі қолға алынды. Бұл қадам бизнесті жоспарлы түрде тексеруді 2 есе азайтуға мүмкіндік береді», — деп түйіндеді сөзін Тамара Дүйсенова.