2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда еңбекке қабілеттіліктен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша әлеуметтік төлемдер мөлшері артады. Тиісті қаулыға ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қол қойды.

Атап айтқанда, құжатта 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттіліктен және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша тағайындалған әлеуметтік төлемдерді 7%-ға арттыру көзделген.

Аталған қаражат еңбекке қабілеттілікті жоғалтқан 87 мыңға жуық адамды және асыраушысынан айырылған 59 мың отбасын қамтиды. Бұл мақсаттарға қосымша 5 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады.

Естеріңізге сала кетейік, Әлеуметтік кодекске сәйкес ҚР Үкіметі еңбекке қабілеттіліктен және асыраушысынан айрылу жағдайлары бойынша төлемдердің мөлшерін жыл сайын арттырып отырады.