Мәжілістегі орындар үшін күресуге бел бұған партиялар 10 қарашадан бастап өздерінің сайлау тізімдерін құра бастады. Партиялардың съездерінде сол тізімдер соңғы формасына қалыптасып, 10 қаңтарда дауыс беретін қазақстандықтарға ұсынылады. Осы тізімдердің әрқайсысына қанша адам қосуға болатыны, мұнда қандай шектеу факторы бар екендігі, партиялардың қайсысы бастапқыда тиімді шарттар алғаны осы әңгіме барысында талқыланатын болады.

Амбициялар және қаржы

Сайлау бәсекесіне қатысатын саяси күштердің кез-келгені өзінің сайлау тізіміне «саяси партиялар арасында бөлінген депутаттық мандаттардың белгіленген мөлшерінен отыз проценттен аспайтын» адамдар санын енгізуге құқылы. Басқаша айтқанда, 98 плюс 30%, немесе 127 адам. Бұл максимум. 2016 жылы өткен парламенттік сайлаудағы «Нұр Отанның» тізімінде дәл осындай сан болған. Ал қалған барлық қатысушылардың «өтініш тізімдері» әлдеқайда қысқа болды: «Ақ жол» партиясында 35 фамилия, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияда (ЖСДП) – 23, «халық коммунистерінде» (ҚКХП) – 22, «Ауыл» партиясында – 19, «Бірлікте» («Адал» партиясы ол кезде солай аталатын) – 8.

Қазіргі сайлау алдындағы марафонның басталуына дәл осы алты партия кірді. Ол партиялардың әрқайсысының тізімдері сандық тұрғыдан (егер қазіргі кезде оны қолдайтын бизнес қауымдастығының арқасында «Адал» партиясы өз сайлау тізіміндегі кандидаттардың санын 20-25-ке жеткізіп, аутсайдерлер орынынан кетпесе), сірә, шамамен бес жыл бұрынғыдай болады.

Мұның себебі тек әр түрлі саяси күштердің депутаттық мандаттарды иеленудегі теңсіз амбициялары ғана емес – басқаларға қарағанда «Нұр Отанның» амбициялары өлшеусіз жоғары екендігі түсінікті. Қаржы да белгілі бір шектеуші фактор болып отыр. Біздің елде қолданыстағы заңнамаға сәйкес сайлауға қатысатын кез-келген партия өз тізіміне енгізілген әрбір кандидат үшін өз есебінен ең төменгі жалақының он бес еселенген мөлшеріндегі сайлау жарнасын төлеуге міндетті. Соңғысы қазіргі уақытта 42.500 теңгені құрайды, яғни тізімдегі бір фамилия 637.500 теңге «тұрады». Ал егер қандай-да бір партия «Нұр Отанның» үлгісімен максималды квотаны (127 адам) толтырғысы келсе, ол 80 миллионнан астам теңге төлеуі керек. Оның үстіне, егер ол сайлаудың нәтижесінде дауыстардың жеті процентінен кем алатын болса, ол бұл соманы қайтарымсыз жоғалтады – ақша республикалық бюджетке кетеді.

7-проценттік тосқауылдан өту кепілдігі тек билік партиясында ғана бар екендігі анық. Оған бұл мәселе жөнінде тіпті алаңдаудың да қажеті жоқ. Бірақ, оған қарамастан, заң шығарушылардың (оның басым бөлігі болып табылатын) еркі бойынша, ол партия Орталық сайлау комиссиясының есеп шотына сайлау жарнасы ретінде... бір де тиын салмауға құқылы. Өйткені мәжіліске өткен сайлауда дауыстың жеті және одан да көп процентын алған саяси партиялар бұл жарнаны төлеуден толық босатылған. Осылайша, қазіргі сайлау науқанына «Нұр Отан», «Ақжол» мен ҚКХП сияқты, төлемсіз қатыса алады.

Ал парламенттегі орын үшін жарысқа қосылған басқа үш саяси күштерге ақша төлеуге тура келеді. Оның үстіне, айтарлықтай көп ақша жұмсау керек. Егер қайтадан заңның ережесін ұстанатын болсақ, онда алдыңғы сайлауға қатысқан дауыс берушілердің бес-жеті процентінен қолдау алған партия белгіленген сайлау жарнасының жартысын, үштен бес процентке дейін – 70%, үш проценттен аз алғандары – бүкіл соманы төлеуі керек. Енді өткен науқанның нәтижелерін еске түсірейік: сайлаушылардың 2 процентке жуығы «Ауылға», 1,18 проценті ЖСДП-ға, 0,29 проценті «Бірлікке» («Адал») дауыс берді. Басқаша айтқанда, енді осы үш партия өздерінің тізіміне енген әрбір адам үшін ОСК-ның шотына максималды мөлшерде жарна, яғни 637.500 теңгеден аударуы керек.

Айтпақшы, осыған ұқсас ереже бұдан былай жергілікті өкілді органдардың депутаттарын сайлауға да қатысты болады, өздеріңіз білетіндей, олар да енді партиялық тізіммен сайланады. Ия, бұл жағдайда жарна мөлшері үш есе аз – бес жалақы, немесе 212 500 теңге. Бірақ Қазақстанда 17 «ірі» мәслихаттар (14 облыста және республикалық маңызы бар үш қалада) және екі жүзден астам «кіші» мәслихаттар (аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда) бар екендігін ескеру керек. Егер кейбір партиялар, мысалы, «Ауыл» немесе ЖСДП – жергілікті өкілді органдардың әрқайсысына тек үш кандидаттан тұратын тізімін ұсынуға шешім қабылдайтын болса, онда барлығын қосқанда 600-ден астам адамды құрайды. Олар үшін жалпы алғанда 120 миллионнан астам теңге төленуі керек, ол ақшаны қайтарып алу мүмкіндігі болмайды. Әрине, кедей партиялар өздерінің амбицияларын айтарлықтай шектеп, кандидаттарды барынша іріктеп ұсынуы керек.  

Көмекке миллиардтар беріледі

Мұндай жүйе қаншалықты барабар және әділетті, әсіресе, егер тағы бір маңызды жағын – кейбір партиялардың басқаларға қарағанда сөзсіз және айқын басымдыққа ие болатынын ескерсек? Әңгіме оларды мемлекет есебінен (іс жүзінде бізбен сіздердің қаражатымыздан) қаржыландырудың «ұлттық ерекшеліктері» жөнінде болып отыр.

Бұл норма Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» Заңында белгіленген. Осы заңның 18-1 бабына сәйкес, сайлау қорытындылары бойынша мәжілістен орын алған партияларға Орталық сайлау комиссиясы айқындайтын тәртіппен алдағы бес жыл ішінде (жаңа сайлауға дейін) жыл сайын бюджеттік қаражат бөлінеді. ОСК шығарған ережелерде былай делінген: «Саяси партиялардың қызметін қаржыландыруға бөлінген бюджеттік қаражаттың мөлшері тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңда өткен сайлаудың қорытындылары бойынша парламент мәжілісінде орын алған саяси партияларға берілген әрбір сайлаушының дауысы үшін ең төменгі жалақының үш процентін ескере отырып белгіленеді».

Енді есептейік. «Нұр Отанға» соңғы рет, ОСК мәліметтері бойынша, 6.161.250 сайлаушы дауыс берді. Ең төменгі жалақының мөлшері жыл сайын өзгеріп отырды: 2016 жылы – 22,859 теңге, бір жылдан кейін – 24,459, содан кейін – 28,824, содан кейін ол күрт секіріп 42.500-ге жетті. Ал ең төменгі жалақының да айтарлықтай (бір жарымға жуық) өсуі арқасында мемлекеттің партияны қаржыландыруға мемлекет шығыны да анағұрлым көбеюі керек. 42.500-дің үш проценті 1.275 теңгені құрайды, оны «Нұр Отанға» дауыс бергендердің санына көбейтсек, нәтижесінде 7,9 млрд теңге болады. Жылына! Мәжілісте отырған қалған екі партияның ақшалай жәрдемақысы биыл 685-тен 690 миллионға дейін болды.

Қоғамдық бірлестіктердің қызметін мемлекет есебінен қаржыландыру, мемлекеттік ақшаны, оның ішінде олардың басқару аппаратын (іс жүзінде партиялық бюрократияны) қамтамасыз ету. Мұның барлығы өздігінен «төлемдер қаншалықты орынды және әділетті?» деген сұрақтар тудырады.

Алайда, бүгінгі қарастырылып отырған тақырыпқа қатысты бізді әсіресе тағы бір мәселе қызықтырады. Республикалық бюджеттен миллиардтаған теңгені алған парламенттік партиялар келесі сайлауға дайындық тұрғысынан қаржыландыру көзі жоқ басқа партиялардан сөзсіз және айқын басымдық алады. Осы қаражатты олар өңірлерде филиалдар ашуға, жаңа белсенділерді тартуға, (бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлерді тарта отырып, оларға да ақша төлеу қажет) өз жарнамаларын көбейтуге, әлеуетті сайлаушылардың сенімін «сатып алу үшін» қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға және т.б. пайдалана алады. Бұған қоса, олар сайлау жарналарын төлеуден босатылады. Артықшылықтары тым көп емес пе?

Адал бәсекелестік барлық қатысушылар үшін бірдей бастапқы шарттарды (мысалы, спортта сияқты) білдіреді: қазіргі чемпион әрбір жаңа жарысты «таза парақтан» бастайды, оның жеңістері мен сіңірген еңбегі бұдан былай есепке алынбайды, ол басқалармен тең дәрежеде бола отырып, өзін көрсетуі керек. Алайда, саясатта, өкінішке орай, көбінесе ойынның мүлдем басқа ережелері жұмыс істейді.

Айтпақшы...

Бірқатар шет елдер де саяси партиялардың қызметін мемлекеттік қаржыландыру тәсілі іске асырылуда. Бірақ оларда, қанша дегенмен, Қазақстандағыдай айқын теңгерімсіздік жоқ. Мысалы, Германияда субсидиялар Бундестагта отырған партияларға ғана емес, сонымен қатар соңғы сайлауда ең болмағанда 0,5 процент дауыс жинағандардың барлығына бөлінеді. Оларды қаржыландырудың (ол сайлау науқанын өткізуге кеткен шығындарды өтеу ретінде қарастырылады) жалпы көлемі екі бөлікке бөлінеді: шамамен 45 проценті барлық қатысушылар арасында бөлінеді, ал 55 – алынған дауыстар санына сәйкес беріледі.

Бізбен көршілес Ресейде Мемлекеттік Думаға соңғы сайлауда кемінде 3% дауыс жинаған партиялар федералдық бюджеттен ақша алады (біздің елде, естеріңізге сала кетейін, бұған жету әлдеқайда қиын – 7%). Онда әр алынған дауыс үшін мемлекет биыл 152 рубль немесе біздің ұлттық валютаға шаққанда шамамен 850 теңге төледі – бұл Қазақстанға қарағанда бір жарым есе аз. Сонымен қатар, бұл да өте маңызды, Ресей заңнамасында партияларды сайлау тізіміне енгізілген әрбір үміткер үшін сайлау жарнасын енгізуге міндеттейтін норма жоқ. Яғни, осыған байланысты олардың барлығы – парламенттік те, парламенттік емес те – мүлдем бірдей жағдайда болуда.

Басқаша айтқанда, Ресей Федерациясында Мемлекеттік Думада отырған партиялар, әсіресе билеуші ​​партия, бюджеттік қаржыландыру және келесі сайлау науқанына кіру кезінде бастапқы шарттар тұрғысынан басқаларға қарағанда белгілі бір басымдыққа ие, бірақ бұл біздің елдегідей соншалықты басым емес...