Біздің мемлекетіміз өскелең ұрпақты тәрбиелеу процесінен өздігінен бас тартты деген тұрақты пікір бар. Бұл шынымен де солай ма? Жалпы алғанда, ең алдымен ата-аналардың құзыры болып табылатын нәрсеге мемлекет араласуы тиіс пе? Егер солай болса, онда қаншалықты белсенді араласуы қажет? Осы сұрақтарға жауап беруді біз сарапшыларымыздан өтіндік.
Шыңғыс Лепсібаев, құқық қорғаушы, мемлекеттік басқару магистрі:
«Бізге қарапайым, бірақ күшті идеялар қажет»
- Кеңес заманындағы сол үйлесімді жүйеден қалғаны аз болса да, тәрбие процесі толығымен ата-аналарға берілген деп айту, бәлкім, онша дұрыс емес болар. Бүгінде бұл саланы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Отбасылық және жастар саясаты комитеті үйлестіреді. Оның қолдауымен Қазақстанның әрбір ауданында жастар ресурстық орталықтары жұмыс істеп жатыр, олар балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын қамтамасыз етіп, жергілікті жерлерде идеологиялық жұмыстар жүргізуі тиіс. Сонымен қоса, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті бар, ол қосымша білім беру мәселелерімен және тегін секциялардың жұмысын үйлестірумен айналысады.
Егер қоғамдық трек жайлы айтар болсақ, онда 2002 жылы комсомолдың орнына Қазақстан жастарының конгресі, ал 2011 жылы пионерлер ұйымының орнына «Жас Ұлан» құрылды. Бұл ҮЕҰ іс жүзінде квази-мемлекеттік формат пен міндеттерге ие. Бірақ, менің ойымша, мәселенің мәні – біз мемлекеттік идеологиядан бас тарту арқылы балалардың бос уақытын ұйымдастырудың жүйелі тәсілін жойғанымызда.
Әрине, Қазақстанда өз идеологемалары болған және бар (мысалы, «Жаңа қазақстандық патриотизм», «Мәңгілік Ел», «Рухани жаңғыру» және т.б.), алайда азаматтарға оларды түсіну оңай емес, ал оның мәнін өз балаларына жеткізу одан да қиын. Бізге Еуроодақ елдеріндегідей жоғары білімді кастерлеу немесе «американдық арман» сияқты қарапайым, бірақ күшті идеялар қажет. Оның мәні – біздікіне жақын әлеуметтік жағдайда өмір сүретін әрбір жасөспірім, егер ол көп жұмыс істейтін болса, миллионер бола алатынында.
Бізде көптеген керемет идеялар, жақсы заңдар, тиісті инфрақұрылым бар (алайда мәселе олардың қол жетімділігіне, әсіресе аймақтарда), бірақ бәріне ортақ тұжырымдама және, ең бастысы, әділеттілікке деген сенімділік жоқ. Біз өзімізге және өз балаларымызға, егер олар тырысып, оқуға талпынатын болса, тек әкімдік қызметкерлері ғана емес, табысты суретші, бизнесмен немесе ғалым бола алатынын дәлелдеуіміз керек. Егер біз жүйелі көзқарас пен ортақ пайымды тұжырымдайтын болсақ, онда біз басқа ел болып, басқа Қазақстанға айналамыз.
Айман Жүсіпова, ӘЭСИ сарапшысы:
«Мектептен тыс сабақтар қабілеттерді ашып дамытуға көмектеседі»
- Әрине, кез-келген мемлекет тәрбие беру, әлеуметтендіру функциясын, оны жалпы білім беретін мектептер мен мектептен тыс мекемелер арқылы жүзеге асыра отырып, өзіне жүктеуі тиіс. Бұл Қазақстанға да қатысты нәрсе, өйткені әлеуметтенудің болмауынан жастар әртүрлі деструктивті топтарға тартылуы мүмкін.
Көптеген зерттеулер көрсеткендей, басқа жас топтарының өкілдерінен айырмашылығы, жастар өзін-өзі бағалауды арттыру қажеттілігін, танылуға деген ұмтылысты неғұрлым өткір сезінеді, олар психиканың тұрақсыздығымен ерекшеленеді, сондықтан теріс әсерлерге өте сезімтал. Ал егер жастар әуесқой клубтарына барып жүрген болса, қосымша білім беру мекемелерінде жұмыс жасап жүрсе, онда ол агрессияны әлдеқайда аз көрсетеді. Мұндай балалар көпшіл, ізденімпаз, қызығушылық танытқыш, дамыған болып келеді, олар өз құрдастарына қарағанда кітаптарды да көбірек оқиды.
Бір сөзбен айтқанда, мектептен тыс сабақтар жастарға өз-өздерін, өз қабілеттерін ашып дамытуға көмектеседі, бұл оларға кейіннен табысты болуға, демек, қоғам мен мемлекетке пайда әкелуге мүмкіндік береді. Адам өзін-өзі танытқанда және өзін толыққанды адам ретінде сезінгенде, басқалардың назарын өзіне қарай аудару үшін мінез-құлықтың деструктивті түрлеріне жүгінудің қажеттілігі өзінен өзі жойылатындығы дәлелденген.
ХХІ ғасырдың басында БҰҰ жастарға тікелей әсер ететін бес проблемалық аспектілерді атап өтті – бұл жаһандану; жастарға үлкен әсер ететін ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану көлемінің өсуі; олардың қарулы қақтығыстарға құрбандар ретінде де, жауынгерлер ретінде де қатысуы; АҚТҚ/ЖҚТБ (ВИЧ/СПИД) таралуы; қартайып келе жатқан жаһандық қоғамындағы ұрпақтар арасындағы қатынастардың өсіп келе жатқан маңыздылығы. Осылайша, жастар әлеуметтік және экономикалық өзгерістердің алдыңғы қатарында тұрғандығы танылды, яғни оның адамгершілік-идеологиялық тәрбиесі өте маңызды болып барады.
Өскелең ұрпақ – басты стратегиялық ресурс екенін түсінетін мемлекеттер өздерінің басым міндеттерінің бірі ретінде оның өмірлік мүдделерін қамтамасыз етуді қояды. Жас таланттар үшін жаһандық бәсекелестіктің өсіп кеткен жағдайында бұл міндет әсіресе өзекті болып отыр. Дамыған елдер жастар саясатына бюджет шығындарын ұлғайтып, бейінді басқару құрылымдарын оңтайландырып, академиялық қоғамдастықтың назарын ұлттық және халықаралық деңгейлерде осы саясаттың түрлі аспектілеріне аударып жатқаны да кездейсоқ емес.
Ал NEET үлесі неғұрлым аз елдерде (оқымайтындар, жұмыс істемейтіндер, біліктілігін арттырмайтындар) жастарды тәрбиелеуге қаражат салу ерте жастан басталады. Мысалы, әлемдегі ең төмен NEET көрсеткіштерінің бірі тіркелген Сингапурда мектепке дейінгі және мектептегі білім берудің бірыңғай жүйесінен басқа, жастардың болашақта өмір сүру сапасына айтарлықтай әсер ететін міндетті мектепке дейінгі білім беру де бар.
Ал Жапонияда жастарды әлеуметтендіруге және еңбекке оң көзқарасты қалыптастыруға бағытталған көптеген бағдарламалар жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, барлық жапон мектептерінде оқытылатын Job Education (кәсіптік білім беру) пәні балаларда тұрақты жұмыс – бұл табанды түрде ұмтылу қажет басым мақсат деген түсінік, ал «Фурита» (freeter – жапон үкіметі тұрақты емес жалақыдан түсетін табыстарға өмір сүретін жастарды сипаттау үшін әзірлеген термин) үйлесімді даму тұрғысынан қолайсыз нәрсе деген түсінікті қалыптастырады.
Яғни, дамыған елдер моральдық-идеологиялық тәрбие моделін әбден ұтымды пайымдауларға сүйене отырып жүзеге асырады. Олар осы бағытта жүзеге асырылатын барлық дерлік бағдарламаларда қандай да бір жалпы идеологияны (патриотизмнен салауатты өмір салтына дейін) қалыптастыру, моральдық-адамгершілік қағидаларды нығайту үрдісі басым болады. Бұл тұрғыда жастарды біртұтас Еуропаның тиімді болашақ дамуы үшін стратегиялық әлеует ретінде қарастыра отырып, ортақ құндылықтарды насихаттауға, еуропалық бірегейлікті құруға баса назар аударатын ЕО елдері жеткілікті түрде көрнекі үлгі бола алады. Ереже бойынша, Еуроодақтың жастар саясаты саласындағы барлық бағдарламалары еуропалық жастар кеңістігін біріздендіруге арналған.
Ирина Медникова, қоғам қайраткері:
«Бейресми білім беру мен бос уақытты өткізу үшін инфрақұрылым қажет»
- Менің ойымша, заманауи мемлекеттің рөлі – балалар мен жастарды дамытуға лайықты жағдайлар мен инфрақұрылым жасауында сияқты. Бұған бірінші кезекте сапалы білім беру жүйесі мен денсаулықты қолдау жүйесін қалыптастыру жатады. Сонымен қатар, егер нақты біздің еліміз жөнінде айтатын болсақ, онда жастардың басқа елдерге кетуін азайту үшін орта және жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру басымдыққа ие болуы тиіс.
Сондай-ақ бейресми білім беру үшін және бос уақытты өткізу үшін инфрақұрылым жасау қажет. Тек қана контентке тапсырыс беру арқылы емес, тегін орын-жайлар, кеңселер, кеңістіктер беру, заманауи әдебиеттермен қамтамасыз ету, интернетке қолжетімділік, жастармен жұмыс істеудің озық әдіснамасы арқылы қоғамдық жастар ұйымдарын қолдау қажет – бұл кәсіпқойлар үшін жастарға қосымша білім беру жүйесін жолға қоюға және жетілдіруге мүмкіндік береді.
Арман Құдабай, журналист, оқытушы:
«Мемлекеттің жастарды тәрбиелеуден бас тартуы қатерлі…»
- Біздің мемлекетіміздің және жалпы оның жастар саясатының «тәрбие» жұмысының нәтижелерін қазақстандық студенттердің басым бөлігі бүгінгі күні дәмханаларда, мейрамханаларда, супермаркеттерде, киім дүкендерінде, ойын-сауық орталықтарында, ал енді соңғы кезде жеткізу курьерлері ретнде (карантиндік шектеулерге байланысты) қосымша табыс табатындығымен бағалауға болады. Оның үстіне, диплом алғаннан кейін де олар сол жерде жұмыс істеуді жалғастыра береді...
Бір жағынан, бұл жаман емес сияқты – кем дегенде, олар ата-аналарының ақшасы есебінен өмір сүрудің орнына өз бетінше ақша табуды үйренеді. Бірақ, екінші жағынан, мемлекет студенттердің ондай қосымша табыс табудың орнына зертханаларда, технопарктерде, факультеттердің тәжірибелік алаңдарында немесе серіктес компаниялардың кәсіпорындарында практикадан өтуіне мүдделі болуы керек емес пе еді? Бәлкім, ол дәл осылай болуы керек екенін түсінеді, бірақ бұл үшін қажетті жағдайлар жасамайды. Ал жас адамдардың шығармашылық өнерлерін дамыту негізінде олардың мүдделері мен қажеттіліктерін дамыту үшін қосымша ынталандыру шараларын іске асыру жөнінде мен тіпті айтпаймын.
Кеңес кезіндегі жоғары оқу орындары мен техникалық мектептердің түлектерін мақсатты түрде жұмыспен қамту жүйесі жойылғаннан кейін (бұл өте тиімді екенін мойындау керек), мемлекет олардың жұмысқа орналасуына мониторинг жүргізуге тырысты, ол бүгінгі күнге дейін жүзеге асырылуда екендігі жөнінде мен дауласпаймын. Бірақ, біз барған сайын оған сенімді болып отырғанымыздай, оның барлығы тек қағазда ғана іске асырылып жатыр!
Ал түлектің қай жерге жұмысқа орналасқаны, өз мамандығы бойынша ма, бейіні бойынша жұмыс істейтіндердің проценті қандай деген мәселелерге, ашығын айтқанда, аз ғана адамдар қызығушылық таныдаты (егер осындай қиын уақытта ең болмағанда өздерін жұмыспен қамтамасыз ете алса жақсы). Ол бір жерде тізімделгені жөнінде анықтама әкелген болса, соның өзіне де рахмет.
Ия, университеттер, академиялар және колледждер тікелей білім беру функцияларын орындаумен қатар тәрбие жұмыстарымен де айналысады. Жоғары оқу орындарында үйірмелер, клубтар, секциялар, КВН командалары құрылады, балаларға студенттік театр сахналарында, би өнерінде, ән айтуда, импровизацияда өздерін (оқудан бос уақытта) сынап көруге мүмкіндік беріледі. Алайда, көптеген студенттер үшін бұл ұпай (балл) алудың өте ыңғайлы әдісіне айналады. Одан оңай не нәрсе болуы мүмкін?! Әкімдік ұйымдастырған флешмобқа қатыс та баллға үстеме ал, көркемөнерпаздар байқауына қатысу үшін топ жинасаң, мінеки тағы да ұпай саған!
Көбінесе бұл әдетке айналып кетеді: әр факультетте міндетті түрде «ерекше» студенттер болады, оларды сіз сабақтарда сирек көресіз. Деканаттар олармен ұрысудың жағымсыз екенін түсінеді, өйткені бүгін-ертең әкімдік (одан ешкім бас тарта алмайды) кезекті массовкаға тапсырма жібереді... Әрине, бұл цинизм, бірақ мен коронавирусқа ерекше алғыс айтқым келеді – «дистанциялық» және «онлайн» білім беру жағдайында ән салу және би билеу арқылы көп ұпайға қол жеткізе алмайсыз…
Айтпақшы, көптеген студенттер еңбек жолын мұғалімдердің тойларында және мерейтойларында тамада рөлінен бастайды. Жеңіл ұпайлардан басқа, «денеге жақындық» оларға курстастар арасында беделге ие болуға мүмкіндік береді. Бұл жерде сабақтаң жиі босатылуына байланысты студенттің білімінде үлкен олқылықтар бар екендігі мүлдем маңызды емес. Онда, жалпы алғанда, кімнің қанша шаруасы бар?! Ойын-сауық индустриясындағы біздің «жұлдыздарымыздың» әлеуметтік желілеріндегі тарихи дәлсіздіктер мен грамматикалық қателіктерге толы парақшаларына қараңыздаршы – бұл олардың өздері үшін де, мыңдаған жазылушылары үшін де ұят нәрсе деп есептелмейді. Ал осыдан кейін сіздер біздің саяси және көпшілік алдындағы қоғамдық өмірдің маргинализациясы қайдан пайда болады деп сұрайсыздар ма? Бірақ одан да жаманы – студенттер арасынан шыққан «менеджерлер» мен «әуесқойлар» кейіннен сол университеттерге сабақ беруге келеді... Осылайша шеңбер тұйықталады.
Соңында сіздердің назарларыңызды кинопрокатта және онлайн-платформаларда біліксіздік пен дилетанттықты ашық насихаттайтын «Бизнес по-казахски» деп аталатын фильмнің және тағы да оған ұқсас нәрселердің жоғары рейтингтеріне аударғым келеді. Мінеки, жастарды тәрбиелеуден мемлекеттің өзін-өзі бас тартуының қауіптері қандай деген сіздің сұрағыңызға жауап осындай. Тойлардың мәдениеті соншалықты терең кіріп, біздің қоғамның тамырларына еніп, сіңіп кетті, сондықтан кәсіби дайындалған кадрлардың орнына біз жыл сайын инженерлер, дәрігерлердің, заңгерлердің, экономистердің, мұғалімдердің, тілшілердің дипломдарымен жаңадан пайда болған шоумендер, даяшылар және сатушылар армиясын аламыз…
Сержан Аманов, биология ғылымдарының кандидаты, бес баланың әкесі:
«Мемлекет және отбасы – жас ұрпақты тәрбиелеудің екі жағы»
- Мен жасөспірім болған кезімде біздің үйге бір бала келген еді. Ол балалар үйінде тәрбиеленген, содан кейін үш жыл кәмелетке толмағандарға арналған колонияда болған. Мұнда не айтұға болады, оның тағдыры оңай емес. Сол бала айран құйған ожауды ешбір ойланбастан сүтке малып алатын... Әпкемнің барлық шағымдарына менің анам: «Ал сен одан не күтесің? Бала өмір бойы өзі еш нәрсе жасап көрмеген» – деп жауап беретін.
Мінеки, толық мемлекеттік қолдаудың салдарының жарқын мысалы – адам отбасындағы балаларға үйретілетін әдеттегі тұрмыстық ережелерді білмейді. Бізді үйреткендей, жатақхана әртүрлі болуы мүмкін: біреу тістерін тазаламайды, ал біреу отбасында қалай өмір сүруді білмейді және жаңұяда тұра алмайдыі.
Мемлекет пен отбасы – бұл жас ұрпақты тәрбиелеудің екі жағы және толыққанды тұлғаны қалыптастыру тұрғысынан олардың әрқайсысы маңызды. Мен өзім бес баланың әкесімін және олардың қазіргі әлеуметтік-мәдени ортаның әсері арқылы қалай дамып жатқанын көріп отырмын. Ата-ана қаншалықты жақсы болса да, ол қоғамдық ықпалсыз баласын болашаққа дайындай алмайды деп есептеймін.
Мемлекет жастардың тәрбиесіне араласу тиіс пе? Сұрақ бір мәнді емес, бірақ мен оған осылайша жауап беремін: егер жастар оның толыққанды азаматтары болғанын қаласа, Отан оларға көмектесуі керек. Мемлекеттік машина менің балаларымды өзінің үгіт-насихатының «бөлшектеріне» «айналдырады» деп қорықпаймын, өйткені мен оларға осындай нәрселерді түсіну үшін жеткілікті болатындай етіп сыни ойлауды үйреттім деп үміттенемін. Мен тірі кезімде олардың қасында болып, жақсыны жаманнан ажыратуға көмектесемін.