Дүркіреген дау-дамайдан кейін атышулы «тіл патрульдері» өз жолын абыройсыз аяқтауы керек болған сияқты еді. Бірақ, киелі орын бос болмайды дегендей, бүгінде кейбір азаматтық белсенділер қызмет көрсету тек қазақ тілінде атқарылсын деген талаппен оны білмейтіндерді ел алдында масқаралап, Қуат Ахметовтің «жалауын» мақтанышпен көтеріп жүруге тырысуда. Олардың іс-әрекеттері қоғамның белгілі бір бөлігінің мақұлдауын және қолдауын тудырады, алайда мұндай «рейдтерді» ұйымдастырушылар құқықтық шеңберден тыс әрекет етеді және олардың өздері, ең болмағанда, қоғамның құдалауына лайық.
Халықтық «инспекторлардың» талаптарының және олардың «тіл үшін күресу» форматының заңдылығы жөнінде біз заң ғылымдарының кандидаты, Каспий университетінің «Әділет» Құқық жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры, ҚР заңнама және құқықтық ақпарат институтының бас ғылыми қызметкері, «Ар-Бедел» кибербуллингке қарсы күрес қорының ғылыми-сараптама қызметінің басшысы Елена Нестеровадан түсініктеме беруді өтіндік.
Қарым-қатынас тілін әркім өз қалауы бойынша таңдай алады
- Отандық заңнама сатушыларды, даяшыларды, жеке компания өкілдерін тұтынушылармен мемлекеттік тілде сөйлесуге міндеттей ме?
- Заңнама мұндай талапты қарастырмайды. Конституция мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда тілдерді қолданудың жалпы ережесі ретінде қазақ тілінің қолданылуын белгілейді, ал онымен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады. «Тілдер туралы» Заңының 8 тармағы да дәл осыны айтады. Сонымен бірге Конституция мемлекеттік (қазақ тілінің) және ресми түрде қолданылатын (орыс тілінің), сондай-ақ күнделікті өмірде, тұлғааралық қарым-қатынаста, ұжым ішінде, үкіметтік емес ұйымдармен байланыста болған басқа да қоғамдық іс-шаралар кезінде және басқа жағдайларда өзге тілдердің пайдалануын реттемейді. Негізгі заң әркімге қарым-қатынас тілін өз қалауы бойынша таңдау құқығын береді. Өз кезегінде, «Тілдер туралы» Заңда үкіметтік емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттік тіл, және, қажет болған жағдайда, өзге де тілдер қолданылатыны қарастырылған.
- Ал «тілдік рейдтерді» ұйымдастырушылар жалаудай желбіретіп жүрген «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң ше?
- Ол да кәсіпкершілік субъектінен тұтынушымен белгілі бір тілде немесе басқа тілде байланысты қамтамасыз етуді талап етпейді. Ол тек сатушының (тауар өндірушінің немесе қызмет көрсетушінің) тұтынушыға тауар немесе қызмет көрсету туралы ақпаратты екі тілде, мысалы, тауарға қоса берілетін құжаттамада, заттаңбаларда немесе тауарлардың, жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлері үшін қабылданған өзге де тәсілмен беру міндеті жөнінде айтады. Сондай-ақ, коммерсант өзі туралы ақпаратты (аты-жөні, орналасқан жері және жұмыс уақыты) қазақ және орыс тілдерінде ұсынуы тиіс. Мұндай ақпарат тауарларды сату (жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету) орнында орналастырылуы тиіс. Сонымен қатар, тұтынушының чек алу қажеттілігі туралы және бақылау-касса машиналарын пайдалану тәртібі бұзылған жағдайда оның мемлекеттік кірістер органына жүгіну құқығы туралы; лицензия туралы (егер қызмет лицензиялатын болса); сатушының (өндірушінің, орындаушының) және уәкілетті органның байланыс деректері туралы; тауарды сату шарттары туралы, сондай-ақ сатушының тауарды сату кезінде оны сатып алу фактісін растайтын құжатты беру міндеттемесі туралы ақпарат екі тілде орналастырылуы тиіс.
Есте сақталу тиіс нәрсе, – сауда немесе қызмет көрсету саласының қызметкерлері тұтынушымен мүлдем сөйлеспеуі де мүмкін (мысалы, физикалық жағдайына байланысты немесе басқа себептер бойынша), бірақ олар сатып алушыны «тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңда белгіленген түрде қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуі тиіс.
Сонымен қатар, заңды теріс пайдалануға азаматтық-құқықтық тыйым туралы ұмытуға болмайды – кейбір тұтынушылар кейде оларды елемейді. Бір де бір қоғам адамға оның қалаған мөлшерінде еркіндік бере алмайды және оларды адам өзінің ойына келген түрде білдіруге еркіндік бере алмайды. Бұл шексіз жанжалдар мен қақтығыстарға әкелер еді. Дәл сол себептен біздің заңнама азаматтар жағынан және заңды тұлғалар тарапынан басқа тұлғаға зиян келтіруге бағытталған іс-әрекеттерге жол бермейді.
Назар аударыңыз: сізді заңсыз түсіріп жатыр
- «Тіл патрульдеріне» қатысушылардың барлығы, келіспеушілікке қарамастан, сауда орындарының, қоғамдық тамақтану орындарының, дәріханалардың немесе медициналық мекемелердің қызметкерлерін бейнетаспаға түсіріп, кейіннен бұл материалдарды ғаламтор желісінде орналастырады. Олардың бұған құқықтары бар ма?
- Әрине жоқ. Бұл жерде, ең алдымен айта кететін нәрсе – бейнелеу құқығы азаматтың мүліктік емес жеке құқықтарына жатады, сондықтан оны бұзғаны үшін, сонымен қатар, моральдық зиянды өтеуді қоса алғанда, заңды жауапкершілік қарастырылған.
Иә, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң тұтынушыларға бейнетіркеу жасауға рұқсат береді – бірақ түсірілген материалдарды тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын органдарға одан әрі беру үшін тауарды сатып алу және тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылу фактілерін дәлелдеу мақсатында ғана. Көрсетілген заң тұтынушыға саудагершілік, қызмет көрсету саласы және тұрмыстық жұмыс субъектілерінің (сатушылар, сауда ғимараттарының әкімшілері, шеберлер және т.б.) бет-әлпеттерін олардың келісімнісіз видеоға түсіруге және, әсіресе, мұндай бейнелерді Интернетте жариялауға және таратуға рұқсат бермейді.
- Бірақ, сонымен қатар, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң, қаншалықты белгілі болғандай, сатушыға тұтынушылардың фото- және бейнетіркеу жасау құқығын шектеуге тыйым салады...
- Дәл солай. Бірақ «Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған жағдайларды қоспағанда» – деген бір маңызды ескертпемен ғана тыйым салады. Бұл жерде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңынан жоғары тұрған Азаматтық кодексте жеке тұлғаның бейнесін оның келісімнісіз пайдалануға тыйым салу тікелей қарастырылған жағдай дәл сол мысал болып табылады. Азаматтық кодексте: «Ешкім қандай да бір тұлғаның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға құқылы емес. Басқа тұлғаны бейнелейтін фотосуреттер мен видеожазбаларды жариялауға және таратуға тек бейнеленген адамның келісімімен ғана рұқсат етіледі» – деп жазылған.
Бұл ережеден кейбір босатулар «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңымен белгіленген. Интернет-ресурстардың БАҚ-қа теңестірілгенін ескере отырып, бұл ережелерді интернетте біреудің суретін таратудың заңды немесе заңсыздығы туралы шешім қабылдау кезінде де ескеру қажет. Ал заң, сонымен қатар, БАҚ (блогерлер, пабликтердің иелері, YouTube-арналардың иелері және т.б.) тұлғаның бейнесін оның келісімнісіз пайдалана алатын жағдайлардың толық тізімін қарастырады. Біріншіден, егер бұл адам мәдениет саласындағы әлеуметтік тұрғыда әсерлі маңызы бар мәдени-бұқаралық шараларға, спорттық іс-шараларға, бейбіт жиналыстарға және басқа да бұқаралық іс-шараларға келсе немесе қатысса. Екіншіден, егер таратылып жатқан ақпарат адамның бейнесін және осы адамның қызметтік немесе қоғамдық қызметіне қатысты мәліметтерді қамтыса, сондай-ақ адамның өзі, оның заңды өкілі немесе уәкілетті тұлға қол жеткізу шектелмейтін дереккөздерде жариялаған болса. Үшіншіден, бейнеленген тұлғаны пайдалану конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адам құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен адамгершілігін қорғау мақсатында жүзеге асырылса.
Бірақ, әдетте, дүкендердің, дәріханалардың, халыққа қызмет көрсету орындарының, қоғамдық тамақтану орындарының қызметкерлерін бейнежазбаға түсіру және олардың суреттерін Интернетте кейіннен тарату фактілеріне осы ережеде қарастырылған босатулардың ешқайсысының қатысы жоқ. Ереже ретінде, сату бөлімінің меңгерушісі, фармацевт, шаштараз немесе даяшы жұмыс орнында болған кезде ешқандай көпшілік іс-шараларға қатыспайды. Ол өз бейненелерін қандай да бір ашық дереккөздерде өз бетінше жарияламайды. Оның үстіне конституциялық құрылысты, қоғамдық тәртіпті, біреулердің құқықтары мен бостандықтарын бұзбайды.
Сайып келгенде, қызмет көрсету саласының өкілдері тіпті заңды бұзған болса, ал тұтынушы бұл жағдайды бейнекамераға түсіріп алса да, бұл оған бейнежазбаны интернетте жалпы қолжетімділікте жүктеуге құқық бермейді. Ол бұл бейнематериалды тек өз құқығын немесе қоғамдық тәртіпті қорғау үшін, соның ішінде құқық қорғау органдарына немесе сотқа жүгінген кезде ғана дәлел ретінде пайдалана алады.
- Бірақ сол сатушылар немесе фармацевтер жұмыс орнында болған кезде, өздерінің қызметтік міндеттерін атқарып жатқан жоқ па? Белсенділер оларды дәл сол қызметтік іс-әрекеттерін жүзеге асырып жатқан сәтте түсіріп жүр ғой...
- Қызметтік іс-әрекет ұғымы еңбек заңнамасында нақты анықталып белгіленген. Қызметкерлерге екі санаттағы адамдар жатады: мемлекеттік қызметкерлер (мемлекеттік биліктің міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған өкілеттіктерді орындайтын мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары) және азаматтық қызметкерлер (қазыналық кәсіпорындардың, мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын іске асыруға, мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыруға және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған лауазымдық өкілеттіктерді орындайтын адамдар). Кәсіби, еңбек, коммерциялық және өзге де қызметтің барлық басқа түрлері қызметтік іс-әрекеттерге немесе қызметті орындау түсінігіне жатпайды және тиісінше ресми қызметтік іс-әрекет болып табылмайды. Демек, сауда орынының, мейрамхананың, жеке емхананың және осыған ұқсас мекемелердің қызметкері немесе әкімшісі заңның мағынасы бойынша қызметтік іс-әрекетті жүзеге асыратын тұлға болып табылмайды, сондықтан оның бейнесін пайдалану, әрине, оның алдын ала берілген келісімін қажет етеді.
Ал біз бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастырып жатқандықтан, мен назарларыңызды тағы бір мәселеге аударар едім. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң басқа адамдардың суреттерін сол бейнеленгендердің келісімнісіз жариялаудың екі қажетті шартын жетерліктей нақты белгілейді. Біріншіден, бейнелеу бейнеленген тұлғаның қызметтік немесе қоғамдық қызметімен байланысты болуы керек, екіншіден, оны қызметкердің немесе қоғамдық тұлғаның өзі ашық ақпарат көздерінде жариялаған болуы тиіс.
Заң шығарушының «соған қоса» деген сөздерді «және» (заңның мемлекеттік тілдегі мәтінінде – «сондай-ақ») мағынасында қолдануы сөзбе-сөз мағынасында бұл екі шарттың жиынтықта болуы керек дегенді білдіреді және тек осы жағдайлардың екеуі де бар болса, журналист, блогер, әлеуметтік желідегі аккаунт немесе YouTube арнасының иесі заңды түрде басқа біреудің бейнесін оның келісімнісіз жариялауға құқылы. Егер заң шығарушы басқаны көздеген болса, онда заң нормасының мәтінінде «немесе» бірлестігі қолданылған болар еді.
Қылмыс және жаза
- Ал іс жүзінде мұның бәрі жұмыс істей ме?
- Жақында Павлодардың қалалық сотында бейнені заңсыз пайдалану және моральдық шығынды өндіру туралы қызықты іс қаралды. Бұл іс бойынша қабылданған шешімінде «Диас Кузаиров» YouTube арнасының иесі сауда орынының сатушысы, Фрей есімді азаматшаның бет-әлпеті жазылған видеоны таратқаны жөнінде айтылған. Бейнежазбада Фрей мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кеңес-түсіндіру іс-шарасына қатысу кезінде Кузаировқа әдепсіз қимыл жасағаны көрсетілген. Сот бейнетаспаға түсірілген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін Фрей жауапқа тартылғанын анықтады. Сонымен бірге, сот YouTube платформасында, Фрей өз келісімін бермегеніне қарамастан, оның бет-әлпеті бейнеленген видеоны жариялаған Кузаировтың әрекетін әбден негізделген түрде заңсыз деп тапты. Сот бұл бейнежазбаны жою туралы шешім шығарып, моральдық зиян келтіргені үшін белгілі бір соманы талапкердің пайдасына өндіріп алды.
Назар аударатын нәрсе, бұл істі қарау кезінде судья үшінші тұлғалар – жәбірленушінің видеобейнесі заңсыз жарияланған YouTube арнасының жазылушылары тарапынан талапкерді (азаматша Фрейді) киберқорлауының мән-жайына да баға берді. Кузаиров осы YouTube арнасының әкімшісі және иесі бола отырып, пікірлерді модерациялауға және басқа пайдаланушылар видеобейне астында жазылған қорлау сөздер мен қорқытуларды жоюға міндетті болған. Бірақ ол оны істемеді, сондықтан сот әділетті түрде оны талапкерге моральдық зиян келтірген контент үшін жауапты деп есептеді.
- Ал сіз өзіңіз сот жөнінде әңгіме қозғағандықтан, тақырыпты жалғастырайық. Енді сот процестерінің барлығы дерлік онлайн режимде өтетінін ескеретін болсақ, азаматтық белсенділер сот отырысынан видео түсіріп, оларды жариялауды ережеге айналдырған. Сот процесіне қатысушылардың суреттерін пайдалануға, оның ішінде оларды жариялауға заңнама рұқсат бере ме?
- Біріншіден, тұлғаның сот отырысына қатысу фактісі оның Азаматтық кодексте қарастырылған өз бейнесіне қатысты құқығын қорғауды ешбір жағдайда жоққа шығармайды.
Екіншіден, бұл мәселе бойынша Азаматтық іс жүргізу кодексінде толығымен анықталып белгіленген норма бар. Сот отырысы залында киноға және суретке түсiруге, бейнежазбаға, тiкелей радио- және телевизиялық таратуға, Интернет ақпараттық-коммуникациялық желiсiнде бейнехабарлар жүргiзуге соттың рұқсатымен және процеске қатысушы тұлғалардың пiкiрiн ескере отырып, жол берiледi. Бұл туралы сот отырысының хаттамасына енгізілген сот ұйғарымында көрсетіледі. Мұндай іс-әрекеттер сот отырысының қалыпты өтуіне кедергі келтірмеуі тиіс және сот оны мерзімі бойынша шектеуі мүмкін. Яғни, мысалы, процеске қатысушы өзінің жеке бейнесін пайдалануға тыйым салу туралы мәлімдесе, онда оны пайдалануға (трансляциялауға, жариялауға, таратуға) болмайды