Асқар Маминнің командасы өздерінің креслоларында айтарлықтай мықты отырғанына қарамастан, үкіметтін отставкаға кету ықтималдығы тағы да неғұрлым көп талқыланып жатқан тақырыптардың ең жоғары қатарында тұр. Бірақ, оған қарамастан, министрлер кабинетінің ыдырау жолы іске қосылады деп есептейтін болсақ, онда кадрлық ауыс-түйіс облыс басшыларын да қозғауы мүмкін. Осы орайда, әкімдердің қайсысы өз креслосында қала алатынын, ал кімдер кететінін болжауды өтініп, біз саясаттанушы Данияр ӘШІМБАЕВКЕ жүгінген едік.
Жоғарылатуға үміткерлер
- Сіздің ойыңызша, қазіргі облыс басшыларының қайсысы, үкіметтің ауысуы ықтимал болған жағдайда, өз орнын сақтап қалуға, тіпті жоғарылатуға лайық және кімнің тағдыры сізге қызығарлық емес сияқты болып көрінеді?
- Әңгімені еліміздегі әкімдердің жұмысын бағалау айтарлықтай қиын екенінен бастайық. Оларға немесе кінә тағып, немесе мақтайтын көптеген көрсеткіштердің көбі әрқашан олардың іс-әрекеттеріне байланысты емес. Ал мұндай жағдайда жақсы әкім өз құзыреті аясында ғана емес, сондай-ақ сол құзыреттілігін өз тәжірибесімен, өз «салмағымен», өз абыройымен кеңейте отырып, жұмыс істейді. Шартты түрде айтатын болсақ, қылмыстықпен күрес, салық жинау формальды түрде облыс басшысының құзіретіне жатпайды, бірақ олар үшін одан жауапкершілік талап етіледі. Әр жолы – өкілеттіктердің үнемі бөлініп тұрыуна қарамастан – осы немесе басқа жағдайларда кім кінәлі, әкімдік пе, әлде үкімет пе? – деген сұрақ туындайды. Бұл жайт жүйеде барлығы үшін айтарлықтай тиімді ұжымдық жауапсыздықтың еңгізілгенін меңзейді.
Үкіметтің отставкаға кетуі жөнінде айтатын болсақ, біріншіден, оның болатыны факт емес, екіншіден, әкімдерді ол тікелей қозғамайды. Сонымен қатар, бүгінгі облыс басшыларының кейбіреулері жоғары жаққа ауысуы ықтимал. Бірақ бұл жерде бізге үйреншікті жағдай туындайды: жақсы әкімді үкіметке алып кетсе, оның жақсы министр болатыны да, аймақта оның орнын басатын дұрыс басшы табылатыны да факт емес. Сондықтан әкімдер корпусы да жұмыс істеуі үшін, үкімет те өз міндеттерін сәтті атқаруы үшін президент үнемі тепе-теңдікті қадағалап отыруы керек. Осы орайда өзін мықты аймақтық көшбасшы ретінде танытқан Аслан Мусиннің Экономика министрі болғанын еске түсіруге болады. Бірақ ол жақсы министр бола алмады – оған ол үшін жай ғана жеткілікті уақыт болмай қалды. Соның салдарынан жақсы әкімді де жоғалтып алды, жақсы министрді де алмады. Мен оның болашақ мансабы туралы айтып отырған жоқпын.
- Десек те, президент әкімдердің қайсысын үкіметке шақыруы ықтимал?
- Бірінші кезекте Қарағанды облысының басшысы Жеңіс Қасымбекті. Ол айтарлықтай жігерлі, оны мезгіл-мезгіл біресе премьер-министрге, біресе бірінші вице-премьерге кандидат деп атайды. Бірақ, екінші жағынан, ол Қарағанды қаласын жақсы тартып келеді, ал оның орнына адам табу – өте күрделі мәселе. Біздің есімізде жақсы сақталғаны, бұған дейін осы өңірге тағайындалғандардың көбі төтеп бере алмаған болатын. Дегенмен, қалай болғанда да Қасымбектің үкіметке ауыстырылу мүмкіндігі жоққа шығарылмайды. Ал жоғарылатылуға басқа да үміткерлерге келетін болсақ, бүгінде көпшілік Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевті мақтайды.
Орталыққа жұмыс істеуге Шығыс Қазақстан облысының басшысы Даниал Ахметов кетуі әбден ықтимал. Ол жасы жағынан да, тәжірибесі жағынан да ең көп еңбек сіңірген әкімдердің бірі болып есептеледі, соның салдарынан көпшілік оның жақын арада зейнетке шығатынын болжаған болатын. Бірақ, біз көріп отырғанымыздай, президент, басқа әкімдерге қарағанда, онымен жиірек кездесіп тұрады, бұл Ахметовті үкіметке қайтарса жаман емес болар еді деген әңгіме толқынын тудырды. Оның мемлекет басшысымен тандемы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр болған кезден бастап жасалған болатын. Бірақ тағы да, егер Ахметовті жоғарыға алып кетсе, Шығыс Қазақстан облысына кімді қоюға болады деген сұрақ туындайды. Бұл аймақ өте күрделі және жігерлі басшыға мұқтаж.
- Ал Өмірзақ Шөкеев ше? Оған үнемі бірдеңені болжап жатады, соның ішінде премьер-министр лауазымын да болжайды. Әлде «рухани астана» құрылысының ерекшеліктері оған қатысты барлық карталарды шатастырып тастады ма?
- Түркістан бастапқыдан-ақ, айталық, үлкен «қаражат бөлісудің» иісіне ие болған. Кезінде «Астана ЭКСПО» ұлттық компаниясына басшылықты тағайындау мәселесі шешіліп жатқанда, мұның ақыр-соңы өздеріне жаман болатынын білген көпшілік ол жаққа барғысы келмеді. Соның нәтижесінде ЭКСПО беделін әбден төккен кәсіпорын басшысы болып Талғат Ермегияев келгені есімізде. Сондықтан Өмірзақ Шөкеевке қатысты айтатын болсақ, меніңше, ол үкіметте вице-премьер болып жұмыс істеуден шаршаған сияқты. Оған министрлер кабинетін басқаруды ұсынылуы екіталай – оның артында белгілі бір іздер бар ғой. Түркістаннан кейін елордаға әкім болу ол үшін тым майлы болады. Қалғанының бәрі төмендетілген сияқты болып көрінеді. Ал орталықтан адамдар Түркістанға асықпайды. Үкімет бекіткен өңірді дамыту бағдарламасы ауқымды, бірақ бұл оқиғаның соңы дәстүрлі түрде жаман аяқталатыны анық. Сәйкесінше, аймақты басқарғысы келетін «сырттан келетіндер» жоқ. Ал егер бұл қызметке біреулер құмар болса да, ол жергілікті тұрғындар. Сондықтан Шөкеев Түркістанда зейнеткерлікке шыққанға дейңн жұмыс істейтін шығар. Ол бұған дейін бірнеше рет вице-премьер, бірінші вице-премьер болды, сондықтан өткенді қайталаудың еш қисыны жоқ болар. Ал оның мемлекеттік хатшы немесе президент әкімшілігінің басшысы болуы екіталай.
Орындарынан кетуге кандитаттар
- Біз жоғарылатуға үміткерлерді азды-көпті анықтап алдық, ал кімдер, сіздің ойыңызша, әкімдік корпусынан кетуге бірінші кандидаттар болып табылады және кімдерге үміт күтерліктей ештеңе жоқ?
- Барлығы бүгінде біздің мегаполистердің – Нұр-Сұлтан мен Алматының әкімдерін сынға алып жатыр. Олардың жұмысына шағым көп айталыды, ол үнемі көзге түсіп тұратындықтан, олардың әрбір қателігі жұртшылыққа жария нәрсеге айналады. Қала әкімдерін ауыстыру мәселесін көптеген адамдар көтергісі келеді. Бірақ мәселе тағы да олардың орнына, әсіресе мұндай аймақтарда жаңадан келгендер емес, тәжірибелі басшыларды қоятынын ескерсек, кім келетіндігінде. Басқа облыстардан мұндай басшыларды алып кету – осы өңірлерді әшкерелеу деген сөз. Сондықтан, бұл сұрақты «шешімі табылмаған» мәселелердің санына жатқызуға болады.
Президент Тоқаев тағайындаған алғашқы әкімдердің бірі, Маңғыстау облысының бұрынғы басшысы Серікбай Трумовты еске түсіруге болады. Ол үнемі барлық облыс басшыларының арасында ең нашар болып, рейтингте соңғы орындарды иеленіп келді. Бірақ отставкаға кеткеннен кейін оны Сенатқа ауыстырды. Яғни, президенттің өзі тағайындаған адамдарға эмоционалды түрде жақындығы бар сияқты.
Сонымен қатар, жасына қатысты критерийі, әрине, маңызды рөл атқарады. Жуырда ғана қызметінен кеткен, Алматы облысын басқарған Амандық Баталов, жоғарыда аталған Даниал Ахметов пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев зейнеткерлік жасқа толды. Сонымен қатар, жоғарыда айтып өткенімдей, Ахметов Ақордада үлкен құрметке ие, сенім артқан шенеуніктердің бірі және оның жасы зейнеткерлікке жіберетіндей онша үлкен емес.
Сапарбаевқа келетін болсақ, ол саны бойынша бесінші облысты басқарып отыр, бұл республикамыз үшін абсолютті рекорд болып табылады. Бірақ оның жұмысының әдістері қажетті нәтиже беруді қойғаны анық. Ол қатты-қатты «ұрсып» та алады, бірақ оның барлық ынта-жігері қорқытарлық нұсқауларға кетіп жатыр деген сезім пайда болады, ал аймақтағы жағдай түбегейлі жақсарып жатқан жоқ. Сапарбаевтың тәжірибесі мол болғанымен, басшы ретінде ол өз күшінен айырылған сияқты. Сондықтан, мысалы, Баталов сенатор болуы мүмкін болса, ал Ахметовты елордада күтіп отырса, Сапарбаевқа зейнеткерлік демалыс берілуі әбден мүмкін, оның үстіне ол барлық мүмкін болатын мерзімінен артық жұмыс істеді. Оның жыл соңына дейін отставкаға кетуі әбден ықтимал болып көрінеді.
Атырау облысының басшысы Махамбет Досмұхамбетовті жиі сынға алады. Иә, ол тәжірибелі мұнайшы, облысқа танымал әулеттің өкілі болғанымен, бірақ оның өз бетінше басқару ісінде тәжірибесінің аздығы әсерін береді. Өңірде түйткілдер көбейіп барады, ал әкім онымен не істеу керектігін мүлде түсінбейді деген сезім пайда болады. Бәлкім, ол мұнай компаниясына жақсы басшы болып, әлде бір министрліктің жақсы шенеунігі болар ма еді, бірақ ол, меніңше, облыс әкімі ретінде «тартпайды». Оның тағайындалғанына біршама уақыт өтсе де, облыс басшысы ретінде ол өзін сол қалпы жөндеп көрсете алмады. Есеп комитетінің облыста анықтаған орасан зор заңбұзушылықтарға да қарауға болады.
- Қызылорда облысын басқарып отырған тұңғыш әйел әкімнің тағдырында карталар қалай тоғысуы мүмкін? Рейтингтердің барлық түрлерінде ол, жұмсақ тілмен айтқанда, жоғары емес позицияларды алып жүр...
- Иә, Гүлшара Әбдіқалықова, өкінішке орай, аутсайдерлердің қатарына кіреді. Бір жағынан оның тәжірибесі бар – ол министр де болды, вице-премьер де болды, мемлекеттік хатшы да болды. Екінші жағынан – оның басшылығымен аймақтың проблемалары біртүрлі тығырыққа тіреліп қалды. Оған билік пен «салмақ» жетіспейтіні анық. Облыстық деңгейде тәуелсіз басшы немесе кем дегенде депутат ретінде жұмыс тәжірибесінің жоқтығы да өз әсерін тигізеді. Әбдіқалықова бірдеңе істеуге тырысып жүргенін байқауға болады, бірақ әкімдік – оған лайық жұмыс емес сияқты. Соның салдарынан облыста үнемі келеңсіздіктер туындап, Әбдіқалықова мен оның командасына қарсы үгіт-насихат жұмыстары ұйымдастырылып жатады. Олардың көпшілігінде, ескі кеңсе тілінде айтқанда, Қызылорда облысына басшылықты күшейту қажет деген негіз бар.
«Ауыстыруға болмайтындар»
- Гүлшара Әбдіқалықова – аймақ басшыларының ішінде келеңсіздіктер арбауына түскен жалғыз емес. Биыл Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың есімі төңірегінде де көп рет шу көтерілген болатын. Бұл оның болашақ перспективаларына қандай да бір түрде әсер ете ме?
- Солтүстік Қазақстан облысы – қиын да күйзеліс өңір. Сонымен қатар, Құмар Ақсақалов – шаруашылықты жақсы басқарушы. Солтүстік Қазақстан облысындағы келеңсіздіктер негізінен оралмандарды қоныстандыруға байланысты туындады. Бірақ проблемалар онсыз да жеткілікті. Ал әкімнің жұмысын тұтастай алғанда бағалайтын болсақ, менің ойымша, ол өз міндетін жеткілікті дәрежеде атқарып келеді. Мүмкін, қалағандай жақсы емес болар, бірақ кейбір басқа әкімдерден жақсырақ атқарып жүр.
Жанжалдар өздігінен көрсеткіш болып табылмайды. Олар, мысалы, Ақтөбе облысында да орын алды, ал Оңдасын Оразалин айтарлықтай тәжірибелі басшы. Жанжалдар басқа аймақтарда да болды. Бұл төтенше жағдайлар да, сыбайлас жемқорлық жанжалы да. Бірақ бұл жерде өңірлер басшыларының жалпы деңгейі қазір барлық уақыттағы ең әлсіз екенін есте сақтау қажет.
Мысалы, кейбір жас әкімдерді алатын балсақ, олар жақсы орынбасар бола алады, аудан, облыстық маңызы бар қалаларды басқара алады, бірақ олар облыстарды басқаруға, орталықпен қарым-қатынас орнатуға, азды-көпті маңызды мәселелерді шешуге дайын емес екені белгілі болады. Олардың көпшілігінде көшбасшылық қасиеттер мен жұмысты ұйымдастыру қабілеті жетіспейді. Оның үстіне проблема мынада: олардың кейбіреулері орынбасар болып көп уақыт отырып қалды («орынбасар», барлығы білетіндей, әрқашан «бастықтан» ақымақтау болып көрінуге тырысады), ал содан кейін олар тәуелсіз басшы болған кезде, бұл амплуадан шыға алмай қалады.
Қорытындылай келе, жеке өз басым Жеңіс Қасымбекті мақтар едім, астананың және Алматының әкімдерінің біраз жетістіктерін атап өтер едім. Ал жалпы алғанда, менің ойымша, облыс басшыларының жартысын ешбір ауыртпалықсыз қызметінен босатып тастауға болады. Тағы да қайталап айтамын, мәселе олардың орнына адам табуда. Ал, әкімдердің міндетін атқарушылардың көбі өңірлердегі жағдайды азды-көпті аңғарып, жұмыстарын жөнге салып, өз қателерінен біраз тәжірибе жинақтап жатқанда дәл қазір мұны істеу қажет пе? Оның үстіне, екінші, үшінші эшелондарда олардың орнын баса алатын лайықты адамдар жоқ...