Қазақстан кезекті кезектен тыс парламенттік сайлауға дайындалып жатыр. Кез келген өркениетті қоғамда қандай да болмасын биліктік органның мерзімінен бұрын таратылуы терең саяси дағдарыстың дәлелі болып табылады, ал бірақ біз үшін бұл қазіргі жағдайдан туындаған қажеттілік. Еліміз өз тарихындағы қаншалықты қиын кезеңдерді бастан өткеріп жатқанын ескере отырып, алдағы сайлау Қазақстан үшін маңызды кезең болатынына шын мәнінде сенгіміз келеді. Осыған орай, басталған саяси акцияға қатысты бірнеше ойларымды айтқым келеді.
Біріншісі. Шын мәнінде мойындайықшы: біздің өкілді биліктің құрылымы Қазақстанның егемендік тарихының көп бөлігінде айтарлықтай мәнсіз болып көрініп келді. Өйткені ол ешқашан не саяси жағдайды, не «билік – халық» желісі бойынша қарым-қатынастың мәнін көрсеткен емес, қандай да бір әлеуметтік қабаттардың немесе топтардың, қандай да болмасын саяси күштердің немесе идеологиялық платформалардың мүдделерінің проекциясы болып табылған жоқ. Сондықтан, азды-көпті түсініктерге ие сарапшылардың барлығы мажоритарлық сайлауды, сол немесе басқа кандидат сайлаушылар алдында қандай да бір нақты міндеттерді алып, оларды орындау үшін парламентке баратын үлгідегі сайлауды жақтайды. Бұл жағдайда ең басынан бастап адамдар және олардың таңдаған өкілдері арасындағы қарым-қатынастар мен өзара міндеттемелердің схемасы пайда болады. Ал бұдан кейін, белгілі бір кандидаттардың партиялық тиіесілігіне қарай парламенттегі партиялық көпшілікті анықтауға болады.
Екіншісі. Өкінішке орай, бізде басқаша нұсқа – парламентке тек партиялық тізімдер бойынша өтуге болатын үлгі басым болып келген. Бірақ бұл жерде кемсітушіліктің үлкен элементі орын алатын. Өйткені әрқашан да партияларға қосылғысы келмейтін адамдар болады, ал олар, негізінде көпшілікті құрайтын адамдар, іс жүзінде сайлану құқығын іске асыруға қол жеткізе алмайтын. Яғни, олардың саяси құқықтарының маңызды бөлігінің бұзылуы орын алған. «Ескі» Қазақстанның тұсында сол «Нұр Отанға» өз еркімен кімдер қосылатынын естеріңізге түсіріңіздерші. Әкімшілік қамшының көмегімен ол жерге мемлекеттік қызметкерлер – мұғалімдер, дәрігерлер және соларға ұқсас басқалар айдалып кіргізілетін. Осылайша қоғамымыздың едәуір бөлігінің сайлау құқығы шектелгені белгілі болып шықты: біз тек қана партияларға дауыс беріп, партиялық тізім бойынша ғана сайлана алатынбыз. Бұл ретте «ескі Қазақстанның» партияларының көпшілігі ешкімді қызықтырмайтын, ал өз партияларын құру іс жүзінде мүмкін емес еді. Тиісінше, мұндай жағдайда қоғамның саяси өмірі де, партиялық пейзаж да өте, өте көңілсіз, ал кей кездері тіпті аянышты болып көрінетін. Ал партиялық шығармашылық үдерісі биліктің жоғарғы сатысында әдейі қатырылып тасталғаны ешкімге де жасырын емес еді. Нәтижесі ретінде, қарапайым сайлаушылардың абсолютті апатиясы.
Иә, саяси динамиканың кейбір ұқсастығы кей кезде партиялардың жекелеген бірігуі түрінде көрінетін, бірақ бұл елесті сипатқа ие болатын және қызу белсенділікке еліктеуге ұқсайтын. Бұл процестердің барлығы ешбір жағдайда азаматтардың нақты қажеттіліктерін көрсетпейтін, олардың нақты мүдделерін қорғауға немесе оларды қинап тұрған мәселелерді шешуге ықпал етпейтін. Басқа сөзбен айтқанда, біздің қоғамның партиялық жүйесі қазақстандықтардың саяси қалауын көрсете алмады. Олар әртүрлі әлемдерде өмір сүріп жүрген сияқты болатын.
Үшіншісі. Бұл қаншалықты оғаш болып көрінгенімен, біздің партиялық кеңістікте көптеген сегменттер – либералдық, ұлттық және тіпті коммунистік – нақты назардан тыс қалып қойды. Тиісті мәлімдемелер естіліп жүрген сияқты болғанмен, бірақ нақты мазмұн жоқ. Өйткені ауызша саяси хабарлама бір нәрсе, ал нақты баяндалған және тұжырымдалған саяси бағдарлама – ол мүлдем басқа нәрсе.
Тағы бір келесідей спецификалық сәт бар. Бір жағынан, бізде саяси партия құру әлі де өте оңай емес. Екінші жағынан, Қазақстанда әрқашан сайлау мүлдем күтпеген кезде болады. Ал енді сайлау науқанының басталуына екі ай қалғанда партия құрып көріңіздерші. Тіпті мұнда жағдай біршама жұмсартылған болса да, осындай мерзімнің ішінде партия құрып үлгеру үшін сіздер Ленин, Троцкий және тағы басқа біреуді қоса алған адам сияқты болу керексіздер. Бірақ олар да мұны істей алмайтын еді.
Төртіншісі. Біздегі партиялардың көпшілігі жасанды түрде ұйымдастырылған құрылымдардан басқа ештеңе емес екенін кез келген сайлау нәтижелерінің мысалында дәлелдеуге болады. Мысалы, 2016 жылғы мәжіліс сайлауында «Бірлік» партиясына 21,5 мыңға жуық адам дауыс берген болатын (сайлауға келгендердің 0,3 процентінен азы), бірақ ол кезде заң бойынша кез келген партияда кемінде қырық мың мүшесі болуы тиіс еді. Сонда сайлауда оның мүшелерінің жартысына жуығы «Бірлікті» қолдамаған болып шықты ма? Бірақ бұл сюрреализм сияқты болып көрінеді. Мінеки, бізде осындай партиялық-саяси сурет туындайды. Бұл жерде өте өкінішті қорытынды шығады: біздің кейбір партиялар дұрыс сайлау сәтінде «жанданатын» өзіндік «ұйықтап жатқан ұяшықтар» болып табылады.
Бесіншісі. Енді қазір, «жаңа» Қазақстанның құрылысы жарияланғаннан кейін, түсінгіміз келетіні: саясатты күнәкарлік жерге түсіріп, оған шынайы мән беру мүмкін бе? Және тағы бір нәрсе: саяси оқиғалардың дамуының инерциялық сценарийін жеңіп шығу мүмкін бе? Егер олай болмаса, онда сайлаудың нәтижесі ешкімге қызықты болмайды. Соңғы жиырма жылдағы Қазақстан Республикасы парламентінің барлық дерлік шақырылымдары не партиялық мазмұны жағынан, не тұлғалары жағынан қызығушылық тудырмады, өйткені олар ештеңені шешпеді және ештеңеге әсер етпеді. Мажоритарлық жүйе бойынша өткен сайлауда көптеген депутаттар танымал болған, ал кейінрек кезде саяси «батпақ» дәуірі басталды. Бірақ, шын мәнінде, депутат болу – өте салиқалы және жауапкершілігі мол жұмыс. Әсіресе, егер адам парламентке тізім бойынша емес, өз бетінше келген болса, демек, партиялық тәртіпке, фракцияда болу қажеттілігеін бағынбайтын болса. Жалпы, фракциялық депутаттық бастаманы өлтіреді және тұлғаның өсуіне ешбір ықпал етпейді. Мысалы, АҚШ Конгресінде оның мүшелерінің көпшілігі – президенттікке ықтимал кандидаттар. Ал бізде қалай?
Алтыншысы. Биліктің алдағы сайлауда бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету туралы шешім қабылдауға бел бұғаны өте маңызды, онсыз кез келген сайлау науқаны өз мәнін жоғалтады. Осы күнге дейін бізде бұл іс өте нашар жүргізілген. Бірақ қазір ең жоғары деңгейде «жаңа» Қазақстанның құрылысы жарияланып жатыр, бұл кем дегенде кейбір өзгерістерді білдіреді. Ал парламент сайлауы – жаппай акция болғандықтан, онда әрі қарайғы әрекеттерді шешу қажет деген сөз. Бәсекеліктің жоқтығы еліміздегі саяси өмірдің жандануын күтумен өмір сүретін азаматтардың үмітіне нүкте қоюы мүмкін. Билік бұл туралы шындап ойлануы тиіс деп ойлаймын.
Жетіншісі. Бізді ұзақ жылдар бойы «алдымен экономика, сосын саясат» деген сөздермен тамақтандырып келген болатын. Мұның салдарынан саясат абсурд театры сияқты бір нәрсеге айналды. Бұл сөздерді айтып жүрген «шамандар» өте қарапайым, бірақ сонымен бірге өте маңызды нәрсені дер кезінде түсіне алмады: саясат пен экономика – өзара байланысты нәрселер. Саясаттағы абсурдтылық экономикада абсурдтылық тудырады және бүгінгі қайғылы шындық мұны өте айқын көрсетеді. Негізгі экспорттық ресурсымыз құлдырай бастағанда-ақ, бізде экономикалық үлгінің жоқтығы бірден белгілі болды. Сондай-ақ бұған тиесілі жауап беруге қабілетті тиімді мемлекеттік тетік жоқ.
Өткір саяси дағдарыс жағдайында оның зардаптарын еңсеру үшін осы процеске қоғамның мүмкіндігінше көп мүшелерін тартудың аса маңызды екенін бүкіл әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Бізде бұл ереже жұмыс істемеді - «мүлдем» деген сөзден. Бірақ енді нақты саяси реформаларсыз болмайтынын түсінетін кез келді.
Сегізіншісі. Бүгінде кейде сайлауға бойкот жариялауға шақырулар айтылып жатады. Бірақ олай істеу қаншалықты дұрыс болады? Мүмкін шыдамдылық танытып, сайлау алдындағы тізімдердің қандай болатынын көру керек шығар? Әлі де аз болса да, бірақ ілгерілеушіліктер бар, қалай да болмасын «бәріне қарсы» деген баған пайда болды, бір мандаттық кандидаттарға мүмкіндік берілді... Біздің қысылған уақытта екі ай – осыған байланысты биліктің ниеті қаншалықты салиқалы екенін айқын сезінуге жеткілікті уақыт. Алдын ала бұған көп сенім артудың қажеті жоқ шығар, бірақ айтқандай, үмітсіз шайтан дегендей. Иә, әрине, сайлауға бару немесе бармау – әрқайсымыздың құқығымыз және ол Конституцияда бекітілген. Бірақ, менің ойымша, сайлауға барған дұрыс сияқты.
Бізде талай рет сайлаулар өткізілген болатын, олардың нәтижелері, жұмсақтау айтқанда, болжамды болды. Енді бәрі де алдын ала белгіленіп қойылған жоқ деген үміт бар сияқты. Алайда, бұл қате сезім болуы мүмкін. Бірақ бұрынғы кезде барлығы циникалық болғаны соншалық, билеуші партия, дәлірек айтсақ, оның әкімшілік аппараты, кейбіреулердің пікірінше, олардың болашақ жеңісі үшін репетициялар өткізетін...
Жалғыз ғана партияның саяси монополиясынан бас тартатын кез келді. Әсіресе, табысқа жету үшін олар әкімшілік ресурс деп аталатын нәрсені пайдаланылатынын ескеретін болсақ. Ал әкімшілік ресурс дегеніміз – бір партияның сайлауда жеңіске жетуіне тікелей және ұятсыз пайдаланылатын орасан зор мемлекеттік аппараттан басқа ештеңе емес. Ал бұл Конституцияны тікелей бұзу болып табылады. Құқықтық мемлекетте мұндай әрекеттер заң бойынша қудалануы тиіс.
Бізге көбірек шынайы демократия және демократизм қажет. Ал ол үшін ең алдымен заңдарды өзгерту қажет, сол Саяси партиялар туралы Заңды, БАҚ туралы заңдарды өзгерту қажет. Халық, қоғам және қарапайым азаматтар сайлау өз ой-пікірлерін көрсету құралына айналуы мүмкін екендігін сезінуі тиіс.