Таяуда Түркияның Ұлттық білім министрлігі тарихи деректерге қатысты түбегейлі өзгеріс жасап, ендігі жерде Орталық Азияны «Түркістан» деп атауға шешім қабылдады. Түркі халықтары қуана қабылдаған бұл бастаманы сарапшылар әртүрлі бағалап отыр.

Білім министрлігі Түркістан ұғымын тарих пәніне қатысты оқу бағдарламасы аясында енгізбекші. Осылайша, ортақ ұғым арқылы өскелең ұрпақ арасында ұлттық бірегейлік пен патриоттық сезімді нығайтуға күш салуды көздейді. Бұл ведомствоның ресми ұстанымы.

Сарапшылардың кейбірі Орталық Азияны Түркістан деп атаудың астарында Түркия ықпалын арттыруды көздейтінін алға тартады. Қазіргі таңда Украинадағы соғысқа байланысты Ресейдің Орталық Азиядағы беделі әлсіреді. Керісінше, Қытай «Бір белдеу – бір жол» жобасы арқылы белсенді бола түсті. Түркия осындай қадам арқылы өңірдегі мемлекеттермен қарым-қатынасын нығайта түсуді көздейді дейтіндер бар.

Мәселен, Сыртқы саясат орталығы талдау орталығының сарапшысы Фран Ольмос Түркістан атауы аймақтағы басқа этностарға сай келмейтінін алға тартады. Оның айтуынша, түркі тұқымынан тарамайтын, Орталық Азияда мекендеген тәжіктердің мүддесін назарға алмаған деп есептейді.

Дегенмен Түркия тарапының Орталық Азияның атауын өзгертіп, тарихи әділдікті қалпына келтіру мақсатында Түркістан деп атауын қолдайтындар жетерлік. Мысалы, Фатих сұлтан университетінің профессоры Ахмет Ташағыл телевидениеге берген сұхбатында Түркістан атауының маңызы зор екеніне тоқталады.

«Түркістан сөзі «түркілердің отаны» деген мағынаны білдіреді. Оны сонау ерте кезден қолданған. XIX ғасырдың екінші жартысында Ресей империясының басқыншылығы салдарынан Түркістан атауының орнына Орталық Азия ұғымы қолданыла бастады», дейді А.Ташағыл.

Белгілі тарихшы, сенатор Дархан Қыдырәлі де Түркиядағы мектеп оқулықтарындағы Орта Азия терминін Түркістан деп өзгертуын дұрыс бастама деп есептейтінін мәлімдеді. «Орта Азия, Орталық Азия – ХІХ ғасырда шыққан атау. Тұтас аймақтың тарихи атауы – Түркістан», дейді сенатор.

Расында, Түркістан термині тарихи тұрғыда Орталық Азия үшін жат емес. Кезінде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Ресейдің біраз бөлігін және Қытайдың Шыңжан ауданын «Түркістан» деп атаған. Тек 1843 жылы өңірді зерттеген Александр фон Гумбольдт алғаш рет Орталық Азия терминін қолданған екен. Кейінірек Ресей империясының жаулап алу саясатына байланысты Түркістан ұғымы біртіндеп ығыстырыла бастаған.

Бір жағынан қарасаңыз, Кеңес одағы орнаған тұста қазіргі Орталық Азия өңірінде Түркістан автономиясы құрылғаны мәлім. Оның құрамына қазіргі Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның біраз аумағы енді. Бірақ Кеңес үкіметі 1920-шы жылдары бауырлас халықтарды бөліп, әрқайсын жеке-жеке мемлекет етіп шығарды. Сөйтіп, Түркістан ұғымын халық жадынан сызып тастауға тырысты.

Дегенмен кейінгі жылдары түркі тілдес мемлекеттердің арасында мәдени-тарихи және экономикалық байланыс нығайып келеді. Мұны сарапшылар да, түркі әлемінен хабары бар қарапайым тұрғындар да айтып жүр. Мәселен, бірнеше жыл бұрын Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық ұйымы ресми түрде Түркі мемлекеттері одағы ретінде қайта құрылды. Бұдан бөлек, Түркі тілдес мемлекеттердің Парламент ассамблеясы, Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры, Түркі бизнес кеңесі, Түркі университеттерінің ұйымы секілді бірқатар ұйым жұмыс істейді.

Аталған ұйымдар ауыз толтырарлық жұмыс атқарып жатқаны тағы бар. Мысалы, Түркі академиясының бастамасымен түркі халықтарының ортақ тарихы оқулығы әзірленді. Қазіргі таңда ортақ әліппе енгізу мәселесі талқыланып жатыр. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан бірнеше жылдан бері латын қарпіне көшу туралы айтып келеді. Ал Әзербайжан мен Өзбекстан әлдеқашан латынға ауысып кеткен. Дегенмен әр мемлекет дербес әліпби жүйесін қалыптастырғандықтан, өзгешеліктер бар.

Негізі, сонау 1991 жылы-ақ ортақ түркі әліпбиін жасау туралы шешім қабылданған еді. Сол кезде ұсынылған нұсқаны Әзербайжан ғана сақтап қалды да, қалған мемлекеттер енгізген жоқ. Енді, Түркі әлеміне ортақ әліпби комиссиясы 34 әріптен құралған ортақ әліпби үлгісі таяуда мақұлдады.

The Diplomat сайтының жазуынша, Түркияның Орталық Азияны Түркістан деп атауы мен ортақ түркі әліпбиін енгізу бастамалары ресми Анкараның өңірдегі ықпалы арта бастағанын көрсетеді. Әсіресе, бұл қадам геосаяси тұрғыда стратегиялық маңызды болуы мүмкін. Басылымның пайымдауынша, Ресей кезінде Кеңес үкіметі құрамында болған мемлекеттерді әлі күнге өз ықпалында санайды. Сондықтан аймақтағы Түркияның ықпалы арта бастауына қырын қарауы мүмкін.

Өз кезегінде, Қытай да Түркістан ұғымын жылы қабылдай қоюы екіталай. Себебі қазіргі таңда аталған елдегі Шыңжан автономиясы да тарихи тұрғыда Түркістан атанған аумаққа кіреді. Оның үстіне, Бейжің билігінің Шыңжандағы ұйғырларға қысым жасайтыны туралы талай мәрте бұқаралық ақпарат құралдарында тарады. Демек, Түркістан термині Коммунистік партияға ұнамауы ықтимал.

Осыдан біраз уақыт бұрын, Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтіп жатқанда Economist журналы түркілердің бірлігі туралы ауқымды мақала жариялаған болатын. Онда мақала авторы Орталық Азия елдері Кремльге тәуелділігін азайтуға барынша тырысып жатқаны айтылған.

Бұған мысал ретінде кейінгі жылдары өңірлердегі мемлекеттердің Ресейдің емес, Түркияның қаруларын көптеп сатып алып жатқанын келтіреді. Естеріңізде болса, 2020 жылы Әзербайжан тарапы Таулы Қарабақтағы соғыс кезінде «Байрактар» дронын қолданып жеңіске жеткен-тұғын. Қазіргі таңда Түркияның осындай шабуылдаушы дрондарын Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан да сатып алды. Ал Қазақстан тарапы Анадолыдағы ағайынмен келісіп, ANKA дрондарын елде құрастыруға келісті.

Қалай дегенмен, Түркі мемлекеттерінің ынтықтастығы қарқын алып келе жатқанын аңғару қиын емес. Ортақ әліпби, ортақ тарих оқулығы секілді бастамалар мәдени қарым-қатынастың тамырын тереңдете түседі. Бұдан бөлек, сауда-экономикалық байланыс та нығайып келеді. Осындай сәтте, Анадолыдағы ағайынның Орталық Азияны Түркістан деп атау туралы шешімі стратегиялық тұрғыдан да, мәдени тұрғыдан да маңызды болып отыр.