Түгел түркінің басын қосып, мәдени және экономикалық ынтымақтастықты арттыруға бағытталған Түркі мемлекеттері ұйымы биыл да кезекті саммитін өткізеді. Бұл жолы түркі жұртының жетекшілері Қырғызстанда жиналмақ. Түбі бір, мақсаты ортақ елдеріміз «төртеу түгел болса, төбедегі келетінінің» жарқын мысалына айналғаны белгілі. Енді бұл ұйымның келешегі қандай болмақ? Түркі интеграциясының пәрмені қай жерге жетеді?

Кеңес үкіметі құлап, бірнеше түркі тілдес мемлекеттер тәуелсіздік алған соң ағайындылар арасындағы қарым-қатынас жаңа серпін алды. Алыс-беріс, барыс-келістің қарқыны күшейді. Түркияның сол кездегі Президенті Тұрғыт Озалдың бастамасымен бауырлас елдер басшыларының алғашқы саммитін өтті. Кейінірек, 2009 жылы Әзербайжанның Нахчыван қаласында қазіргі Түркі мемлекеттері ұйымының іргетасы қаланып, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі құрылды.

 

Басты мақсат – экономикалық даму

Негізі, Түркі мемлекеттері ұйымы әу баста мәдени қарым-қатынасты нығайту мақсатында іргетасы қаланды. Себебі осы бағытта ортақ мүмкіндіктер мол еді. Жыл өткен сайын ынтымақтастық бағыты артып жатыр. Яғни, интеграция әсте-әсте жүре бастады. Түркі мемлекеттері ұйымына кіретін мемлекеттерде шамамен 150 миллионға жуық адам мекендейді. Бұл – әлем халқының екі пайызы. Ішкі жалпы өнім көлемі 1,6 триллион долларға жеткен. Яғни, әлем бойынша 13 орында тұр. Осылайша, жаһандық ішкі жалпы өнімнің 1,8 пайызын құрап отыр.

Бауырлас мемлекеттер қазба байлықтарға бай екенін айта кеткен жөн. Мәселен, Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан және Түркіменстандағы (ТМҰ бақылаушысы) мұнай қоры 38,2 миллиард баррельді құрайды. Бұл – әлемдегі мұнай қорының 2,2 пайызына тең. Сондай-ақ аталған елдердегі газ қоры 19,2 триллион шаршы метрді құрайды. Бұл – төрткүл дүниедегі табиғи газ қорының он пайызынан асады.

Түркі кеңесін басқалардан ерекшелейтін тұсы – оған мүше мемлекеттер түрлі экономикалық ұйымдарға мүше. Қазақстан мен Қырғызстан қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одақ құрамына кіреді. Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан – Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше. Сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан және Түркия Дүниежүзілік сауда ұйымының пайдасын көріп отыр. Ислам ынтымақтастық ұйымына елімізден бөлек айыр қалпақты ағайындарымыз, Әзербайжан, Өзбекстан және Түркіменстан мүше. Түркия НАТО мүшесі, Еуропалық Одаққа енуді жоспарлап жүргеніне талай жылдың жүзі болды.  Бақылаушы Мажарстан ЕО-ға да, Шенген аймағына да кіреді.

Демек, бауырлас мемлекеттердің экономикасын ілгерілетуге, сауда-саттықты нығайтуға толық негіз бар. Былтыр ұйым мүшелері арасындағы тауар айналымы 22 миллиард доллардан асты. Алдағы уақытта мұны 1,5 есе ұлғайтуға болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өткен оныншы саммитте бұл мақсатқа қол жеткізу үшін ұйымға мүше елдердің стандарттары мен терминологиясын жүйелеуді ұсынды. Бұл бастама тауарларымызды ортақ нарыққа еркін шығаруға жол ашады. Ал бірыңғай стандарттар ішкі жалпы өнімді жыл сайын шамамен 1 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.

 

Ауыл шаруашылығын дамыту қажет

Бүгінде әлем халқын азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз ету өзекті мәселеге айналды. Бірден бір себеп – Ресейдің Украинаға қарсы ашқан соғысы жаһандық тауар жеткізу логистикалық тізбегін бұзды. Қазіргі таңда Қырғызстан халқының – 63 пайызы, Өзбекстанның – 50 пайызы, Түрікменстанның – 47 пайызы, Әзербайжанның – 42 пайызы, Қазақстанда – 37 пайызы, Түркияда – 23 пайызы, Мажарстанда – 27 пайызы ауылдық жерде тұрады және ауыл шаруашылығына тәуелді.

Аталған сала Өзбекстан ішкі жалпы өнімінде үлкен рөлге ие болып отыр. Қазіргі таңда өз ағаларымыздың ІЖӨ-нің 26,1 пайызы ауыл шаруашылығынан түседі. Қырғызстанда бұл көрсеткіш 15,3 пайызға тең. Қазақстанда 4-5 пайыздың көлемі. Жалпы, бұл сандар ауыл шаруашылығы қатты дамыған не артта қалған дегенді білдірмесе керек. Мәселен, дамыған елдерде ішкі жалпы өнімдегі ауыл шаруашылығының үлес бес пайызға жетер-жетпес. Бұл ондағы халықтың негізінен қалалық жерлерді мекендеуімен, саланы автоматтандырумен байланысты. Соның нәтижесінде бұл салада еңбек ететін адамдардың саны аз болғанымен, халықты тамақтандыруға жеткілікті азық-түлік өндіріледі. Оған қоса, басқа да секторлар дамығандықтан, экономика тек ауыл шаруашылығына тәуелді емес.

Осыларды ескере келе, Түркі мемлекеттері ұйымының бұл бағытта атқарар шаруасы жетерлік екенін айта кету керек. Біріншіден, ауыл шаруашылығын дамыту қажет және оны автоматтандыруды, заманауи технологияларды жаппай қолға алуға тиіс. Екіншіден, экономиканың негізгі көзі ретінде осы саланы ғана бағыт ретінде ұстамай, сонымен қатар өндіріс саласында жолға қойғаны жөн. Үшіншіден һәм ең бастысы – су мәселесін шешуі керек. Өздеріңізге мәлім, жаһандық жылынуға байланысты Орталық Азиядағы мұздықтар тез еріп бара жатыр. Соның салдарынан қыста тауларға жеткілікті қар жиналмайды. Ал жазда су күрт азайып кетеді де, оның зардабын қарапайым шаруалар тартады. Азық-түлік түсімі де төмендейді. Сондықтан түркі елдерінде аталған түйіткіл әлі шешілмеді. Негізгі ірі өзендер бастауын Тәжікстаннан алады, қырғыз жерінен ағатындар да бар. Сондықтан әлемдік тәжірибеге сүйенсек, трансшекаралық өзендер мәселесі тек келіссөздер ақылы шешімін табуы мүмкін.

 

Мәдени байланыстың бастауы

Түркі мемлекеттері ұйымы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудан бастау алды. Бұл бағытта бірнеше мекеме ашылып, арысы Алтайдан, берісі Анадолыға дейін тараған бауырлас халықтардың барыс-келісін ілгерілетуге күш салып келеді. Мәселен, 2008 жылы құрылған ТүркПА ұйымы – елдеріміз арасындағы парламентаралық қарым-қатынасты белсенді жүргізуге арналған. Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы тәуелсіздік, егемендік, мемлекеттік шекаралардың аумақтық тұтастығы мен мызғымастығы, теңдік, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау қағидаттарын ұстанады. Сондай-ақ парламенттік дипломатияны дамыта отырып, бүкіл салада мүше мемлекеттер арасындағы байланыстарды нығайтуға өз үлесін қосады.

Түркі тілдес мемлекеттердің мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасын ілгерілетіп, түркі мәдениетін әлемге таныту мақсатында 1993 жылы Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) құрылды. Қазіргі таңда ТҮРКСОЙ түркі елдеріне жақсы таныс, бауырлас елдердің мәдениетін өзара насихаттау барысында қаншама жобаларды іске асырды. Ұйым аясында мәдениет қайраткерлерінің шығармалары бауырлас елдің тіліне тәржімаланды. Түрлі іс-шаралар өтті. Осылайша, ТҮРКСОЙ түркі халықтарына тән өзіндік ЮНЕСКО іспетті болды.

Түркі халықтарының арасында TWESCO атанып кеткен Халықаралық Түркі академиясының іргетасы 2009 жылы Нахчыванда өткен саммитте қаланды. Қазақстан тарапының бастамасымен түркі дүниесін зерттейтін халықаралық ғылыми орталық құрылды. Бүгінде TWESCO шаң басқан архивтердегі деректерді аршып, өскелең ұрпақтың санасына бауырлас ел екенімізді түсіндірумен айналысып келеді. Түркі дүниесінің тарихы мен тілін, әдебиеті мен мәдениетін зерттеп, өркениеттегі түркілер орнын айшықтауға мол үлес қосты. Атап айтқанда, Түркі академиясының мұрындық болуымен «Ортақ түркі тарихы», «Ортақ түркі әдебиеті», «Ортақ түркі географиясы» секілді жобалар жүзеге асты.

 

Түркі әлемінің келешегі

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII Саммиті 2021 жылы Ыстанбұлда өтті. Аталған кездесуде кеңес атауы Түркі мемлекеттері ұйымы болып өзгертілді. Сондай-ақ «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат әзірлеу жөнінде шешім қабылданды. Ал былтыр Астанада өткен мерейтойлық X саммитте құжат түбегейлі бекітілді. Онда ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени стандарттарын көтеру мақсат етілген. Сондай-ақ өзара ынтымақтастықты ілгерілетуге да басымдық беріледі. Бұдан бөлек, экономикалық байланыстарды нығайтуға, тауар айналымын арттыруға, цифрлы технологияларды, энергетика саласын бірлессе дамытуға ден қойып отыр. Тауардың, қызметтің, капиталдың еркін айналымы да – құжаттың басым бағыттарының бірі. Әзірге 2040 жылға дейінгі даму бағдары бекітілді. Енді сол мақсаттар жүзеге асса, Түркі мемлекеттері ұйымы қарт құрлықтағы Еуропалық одақтың Азиядағы баламасына айналуға тиіс.

 

Жоспар көп

ТМҰ елдері бірнеше бағытта дамуды көздейді. Тек мәдени-гуманитарлық байланыспен шектелетін уақыт өтті. Мәселен, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін ілгерілету жоспарда бар. Аталған бағыт Қазақстан, Әзербайжан және Түркия арқылы өтіп, Батыс пен Шығысты тікелей байланыстырады. Аталған елдер бұл торапқа мол қаражат бөліп отырғаны тағы бар. 2017 жылғы 30 қазанда жүктерді өткізу мақсатында Баку – Тбилиси – Карс темір жол телімі ашылды. 340 шақырым аумақты қамтитын Зангезур жаңа көлік дәлізі де тауар тасымалын жылдамдатуға мүмкіндік береді. Былтыр 8 айда Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы 1,7 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе жоғары.

Түркі инвестициялық қоры құру бастамасын Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары қолдау білдірді. Соған сәйкес, 2023 жылы наурызда өткен кезектен тыс саммитте келісімге қол қойды. Бұл қор сауда-инвестициялық қатынастарының дамуына серпін береді: шағын және орта бизнесті дамыту, инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру, ішкі сауданы дамыту сияқты бағыттарды қамтиды. Қордың жарғылық капиталы – жалпы номиналды құны 350 млн доллар құрайтын төленген акциялар және номиналды құны 150 млн доллар құрайтын қосымша тартылатын акциялар. Онда әрбір мемлекеттің  үлесі 70 млн доллар төленген акциялардан тұрады. Қордың әрбір мүшесі бірдей дауыс беру құқығына ие. Қазіргі таңда құжат мүше мемлекеттердің Парламенттерінде ратификациядан өтіп жатыр.

Бұдан бөлек, Түркі ұйымының заманауи технопарктер орталығын құру, Түркі халықтарының ортақ жазба мұрасын зерттеуге арналған «жол картасын» әзірлеу, түркі елдері университеттерінің ортақ желісін құру, «жасыл энергетика» саласында бірлесіп жұмыс атқару секілді бастамалар жетерлік. Қысқасы, жоспар көп.

Еуразияны Тұран елесі кезіп жүр

Түркі мемлекеттері ұйымы сөз болғанда Тұран одағын құру мәселесі жиі айтылады. Яғни, әскери одаққа айнала ма деген сыңайдағы сауал бар. Әзірге ТМҰ аясында бұл мәселе қарастырылмағанын, ұйым негізінен экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға арналғанын айта кеткен жөн. Алда-жалда бұл мәселе күн тәртібіне шыға қалса, геосаяси ахуалды қайта қарауға тура келеді. Өйткені Түркия – бүгінде НАТО-ға мүше. Ал Қазақстан мен Қырғызстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының құрамында. Сол себепті жақын келешекте бұл тақырыпта әңгіме қозғалуы екіталай.

Дегенмен Түркі мемлекеттері ұйымы қауіпсіздік мәселесіне ерекше ден қояды. Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен саммитте қазіргідей халықаралық ахуал тұрақсыз, алмағайып кезеңде түркі жұртының бірлігін бекемдей түсу маңызды екенін жеткізді. Биыл қайта сайланған Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев те түркі бағытына басымдық береміз деп мәлімдеме жасады. Демек, түркі жұртына өзара келісіп, дамытатын салалар жетерлік.