Соңғы кезде қазақ байлар институтын ақтайтын, яғни байлар – кеңес кезіндегі оқулықтары мен кітаптарында суреттелгендей қанаушылар емес, олар өз туыстарына, олардың тамақтануына, сыртқы күштерден қорғалуына және тіпті білім алуына көмектесін «қамқоршылар» деген мағынадағы мақалалар шыға бастады. Осыған байланысты: шын мәнінде сол кездегі байлар (байлардың бір-бірінен айырмашылықтары бар екендігі анық, бірақ біз жалпы құбылыс туралы айтамыз) азаптаушылар ма әлде «туған әкедей» болды ма? – деген заңды сұрақтар туындайды. Ақиқатқа кім жақынырақ – байлар институтын идеалға теңдейтіндер ме әлде олардың қарсыластары ма? Бұл мәселеге қатысты өз ойымен тарих ғылымдарының докторы, профессор Әнуар Ғалиев бөлісті:

Марксизмнің қатаң негіздері

- Сіздердің сұрақтарыңызды мен өзімнің жеке бақылауыммен толықтырғым келеді. «Менің ата-бабаларым (атам, арғы атам) бай болған» деген мәлімдемені жиі естуге тура келеді, әсіресе жастардан. Оның үстіне өздерінің ата-бабалары кем дегенде ханның ұрпағы болғандай, мақтанышпен айтады.

Қазақстан тарихы курсын оқытатын университетте мен бір шағын эксперимент жүргіздім: СӨЖ (студенттің өзіндік жұмысы) ретінде әрқайсысына өз отбасының өткенін зерделеуге тапсырма бердім. 150 студенттің жартысынан көбін қазақтар құрайды, олардың тек біреуі ғана өзінің бай болған арғы атасының мал-мүлкінен айырылғаны туралы және Қазақстаннан жер аударылуы жөнінде нақты, құжатталған тарихты айтып берді. Әрине, бұл көрсеткіш емес, бірақ ол нақты жағдай жөнінде белгілі бір түсінік береді. Дәлірек мәліметтерге қызығушылық танытқандарға математикалық талдау әдістерін қолдана отырып, осы тақырыпта байыпты зерттеу жүргізген профессор С.А. Жакишеваның жұмыстарына жүгінуге кеңес бере аламын.

Егер сіздің сұрағыңызға оралатын болсақ, менің ойымша, оның мұндай жазықтықта орналасуы марксистік-лениндік дүниетанымдық парадигмадан туындаған. Еске түсірейікші: бұл теорияның классиктері қоғам дамуының негізінде (ол спираль тәрізді қозғалады) таптық күрестің приматы жатыр деп есептейді. Ең қарапайым түрде түсіндірсек, ол шамамен осылай болған. Бастапқыда қарапайым тапсыз қоғам болды, бірақ тайпа басшылары билікті басып алып, барлығын өздеріне құлдыққа алды, осылай құл иеленушілер жүйесі пайда болды. Құлдар толығымен пайдаланылды, оларда ештеңе – мүлік те, еркіндік те болған жоқ. Мүлдем ештеңе болмады. Олардың айырылып қалатын ешнәрсесі болмағандықтан, құлдар, «сөйлейтін құралдар», қашып кетуге ұмтылып, жұмысты жасамау үшін өзін-өзі жарақаттандыруға немесе әр түрлі жолмен жұмыс істемеуге тырысатын.

Сондықтан, келесі жүйе – феодалдық – құл иеленушілер жүйесінің жетілдірілген нұсқасы болды. Крепостной адамдар, шын мәнінде, сол құлдар тәрізді. Оларды сатуға, иттерге және басқа да заттарға ауыстыруға, карта ұтылысына салуға болатын. Бірақ крепостнойлар қожайынына, жер иесі-феодалға, алынған егіннің бәрін бермейтін – оларға кейбір нәрселерді өздеріне қалдыруға рұқсат етілді. Олар неғұрлым көп өнім алса, соғұрлым көбірек өздеріне қалдырып отырған. Бір сөзбен айтқанда, құлдық кезінде болмаған мотивация пайда болды. Соған қарамастан, крепостнойларға жер иелері олардың мүлкі мен өмірін басқаратыны ұнамады, нәтижесінде феодализмді капитализм алмастырды.

Ол «Бостандық! Теңдік! Бауырластық!» деген ұранмен келді. Барлығы тең құқыққа ие болды. Шаруалар таңдау еркіндігіне ие болды: олар жұмыс істегісі келсе істейді, істегісі келмесе істемей аштықтан өледі, өйткені бостандыққа ие бола отырып, олар жер мен өндіріс құралдарына ие болмады. Олардың көпшілігі жұмысшы табының қатарын толтырып, қалалардағы зауыттар мен фабрикаларға аттанды. Ол жақта олар, классиктер дұрыс атап өткендей, капитализмнің жерлеушісіне айналды, өйткені «олардың шынжырдан басқа жоғалтатын ештеңесі жоқ, бірақ бүкіл әлемді иелене алады». Олар озық марксистік идеологиясымен бірігіп, марксист-коммунистердің басшылығымен қысымшыларды құлатты.

«Патшаның тағына қан құйылды

Біз жауларымызға қан себеміз»

Содан кейін?

«Біз өзімізге жаңа әлем құрамыз,

Ешқашан болмағандай өмір сүреміз!»

Бұл жаңа әлем, коммунизм, қарабайыр демократияны қайталайтын сияқты, бірақ жаңа, жоғары деңгейде, өйткені, еске алайық, қоғамның дамуы спиральмен жүреді, ал тарихтың осы кезеңінде қанаушыларға, бұқараның қанаушыларына орын жоқ.

Мүлдем ерекше әлемдер

Жоғарыда айтылғандардың бәрі «бесмүшелік» деп аталады, ол сонымен қатар формациялық, марксистік-лениндік класс теориясы. Өте әдемі, қисынды, бірақ... абстарктілі схема, өйткені біздің планетада осы кезеңдердің бәрінен өткен бірде-бір ел, бірде-бір қоғам болған жоқ. Бұл, дәлірек айтсақ, XIX ғасырдың ортасындағы білім бойынша құрылған және еуроцентристік көзқарастарға негізделген жалпыланған идеалды модель.

Азия елдері және тұтастай алғанда Шығыс қоғамдары бұл схемаларға сәйкес келмеді. Мысалы, құл иеленушілер елі деп есептелген Египетте пирамидаларды салған құқықсыз құлдар емес, оларды жергілікті шаруалар, копттардың (христиан азшылықтарының) ата-бабалары ауылшаруашылық жұмыстарынан бос уақытында салғаны белгілі болды. Месопотамиядағы арналарды да құлдар емес, еркін азаматтар қазған. Дәл осындай шаруалар, өз еркімен болмаса да, өлім жазасынан (ол өзін ұзақ күткізбейтін) қорққандықтан Ұлы Қытай қорғанын салған.

Сол кезде өздерінің тұжырымдаған теорияның кемшіліктерін түсінген Маркс және оның демеушісі Энгельс Шығыс қоғамдарының даму ерекшеліктерін түсіну үшін азиялық өндіріс әдісі (АӨӘ) теориясын қолдануды ұсынды. Айтпақшы, Лениннің өсиеттерін орындау кезінде Сталиннің құрғаны коммунизмге емес, сол бір азиялық әдіске ұқсайды. Бірақ көптеген мыңжылдықтар бойы ешқандай өзгерістер мен күйзелістерсіз аман-есен жасап келген Батыстың формацияларынан айырмашылығы, бұл ерекше формация, АӨӘ, дәлірек айтқанда – оны түсіндіретін теория, адамзат тарихында орын алған өндірістік қатынастардың барлық түрлерін ашатын әмбебап модельге айналмады. Мұндай әрекетті кеңестік тарихшы Юрий Кобищанов марксистік-лениндік формациялық теорияның барлық сәтсіздіктері айқын болған кезде жасағаны жөнінде айта кету керек. Бұл модельді ол «Үлкен феодалдық формация» деп атады. Көптеген ғасырлар бойы Еуразия даласының көшпелілерінде іс жүзінде өзгеріссіз болған қарым-қатынастарды дәл осы феодализмге тартуға тырысты.

Бәлкім, формациялық теорияның кемшіліктерін сезінгендіктен болар, адамзат мәдениеттерінің сан алуандығын ұғынуға тырысқан белгілі Батыс зерттеушісі Арнольд Тойнби көшпенділер қоғамын (спарталықтар қоғамымен қатар) «дамуы кешіккен өркениет» деп атаған.   

Тойнбидің өркениеттік теориясы, ал одан да көп дәрежеде Валлерстайнның әлем-жүйелік теориясы көшпенділердің қоғамдық және өндірістік қатынастарын түсінуде белгілі бір кеңістіктерді ашқан болуы мүмкін, бірақ белгілі қазақстандық ғалым С.Е. Толыбековты қоса алғанда, әртүрлі тарихшылар, философтар мен құқықтанушылар марксизмнің қатаң незіздерімен байланыстырып, көшпенділердің «патриархалдық феодализмі» деген терминдерді қолданған.

Менің ойымша, жалпы көшпенділіктің, ал оның ішінде байлар институтының табиғатын түсіну мүмкіндігінің жоқтығы дәл осы әдіснамалыққа байланысты. Тек таптық теория аясында жұмыс істеуге рұқсат етілген кеңес ғалымдары көшпенділер мен олардың қоғамын өнеркәсіпке дейінгі формациялардың біріне орналастыруға тырысты, ал ол үшін эксплуататорлар мен эксплуатацияға ұшырағандардың болуы талап етілді. Мұны істеу оңай болған жоқ. Көшпенділер ауылдарында, мысалы, құлдарды (аздаған) кездестіруге болатын болса да, халықтың негізгі бөлігі жеке бостандыққа және барлық құқықтарға ие болды, соның ішінде қару алып жүру, құрылтайларға қатысу, өздерінің билеушілерін – хандарды (ханның билігі айтарлықтай шектеулі) таңдау құқығы болды. Құлдар аз болғандықтан және олардың жағдайы Рим империясындағы құлдардың жағдайымен салыстыруға келмейтіндіктен, мысалы, көшпенділерге тән өндіріс әдісін құл иеленушілер әдісі деп атауға болмайды. Яғни, тек бір ғана нұсқа қалды – көшпенділерді, соның ішінде қазақтарды, феодалдық қоғам ретінде жіктеу. Бірақ бұл үшін құқықсыз шаруалар мен оларға қысым көрсететін жер иелері қажет болды. Ал осының қисынын келтіру қиынырақ болып шықты.

Ортақ аршинмен өлшенбейді…

Қазақ ауылы, сол орыс деревнясынан айырмашылығы – бұл көршілік емес, қандастар қауымы. Алайда мұнда біреулері кедейлеу, ал басқалары байырақ болса да (олар бай деп аталды), олардың бәрі бір-біріне өте жақын туыстар болып, шежірелерін мифтік емес, өздерінің нақты ата-бабаларына көтеретін. Бұл көшпенділер қоғамын алғашқы қауымдық рулық қоғам ретінде қарау керек дегенді білдіре ме? Жоқ, өйткені байлар мен кедейлер болды, қарапайым шопандар мен тек бір рудан сайланатын хандар болды, қарапайым жауынгерлер болды, бірақ батырлар да болды. Яғни, барлығы өте күрделі болып көрінді және қарапайым, таза қарым-қатынасқа ұқсамады. Бірақ сонымен бірге мұның бәрі классикалық феодализмге де ұқсамады. Сондықтан, көшпенділердің болмысын марксизммен бітістіретін ымыра ретінде «патриархалдық феодализм» термині енгізілді, онда қандас қауымның патриархы және жер иесі феодалдың рөлі біржақты байға берілді. Шын мәнінде, бай, жоғарыда айтылғандай, бір-біріне туысқан болып келетін қоғамдастық мүшелерінің бірі, бірақ басқаларға қарағанда байырақ болды.

Жоғарыда айтылғандардан келесі тұжырымдар шығады:

а) формациялық теория, ол қаншалықты әдемі болса да, барлық қоғамдарға қолданылуға жарайтындай әмбебап емес;

б) Батыстың шындығын нашар түсіндіретін бұл теория Шығыстың шындығын түсінуге мүлдем қолданылмайды, сондықтан классиктер азиялық өндіріс әдісі деп аталатын теорияны ойлап тапты;

в) азиялық өндіріс әдісінің теориясы да көшпенділер қоғамын түсіну үшін қолайлы емес, өйткені ол мүлдем ерекше.

Егер Ресейді ақылмен түсінуге, ортақ аршинмен өлшеуге мүмкін емес болса, онда көшпенділер туралы не айтуға болады? Оларда болмыстың құндылықтары мен мағынасын түсінуі мүлдем басқаша болды. Басқару уақыты қазақ тарихының алтын ғасыры болып есептелетін әйгілі Қасым ханның егіншілік аймағының жоғары лауазымды өкілін қалай қарсы алғаны туралы әңгімені еске түсіріңізші. Ол қонаққа өзінің көптеген табындарын көрсеткен еді, бірақ қонақ семіз қойлар мен әдемі жылқылардың көрінісіне таңданбай, Қасым ханнан ол неге мұның бәрін сатпайтынын сұрады. Бұл жерде қазақ билеушісінің: «Егер мен осының бәрін сатсам, онда менің сандықтарымда толып жатқан металдары кім көреді?» деп таң қалатын кезегі келді. Содан кейін ол: «Біз дала халқымыз, бұл жерде қымбат бұйымдар мен тағамдар жоқ. Ең қымбат байлығымыз – жылқы, ең дәмді тағамымыз – оның еті, ең сүйікті сусынымыз – оның қымызы мен одан дайындалатын тағамдар. Біздің өлкемізде бау-бақша мен зәулім үйлер жоқ. Серуендейтін жеріміз – малдың жайлауы, сонда барып бәріміз бірге бой жазып, сайран салып, жылқыларды қызықтаймыз» деген.  

Қасым ханның аздап құлық жасағанын айтпаймын: Қазақ хандығында бау-бақтар да, жиырмадан астам қалалар да, хандар тұрған сарайы бар астана да болған. Қазақстан тарихын шындап зерттеп жүргендер мұны жақсы біледі, ал білмейтіндер бұл туралы тіпті естігілері де келмейді.

Мәселе басқада: қазақ үшін қала және оның барлық кереметтері диқаншыларға сияқты керемет нәрсе болған жоқ. Орыс дереккөздерінде «қазақ хандары суық қыс мезгілінде еріксіз өз сарайларында жататын, ал қар еріп, жаңа шөп жарылып шыққаннан кейін олар орнынан тұрып, шексіз көкжиектерін, кең байтақ жерлері мен әдемі жылқыларын тамашалау үшін кең далаға аттанатын, ал хандықты басқару жөніндегі барлық істерді «ағаларына» қалдыратын» деп жазған. Қазақтың ең жақын туыстары – ноғайларда «Бір жерде тұрып, өзіңнің сасығыңды иіскегір», – деген қарғыс бар.

Бұл мүлдем өзгеше құндылық бағдарлары, сондықтан номадтық өмір шындығын бағалау кезінде ең алдымен осыны есте сақтау қажет, өйткені сол шындықтардың бірі дәл осы бай да болатын. Сонымен, оны қанаушы деп атаған жөн бе, әлде қамқоршы деп де?

Қазақ ауылының ерекшелігі

Жоғарыда айтылғандардан көрініп тұрғандай, байлар институтын түсіну үшін «ортақ аршинмен» пайдалануға болмайды. Бірақ отырықшы тұрғынның позициясынан, оның үстіне таптық күрес идеологиясын бойына сіңірген Филипп Голощекин байға дәл осылай қарады, ол тіпті Николай II-нің кішкентай балаларында да қанаушыларды көрді, сондықтан оларды атуға бұйрық берді. Ол Қазақстанға Еуропалық Ресейден келді, онда бір-екі мал басын иемдену бұрын-соңды болмаған байлық тәрізді болды және мұнда үлкен табындарды көріп, Октябрь революциясының дауылы қазақ ауылының жанынан, оларға тіпті тиместен өтіп кетті деген қорытындыға келді.

Бірақ барлық қазақтар соншалықты бай болды ма? Әрине, жоқ. Большевиктерді (және тек оларды ғана емес) көптеген қой мен жылқылардың бар болғандығы жаңылыстырды. Н. Э. Масанов өз еңбектерінде тамаша көрсеткендей, малдың көп мөлшері байлықтың көрсеткіші емес, ол тек көбею үшін өте маңызды, яғни фермерлердің қол жүгіртуге болмайтын тұқым қорына ұқсас нәрсе. Қарапайым көшпенділерде тіршілікті қамтамасыз етудің әдеттегі жүйесін қолдау үшін мал өте көп болмауы, тіпті жеткіліксіз болуы да мүмкін еді, сол кезде қазақ ауылында болған қатынастар да (дәлірек айтқанда, ауыл кішкентай қандас қауым болғандығы) көмекке келетін. Осы ауылды фермерлерде сияқты жер иесі, адамдарды сатып, оларды картаға салып ұтылатын немесе оларды өзі жеңіп алатын (немесе оларды адал қызметі үшін патшадан сыйлық ретінде алатын) адамдар басқармаған, ол ауылды бүкіл халқына жақын туысы болып келетін, басқалардан тек малының көптігімен және дәстүрлі түрде бай деп аталғанымен ғана ерекшеленетін адам басқарған.  

Бай деген сөздің өзі «байлық» мағынасы бар үнді-иран тамырынан шыққан болар. Байдың басқаларға қарағанда малы көп болғандықтан, оны өзі бағатын мүмкіндігі болмады, ал малшының жұмысы – бұл табиғатты немесе ауыл өмірін бейнелеуге арналған шағын суреттер тәрізді көріністер емес, ол өте қиын жұмыс, сонымен қатар байдың әртүрлі, оның ішінде менеджерлік функциялары болды. Сондықтан ол өзінің отарлары мен табындарын кедейлеу туыстарына таратып, оларға осы мал өнімдерін пайдалануға құқық пен мүмкіндік берді. Ғылымда мұндай қатынастар «саун» деп аталды және олар байды эксплуататор деп те, қайырымдылық жасаушы деп те атауға мүмкіндік бермейді. Ондай қатынастар бір қоғамда қабылданған өлшемдермен өмірі өзгеше принциптерге негізделген басқаларды бағалауға болмайтынын тағы бір рет көрсетеді.

Қандай принциптерде? Бұл туралы көбірек білгісі келетіндерге тарихшы Ж.Абылхожиннің жұмыстарын және Н.Масановтың «Қазақтардың көшпелі өркениеті» деп аталатын тамаша кітабын ұсынамын.