Қаңтар трагедиясынан бері алты ай өтіп кетті, бірақ сол кезде орын алған оқиға туралы біздің қоғамда осы күнге дейін ортақ түсінік жоқ, өйткені ресми нұсқадан бөлек, алыпсатарлыққа, қауесетке және тіпті арандатушылыққа негізделген көптеген басқа нұсқалар да айтылып жатыр. Әсіресе тәртіпсіздікке белсене қатысқандарды дәріптеу тенденциясы айқын көрініп жатыр: олардың барлығы бейбіт шерушілер, режим құрбандары және т.б. Тіпті ел президенті жақында «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында бұған назар аударңан болатын. Мұндай көңіл күйлердің қауіп-қатері жөнінде, оларды кім қалыптастырып жатқаны жайлы және бұл арқылы қандай нәтижеге қол жеткізуге тырысып жатқандары туралы біз Орталық Азиялық демократияны дамыту қорының басшысы Толғанай Үмбеталиевамен әңгімелесіп отырмыз.

- Сіздің көзқарасыңыз бойынша, мұндай көңіл-күйлердің табиғаты қандай?

- Қаңтар трагедиясының әртүрлі оқылымдары мен пайымдаулары болғаны түсінікті жағдай. Әркім өзнің көзімен көргенін ұсынып, бұл ойды жалпы оқиғаларға таратып салуға тырысады. Ал басқа мәселе – осы пікірлердің ішіндегі «ұйымдастырушыларсыз бейбіт саяси наразылық болды» деген нұсқа ең қатты дауысты, агрессивті, кейде «репрессивті» және интрузивті естілетіні. Оның үстіне, ол жаппай тәртіпсіздіктер басылғаннан кейін, бірден, тіпті халық (әсіресе алматылықтар) енді ғана ақпараттық блокададан шығып, көрген-білгенінен естерін онша жинап үлгермеген кезде пайда болды.

Бұл нұсқаны белсенді түрде насихаттап жүргендер оны қоғамдық пікірде барынша үстемдік етуге тырысатындары анық. Ол үшін әртүрлі ақпараттық және саяси технологиялар – конструктивті де, манипулятивті де, соның ішінде популизм, қастандық теориялары, дәріптеу және т.б. – қолданылып жатыр. Бірақ сонымен бірге қаңтар оқиғасын осылайша «оқуды» ұсынатын афдамдар тонау фактілерін, мемлекеттік органдарға, қару-жарақ қоймаларына, жедел жәрдем көліктеріне және т.б. шабуылдар фактілерін ешбір жолмен түсіндірмейді немесе оны мүлдем елеусіз қалдырады, ал бұл жайт олардың позициясының осал жағы болып табылады.

Бұл нұсқа алғашында бейбіт түрде өтіп жатқан саяси наразылықты тұрақсыздандырғандар үшін тиімді деп болжау әбден қисынды. Олардың арасында бұған шын жүректен сенетіндер де бар, бірақ соны пайдаланып, өзінің саяси имиджін қалыптастыратындар да бар. Соңғылары, сірә, болашақта саясатқа баруды жоспарлап отырған сияқты көрінеді, мұндай тәсіл бүгінде жиі кездесіп тұратын жағдайға айналып кеткен. Ал өзін-өзі жарнамалауға ең қолайлы негіз ретінде эмоционалдық құрамдас бөлігі өте күрделі саяси, наразылық, қылмыстық, қайғылы оқиға болып табылатын қаңтар трагедиясы қолданбағанда, нені қолдануға болалады?!

Сондықтан «бейбіт наразылық» нұсқасы жөнінде айтып отырғандардың барлығы тәртіпсіздіктерді ұйымдастырған адамдарды қолдайды деп айтуға болмайды. Көбісі өз мүдделері үшін әрекет етеді. Ал осы идеяны жалынды түрде жақтаушылар және бүл идеяны таратушыларға келетін болсақ, олар Тоқаевты көшбасшы ретінде дискредитациялауды  жалғастырып, билікті өзгерту үшін елдегі наразылық деңгейін арттыруды көздеп отырғанв анық.

- Неліктен қоғамның бір бөлігі бұл нұсқамен ықыласпен келісіп отыр?

- Адамдарға өздерінің жеке пікірлерін білдіруге және болған оқиғаға қатысты өз түсініктемелерін беруге тыйым салу мүмкін емес. Тиісінше, бүлікшілерді дәріптеу де нұсқалардың бірі ретінде өмір сүруге құқылы. Мәселе оны әртүрлі деңгейдегі саяси күресте, соның ішінде қоғамдық пікір үшін күресте де қолдануға болатындығында.

Қаңтар оқиғасына байланысты қамауға алынғандармен жүргізілген сұхбаттардың барлығында бұл адамдарды азаптау фактілері көзге түседі. Олардың арасында қиратуларға қатысқандар болса бола берсін, бірақ бұл жайт тәртіп сақшыларының мемлекет мүддесін қорғау мақсатындағы азаптау әрекеттерін ақтамайды. қамауға алынғандардың жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар екені дәлелденетін бола, олар заңға сәйкес жазалануы тиіс. Ал ұйымдастырушыларды табу үшін азаптауды қолдану заңсыз және ондай әрекеттер де жазаланады.

Әрине, қоғамның ұзақ тыныштығынан кейін, шынайы өмірдегі кез келген әрекет таңданушылық пен қолдауға әкеледі, әсіресе бұл сыни қарқындылыққа ие наразылық позициясы болса. Бірақ тұтқындарға жасалған дәл сол азаптаулар оларды бүгінгі күннің қаһарманына айналдырып отыр. Егер азаптаулар болмаса, онда дәріптеулер де болмас еді.

- Бұл үрдіс несімен қауіпті?

- Мен назар аударуға тұрарлық тек бірнеше тәуекелдерді ғана атай аламын. Біріншіден, бұл наразылық акциясын және оған қатысушыларды идеализациялау, ол қазір, әсіресе елімізде саяси реформалар жалғасып жатқан кезде өте қауіпті.

Бүгінгі таңда азаматтық және саяси белсенділерге өздерінің наразылық/оппозициялық ұстанымдарын көрсетуге, сонымен қатар өз құндылықтары мен идеяларын қорғауға мүмкіндік беретін көптеген басқа құралдар мен тәсілдер бар. Ал саяси белсенділіктің өсуін және саяси сауаттылықтың артуын ескере отырып, саяси күрес пен саяси белсенділіктің формалары мен түрлері бұрынғыдан да қарқынды дамып, кеңейе түседі. Сондықтан наразылық акциясына тек осы саяси күрестің бір түрі ретінде, бұл ретте қатысушыларды дәріптемей, қарастырған абзал. Алайда, оны демонизациялаудың да қажеті жоқ.

Екіншіден, қарсыластарына қарсы агрессияны және зорлық-зомбылықты қолдану. Өкінішке орай, бүгінгі билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынасқа өткеннің өте ауыр ізі таңба болып қалды. Барлығымыз білетіндей, бұл қатынастар ұзақ уақыт бойы әртүрлі қуғын-сүргіндермен және басқа пікірге қарсы зорлық-зомбылықпен қатар жүрді, нәтижесінде мемлекет пен азаматтар арасында кең тұңғиық пайда болды. Орташа және ұзақ мерзімді перспективада бұл алшақтық саяси тұрақсыздыққа әкелуі ықтимал.

Сондықтан мемлекет мүддесін қорғау жолында азаптауды қолдануды ақтауға болады деген пікірден арылу қажет. Оған тыйым салынуы тиіс! Қарым-қатынасты диалог, оймен бөлісу, пікірталас және сенім негізінде құру қажет.

- Қаңтар оқиғасынан билік және оның қарсыластары қандай сабақ алуы тиіс?

 

– Мен жоғарыда айтып кеткендей, наразылық – бұл биліктің саясатымен келіспейтінін білдірудің жалғыз ғана жолы емес, бұл саяси күрестің бір түрі ғана екенін қарсыластар ескеруі тиіс. Өз кезегінде, билік, оның ауысып тұруының нормалары жұмыс істемейтін кезде және мемлекеттің саясатына келіспеушілік білдірудің барлық басқа сындарлы нысандарына тыйым салынған жағдайда тек наразылық қана (оның әртүрлі көріністерінде) қалатынын түсінуі тиіс.

ТАҚЫРЫП БОЙЫНША ПІКІРЛЕР

Қазбек Бейсебаев, саясаттанушы:

- Әрине, бейбіт шерушілерді және полиция мен мемлекеттік органдарға шабуыл жасап, дүкендерді тонағандарды ажырату қажет. Соңғылары, әрине, жазалануы тиіс. Ал қатардағы қатысушыларға келетін болсақ, билік олардың арқасында ақырсоңында саяси реформаларға бел бұды, сөйтіп бізде «Жаңа Қазақстан» пайда болды. Бұл тұралы ұмытуға болмайды.

Меніңше, мұндай көңіл-күй (наразылыққа қатысушылады дәріптеу) қаңтар оқиғасын тергеуге қатысты түсінікті ақпараттың жоқтығы аясында пайда болады. Тергеу мүддесі үшін көптеген фактілер ашылмайтыны түсінікті. Бірақ құзырлы органдардың беріп жүрген мардымсыз түсініктемелері жауап бергеннен гөрі көбірек сұрақтар тудырады. Сонымен қатар, оның өзі жиі қауесеттердің таралуына (соның ішінде айқын нәрселерді жоққа шығару арқылы да) ықпал етеді. Мәселен, қамауға алынғандардың туыстары оларды үтікпен азаптап жатқанын айтқан кезде, кейіннен бұл фактілер расталғанына қарамастан, билік үнсіз қалуды жөн көрді. Демек, наразылық көңіл-күйінің күшеюіне және болған оқиғаның ресми нұсқасына сенімсіздіктің күшеюіне олардың өздері кінәлі болып шықты.

Әзірге қаңтар оқиғасының түсіндірмесі мынадай көрініске ие: әлеуметтік наразылық болды, содан кейін деструктивті күштер оны мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыру үшін пайдаланған. Әлеуметтік наразылыққа келетін болсақ, мұнда ешқандай сұрақтар жоқ – ол шынымен де солай болды. Бірақ бұл деструктивті күштер кімдер екен? Танымал кейіпкер Дикий Арман ба? Бірақ ббүкіл Қазақстан бойынша тәртіпсіздіктер ұйымдастыруға, тіпті үкіметті құлатуға әрекеттенуіне оның ресурстарының жеткіікті болуы екіталай. Сондықтан, қаңтар оқиғасының шынайы ұйымдастырушылары аталмайынша, қоғамның тынышталуын күтудің қажеті жоқ.

Шыңғыс Лепсібаев, Qorgau ұлттық құқық қорғау желісінің жетекшісі:

- Қайғылы оқиғадан бері алты ай өтіп кетті, бірақ бұлретте біз жаппай тәртіпсіздіктерді нақты кім ұйымдастырғанын және құрбан болғандардың нақты саны қанша екенін әлі білмейміз. Осының аясында, әрине, әртүрлі жорамалдар туындайды. Нақты есімдер жоқ жағдайда адамдар жүйеге немесе әлеуметтік теңсіздікке қарсы шыққандарды дәріптей бастайды. Ең алдымен, тергеуді логикалық қорытындыға жеткізіп, ашық сот отырысын өткізу қажет – сол кезде бұл іс өздігінен аяқлады.