Биылғы жылы Қазақ (сол кездегі Қырғыз) автономиялық республикасының құрылуының 100-жылдық мерейтойы біртүрлі тыныш өтіп кетті, алайда дәл осы сәт біздің қазіргі мемлекеттілігіміздің тарихындағы бастауыш нүкте болып табылады. Алдымен РСФСР-дің, содан кейін КСРО-ның құрамында болу қазақтардың өмірін түбегейлі өзгертті. Бүгінгі таңда бұл өзгерістер көбінесе қайғылы оқиғалар мен шығындардың үздіксіз сериясы ретінде көрсетіледі, бірақ сол кезде айтарлықтай елеулі нәрселерге қол жеткізу де болды ғой. Бұл әсіресе білім беру сияқты прогреске ұмтылатын кез-келген қоғам дамуының елеулі құрамдас бөлігіне қатысты.
Статистика тілімен
...1897 жылы өткізілген алғашқы Бүкілресейлік халық санағын ұйымдастырушылар өздеріне қойған міндеттердің бірі – империя тұрғындарының сауаттылық дәрежесін анықтау болды. Өкінішке орай, қорытынды ведомостарда жекелеген ұлттық-аумақтық құрылымдар, губерниялар мен облыстар бөлінісінде деректер жоқ, сондықтан ірі өңірлерге қатысты статистикамен шектелуге тура келеді. Сонымен, Привислин өлкесінде (онда поляктар, сондай-ақ еврейлер, немістер, литвалықтар және т.б. тұратын) 30,5 проценті сауатты, Ресейдің еуропалық бөлігінде – 22,9, Кавказда – 12,4, Сібірде – 12,3, ал Орта Азияда (бүкіл қазақ жерін қосқанда) – тұрғындардың тек 5,3 проценті сауатты болып шықты.
Бүгінгі таңда соңғы санға сенбеуге шақыратындар көп, – ол анық төмендетілген дейді олар. Скептиктердің басты дәлелдерінің бірі мынада: Ресей империясында орыс тілінде оқып, жазу білетін адамдар сауатты деп есептелді, ал Орта Азияның байырғы этностары, соның ішінде қазақтар араб тілінде білім алды, өйткені оқыту негізінен діни типтегі мектептерде жүргізілді. Бұл мәселені тереңірек қарастырып түсінейік.
Патша үкіметінің халық ағарту департаментінің мәліметтерінің негізінде жасалған «Соғысқа дейінгі 1914-1915 жылдардағы халыққа білім беру» деген ақпарат көзі бар. Онда үш санатқа бөлінетін бастауыш мектептердің саны жөнінде – министрлік (мемлекеттік), діни (шіркеулік, магометандық, еврейлік) және жекеменшік мектептер жөнінде, сонымен қатар оқушылар саны жөнінде ақпарат бар. Осы құжатқа сәйкес, сол кезде Орта Азияда барлық типтегі мектептерде оқитындардың саны шамамен 230 мың немесе әр мың тұрғынға шаққанда 20,6 болды. Жекелеген аймақтар бойынша деректер жоқ.
Отандық e-history.kz тарихи порталдағы жарияланымдардың бірінде (өкінішке орай, дереккөзге сілтеме жасалмаған) 1898-1914 жылдар аралығында Қазақстандағы бастауыш мектеп оқушыларының саны 29,1 мыңнан 101 мыңға дейін өсті. Бұл, негізінен, орыс және украин иммигранттарының балаларының есебінен болды деп ойлау керек, өйткені олардың жаппай ағымы дәл сол уақытта болған және патша әкімшілігі негізінен оқу орындарын ашқан болатын. Сол порталда: «Қазақстанның алты облысында 1897-1916 жж. халықтың механикалық түрдегі өсімі 1301,4 мың адамды құрады» деп жазылған. (Әңгіме дәл сол 1,3 миллион иммигрант жөнінде болып отыр).
Бірақ осыны ескере отырып, әр мың тұрғынға шаққандағы бастауыш мектеп оқушыларының саны 19,1 құрады – бұл жалпы Орта Азияға қарағанда аз. Ал өзбектер, сарттар, түрікмендер, тәжіктер және т.б. тұратын оның қалған аумағында иммигранттар аз болды. Осыдан келесі қорытынды жасауға болады: қазақтарда бастауыш білім алған балалардың проценті Орта Азияның басқа негізгі этникалық топтарына қарағанда едәуір төмен болды. Ресейдің еуропалық бөлігінен артта қалу (47,4) және Сібірден артта қалу (35,9) одан да елеулі мөлшерде болды. Бұл көрсеткіштер 1897 жылғы халық санағының нәтижелерін растайды. Оларды қазақстандық тарихи сайттан жоғарыда келтірілген ақпарат та (1898 жылы жаппай столыпиндық қоныс аударуға дейін бастауыш мектептерде тек 29,1 мың бала оқытылды) растайды. Бұл шамамен төрт миллион халқы бар қазақтар. Шын мәнінде, 30-40 бала арасында тек біреуі ғана оқыған.
Тағы бір миф…
Енді қазақтардың көп бөлігі араб тілінде діни оқу орындарында – «мектептерде» білім алғандығы туралы. Жоғарыда аталған дереккөзде 1911 жылғы «магометандық» немесе мұсылман мектептері мен Орта Азияның әр аймағында оқыған балалардың саны туралы бөлек мәліметтер бар. Мінеки, сол сандар.
«Магометандық» мектептер мен онда оқыған балалардың саны (1911 жылға деректер)
|
Мектептер саны |
Оқушылар саны |
Қазақ облыстары |
||
Торғай облысы |
13 |
340 |
Орал облысы |
12 |
796 |
Ақмола облысы |
31 |
1.298 |
Семей облысы |
27 |
1.514 |
Сырдария облысы |
917 |
19.812 |
Қазақ емес облыстар |
||
Каспий маңы облысы |
546 |
9.299 |
Самарқанд облысы |
2.846 |
19.039 |
Ферғана облысы |
2.650 |
40.586 |
Өкінішке қарай, тоғызыншы аймақ (Жетісу облысы) бойынша деректер жоқ. Бірақ қолымызда бар нәрсенің өзі жалпы жағдайды түсіну үшін жеткілікті.
Сол кезде ең қазақы болған аймақтар: Торғай облысы, онда біздің этностың өкілдері халықтың 90,6% құрады, және Семей облысы – 88,3%, Оралда қазақтардың үлес салмағы 71,3%, Ақмола облысында – 62,6% болды. Осы төрт облыста барлығын қоса алғанда осы типтегі 83 мектеп болды және бар болғаны тек төрт мыңға жуық оқушы – ол Ферғана мен Самарқандқа қарағанда 15 (!) есе аз, алайда халық саны шамамен бірдей болды (екі жағдайда да үш миллион адамға жуық).
Сырдария облысы ерекшеленеді: мұнда тоғыз жүзден астам «магометандық» мектептер мен жиырма мыңға жуық оқушылар болды. Мұны оның халқының ерекше құрылымымен түсіндіруге болады: үштен бірінен астамы отырықшы мұсылман халықтары – сарттар, өзбектер, қарақалпақтар және т.б., оның үстіне қазақтардың көпшілігі (70% жуығы) Шымкент, Әулие-Ата және Ташкент уездерінде тұрған, ал онда жақсы дамыған егіншілік пен исламның күшті әсері болған.
Көріп отырғанымыздай, қазақ халқы мекендейтін аумақтың негізгі бөлігінде мұсылман «мектептері» кең таралмаған. Сірә, бұл көшпелі өмір салтымен де (мұндай жағдайда мектептердің ашылуы қиын) және исламның салыстырмалы түрде әлсіз енуімен байланысты болды. Сондықтан да, бүгінгі күні «революцияға дейін көптеген қазақтар араб тілінде білім алған» деп жиі айтылатын сөздер, жұмсақтықпен айтқанда, сенуге жарамсыз болып көрінеді.
Енді білім беру жүйесінің орта сатысына келетін болсақ. Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына дейін бүкіл Орта Азияда оқушылар контингенті тиісінше 10.204 және 1.387 болатын 28 гимназия (көбінесе әйелдерге арналған) және 5 нақты (реальное деп аталатын) училищелер болды. Бұл негізінен орыс иммигранттарының балалары болды деп ұйғару қажет. Ал жоғары оқу орындары бүкіл үлкен аймақта мүлдем болған жоқ. Мысал үшін, сол кезде Украина провинцияларында бес университет, Сібірде – үш, Закавказьеде – бір университет жұмыс істеді. Саратов пен Қазанда да университеттер болды... Мен тіпті Санкт-Петербург пен Мәскеу туралы айтпаймын.
Бәлкім, біреулер жоғарыдағы сандармен келіспейтін болар. Бірақ басқа қандай да бір сенімді деректер жоқ – өйткені қазақ даласында мұндай зерттеулер ол кезде жүргізілген жоқ, статистика және мұрағат ісі, егер мүлдем болмады деп айтпасақ, жаңадан пайда бола бастаған. Айтпақшы, бұл да Қазақстандағы революцияға дейінгі кезеңдегі білім берудің өте төмен деңгейінің қосымша дәлелі бола алады.
Салыстыру үшін сол кезде отаршылдық тәуелділікте болған бірқатар басқа елдерді келтірейін. Үндістанда 19 ғасырдың аяғында 25 колледж және бірнеше университеттер ашылды. Алжирде бірінші университет 1909 жылы пайда болды, Филиппинде – одан бір жыл бұрын... Басқаша айтқанда, біз, қазақтар, Ресей империясында ғана емес, бүкіл әлемде айқын аутсайдерлер қатарында болғанбыз.
Бәрі де салыстыру арқылы айқындалады
Кеңес өкіметін жақтырмауға болады, оны тіпті қарғау үшін де бізде белгілі бір негіздер бар. Алайда, оның білім беру мен халықтың білім деңгейін көтеру үшін не істегенін шамадан тыс бағалау қиын. Иә, бұл ретте ол өзінің мақсаттарын да (саяси, идеологиялық, экономикалық, милитаристік) көздеді, бірақ біз үшін ең бастысы өзімізге айырылмас нәрсе болып қалды: КСРО құрамында болған уақыт ішінде қазақ халқы алдымен білім беру, содан кейін мәдени және ғылыми салада теңдессіз серпіліс жасады.
Мен «үлкен жолдың кезеңдерін» тізімдемеймін – олар бәріне белгілі. Мен тек екі қорытынды фактіні келтіремін. 1989 жылғы мәліметтерге сәйкес, КСРО-да 15 жастағы және одан асқан әр мың адамға орта (толық және толық емес) білімі бар 812 адам болған. Қазақстанда бұл көрсеткіш 838-ді құрады. Салыстыру үшін: РСФСР-де – 806, Украинада – 794. Әсіресе жоғары оқу орындарында білім алған қазақ жастарының сан жағынан өсуі ерекше әсер қалдырады. 1985 жылға қарай қазақтар арасында әрбір 10.000 адамға есептегенде студенттер саны 232-ге жетті, орыстар – 203, әзірбайжандар – 157, өзбектер – 137, ал жалпы құрлықтың алтыдан бір бөлігін алып жатқан орасан зор ел бойынша – 188. Сандар жыл сайынғы «Народное образование» деп аталатын статистикалық жиынтығында қамтылған мәліметтер негізінде шығарылады. Ал сол кезде, бүгінгі күнге қарағанда, Қазақстанда шынайы жоғары оқу орындары және шынайы конкурстық іріктеу болды – оларға оқуға түсуге мектеп түлектерінің тек төрттен бір бөлігі ғана үміттене алатын. Ия, әрине, олар Мәскеудегілерден, Новосибирсктегілерден төмен болды, бірақ көп жағдайда олар сапалы білім берді.
Сонымен қатар, аталған «отарлаудан кейінгі» Үндістан мен Алжирде 10.000 адамға шаққанда студенттер саны сол кезде тиісінше 55 және 89 құрады, ал, айталық, Түркияда – 71, Қытайда – 19, социалистік Польшада (шын мәнінде, қазақ өлкесі ғасырдың басында сауаттылық деңгейі бойынша үмітсіз ұтылып қалған сияқты болып көрінген сол Привислин губерниялары) – 94. Ұлыбритания, Германия, Франция сияқты дамыған еуропалық державаларда ол 112-ден 162-ге дейін болды. Тек АҚШ пен Канада бізден асып түсті.
Мүмкін кеңестік білім, әсіресе жоғары оқу орындарында, сол кезде бізге айтқандай әлемдегі ең жақсы емес болған да шығар. Бірақ бүгінде кейбіреулердің «олар бәсекеге қабілетсіз» деген полярлық көзқарасы шындықтан алыс сияқты. Жалпы алғанда, салыстырмалы талдау жасау үшін объективті сапалық параметрлер жоқ болғандықтан, бұл тақырыптағы пікірталастар мағынасыз. Алайда, сауаттылықтың жалпы деңгейі, балалар мен жасөспірімдерді мектептегі, орта арнайы және жоғары біліммен қамту проценті тұрғысынан, кейінгі КСРО тіпті дамыған елдердің басым көпшілігінен асып кететін. Басқа мәселе – онда оқыту тым идеологияланған болды (айтпақшы, бұл әлеуметтік ғылымдардың – экономика, философия, заңтану, әлеуметтану, шет тілдерін игеруге айтарлықтай кедергі келтірді, ал нақты және техникалық пәндерді оқыту сапасы әлемдегі ең жоғары деңгейлердің бірі болды), сонымен қатар алған білімді іс жүзінде тиімді қолдануға бола бермейтін. Бірақ тұтастай алғанда кеңестік білім беру жүйесі жалпыпланетарлық деңгейде лайықты болып көрінді. Қазақтар небәрі 70 жыл ішінде Ресей империясының ашық аутсайдерлерінен Кеңес Одағы халықтары арасындағы көшбасшылар қатарына шығып, өз кезегінде әлемдегі ең білімді елдердің біріне айналғанын қымбат бағалауға тұрарлық.
Үлкен өкінішке орай, бүгінгі күні біз тоқтаусыз кері бағытта қозғалып келеміз…