Жақында, 7 қараша күні, Ресей империясының және оны мекендеген халықтардың, оның ішінде қазақтардың да өмірін түбегейлі өзгерткен 1917 жылғы революцияның кезекті мерейтойы аталып өтті. Бірақ ол өзгерістер негізінен сол кезде билікке келген нақты тарихи тұлғалармен байланысты болды. Сөз, ең алдымен Ленин мен Сталин жөнінде болып отыр. Жақында «Левада-центр» жүргізген социологиялық сауалнаманың барысында қойылған сұрақтарға жауап берген ресейліктер өткеннің ең көрнекті қайраткерлері ретінде дәл соларды атады. Оның үстіне Сталин сауалнама нәтижесі бойынша Ұлы Петрді (Бірінші Петр) және басқаларды айтпағанда, Лениннен де озып кетті. Ал қазақ тағдырындағы оның рөлін қалай бағалауға болады? Осы мәселеге қатысты өз пікірін білдіруді біз тарих ғылымдарының кандидаты Болат Асановтан өтінген едік.
Ашаршылық және Қазақ КСР құрылуы
- Қазақтардың Сталинге басты жақтырмаушылығы 1930 жылдардың басындағы жаппай ашаршылықпен байланысты. Сол жағдайда оның кінәсінің деңгейі қандай?
- Бұл туралы жан-жақты тек тарихшылар барлық мұрағаттарға қол жеткізгеннен кейін ғана айтуға болады. Ал әзірге, өкінішке орай, олардың көпшілігі жабық күйінде қалып отыр. Осыған қарамастан, бұл қайғылы тақырыпты қарастырған кезде, ең алдымен, Сталиндік КСРО-да ештеңе мақсатсыз жасалмайтындығын және бастама жазаланатындығын ескеру қажет. Тиісінше, жергілікті билік партияның негізгі бағытын сөзсіз ұстанған болатын. Демек, республиканың сол кездегі басшысы Филипп Голощекиннің де, оның қарамағындағы жергілікті партияның қызметкерлері арасынан шыққан қазақ-функционерлерінің де іс-әрекеттері жоғарыдан түсірілген бұйрықтарды сөзсіз орындаған адамдардың іс-әрекеті ғана болып табылады.
- Не үшін Сталин Голощекинді, ал содан кейін республика басшысы ретінде тағайындалған оның мұрагері – Мирзоянды ату жазасына аттандырды? Бұл олардың Қазақстандағы қызметімен қандай да бір түрде байланысты болды ма?
- Әрине, бұл өзара байланысты. Олар республикадағы нақты жағдай туралы, мұның не нәрсеге әкелетіні жайлы көп білетін және Сталинге ақпарат жеткізуге тырысқан да шығар. Бірақ ол қазақтар өз малын жасырып жатқанын, олардың малдарын тартып алу үшін қосымша шаралар қажет деп баяндаған Анастас Микоянға көбірек құлақ түрген болатын.
- Сіз қалай ойлайсыз, бүгінгі күні кейбіреулер айтып жүргендей, Сталиннің қазақ халқының санын қысқартуға ниеті болды ма?
- Менің ойымша, оның «қазақтардың мәселесін түпкілікті шешу» туралы жоспары бар болған жағдайда да, біз бұл туралы қашан да болмасын білуіміз екітіліай. Қазір белгілі болғандай, орталықтан жеке тұлғаларға жолданған хаттар мен жазбалар дереу Орталық Комитетке қайтарылып, содан кейін жойылып тасталатын. Ал ол жазбаларда қандай нұсқаулықтар болғанын біз тек қана болжай аламыз – олар мүлдем мейірімсіз және тым қатыгез сипатта болуы әбден ықтимал.
- Қазақ автономиясы кеңес үкіметін Ленин басқарған тұста құрылды, бірақ оның аумағы, былайша айтқанда, қалыптысқан нысанына, ол қайтыс болғаннан кейін ғана ие болды. Бұл жерде Сталиннің рөлі қандай болды?
- Бұл рөлді шешуші рөл деп атауға болады. Мәселен, 1924-1925 жылдары республиканың маңызды аумақтары Өзбек КСР мен РКФСР-ға берілген болатын, атап айтқанда, Ташкент және Орынбор қалалары. Біраз уақыттан кейін, 1930 жылы, Қарақалпақстанды Қазақстаннан бөліп алып, алдымен РСФСР-ға, содан кейін – Өзбекстанға берді. Тұтастай алғанда, жалпы ұлттық-территориялық межелеуге келетін болсақ, оны Сталиннің өзі, жеке түрде жүзеге асырғанын түсіну керек, ол жөнінде оның ең жақын серігі Вячеслав Молотовтың куәгерлігі бар. Бұл біріншіден. Ал екіншіден, Қазақстан осы жоғары мәртебеге тек 1936 жылы ғана (осы жоғары статусқа сонау 1925 жылы ие болған Орталық Азия республикаларында жергілікті ұлттандыру процесі аяқталып болғаннан кейін) одақтық республикаға айналды. Яғни, бұл уақытқа дейін барлығы реттеліп, толығымен қалыптасқан формаларына ие болған.
- Соған қарамастан, Қазақстан да одақтық республика мәртебесіне қол жеткізді. Осы шешімді қабылдауда Сталин үшін қандай себептер түрткі болды? Шынында да, сол уақытқа таман мұнда жергілікті халықтың үлесі 40 процентке дейін төмендеді ғой...
- Менің ойымша, ол, біріншіден, Қазақстанның Орталық (Орта) Азиядағы мұндай мәртебеге ие болмаған жалғыз республика болып қалуын басшылыққа алған. Екіншіден, қазақ мемлекеттілігінің дамуын жасанды түрде тежеудің негізгі міндеттерін сол кезге таман Сталин шешіп қойған болатын. Үшіншіден, ашаршылық өз түзетулерін енгізді: бұрынғы кезде, 19 ғасырдың соңында, қазақтар Ресей империясындағы алтыншы ұлт және Орталық Азиядағы ең ірі этнос болып, өз санынан елеулі түрде айрылған жағдайға қандай да бір түрде жауап беру қажет болды. Дүниежүзілік коммунистік және ұлт-азаттық қозғалыстардың алдында, сондай-ақ өркениетті дүниенің алдында да қалай да болмасын ақталу керек болды.
Жағымды және жағымсыз
- Сталин қазақ саясаткерлері, ғалымдары және мәдениет қайраткерлері арасынан кімдерді ерекшелендірді?
- Саясаткерлерді... Сталиннің біздің басшыларды саясаткер деп есептегені екіталай (бұл сипатта ол тек өзін ғана мойындаған болатын), өйткені олардың бір-біріне қарсы үнемі айыптау жазуына ол үйретін кеткен. Мәдениет қайраткерлерінің арасынан ол Жамбыл Жабаевты, әсіресе Ежов батыр туралы жыры үшін, білген болса керек. Сондай-ақ КСРО Ғылым академиясының академигі Анна Панкратованың редакциясымен жазылған және 1943 жылы басылып шығарылған «Қазақ ССР тарихымен» не болғанын, ВКП(б) Орталық Комитетінде өткен тарихшылардың кеңесін, 1944 жылы мамырда репрессияға ұшыраған профессор-тарихшы Ермұхан Бекмахановты еске алуымызға болады.
Сонымен қатар кеңестік оқулықтар бойынша біз Шота Руставелидің «Витязь в тигровой шкуре» (Жолбарыс терісіндегі витязь) шығармасын, Тамара патшайымның ерліктері мен Давид патшаның істерін, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының маңызды шайқастарының бірі ретінде Багратион операциясы аталып өткенін еске сала кеткеніміз жөн болады. Бұл жерде ешқандай жаман нәрсе жоқ – білім алу негізінде маңызды, тек өкініштісі, қазақтардың тарихы құрметтелмеген, оған тыйым салынған деп айтуға болады. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана, әсіресе соңғы кезде, қазіргі мемлекет басшысының бастамаларының арқасында біз, мысалы, Жошы ұлысын, Алтын Орданы байыппен зерттей бастадық. Сталиннің кезінде, тіпті кейінірек те бұл тақырыпқа тыйым салынғанын айтудың қажеті бар ма? Тағы бір ауыр тақырып – Қазақстандағы қазақ тілінің жай-күйіне байланысты жағдай. Ал сонымен қатар сол Грузияда оның байырғы халқының тілі 1922 жылы мемлекеттік тілге айналып, КСРО өмір сүрген бүкіл кезеңде солай болып келді. Яғни, біреулерге Сталин туған әке болып, ал қазақ халқы үшін – зұлым өгей әке болған.
- Жалпы алғанда, қазақ тағдырындағы сталиндік билік дәуірін сіз қалай бағалар едіңіз? Бұл кезеңде олар үшін не көбірек болды – жағымды нәрселер ме әлде жағымсыз ба?
- Жағымды жақтарына – республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы табыстар, білім беру, медицина және т.б. жетістіктерге келетін болсақ, олар бүкіл КСРО-ға ортақ болды және ең алдымен Ұлы Октябрь социалистік революциясымен, Ленинның есіммен және кеңес өкіметімен байланысты болды. Оның үстіне, мұны бір жақты қозғалысы бар көше деп есептеуге болмайды. Өйткені, Қазақстан ешқандай «жасаусыз қыз» болған емес – республиканың қазынасының байлығына тек қызғанышпен ғана қарауға болатын еді. Қазақтың мал шаруашылығын еске түсірейікші: соның арқасында бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ресейде азық-түлікке қатысты үлкен проблемалар болған жоқ – азық-түлік карточкалары тек 1917 жылы ғана енгізілді. Қазақтар республиканың басқа тұрғындарымен қатар КСРО-ның күш-қуатын құруға қатысты. Ел экономикасын мүлде жаңа деңгейге көтеріп отырып, оны құрды. Ұлы Отан соғысы жылдары кезінде Қазақстан майданды тек жауынгерлермен қамтамасыз етіп қана қоймай, барлық қажетті заттармен де қамтамасыз етті. Алайда, неліктен екені белгісіз, көпшілігі тек «Ленд-лиз» туралы ғана айтып, кем дегенде батыстық көмекпен салыстыруға болатын қазақстандықтардың қосқан үлесін мүлде елемейді.
- Сталиншілер сізді «қос стандарттылық»: сол кезеңде орын алған қазақ өміріндегі жағымды өзгерістерге оның еш қатысы болмағандай, сіз тек қана жағымсыз жайттардың барлығын Сталинмен байланыстырасыз деп айыптайды. Алайда дәл оның тұсында және оның тікелей басшылығымен мәдени революция орын алған болатын, қазақтардың білім деңгейі күрт көтерілді, алғашқы университеттеріміз, ғылымдарымыз, театрларымыз, медициналық мекемелердің кең желісі пайда болды... Сіз бұған не жауап қайтарасыз?
- Ең алдымен, мен сталинизмнің қаупі бар деп есептемеймін. Бұл тек мұндай теорияның болмағандығы үшін ғана емес. Менің көзқарасым бойынша, әртүрлі сауалнама жүргізілген кезде, Сталиннің қызметіне оң баға беретін адамдар «күшті қол» және тұрақтылық деп аталатын заманды сағынышпен еске алады. «Социализм құрудағы жетістіктері» үшін қазақтар төлеуге мәжбүр болған сұмдық құн (ұлт жойылуға таяп қалған еді) өзін сталиншіл деп атағанның өзінде де, ақылға қонымды барабар баға деп шын жүректен сенеді деп ойламаймын.
Екінші жағынан, сіз қандай жақсы жаққа қарай өзгерістер туралы айтып отырсыз? Ана тілге, тарихқа қатысты тіпті біздің заманымызда да әлі дұрыс шешімін таппаған мәселелерді есімізге түсірейікші. Әрі қарай жалғастыруға болады... Мысал үшін, Таяу Шығыстың кейбір елдері тәуелсіздік алып және мұнай кен орындарын ашқаннан кейін, өз мамандары жоқ бола тура және жалпы алғанда төмен білім деңгейіне ие болғанына қарамастан, салыстырмалы түрде қысқа мерзімде өркендеуге қол жеткізді.
Ленин және Сталин
- Егер мен дұрыс түсінген болсам, сіз Ленин және Сталин сияқты қайраткерлерге мүлдем әр-түрлі баға бересіз, тіпті оларды бір-біріне қарсы қойғандай болып отырсыз. Біріншісі өмірден ерте, 53 жасында қайтты. Таза гипотетикалық түрде, ол тағы он жыл - 1930 жылдардың басына дейін – өмір сүріп, КСРО басшысы болып қала берді делік. Ондай жағдайда, сіздің ойыңыз бойынша, Ашаршылық сияқты қасірет болмас па еді?
- Менің ойымша, бұл мүлде мүмкін емес болар еді. Өйткені Ленин – нағыз данышпан болған, оның адамзат алдындағы сіңірген еңбегі жалпыға белгілі. Оның істегені – орасаң зор. Барлық істегеніне қоса, Ленин – дүниедегі алғашқы социалистік мемлекеттің, жұмысшылар мен шаруалардың мемлекетінің, негізін салушы. 1960 жылдардағы «жылымдық» толқынында, ал одан кейін қайта құру жылдарында Ленинге орала бастады. Ал Сталин, шын мәнінде, большевиктердің серіктесі болып, сол қалпы марксистке дейін өсе алмады. Менің көзқарасым бойынша, ол – оппортунист.
Оның кейбір істері мен «жетістіктерін» еске түсірейікші. Ол КСРО-ны басқарған кезде еліміздің әр аймағында табиғи апаттар, құрғақшылық немесе басқа да объективті факторлардың салдарынан емес, тек биліктің кінәсінен миллиондаған адамның өмірін қиған жаппай ашаршылық орын алды. Бірнеше жыл өткеннен кейін, 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргін кезінде Қызыл Армияның, Әскери-теңіз флотының, НКВД-ның үздік кадрлары жойылған болатын.
Немесе соғыстың алғашқы айларын еске түсіріңіздерші, ол кезде Қызыл Армия негізінен Сталиннің кінәсінен, оның әскери істегі дәрменсіздігінің кесірінен және қарсы сөз айтуға жол бермейтін басқару тәсілінен ауыр жеңіліске ұшырады. Осының барлығы соғыстан 4 жылға созылып кетуге әкеліп соқты, орасан зор адам шығынына, Қызыл Армияның Франция, Германия, Италия сияқты Еуропаның ең дамыған елдерін азат етуге немесе ол жерлерде бақылау орнатуға «кешіккеніне» әкелді...
Германия туралы айтқанда, мен сол елдің батысындағы қуатты өндірістік-шаруашылық кешені бар оның бүкіл аумағын айтып отырмын, ол, өздеріңіз білетіндей, одақтастардың оккупация аймағына айналып кеткен. Алайда бұл елдерді КСРО-ның қол астына алу, әлемдік революцияны жүзеге асырудың, математиктер айтатындай, қажетті және жеткілікті шарты болар еді. Бұл жерде сөз мұның жақсы немесе жаман екендігінде емес, Маркстің идеясы осындай болғандығы жөнінде болып отыр. Атап айтқанда, дәл сол марксизм социалистік мемлекет ретінде КСРО-ның негізгі қаруына айналды.
- Сіздің көзқарасыңыз бойынша, қазір Ресейде байқалып жатқан Сталинді ақтау әрекеттерінің, шын мәнінде, себебі немен байланысты? Сіз бұдан қауіп көріп тұрсыз ба? Егер солай болса, бұл қауіп неде? Бұл Ресей мен Қазақстан арасындағы өзара қарым-қатынастарға қалай әсер етуі мүмкін?
- Құдайға шүкір, бұл мемлекеттік деңгейде болып жатқан нәрсе емес, дегенмен кейбір федералдық ресейлік телеарналар барған сайын жиілетіп Сталинді идеал дерлік билеуші ретінде көрсетуде. Бірақ, қайталаймын, онымен көбінесе жеке түрде айналысып жатыр. Ресей, бәлкім, жай ғана өзінің ұлттық қаһарманын іздеуде шығар. Кинода біресе Колчак, біресе Сталин... Ресейдің ұлттық қаһармандары дәрежесіне көтерілу үшін, өзінің таза қазақы бет-бейнесі мен тамыры бар «Ақ қозғалыстың» жетекшісі генерал Лавр Корнилов, нағыз патриот және азамат, көрнекті қайраткер болғанына қарамастан, оған лайық емес... Қалай болғанда да, Бірінші дүниежүзілік соғыстағы Ресей армиясының Жоғарғы бас қолбасшысы лауазымында Ұлы Отан соғысы кезіндегі Кеңес Одағының Жоғарғы Бас қолбасшысы генералиссимус Сталиннен айырмашылығы, инфантерия (жаяу әскер) генералы Корнилов өзінің орнында болды. Менің ойымша, Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасының іргетасы жеткілікті берік және қазіргі кез келген саяси жағдайға тәуелді емес. Біздің президенттеріміздің достығын да еске түсіруге болады. Осының барлығы біздің елдеріміздің өткеннің қорқыныштарына, тіпті таза теориялық тұрғыдан да, орын жоқ жарқын болашаққа бағдарланғанына сенім ұялатады…