Интернет пайда болғанға дейін теледидардан, радиодан немесе таныстарынан естілген қандай да болмасын ақпараттың қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін тексеру үшін адамдарға көптеген энциклопедияларды және анықтамалық кітаптарды ақтарып шығуға тура келетін. Бүгінгі күнге келетін болсақ, кез келген адам «дүниежүзілік желілік құрылымға» қол жеткізудің арқасында, бұл міндет әлдеқайда жеңілдетілген сияқты. Бірақ, керісінше, Интернет фейктердің үлкен массивін тудырды, көптеген адамдар олардың шындыққа сәйкес келетінін немесе келмейтінін, ал егер солай болса – қаншалықты дәрежеде екенін анықтауға әрекеттенбестен сене береді. Неліктен осылай болып жатыр және «ақпараттық гигиенаны» ұастану қаншалықты маңызды?
Біз қандай нәрселерге және неліктен сенеміз?
Келіп түсіп жатқан ақпараттың барлығын болмаса да, бірақ оның көпшілігінің сенімділігін тексеру қиын емес сияқты: кез келген іздеу жүйесіне сәйкес сұрауды енгізіп, содан кейін ұсынылған бірнеше сілтемені басу жеткілікті. Содан кейін бірқатар параметрлер арқылы ол ақпарат шындық па, жоқ па – өзіміз үшін анықтау мақсатында немесе, кем дегенде, бұл мәселе немесе факт соншалықты бір мәнді емес екендігін, сонқықтан тереңірек зерттеуді қажет ететінін түсіну қажет. Бірақ шын мәнінде миллиондаған адамдар теледидардан, интернет-басылымдардан, әлеуметтік желілерден алынған ақпаратты бірден қабылдауға немесе, керісінше, үзілді-кесілді бас тартуға дайын болуында. Ал мұндай адамдар Қазақстанда, өкінішке орай, барған сайын көбейіп жатыр.
Бәлкім, мұнда адам психологиясы ең басты себеп болуы ыықтимал – біз жай ғана қалыптасқан дүниетанымымызға сәйкес келетін нәрселермен бірден келісіп, ал оған қайшы келетін нәрселерден ойланбастан бас тартамыз. Мысалы, вакцинациялануға қарсы адамдар кез келген жалған ғылыми ақымақтыққа, соның ішінде вакциналар адамдарды өлтіруге немесе оларды ауру адамға айналдыруға арналған деген әңгімелерге сөзсіз сенуге дайын (атап айтқанда, вакциналар балалардағы аутизмге әкеледі деген нұсқа өте кең таралған).
Олар кәсіпқойлардың – ғалымдардың және мамандардың пікірін, шамасы, олар да әлемдік фармацевтикалық (және мүмкін тек фармацевтикалық ғана емес) қастандықтың бір бөлігі деп есептей отырып мүлдем елеусіз қалдырады. Тіпті дәл іс жүзінде осындай вакциналармен ғалымдар әлемді көптеген аурулардан, соның ішінде өлімге әкелетін аурулардан арылтқанын дәлелдейтін анық факті де вакцинацияға қарсы адамдардың жағдайына ешқандай әсер етпейді: олар ғылымға түбегейлі сенбейді, ал бірақ оларға сенбеушілікті қолдап отыратын фейктерді қуана-қуана қабылдайды.
Одан басқа бір себеп ретінде сонымен қатар үздіксіз келіп түсіп жатқан ақпарат көлемін атап кетуге болады. Көбінесе, шынында да, оны бастан аяғына дейін тексеруге уақыт жетіспейді. Бірақ мұндай жағдайларда асығыс қорытынды жасамай, анау және мынау қызығушылық тудырады екен, кейінірек тексеру қажет деп ойша «белгі» қою қисындырақ болар еді. Сонымен қатар, көптеген адамдарға ақыл-ой жұмысын, күрделі ойларды қажет етпейтін осындай «жауаптар» ұнайды. Сондықтан да біз «сұр түстің» көптеген реңктерін іздеместен, әлемді «қара» және «ақ» деп бөлуді жөн көреміз. Мысалы, біздің азаматтардың арасында кеңінен таралған Қазақстанды «жаман үкімет» және «жақсы халық» деп екіге бөлуді дүниеге деген жеңілдетілген көзқарасқа құштарлықпен түсіндіруге болады. Алынған ақпаратқа қатысты да дәл сондай жағдай орын алып отыр.
Ең маңыздысы – дереккөз бе?
Өзімізді фейктерден қалайша қорғауымызға болады? Қандай да болмасын ақпаратты тексерудің ең жылдам, бірақ ең сенімді емес әдісі – ол ақпараттың көзімен танысу. Алайда, мұнда абсолютті бейтарап және адал басылым біздің әлемде өте сирек кездесетін жануар екенін түсіну өте маңызды. Тіпті ең танымал және беделді болып көрінетін ресурстар да кейде жалған немесе, кем дегенде, нашар тексерілген ақпаратты жариялайды, әсіресе жаңалықтар секунд сайын дерлік пайда болып тұратын болса. Сонымен қатар, тіпті нақты фактілерді мүлде әртүрлі етіп көрсетілуі ықтимал.
Сондықтан жылдар бойы жинақталған жақсы беделі бар болғандықтан ғана қандай да болмасын дереккөзге толық сенуге, әрине, болмайды. Бірақ бұл ереже қарама-қарсы жағдайда да жұмыс істейді: егер хабарлама немесе пікір күмәнді немесе «жалданып алынған» ресурста пайда болса, бұл оны дереу фейк деп жазуға себеп болып табылмайды. Бұл жайт – кез келген ақпарат, әсіресе маңызды ақпарат, тексеруді қажет ететінін білдіреді. Ал егер ол «салмақты» әлемдік немесе жергілікті басылымдарда жарияланған болса (мысалы, жаңалық тек белгілі бір елдің тұрғындарына арналған, бірақ одан тыс жерде іс жүзінде қызықсыз болған жағдайларда), онда белгілі бір тұжырымдар жасауға негіз бар.
Сатиралық және сатираға жақын ресурстар жөнінде бөлек айтып кеткеніміз жөн болар. Мысалы, орыстілді ортада танымал «Панорама» ақпараттық агенттігі – жұртшылық көптен бері, айталық, оның мән-жайына көз жеткізген, сондықтан бүгінде ол шығарған «жаңалықтарды» санаулы адамдар ғана шындық ретінде қабылдайды. Оның қазақстандық аналогтары – Qaznews24-те және Qazinform24-те жағдай біршама басқаша. Осы ресурстардағы кейбір «жаңалықтарды» біздің азаматтарымыз (біреулері шын жүректен сене отырып, ал кейбіреулері бұл шындық емес екенін біле тұра) әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қайталап таратып, талқылап, ренжіп отырғанын, т.б. жиі көруге болады.
Атап айтқанда, Chocofamily холдингінің басшысы Рамиль Мухоряповқа қатысты жанжалдан кейін Qazinform24 белгілі қазақстандық блогер Әлішер Елікбаевтың «сөздерін», ол мынадай хабарлама (орфографиясы мен тыныс белгілері сақталған): «Біз қазақтар, мойындауымыз керек, шын мәнінде онша мәдениетті емеспіз» - жазған деп жариялады. Бұл «дәйексөздің» скрины әлеуметтік желілерде белсенді түрде таратылып кеткен (мұны кім жасағаны белгісіз – өздері де осыған сенгендер ме әлде жағдайды одан сайын өршітуді мақсат еткен адамдар ма). Ашулы пікірлерді Instagram желісіндегі Qazinform24 парақшасында жарияланған мақаланың астынан да оқуға болады, адамдарды тіпті «Қазақстанның фейк жаңалықтары. Сатира, ирония, сарказм» деп жазылған сөздер де ойландырмады.
Айтпақшы, бұл ресурста пайда болатын көптеген жарияланымдар шындығын айтсақ, сатираға онша ұқсамайтыны жайлы айтып өткен жөн. Ал Qaznews24 арнасында «сатирикалылық» әлдеқайда көп, соның салдарынан жоғарыда сипатталған оқиғалар сирек кездеседі –мұның бәрі «қалжың» және «әзіл үшін жасалған» екенін аудиторияның негізгі бөлігі түсінеді.
«Бәрі өтірік айтады»
Көп жғдайларда ақпараттық ресурстар таза фейкпен емес, манипуляциямен айналысады. Әсіресе бұл мақаланың тақырыбын жасау кезінде жиі орын алады, сол әрекеттердің арқасында кейбір маңызды ақпаратты жасыру арқылы мақаланың үлкен «клик-бейніне» қол жеткізуге болады.
Жалғыз ғана мысал. Қазан айының соңында кейбір интернет басылымдар «19 жастағы қазақстандық қыз Apple Music топ-парадында көш бастады» деген тақырыппен жаңалық жариялады. Алайда, сілтемені басқан кезде әңгіме «Үздік 100: Қазақстан» чартын білдіретіні анықталады. Ал бұл – мүлдем басқа нәрсе дегендей. Бірақ көбісі жай ғана тақырыптың атауын оқи салысымен (көпшілігі дерлік осылай жасайды – кем дегенде, әртүрлі жаңалықтардың астындағы пікірлер дәл осылай дейді) біздің отандас қызысмыз әлемдік чартта №1 атанды деп ойлап қалуы ықтимал.
Иә, бұл «шындықпен айла-шарғы жасау» әлеуметтік маңызды тәуекелдерді тудырмайтын, жай ғана адастыратын жағдай, бірақ онша зиянсыз емес мақсаттар көзделетін көптеген мысалдар келтіруге болады. Оған қоса айта кету керек нәрсе, өте эмоционалды тақырыптар адамның ең жағымды эмоцияларына да, сонымен қатар ең жағымсыз эмоцияларына да әсер ете отырып, өзіне ерекше назар аудартуға лайық. Көбінесе бұл фейк немесе, кем дегенде, «шындықпен айла-шарғы жасаудың» көрсеткіші болып табылады.
Көп жағдайларда адамдар әлеуметтік желілерде танымал тұлғаларға тиесілі деп көрсетілген «ойлар» мен «пікірлерге» сенеді. Бұл әсіресе Twitter-де кеңінен таралған. Саясаткерлердің, үгіт-насихатшылардың және т.б. көпшілікке танымал адамдардың атынан жазылған сөздерді кездестіруге болады. Білімді адамдар осындай фейктерді бірден анықтауы мүмкін (мысалы, көк түсті растау белгісінің немесе өз атына ешқандай қатысы жоқ сияқты көрінетін оғаш лақап никнеймі), ал қалғандары, шамасы, өз өмірінің қымбат секундтарын осыған жұмсауды қаламайтын сияқты.
Ең қиыны – түрлі қақтығыстар, әсіресе әскери қақтығыстар кезінде қайсысы ақиқат екенін, қайсысы өтірік екенін анықтау. Біріншіден, мұндай қарама-қайшылықтардың барлық жақтары фейктерді үлкен мөлшерде жасайды. Екіншіден, ақпараттың растығын тексеру өте қиын, кейде ол тіпті мүлде мүмкін емес. Соған қарамастан, әлеуметтік желілердің қазақстандық сегментінде сол бір ресейлік-украиндық қарулы қақтығысқа баға беруде полярлық позицияларды иеленген отандастарымыз ашық насихаттық-фейктік сипаттағы хабарламаларды ешбір ойланбастан таратып жатқанын күнделікті көріп жүрміз: кейбіреулер тек ресейшілдік ақпарат пен дереккөздерді ғана пайдаланады, ал басқалары – тек украиншылдық ақпарат пен дереккөздерді ғана пайдаланады, ал қалған дереккөздердің барлығын елеусіз қалдырады.
Мұндай жағдайларда, доктор Хаустың аттас сериалдан: «Барлығы өтірік айтады» деген негізгі ережесін есте сақтай отырып, келіп түскен ақпаратқа барынша күмәнмен қарау керек сияқты. Ал, айталық, текетірестің бір жағы 1000 жауынгерінен айырылғанын мәлімдемеген болса, ал екіншісі 5000 өлтірілген жау туралы айтып жатса, онда, сірә, шынайы санды осы екі өрсеткіштің ортасынан іздеу қажет. Оның үстіне әрқашан есте сақтайтын нәрсе – соғыс кезінде үгіт-насихат өз азаматтарына, одақтастарына, сондай-ақ қарсыластарына ғана бағытталғанын, бірақ бөгде адамдарға мүлдем бағытталмаған.
Айтпақшы, жанжалдардың барлық түрлері (жеке адамдар арасындағы, бір ел ішіндегі топтар арасындағы немесе мемлекеттер арасындағы) әртүрлі көздерден, соның ішінде әртүрлі тараптарға жанашырлықпен қарайтын ақпарат көздерінен алудың қаншалықты маңызды екендігінің жарқын мысалы болып табылады. Бірақ, өкінішке орай, адамдар көп жағдайда идеологиялық, психикалық жағынан жақын, өзіне жағымды немесе ұстанымын қолдайтын ресурстарды ғана пайдаланады. Нәтижесінде олар әлемнің қатты бұрмаланып қалған бейнесін алады.
Осылайша, егер кез келген ақпаратқа, барлық ұнатуларыңыз бен ұнатпауларыңызды шетке ысырып тастап белгілі бір дәрежеде күмәнмен қарайтын болсақ, оны кем дегенде минималды тексеруден өткізсек, онда өзімізді көптеген жалған ақпараттардан қорғай аламыз. Бұл қаншалықты қажет екендігін, әркім, әрине, өзі шешеді. Бірақ ойдан шығарылған дүниеде өмір сүргеннен гөрі шынайы әлемде өмір сүру әлдеқайда жақсы емес пе?