Түркияда және Сирияда орын алған оқиға жайлы бүкіл әлем қайғырып отыр, өйткені жойқын жер сілкінісінің нәтижесінде 42 мыңнан астам адам қаза тапты. Осыншама ауыр шығынның себептерін сарапшылар кейінірек анықтайтын болады, бірақ алдын ала болжам сейсмикалық процестерден басқа үш негізгі факторға – сапасыз құрылысқа, адамдардың бейғамдығына және құзырлы органдардың салғырттығына байланыстырып отыр.

Өлімдерге әкелген салдары

Тарих әлемнің әртүрлі қалаларында күштілігі бойынша бірдей жер асты дүмпулерінің мүлдем әртүрлі салдары болған жөнінде көптеген мысалдарды біледі. Мысалы, 1994 жылы Лос-Анджелесте орын алған 6,8 баллдық жер сілкінісі 50 адамның өмірін қиған болса, 2003 жылы Ирандағы салыстырмалы түрде ұқсас магнитудалық дүмпулерден 40 мың адам қаза тапты. Тағы бір мысал: 2010 жылы Гаитиде магнитудасы 7,0 болған жер сілкінісі 230 мың адамның өмірін қиды. Бір жылдан кейін осындай жер асты соққылары Жаңа Зеландияны дүр сілкіндірді, бірақ оның нәтижесінде ешкім қайтыс болмады. Сарапшылар мұндай елеулі айырмашылықты, ең алдымен, жер сілкінісі болған аймақтарында орналасқан ғимараттардың сапасымен түсіндіреді. Әдетте, өлім-жітімдердің көпшілігі құрылыс индустриясы жоғарыдан төменге дейін ақша жымқыруға және парақорлыққа толы ең сыбайлас-жемқорлылық мемлекеттерде орын алады.

Түрік трагедиясын ғаламшардың ең сейсмикалық аймақтарының бірінде тұратын алматылықтар соншалықты өткір қабылдауы таң қаларлық емес. Өйткені, олардың барлығы мегаполисте болуы ықтимал күшті жер сілкіністері ғимараттардың және құрылыстардың қатты қирауымен, көптеген адамдардың зардап шегуімен, елеулі экономикалық және материалдық шығындармен, өткір әлеуметтік мәселелердің туындауымен, сондай-ақ қаланың тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерінің жұмысының тоқтатылуымен қатар жүретінін жақсы түсінеді.

Есімде сақталғандай, осыдан он жыл бұрын Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігімен (JICA) бірлесіп ұйымдастырған семинарлардың бірінде қорқынышты болжамдар жасалған болатын. Қарқындылығы 8,5 балл жер сілкінісі нәтижесінде Алматы тұрғындарының жалпы шығыны шамамен 600 мың адамды құрауы ықтимал, 450 мың адам баспанасыз қалуы мүмкін, ғимараттардың және құрылыстардың 70 проценті қирайтын болады, қала аумағы жаппай үйіндіге айналады. Ең қиын жағдай Әуезов, Бостандық және Түрксіб аудандарында қалыптасатын болады. Жалпы мүліктік залал сол кезеңдегі есеп бойынша 15 миллиард АҚШ долларынан асатын болады.

Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдерінің пікірінше, екіншілік сейсмикалық факторлар одан кем емес шығын келтіруі ықтимал: өрттер (600-ден астам), Большая Алматинка, Малая Алматинка, Есентай өзендерінің бойындағы сел тасқындары, күшті улаушы заттардың төгілуі (56 тоннадан астаи). Қаланың газбен жабдықтау жүйесінде (2091 км газ құбыры) ауқымды бұзылулар күтілуде, 352 газ тарату пунктінің 254-і істен шығып қалатын болады. Электр беру желілері және электрмен жабдықтау объектілерінің (ЖЭО-1, 2, 3, Каскад ГЭС) 75 проценті зақымдалады, бұл қалаға он тәулікке және одан да көп уақытқа электр энергиясын беруді, сондай-ақ күзгі-қысқы кезеңде жылуды тоқтатуға әкеп соғады. Оған қоса, кептелістерге, жер бетінде пайда болатын ақаулар мен ағындарға және көпірлердің 50 процентін опырылуына байланысты көлік қозғалысы іс жүзінде тоқтап қалатын болады.

Осыған ұқсас бағалаулар әр уақытта әртүрлі мамандардың және арнайы мекемелердің тарапынан айтылған болатын. Ал он жылда қала халқының саны ресми түрде ғана жарты миллионнан астам адамға өскенін, бұл тұрғын үй қорына, көлік пен басқа да инфрақұрылымға қысымды айтарлықтай арттырғанын ескеретін болсақ, оның салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін.  

Стихия емес, үйлер өлтіреді

Кез келген дерлік орташастатистикалық алматылық ғимараттардың, инженерлік желілердің сейсмикалық төзімділігін көзбен бағалай алады, сондай-ақ қаладағы және үй-жайлардағы осылайша аталатын «қауіпсіздік аралдарын» өз бетінше анықтай алады. Мысал үшін, Алматыдағы ең мықты үйлер кеңестік дәуірде жер сілкінісіне төзімділігі ескеріліп отырып салынған, арнайы қондырғылармен тексерілген үйлер екені бәрімізге белгілі. Бірінші кезекте, бұл 8, 12 және 24 пәтерлі екі қабатты үйлер. Бұл топқа сондай-ақ 1970 жылдары салына бастаған типтік үлкен панельді үйлерді жатқызуға болады – олар мұқият дірілдеу орнатудан өтті, оның ішінде 12 қабатқа дейінгі көп қабатты үйлер. Сондай-ақ ағаштан жасалған 1-2 қабатты үйлер және блоктық ғимараттар да 8-9 баллдық ауытқуларға төзімді болып табылады.

Бірақ мұның бәрі тек қана гипотеза, бұған нақты кепілдікті ешкім бере алмайды, өйткені көп нәрсе сондай-ақ ғимараттарға қанша жыл толғанына, олардың техникалық жағдайына, қайта құрулардың болуына, кеңейтулердің барлық түрлеріне және т,б. байланысты. Ал тәуелсіздік жылдарында салынғанның барлығы сейсмикалық төзімділік жағынан мамандарда да, қарапайым халық арасында да үлкен күмән тудырады. Соңғы 15-20 жылда қалада нағыз құрылыс бумы байқалған еді: ғимараттар бірінен бірі биік болып салынып, тез арада өсіп, бір-біріне өте жақын және жиі құрылыс ережелерін бұзушылық жасап отырып салынған...

Осыған орай мамандар құзырлы органдарды тез арада ескі де, жаңа да нысандардың сейсмикалық төзімділігі мен сейсмикалық қауіпсіздігіне, ол қаншалықты қымбат болса да, кешенді сараптама жүргізуге шақырады. Өйткені, жер сілкініс апаты болған жағдайда бұл шығындар көптеген адамдарның өмірін сақтап қалып, миллиардтаған долларды үнемдеуге мүмкіндік береді. Айта кетерлік жайт, Алматының даму жағдайын кеңейтілген сараптамалық бағалау сонау 1990 жылы жүргізілген болатын және сол кезде де, мысалы, жалпы ауданы 16,5 миллион шаршы метр (19 проценті) тұрғын үйлер сейсмикалық күшейтуді қажет ететінін көрсетті, ал 10 миллионы (12 проценті) бұзылуға тиіс болды. Ал кейіннен тек таңдамалы зерттеулер ғана жүргізіліп отырды...

Өзіңе өзің көмектес

Жер сілкініс апаты әсерінен құтқарылудың жалғыз амалы – оған максималды дайын болу. Әлсіз құрылыс құрылымдарынан бөлек, адамның абайсыздығы және дүрбелеңі (бұл ең алдымен дайын емес адамдар арасында пайда болады) табиғи апаттардың салдарынан көптеген құрбандарға әкелетіні бірнеше рет дәлелденген болатын. Ал егер бүгін алматылықтардың арасында сауалнама жүргізетін болсақ, олардың көпшілігі апат кезінде және одан кейін өзі-өзін қалай ұстау керектігін білмейтіні анықталады. Кейбіреулер тіпті ең шешуші сәтте олардың телефондарына басталып келе жатқан апат туралы ескерту жазылған хабарлама келеді деп ойлайды.

Шынымен де, соңғы жылдары халықты төтенше жағдайлар қаупі туралы мәтіндік SMS хабарлама жіберу арқылы хабардар ету жолға қойылған. Бірақ бұл әдіс панацея болып табылмайды, өйткені ол профилактикалық сипатқа ие және бірнеше күнде, ал ең жақсы жағдайда бірнеше сағат бұрын қауіп туралы ескертуге қабілетті. Және бұл негізінен жер асты дүмпулері жөнінде емес, ол ауа-райының нашарлауының салдарына қатысты хабарламалар. Ғылым жай ғана литосфералық плиталар шекарасындағы кернеудің жоғарылауын анықтай алады, бірақ «кернеу разрядының» қашан болатынын тіпті шамамен де анықтай алмайды.

Әрине, жергілікті билік қызметкерлері де жай ғана қол қусырып қарап отырған жоқ – қалада тұрғындардың хабардар болу деңгейін арттыру шаралары жүргізіліп жатыр (қалалық сейсмикалық жаттығулар, оқу орындарында сабақтар, арнайы бейнероликтер мен әдебиеттер шығару және т.б.). Алайда, бұл негізінен ресмилендірілген және салыстырмалы түрде сирек кездесетін оқиғалар, сонымен қатар, азаматтар оларды елемейді. Тиісінше, олардың пайдасы, шын мәнінде байқалмайды, әсіресе төтенше жағдайлар кезінде адамдардың әрекеттері бірнеше секундта тексерілетін және миллиметрге дейін жететін сол Жапониямен салыстырғанда. Сондықтан мамандар төтенше жағдайларда, ең алдымен, өз-өзімізге сенім артуға тиіс екенімізді қайталаудан жалықпайды, ең болмағанда бөлмедегі ең қауіпсіз аймақтарды (үйде, жұмыста, қай жерде болсақ та) алдын ала анықтап, іс-шаралар жоспары, сондай-ақ «дабыл чемодандарын» жинау қажет. Бұл әдетке айналып кетуі тиіс!

Қазақстанда соңғы жойқын жер сілкінісінен бері бір ғасырдан астам уақыт өткендіктен де қауіп-қатерді азайту қиын деп пайымдайды мамандар. Осы уақыт ішінде жер сілкінісі деген не екенін тіпті елестете алмайтын бірнеше ұрпақ өсіп шықты. Ал Жапонияда жер асты дүмпулерінің жиілігі соншалықты көп болғандықтын, ондағы әрбір ұрпақ бірнеше табиғи апаттардан зардап шегеді, бұл жайт олардың ойлауы мен бейімделуіне әсер етеді.

Демек, Жапон тәжірибесін бізге көшіру онша тиімді емес, бізге халықпен жұмыс істеудің өзгеше әдістері, ең алдымен, ағартушылық әдістері қажет. Айтпақшы, жақында зардап шеккен аймақта (Түркияның оңтүстік-шығысында және Сирияның солтүстігінде) BBC хабарлайды, ұқсас көрініс – соңғы 200 жылда ол жерде ешқандай күшті жер сілкінісі болмаған, сондықтан жергілікті халықтың дайындық деңгейі өте төмен болды...

«Мықты сілкіністен» кейін

Өкінішке орай, жер сілкінісінің қысқа мерзімді болжамын дәл етіп жасауды әлем ғылымы әзірге үйренген жоқ, , әсіресе олардың алдын алу жолдарын анықтай алмады. Осыған байланысты 2009 жылы 309 адамның өмірін қиған және қала ғимараттарының жартысын қиратқан Аквилдағы 6,3 баллдық жер асты дүмпулері туралы итальяндық сейсмологтардың билікке уақытында ескертпегенін еске түсіргеніміз орынды болар. Сол кезде алты ғалым, айыптың қисынсыздығына қарамастан, бас бостандығынан алты жылға айырылған болатын. Расын айтқанда, кейіннен олар ақталды (әлемнің 5 мыңнан астам ғалымдары оларды қорғайтын сөздерін жария етті). Тек «бірнеше айға созылатын әлсіз жер асты дүмпулері ауыр апаттың хабаршысы емес, керісінше, бұл жақсы белгі, өйткені қауіпті энергия біртіндеп шығарылады» деп теледидарға берген сұхбатында айтқан азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары Бернардо де Бернардинис ғана жазаланды.

Бұл оқиға – биліктің ғылымнан кей кезде қаншалықты алыс болатынын және мұндай немқұрайлылық қандай салдарға әкелеуі мүмкін екендігінің жарқын мысалы. Бұл тұрғыда Қазақстан ерекшелік емес, ережелік болып табылады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыда үлкен конференция өтті (оны Кембридж университетінің Орталық Азия форумымен бірлесіп академик Ш.Есенов атындағы Қор ұйымдастырды), оған Ұлыбритания, Германия, Қытай, Иран, Үндістан, Непал, Ресей, Армения және Қырғызстан ғалымдары қатысты. Қазақстандық ғалымдардың бірі Әлқуат Нұрмағамбетов өз сөзін сөйлеген кезде атап өткендей, Төтенше жағдайлар министрлігі отандық сейсмологтардың «қолын қайырып», олардың қысқа мерзімді болжамдарын таап етеді, бірақ  оларды жасау іс жүзінде шындыққа жанаспайды.  

Ал сейсмология саласындағы ғылыми әзірлемелерді материалдық және моральдық тұрғыдан қолдауға келетін болсақ, оларға билік пен жұртшылық тарапынан назар аудару, отандық ғалымдар айтқандай, әдетте тек «мықты сілкіністен» кейін ғана арта түседі. Бұл кезде дереу инвестиция бөлініп, қажетті жұмыстар жүргізіле басталады. Бірақ біздің елде жер сілкінісі өте сирек болатындықтан, көп ұзамай барлығы тынышталып, белсенділік тез арада жоғалып кетеді.

Тағы бір күрделі мәселе – кадрлардың катастрофиялық тапшылығы. Отандық жоғары оқу орындары өте аз сейсмолог мамандарын дайындайды, ал шетелде тиісті мамандықтар бойынша білім алған жігіттер бұл жерде азғантай жалақы мен биліктің немқұрайлылығын күтіп отырғанын біледі, сондықтан елге қайта оралуға асықпайды. Сарапшылардың айтуынша, бұлай жалғаса беретін болса, көп ұзамай Қазақстанда кереғар жағдай қалыптасады – геологиялық қауіптер ешқайда жоғалмайды, бірақ оларды зерттейтін ешкім болмайды.

Әлқуат Нұрмағамбетовтың айтуынша, елде бұрын танымал болған зиялы палеосейсмологтар қалмаған жағдай орын алып отыр. Алайда дәл осы ғылым тарихи жер сілкіністерін зерттеуге мүмкіндік береді, атап айтқанда қазіргі заманғы барлық сейсмология соның негізінде құрылған. Өйткені, ғалымдар белгілі бір аумақта орын алған апаттар туралы неғұрлым көбірек білетін болса, соғұрлым олар сейсмикалық қауіптің кеңістіктік-уақыттық таралуын немесе ең ықтимал сілкініс күшін көрсететін сейсмикалық карталарды нақты құрастыра алады. Палеосейсмология, атап айтқанда, белгісіз немесе жасырын болуы мүмкін белсенді, жер сілкіністерін тудыра алатын бұзылуларды табуға мүмкіндік береді.

Мысалы, көптеген алматылықтар қалаға қауіп аяқтың астында жатыр деп қате ойлайды, бірақ бұл мүлдем олай емес. Мегаполис сондай-ақ одан алыс орналасқан ақауларға да осал. Атап айтқанда, сол конференцияға қатысқан Кембридж университетінің Жер туралы ғылымдар кафедрасының меңгерушісі Джеймс Джексон Алматының төңірегінде оннан астам ақау бар екенін айтқан болатын. Алайда, осы кезге дейін олардың тек екеуі ғана зерттелген. Біріншісі 1889 жылы Шіліктегі жойқын жер сілкінісінің себебі болып табылған. Екіншісі Алматыдан оңтүстікке қарай 50 шақырым жерде орналасқан. 1911 жылы Кемінде болған күшті жер сілкінісінің себебі нақты сол ақау болған. Сонымен қатар, жуырда  ғана Үшарал маңынан қауіпті ақау табылды.

Жер сілкінісі шекараларды мойындамайды, сондықтан қауіпті дұрыс түсіну және қоғамға төңген қауіпті азайту үшін аймақтық ынтымақтастық пен бірлескен ғылыми жобалар өте маңызды. Оған қоса Жапонияның, Чилидің, АҚШ-тың және Жаңа Зеландияның, сондай-ақ бір кездері КСРО-ның оның салдарын азайту үшін элементтерді болжаудың қажеті жоқ екенін дәлелдеген сәтті тәжірибесіне жүгінген жөн.