Тәуелсіз журналист Асхат Ниязовтың бұрынғы вице-премьер, ал қазіргі кезде Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтан сұхбат алу әрекеті «тіл негізінде» шулы дауға айналды. Бұл оқиға әлеуметтік желілерде тағы да қызу пікірталастар тудырды, онда қазақстандықтардың бір бөлігі әкімнің ұстанымын қолдап, екінші бөлігі, керісінше, оны айыптады. Осы жайт, ең алдымен, мемлекеттің тіл саясатының әлсіздігінің айғағы, оның «зиян келтірме» деген негізгі ұстанымын еліміздегі әрбір адам, оның ішінде тіпті шенеуніктердің өзі де қоса, әрқалай түсінеді...
Қысқаша: орыс тілін жетік меңгерген әкім қазақ тілін білмеймін деген журналистпен орыс тілінде сөйлесуден бас тартты. Мұндай жағдай айтарлықтай таныс, бірақ бұл күнделікті деңгейде болғаны бір мәселе (сол бір «тіл патрульдерін» еске түсіру жеткілікті), ал оны аймақты басқаратын билік өкілі арандатқаны – мүлде басқа мәселе. Өйткені, азаматтар оның мінез-құлқын қалыпты жағдай деп қабылдауы мүмкін, немесе, одан да сорақысы, ол сияқты әрекет етуге сигнал ретінде қабылдауы ықтимал. Алайда қазақ тіліне бүгінде ешкім де, ештеңе де қауіп төндірмейтіні анық – ол көптеген қорғаушылардың және қамқоршылардың арқасында емес, табиғи жолмен дамып, тұғыры нығайып, үстемдікке ие болып келеді.
Соғыс басталысымен Ресей Федерациясының шегінен тыс жерлерде осал жағдайға тап болған орыс тілі туралы бұлай айту мүмкін емес, дейді қазақстанық жазушы, мәдениеттанушы Юрий Серебрянский. «Бізде тыңдағанды ұнататын» ресейлік қайраткерлердің Қазақстанға қарсы жалынды мәлімдемелері отқа отын қосып отыр... «Біз осы уақытқа дейін әлі ресейлік ақпарат алаңындамыз. Бірақ орыс тілінің мәселесі – ішкі мәселе, одан тек қоғам қос тілді болған кезде ғана құтылуға болады. Бүгінгі күні орыс тілінің айқын мәртебесі мен түсінікті ұстанымы бар деп ойлаймын. Тіл мәселесінде шиеленістің шарықтау шегі әлі өтіп кеткен жоқ, бірақ мәселені ашық талқылау ол жөнінде үндемеуден жақсырақ. Ең бастысы, бұл пікірталасты назарды басқа мәселелерден алшақтату үшін пайдаланып кетпеу қажет, өйткені мұндай айла-шарғылардың салдары болжауға жатпайды», - деп атап өтті сұхбаттасымыз.
Ералы Тоғжановқа қатысты оқиға тағы бір күрделі мәселенің бетін ашты, оған назар аударғандар аз, бірақ ол мәселе билік пен БАҚ-тың арасындағы өзара іс-қимылдарына қатысты. Саясаттанушы, экс-дипломат Қазбек Бейсебаев біздің басылымға берген түсініктемесінде атап өткендей, егер тілдік құрамдас бөлікке назар аудармайтын болсақ, бұл сұхбат, бір жағынан, ірі шенеуніктердің және журналистердің арасындағы алшақтық пен түсініспеушіліктің қаншалықты үлкен екенін көрсетеді, ал, екінші жағынан, билік көп кезде қалағандарын бар сияқты етіп көрсеткілері келеді.
- Біздің көріп отырғанымыз, әкімнің сапары оң нәтижелерді көрсету мақсатында ұйымдастырылған, ал журналист жайсыз сауалдар қойып жатыр. Бәлкім, қақтығыстың мәні нақты осында болар. Менің көзқарасым бойынша, бұл репортаж – тіл мәселесінен гөрі билік пен БАҚ арасындағы қарым-қатынас мәселесі жөнінде болып отыр. Бұрынғы шенеунік ретінде мен әкімдіктегі баспасөзбен жұмыс істеуге жауапты тұлғалардың жасаған өрескел қателігі бар деп айта аламын. Әкімге әртүрлі көзқараспен қарауға болады, бірақ ол қалай да болғанда облыс басшысы, сондықтан журналистік қолдаудың жай-жапсары алдын ала талқылануы тиіс еді. Сырттан қарағанда, тілшінің әкімге «қысым жасап» сөйлегені, ал әкімнің – сыпайылық танытқаны көрініп тұр. Иә, орысша қойылған сұрақтарға ол қазақша жауап берді, бірақ жауап берді ғой. Жасы ұлғайған адам ретінде және салт-дәстүрімізге байланысты ол жай ғана журналистке өз ақылын айтып, оның өтінішіне келіссе дұрыс болар еді, өйткені арнаның аудиториясы орыстілді. Өз кезегінде сұхбат алушының жасы кіші болғандықтан, ол журналистік қысымын жеңілдетсе дұрыс болар еді, - деп есептейді Қазбек Бейсебаев.
Қалай болғанда да, біз сол бір «тілге байланысты» қателіктерді қайта-қайта жасай береміз. Заң талаптарына сай келетін нақты ережелер әзірлейтін уақыт келген болар? Ал егер ол уақыт келген болса, онда күнделікті және ресми деңгейде қақтығыстарды болдырмау үшін ол ережелер қандай болуы тиіс және оларды бұқаралық санада қалай бекітуге болады?
Оразғали Селтеев, Еуразиялық интеграция институтының директоры:
«Шенеуніктердің осындай мінез-құлқы әлеуметтік шиеленісті жинақтайды»
- Ералы Тоғжановты қолдауға негіз жоқ екендігінен бастайық. Өкінішке орай, ол Даниал Ахметовтің сәтсіз әрі қате жолымен жүрді. Бұл қазіргі кезде «ескі» менеджерлер күн тәртібіне мүлде үйлеспей, өздерін жойып жіберген теріс тенденция ретінде қалыптасып жатыр. Мәселе ақпараттық-коммуникациялық процестердің жұмыс істеу механизмі түбегейлі өзгергенінде, бірақ олар оны сезінбеді. Бүгінде азаматтар шенеуніктерден ең алдымен шындықты және шынайылықты қалайды. Егер олар қиындықтарды немесе қателіктерді мойындайтын болса, онда мұндай батылдық пен ашықтықты адамдар ерте ме, кеш пе кешіреді және құрметтейді, олар тіпті қолдап, көмектеседі. Бірақ қазіргі мемлекеттік қызметшілер көзге көрініп тұрған нәрселерді жоққа шығара бастағанда, өздерін менмендікпен ұстаған кезде, өркөкіректік пен өзінің артықшылығын таныта бастаған жағдайда, ол адамдарды бетін қайтарып, жағымсыздық туғызады. Оның үстіне, жалпы алғанда, шенеуніктердің осындай мінез-құлқы елдегі және қоғамдағы әлеуметтік шиеленістерді жинақтай түседі.
Тоғжанов та, Ахметов те өздерінің жеке ситуациялық мәселелерін шешу үшін өртпен ойнады, оның үстіне күмәнді әдістерге жүгінді. Мәнді сұхбат берудің орнына, өз аймағындағы жағдайды меңгергендігін және бар проблемаларды шешуге кәсіби ниетін көрсетудің орнына, олар өз қарсыластарын кемсіту арқылы олардың беделін түсірудің «арзан» стратегиясын таңдады. Оның үстіне олар тіл мәселесін қолданды. Шын мәнінде, олар қоғамдық қарсылық арқылы күнделікті деңгейде жиі туындайтын конфликтті жағдайды жаңғыртты. Әрине, пікірталасқа қатысушылардың барлық басқа аргументтерді тауысып, «қазақша сөйле» деген шақыруға жүгінетін мінез-құлық үлгісіне жол берілмеуі тиіс. Ондай әдісті тек әңгіменің немесе дау-дамайдың тақырыбын иеленбеген әлсіз және әдепсіз адамдар ғана қолданады. Кез келген қарсыласты тек істің мазмұнымен ғана жеңуге болады. Бұл мәселенің моральдық және кәсіби жағы деуге болады.
Егер құқықтық аспектіге келетін болсақ, тараптардың екеуі де өздеріне ыңғайлы тілді таңдай алады, өйткені орыс тілі де, қазақ тілі де қарым-қатынас барысында бірдей қолданылады. Ең бастысы, адамдар бір-бірін түсінетіндігіде. Қазақстан – еркін көптілді кеңістіктің аумағы болып табылады. Еліміздің азаматтары және қонақтары жеке қарым-қатынас пен қоғамдық қатынас үшін тілді өз бетінше таңдайды. Бұл ретте өз ана тілін қолдануға және насихаттау құқығына ешкімге де қол сұғуға болмайды. Кез келген кемсітушілікке жол берілмейді және ол ұлттық бірлікке нұқсан келтіруге бағытталған арандатушылық деп қарастырылуы тиіс.
Сонымен қатар, қазақ тілінің үстемдігінің күшеюі сөзсіз екенін Қазақстанның барша азаматтары түсініп, қабылдайтын уақыт келді. Оның практикалық рөлі динамикалық түрде кеңейе түседі, бірақ сонымен қатар ол басқа тілдерге зиян келтірмейді. Кейбіреулерге баяу жүріп жатқан процесс сияқты болып көрінгенімен, бұл табиғи әрі дұрыс процесс. Бірақ, әрине, қазақ тілі қазірдің өзінде адамдар арасындағы қарым-қатынастың, қоғамдық қызметтің, ғылым мен бизнестің тіліне табиғи түрде айналып жатыр. Қазақ тіліндегі білімге, ақпараттық және мәдени өнімдерге сұраныстың объективті өсуі байқалып отыр және бұл сұраныс тиісті деңгейде пропорционалды түрде қанағаттандырылуы тиіс және қанағаттандырылады.
Вадим Курамшин, «Біз Біргеміз» консалтингтік-ситуациялық орталығы» ҚҰ жетекшісі:
«Жергілікті жерлерде тіл туралы заңнама жұмыс істемейді»
- Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов белгілі журналист, блогер Асхат Ниязовқа берген жауаптарында өзінің орыс тілін түсінетінін де тікелей көрсетті, тіпті ара-тұра өз еркімен орыс тіліне ауысып тұрды. Осылайша, әкім Қазақстанда конституциялық мәртебесі бар тілдегі ақпаратқа блогердің қол жеткізуіне жол бермей, іс жүзінде оны тілдік принцип бойынша ашық кемсітуге ұшыратты.
Мен осы қорытындыны Қазақстан заңнамасының нормалары негізінде жасадым. Ол нормаларғы сәйкес, «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі де ресми түрде қолданылады» (ҚР Конституциясының 7-бабы; «Тіл туралы» ҚР Заңының 5-бабы). Сонымен қатар, ел президентінің 2021 жылғы 1 қыркүйекте парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзіндегі: «Орыс тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие. Біздің заңнамаға сәйкес оны пайдалануға кедергі жасауға болмайды» - деген тезиске назарларыңызды аударамын. Және, ақыр соңында, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшісінің Әдеп кодексі шенеуніктерді «Қазақстан халқының бірлігін және еліміздегі ұлтаралық келісімді нығайтуға үлес қосуға, мемлекеттік және басқа тілдерді, Қазақстан халықтарының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын құрметтеуге» міндеттейді.
Менің көзқарасым бойынша, қолданыстағы заңнамалық база заманауи шындыққа және азаматтардың қажеттіліктеріне сәйкес келеді, бірақ ол жергілікті жерлерде жұмыс істемейді. Біздің елімізде қазақ тілі өзінің алып отырған орны бойынша орыс тілінен айтарлықтай басым екені, сол тілде сөйлейтіндердің мемлекеттік қызметке түсуде артықшылықтарға ие екендігі, әрине, әділетті. Басқа мәселе, орыс тілі ресми мәртебеге ие болғанына қарамастан, құқық қорғау және сот органдарына жұмысқа орналасуда бәсекеге қабілеттілік жағынан орыс тілділер қазақ тілділерден әлдеқайда артта қалып отыр, оған қоса оларға бизнеспен айналысу да қиынырақ. Алайда қазақтілді мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді тиісті деңгейде меңгере бермейтінін мойындауымыз қажет. Ал егер таза гипотетикалық түрде мемлекеттік қызмет жүйесінде орыс тілінің айналымы кенет тоқтаты деп елестететін болсақ, онда не болады? Елестету күрделі емес – кем дегенде басқару тиімділігі төмендейді.
Орыс тілі мемлекеттік тілмен тең құқықты болуды талап етпей, «КСРО-ның сынықтарында жалынсыз күйіп жатыр». Бұл көзге анық көрінеді. Бірақ сан жағынан қазақтілділерден кем емес орыстілді аудиторияның айтарлықтай кең болуын ескере отырып, мемлекеттік органдарда, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерге сөз сөйлеу кезінде орыс тілін қолдануға тыйым салу, әсіресе саяси қызметкерлер – президент Тоқаевтың курсын қолдаушылар тарапыган – менің ойымша, абайсыздық, тіпті қауіпті. Өйткені, бұл еліміздің ұлттық мүддесіне үлкен зиян келтіруі ықтимал.
Ақтөбе облысының проблемалары туралы сюжеттың астындағы көптеген пікірлерге назар аударыңыздаршы: қазіргі уақытта олардың саны 16 мыңға жуықтаған, және қолданушылардың басым бөлігі аймақ басшысын айыптайды. Оның үстіне, оның бұл қылығына ашулы пікір жазғандардың ішінде басым бөлігі қазақтар. Сонымен бірге, Facebook желісінде авторлары әкімнің ұстанымын патриоттық деп бағалаған сөздер: «орыс тілінде сұхбат берудің қажеті жоқ», «біз Қазақстанда тұрамыз» және оған ұқсас көптеген жазбалар болды.
Қайсыларынікі дұрыс? Пікірлер әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ егер эмоциялардан, жасанды патриотизмнен алшақтап, бейтарап логикаға бет бұратын болсақ, қазақ тілі елімізде әзірге бәрін және барлығын қамтымағанын мойындамасқа болмайды. Мен сияқты және Асхат Ниязов сияқты, яғни өздеріне байланысты емес себептермен таза орыстілді ортада өскен адамдар, Қазақстанда көп. Бұл жайт кейбіреулерге ұнамауы мүмкін, бірақ адамның жеке пікірі – заң талаптарын елемеуге, әсiресе, мемлекеттiң бiрiншi тұлғасының аузынан шыққан нормаларды да, құқықтық нұсқауларды да басшылыққа алу талап етiлетiн мемлекеттiк қызметшiлерге келгенде, негіз бола алмайды.
Ералы Тоғжановтың атына жазған сауалымда мені қазақтардың арасынан қаншама заңгерлер, журналистер қолдағанын сіздер тіпті елестете алмайсыздар. Онда мен өтініш жазылған тілде және заңнамада белгіленген мерзімде төмендегі сұрақтарға ресми жауап беруді өтінемін. Журналистің сұрақтарына өзі қалаған тілде жауап беру құқығын ол заңның қандай нормаларымен бекітті? Ол камералардың алдында және БАҚ өкілдерінің көзінше өзін-өзі ұстауын заң талаптары мен моральдық-этикалық нормалар тұрғысынан лайықты деп есептейме? Қазақстан Республикасы президентінің тіл саясатына қатысты ресми ұстанымын ол қолдайма? Орыстілді журналистер алдағы уақытта үндеу жасалған тілде жауап алуға үміт артып, оған орыс тілінде жүгінуге құқылыма? Ол өзінің дұрыс емес әрекеті үшін көпшілік алдында Асхат Ниязовтан кешірім сұрауға ниеттіме?
Егер Ералы Тоғжановқа қатысты іс ресми бағасын алмайтын болса, өкінішке орай, бұл қайталана беретін болады. Сондықтан, егер ол менің сауалыма жауап беруден бас тартса немесе нақты түсініктемелерден жалтарса, мен облыс әкімін сотқа беруге ниеттімін.