Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жол апатының көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Расында, Қазақстан жол-көлік оқиғалары мен одан қаза тапқан адамдар бойынша әлемде алдыңғы қатарлардың бірінде тұр.
«Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 1300-ден астам адам қаза болып, 16 мыңнан астам азамат зардап шекті. Адамдар күн сайын жол үстінде қазаға ұшырап жатыр. Олардың арасында тұтас отбасылар да бар. Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Бұл – жергілікті ғана емес, республикалық жолдарға да қатысты мәселе. Осы салаға жауапты мекеме автокөліктердің техникалық жағдайына тиісті бақылау жасауы қажет», деді Президент Тоқаев.
Тамыз айында Жамбыл облысындағы жол апаты көпшіліктің қабырғасын қайыстырды. Меркі – Шу – Бурылбайтал автожолының 40-шы шақырымында Toyota Alphard көлігі қарсы жолға шығып, патруль полициясының Skoda Octavia көлігіне соқтығысқан. Салдарынан 6 адам пәни жалғанмен қоштасты. Солардың бірі – 11 бала тәрбиелеп отырған Ғалым Арыстанбаев есімді полиция қызметкері.
Аталған айдың басында Ақтөбе облысында Самара-Шымкент тасжолының 862-шақырымында жүк көлігі мен шағын автобус соқтығысқан. Оқиға салдарынан 6 адам қаза тапты. Соның үшеуі бала. Ресми мәліметке сүйенсек, балалар мен ата-аналар футболдан жарысқа бара жатқан екен.
Қыркүйектің өзінде жан шошытарлық екі апат бұқаралық ақпарат құралдарында тарады. Маңғыстауда Mitsubishi Montero кроссовері жүк көлігімен соқтығысып, түгелдей өртеніп кеткен. Оқиға орнынан үш адамның күйген денесі табылды. Батыс Қазақстан облысында Volkswagen Passat пен Subaru көліктері соқтығысып, екі адам жан тәсілім етті. Өкінішке қарай, Passat жүргізушісі оқиға орнында көлігімен бірге өртеніп кетті.
Осыдан-ақ Қазақстанда жол көлік апаты өте өзекті мәселе екенін аңғару қиын емес. Ресми статистикаға сүйенсек, 2023 жылы елімізде 15886 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 19554 адам жарақат алса, 2543 адам өмірімен қоштасыпты. Биыл тамызға дейін 15862 жол апаты болған. 21803 адам жарақаттанып, 1480 адам көз жұмды. Осыдан-ақ мәселенің қаншалықты өзекті екенін аңғару қиын емес.
Техника болған соң түрлі апат болып тұрады. Дегенмен оның көптігі алаңдатады. Түрлі деректерге сүйенсек, Қазақстан жол апатынан қаза табатындар бойынша антирекорд жасап тұр. Мәселен, The World Bank келтірген мәліметтерге сәйкес, елімізде 100 000 адамға шаққанда жол-көлік апатынан қаза табатындар саны 23,8-ке тең. Салыстырмалы түрде қарасақ, Ұлыбританияда 100 000 адамға шаққанда жол-көлік апатынан қаза табатындар саны 2,9 адамды құрайды.
Тағы бір дерекке көз жүгіртейік. Еуропалық комиссияның деректеріне назар аударсақ, 2022 жылы Еуропалық одаққа мүше мемлекеттерде 20640 адам жол апатынан көз жұмған. Одаққа 27 мемлекет мүше. Орташа есеппен әр мемлекетте 750 адам жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан.
Енді, мына нәрсемен салыстырып көрейік. Еуропалық одақты 449 миллион тұрғын мекендейді. 257 миллион тіркелген көлік бар. Яғни, салыстырмалы түрде апат көлемі өте аз деген сөз. Соған қарамастан, қазіргі таңда Еуропалық комиссия жол-көлік апатының азаймай тұрғанын алға тартып, дабыл көтеріп жатыр.
Қазақстанға оралайық. Халқымыздың саны 20 миллионға жеткені кеше ғана. Еліміздің жолдарында 4 миллиондай темір тұлпар жүр. Бірақ жол апаты мен қаза тапқандар саны, керісінше, шектен тыс көп. Осыдан-ақ ахуалдың қаншалықты күрделі екенін аңғару қиын емес.
Жол апатының елімізде көп екені түсінікті. Ал оған не себеп болады. Мемлекет басшысы мұның бір себебі ретінде жүргізушілерді даярлау деңгейінің де төмендеп кеткенін алға тартады. «Жүргізуші куәлігін арнайы оқымай-ақ алатын жайттар бар. Үкімет, әкімдер, Ішкі істер министрлігі батыл қадам жасауы керек. Депутаттар бұл мәселені назарда ұстауға тиіс», дейді Президент Тоқаев.
Жүргізуші куәлігінің сатылатыны туралы биік мінберден алғаш рет айтылып отыр. Бұған дейін салаға жауапты министрлік өкілдері жүргізуші куәлігі сатылмайтынын айтып, азар да безер болатын. Бірақ Қазақстандағы кез келген адамның жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен алған танысы бар десек қателеспейміз.
Келесі себеп, жол сапасының сын көтермейді. Өкінішке қарай, тәуелсіздік алғалы 33 жылдың ішінде Ұлы даланың түкпір-түкпірін байланыстыратын сапалы күре жолдар салынған жоқ. Дүниежүзілік экономикалық форумның деректеріне сай, Қазақстан жол сапасы жөнінен әлемде 108-орында тұр.
Жезқазған – Қызылорда секілді республикалық маңызы бар трассалар талай уақыт жыр болып келді. Тек биыл ғана сең қозғалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде 12 мың шақырым жол жөнделіп жатыр. Талай жылдан бері тұралап қалған «Шақпақ баба өткелі» секілді жобалар биыл аяқталуға тиіс.
Бас прокуратураның деректеріне сүйенсек, көп жағдайда жол көлік қозғалысы ережесін сақтамаған жағдайда апат болады екен. Мысалы, биыл тіркелген апаттардың ішінде 2299-ы жылдамдықты асырып жіберудің кесірінен орын алған. Сондай-ақ 3062 жағдайда маневр жасау қағидасы сақталмаса, 2803 жағдайда жаяу жүргіншілерді қағып кеткен.
Сарапшылар көп жағдайда жүргізушілер жол ережесін сақтамайтынын алға тартады. Әсіресе, қала аралық тасымалмен айналысатындар жоғары жылдамдықпен жүреді. Соның салдарынан рөлге ие бола алмай қалатын сәттер кездесетін көрінеді. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2020 жылы жол апатының 96,3 пайызы, 2021 жылы – 93,7 пайызы және 2022 жылы – пайызы жүргізушінің кінәсінен болған.
Сонымен қатар мамандар жол сапасының да апатқа әсер бар екенін алға тартады. Еліміздің көп бөлігіндегі республикалық маңызы бар жолдар екі жолақты. Сондықтан жүргізушілер маневр жасап, басып озу кезінде қарсы бағытқа ауысуға тура келеді. Өкінішке қарай, апаттың біразы осындай себептен орын алады екен.
Қорыта айтқанда, Қазақстанда жол-көлік апаты өршіп тұр. Әзірге мемлекет қабылдаған шараларға қарамастан, оны азайту мүмкін болар емес. Бәлкім, жауапты мекемелер құр есеппен ауыз сүртпей, апатты азайтудың түрлі тәсілдерін қараса жөн болар еді.