Астана – Щучинск тасжолында 95 көлік соқтығысып, 20-ға жуық адам түрлі деңгейдегі дене жарақатын алды. Ал осы аптада Алматы облысында Өскемен бағытының 28-шақырымында 18 автомобиль апатқа ұшырады.
Бір айдың ішіндегі екі ірі апаттың себебін түрліше тәпсірлеуге болатын шығар. Мәселен, желі қолданушылары жолдың дұрыс тазаланбайтынын алға тартып, құзырлы мекемелерді айыптады. Өз кезегінде, полиция ауа райының қолайсыздығына қарамастан жылдамдықты шектен тыс асырған жүргізушілер кінәлі деген сыңайдағы ақпарат таратты.
Екі тараптың да өз шындығы бар. Және ол ақиқаттан алыс емес. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, жыл сайын Қазақстанда екі мыңнан астам адам жол апаты салдарынан көз жұмады. Бұл сандар еліміздегі көлік қозғалысының қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажеттігін көрсетеді. Мәселен, 2017 жылы республика бойынша 17 019 жол-көлік апаты тіркеліп, 22 256 адам жарақат алса, 2 086 адам қаза тапқан.
Ал 2018 жылы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сәйкес, 15 821 жол-көлік оқиғасы орын алған. Бұл апаттарда 20 445 адам жарақаттанып, 2 096 азамат өмірімен қоштасқан. Былтыр, яғни 2024 жылы Қазақстан аумағында 31597 жол-көлік оқиғасы тіркелді. 2579 адам бақиға аттанып кете барса, 40 мыңнан астам жолаушы жарақат алған. Бұл деректер жылдан-жылға жол апатының көбейіп бара жатқанын айғақтайды.
Жол апатына не себеп?
Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің қатарында жаяу жүргіншіні қағып кету мен көліктердің соқтығысуы тұр. 2018 жылы тіркелген 12 мың апат дәл осы екі факторға байланысты орын алған. Сонымен қатар жылдамдықты шамадан тыс арттыру да негізгі қауіптің бірі. Статистика көрсеткендей, кейбір жүргізушілер белгіленген шектеулерді елемей, көліктерін шектен тыс жылдамдықта жүргізуі қайғылы жағдайларға әкеліп соғады.
Тағы да цифрларды сөйлетейік. Былтырғы апаттардың 12 мыңы жаяу жүргіншіні қағып кетуге байланысты. Сондай-ақ бетпе-бет соғысу бойынша 10 мыңға жуық оқиға тіркелген. Яғни, 73 пайыздан астам жол-көлік оқиғасы дәл осы екі себептің салдарынан болып отыр. Бұған қоса, жарақат алғандардың тең жарымы жүргіншілер. Ал апатқа кінәлі негізінен «темір тұлпар» тізгіндеген жүргізушілер. Тек 925 жағдайда жүргінші кінәлі деп танылса, 241 оқиғаға басқа себеп әсер еткен.
Көпшілік жол-көлік апаты көбінесе түнгі уақытта орын алады деп ойлағанымен, статистика керісінше дерек ұсынады. Елімізде тіркелген көлік апаттарының басым бөлігі күндіз орын алады – 2018 жылы мұндай оқиғалар саны 9 613-ке жеткен. Ең қызығы, апаттардың көпшілігі ашық күндері, жауын-шашынсыз, қарсыз және тұмансыз ауа райында болады екен. Осы келтірген деректерге сүйенсек, полиция сөзінің жаны бар десек қателеспейміз. Қазақстандағы жол апаттарының негізгі бөлігі тікелей жүргізушінің қозғалыс қауіпсіздігін сақтамауы салдарынан орын алады.
Не істеу керек?
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауы керек. Жол белгілеріне мұқият қарау, жылдамдықты шамадан тыс арттырмау, жаяу жүргіншілерге жол беру – әрбір азаматтың жауапкершілігі. Сондай-ақ мемлекеттік органдар жол инфрақұрылымын жетілдіру мен көлік қозғалысын бақылауды күшейту жұмыстарын жалғастыруға тиіс.
Мұның бәрі айтуға оңай. Алайда елімізде «темір тұлпар» жүгендесе, өзін Шумахер сезінетіндерге түсіндіру қиын шаруа. Мемлекет жолдардағы қауіпсіздікті сақтау үшін түрлі шаралар қабылдап жатыр. Мысалы, бірнеше жыл бұрын Қазақстанның түкпір-түкпірінде «Сергек» камералары орналастырылды.
Халық арасында «жүзім» деп аталып кеткен бұл бақылау камералары Шумахерлерді тізгінді тартып ұстауға итермелеуге тиіс-тұғын. Ең әуелі 2017 жылы Астана қаласында орнатылған бұл құрылғы қазіргі таңда еліміздің басқа өңірлерінде де қойылып жатыр. Алайда «Сергек» бастапқыда әжептеуір нәтиже көрсеткенімен, жол апаттарын азайтуға айтарлықтай ықпал етті дей алмаймыз. Бұған жол-көлік оқиғаларының жиілеуі дәлел.
Неліктен? Себебі бастапқыда жүргізушілер айыппұл төлемеу үшін жол ережелерін бұзбауға тырысатын. Кейінірек камералардың қайда орналасқанын жаттап алған соң, «жүзім» жоқ жерде жүзбен жүре беретінді шығарды. Соған байланысты былтыр желтоқсанда жаңа жүйе енгізілді. Енді, тасжолдарда орташа жылдамдықты сақтамаған жүргізушіге 5-40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Орташа жылдамдық жүріп өткен жолды жүріп өткен уақыт аралығына бөлу арқылы есептеледі. Қазіргі таңда еліміздегі осы ережені есептеуге болатын 25 мың шақырым республикалық және халықаралық жол бар. Жаңа ереже әзірге соның 3200 шақырымында қолданылмақ. Жаңа ереже жол-көлік апатын азайтуға қаншалықты ықпал етеді? Мұны уақыт көрсетеді.
Норвегия – ең қауіпсіз ел
Қазақстандағы жол-көлік оқиғаларының саны әлем елдерімен салыстырғанда жоғары деңгейде қалып отыр. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 100 000 адамға шаққанда жол-көлік апатынан қаза табатындар саны 23,8-ді құрайды. Бұл көрсеткіш Ұлыбританияда – 2,9, Германияда – 4,2, Францияда – 5,1, Нидерландта – 3,1, Швецияда – 2,9 адамды құрайды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының 2018 жылғы «Жол қауіпсіздігі» жинағында Норвегияда әр 100 000 адамның 2-еуі, Швецияда – 2,5, Швейцарияда – 2,7 адам жол-көлік апатынан қаза табатыны көрсетілген.
Жол қауіпсіздігі туралы әңгіме қозғала қалған жағдайда, ең әуелі еске Норвегия түседі. Скандинавиялық мемлекет –жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әлемдегі жетекші елдердің бірі. Аталған елде жол-көлік оқиғаларының саны өте төмен, себебі мемлекет те, қарапайым тұрғындар да, жүргізушілер де жол қауіпсіздігіне ерекше мән береді.
Норвегияда жол қозғалысы ережелерін бұзу қатаң жазаланады. Жылдамдықты асыру, мас күйінде көлік жүргізу және қауіпсіздік белдігін тақпау секілді құқық бұзушылықтар үшін жоғары айыппұлдар мен әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Мысалы, жүргізуші көрсетілген шектеуден сағатына 21 км/сағ жылдамдықты асырса, оған 850 норвег кронына тең (шамамен 40 000 теңге) айыппұл салынады. Ал 41 км/сағ-тан жоғары асыру 10 000 кроннан (шамамен 500 000 теңге) астам айыппұлға және жүргізуші куәлігінен айыруға әкелуі мүмкін. Мас күйінде көлік жүргізгені үшін ең төменгі айыппұл 10 000 кронды құрайды, ал қандағы алкоголь деңгейі 0,5 промилледен жоғары болса, жүргізуші куәлігінен айырылу және түрмеге қамалу қаупі бар.
Елде жолдардың сапасы жоғары деңгейде ұсталып, қауіпті аймақтар тұрақты түрде тексеріліп, қайта құрылымдалады. Қала ішіндегі және қалааралық жолдарда жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер үшін арнайы жолақтар қарастырылған. Сондай-ақ қауіпті бұрылыстар мен қиылыстарда арнайы белгілер мен жарықтандыру жүйелері орнатылған. Жүргізуші куәлігін алу процесі қатаң талаптарға сай жүргізіледі. Кандидаттар теориялық және практикалық емтихандардан өтіп, қауіпсіздік ережелері бойынша арнайы курстардан өтуге тиіс.
Елде жол қозғалысын автоматтандырылған жүйелер арқылы бақылау кеңінен таралған. Жылдамдық өлшегіш камералар, бейнебақылау жүйелері мен интеллектуалды бағдаршамдар жүргізушілердің тәртібін бақылауға мүмкіндік береді. Осындай қатаң ережелердің нәтижесінде Норвегия әлемдегі жол қауіпсіздігі ең жақсы сақталған мемлекет атанып отыр.
Жыл сайын бір ауылдан айырылғымыз келмесе...
Норвегияның жол қауіпсіздігі саласындағы жетістіктері кешенді саясат пен инновациялық тәсілдердің нәтижесі. Қатаң заңдар, дамыған инфрақұрылым, жоғары деңгейлі жүргізуші дайындау жүйесі мен заманауи технологияларды қолдану – осының барлығы жол-көлік оқиғаларының санын барынша азайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан үшін Норвегияның тәжірибесі үлгі болып, жол қауіпсіздігін арттыруда маңызды бағыттарды анықтауға көмектесе алады. Қорытындылай келе, жол апаттарының алдын алу – тек мемлекет пен құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір жүргізуші мен жаяу жүргіншінің ортақ міндеті. Әр адам жол ережелеріне мұқият болу арқылы өз өмірін ғана емес, айналасындағы жандардың да қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады.