Біздің елімізді және оның өмірінің алуан түрлі салаларын (мемлекеттік басқару, мәдениет, тіл, білім, топонимика, тарихқа деген көзқарас және т.б.) қазақтандыру процесін біреулер заңды құбылыс деп, ал біреулер оны жасанды түрде қыздырылатын нәрсе деп есептейді. Бірақ факт болып қала беретін нәрсе – сол процестердің жүріп жақаны. Оның үстіне, бұл көбінесе Ресейдің, орыс тілінің және орыс мәдениетінің әсерінен кету керек деген ұрандармен жүріп жатыр. Қазақтандырудың жақтаушылары бұл жалғыз ғана дұрыс жол деп есептейді, ал оның қарсыластары егер ол толық және түпкілікті жеңетін болса, елімізді, мысалы, Түрікменстанның тағдыры күтеді деп қорқытады. Ал іс жүзінде бұл процесс немен аяқталуы мүмкін? Нәтижесінде біздің еліміз саяси, мәдени, діни, өркениеттік тұрғыдан қандай болады? Және осындай жағдайда қазақтардың өздері не ұтады (немесе неден айырылады)?
Еркін Ирғалиев, саяси кеңесші, «Аспандау» ғылыми-білім беру қорының Батыс өңірлік филиалының атқарушы директоры»: «Тарихтың бір драмалық шеңбері аяқталады, ал жақын арада екіншісі басталады»
- Қызықты және, ең бастысы, уақтылы сұрақ қойғаныңыз үшін алғысымды айтамын. Орай болғанда, мен осы тақырып бойынша алғашқы кітабымды бітіруге таяп қалдым, оның жұмыстағы атауы: «Қазақтың ұлттық идеясын іздеу» (әр жылдардағы таңдаулы этюдтер: 1993-2021 жж.). Қазақтандырудың келешегі жөнінде практикалық сұраққа жауап беруге тырысатын соңғы эссені жазып бітіруім ғана қалды.
Тәуелсіздіктің отызыншы жылында біз, ақыр соңында, ең басты мәселеге –өзіміздің бірегейлігіміз мәселесіне, атап айқанда өмірдің барлық салаларын: саясатты, экономиканы, қоғамды, мәдениетті анықтайтын негізгі тұлғамызға жақындадық. Ол жоқ деп айту қате: ол айқын емес, бірақ өздігінен, демек, теріс түрінде, яғни, квази-қазақтандыру түрінде орын алуда. Ол үшін бізге кедергі болатын барлық нәрсені: стереотиптерді, кемсінулерді, фобияларды, мақтаншақтықты, надандықты және т.б. сырып тастап Камюдың «Әрқашан қисынды болу оңай, бірақ соңына дейін қисынды болу мүмкін емес» деген рецепті негізінде «әлемді бақсылықтан арылту» (Вебердің айтуы бойынша), яғни қоғамдық өмірді зайырландыру және демифологизациялау процесі ғана қалды.
Ең алдымен, «қазақтандыру» ұғымын түсінуге тырысып көрейік. Мұнда кең тараған қателіктерден аулақ болу маңызды. Бір жағынан, өзін-өзі тану пәні белгілі бір координаттарда қарастырылуы керек. Екінші жағынан, «туған жерге» қатысты адамзаттың жасап қалыптастырған философиялық және ғылыми құралдар жиынтығы пайдасыз деген сенім қате түсінік болып табылады. Сонымен қатар, Шығыс пен Батыстың отырықшы-егіншілік өркениеттері арасындағы «хартлендтің» рөлі мен мағынасын түсінбестен Ұлы Даланың мәдени кодын талдау – бұл үмітсіз іс-әрекет.
Оған қоса мәдени сабақтастық процесі тірі ағзаға ұқсас екенін есепке алған жөн. Дәстүрлер (латын тілінен аударғанда «беру») – кіндік тәрізді: үзілгеннен кейін олар механикалық жолмен қайта түлемей, өледі, бұны біз туған дала көшпенділерінің төл мәдениетінің мысалында, яғни Ашаршылық кезінде оның бір мезетте қаза тапқанынан көрдік.
Сонымен, сіздердің өмірлік маңызы бар сұрақтарыңызға менің жауабымның бірінші, бастапқы позициясын «қазақтандыруды» батыстық антрополог-лингвистер рухында: «қазақТЫҚ-қазақЫЛЫҚ-қазақШЫЛЫҚ» деген үштұғырлы кешені ретінде қарастырған жөн.
- Бұны қалайша талдауға болады?
- Түсінуге ыңғайлы болу үшін ең соңғы, ең қарапайым және кеңінен тараған қазақШЫЛЫҚтан бастаймын. Бұл ең төменгі, қарабайыр, күнделікті өмір деңгейі. Ол өте қажет, бірақ тек өзінің аясында ғана қолданылады. Әйтпесе, біз сол непотизм, жалпы сыбайлас жемқорлық, «беделді экономика», демонстрациялық тұтыну және т. б. түрінде «той мәдениетін», «кландық капитализмін» (cronycapitalism) аламыз.
ҚазақЫЛЫҚ – бұл кез келген кәсіби саланың ұлттық ерекшелігі. Елдің мақтанышы ретінде ол жағымды («неміс машинасын», «жапон сапасын», «Бразилиялық футболды», «американдық демократияны», «ағылшын ақсүйектерін», «итальяндық сәнді» және т.б. есіңізге түсіріңізші). Бірақ оның басқа жағы да бар – теріс имидж: мысалы, сыртқы әлемнің «Боратстан» жөніндегі түсінігінде жинақталғанның бәрі (бұл жағдайда «қазақИлық» деген өзіндік ирониялық лексемасы барынша қолданылады).
ҚазақТЫҚ – бұл ұлттық сана-сезімнің жоғары, киелі-рухани деңгейі. Бұл «ұлттық жанның» квинтэссенциясы. Бұл «рухани тамақ» құрамындағы кез-келген ұлттық өзін-өзі анықтауының міндетті түрде қажет қасиеті. Бұл әр халықтың мақтаныш тұтатын нәрсесі. Бұл ойшылдардың, ақындардың, суретшілердің, көрнекті саяси қайраткерлердің еңбектері. Иә, олар бізде де Жаңа уақыттың басында Алаш Орда көшбасшылары тұлғасында болды, олар «қазақтық-рух» ажыраусыз байланысын қалыптастырды. Бұған «Мен неге ҚАЗАҚТЫҚтан сақтанамын?» (Сұлтанмахмұт Торайғыров, Міржақып Дулатұлы) деген өлең-үндеу куә.
Әзірше бұл тұрғыда біздің қазіргі әдебиетші-сыншы Тұрсынбек Кәкішевтің «Қазақтың сөзiн сөйлейтiн зиялыларда қазақтық рух болмаса, ол – ұлттың соры» деген ащы бағасына қосылу ғана қалып отыр. Себебі, кеш кеңестік кезеңде тіпті бұл «қазақтық» дегеннің өзіне де «буржуазиялық ұлтшылдық», «алаш-ордашылдық» ретінде жасырын тыйым салынған болатын. Оның қайталануларын біз тіпті қазірдің өзінде байқаймыз...
Мінеки, сондықтан да ұлттық өзін-өзі сәйкестендіру мәселесіне қандай да бір «қазақтандыру» сияқты стандартты-жеңілдетілген тұрғыдан қарауға болмайды. Шын мәнінде, бұл ұлт құрудың күрделі жолы, біріншіден, «Рухани жаңғыру» аясындағы ресми түрдегі «Киелі Қазақстанмен» шектелмей, қазақТЫҚты әзірлеуден бастау керек. Екіншіден, ана тілінің эволюциясы мысалында бай-өндірістік қызметтің тірі тәжірибесінде ғана туындайтын қазақЫЛЫҚ ұғымын нақтылаумен басау қажет. Экономикалық ана тілі – жұмыс істейтін зауыттар мен фабрикалардың цехтарында, саяси ана тілі – бұқаралық іс-шараларда, митингілер мен демонстрацияларда, бәсекелі сайлау кампанияларында және т.б. Ал қазақШЫЛЫҚқа келетін болсақ, бұл үшінші деңгейдегі сала. Ол далада өсетін гүл сияқты, нациегенездің жоғары деңгейлеріндегі динамикалық өзгерістерге бейімделеді.
Сондықтан менің бірінші тұжырымым: қазақтандырудың бір түрі басқа қазақтандырудан ерекшеленеді.
- Егер сіздің жауабыңызда бірінші «бастапқы позициясы» болса, онда «екіншісі» де бар болуы тиіс.
- Иә, және оның мәні «қазақтылық» пен «қазақстандылықты» жеке-жеке қарастыру әдіснамалық тұрғыдан кемсіту болады. Бұл әдетте «кері инверсия» деп аталатын «психикалық трюк» түрінде, яғни, қоғамдық сана идеялық тығырыққа тіреліп, бұрынғы ескірген ұғымдар-фетиштерді қарама-қарсы ұғымдарға механикалық түрде өзгерткен кезде болады. Алайда бұл уақытша өзін-өзі алдау, бір «ұранды» екіншісіне нәтижесіз ауыстыру.
Ойсыз және қиындықсыз бағдар мен мағынаның елесімен ағынмен жүру мүмкіндігін «иелену» идеясы өте тартымды. Автоматты түрде «коммунизмді» «капитализмге», «жоспарды» «нарыққа», «пролетариат диктатурасын» «демократияға» ауыстыру (дәлірек айқанда, орын алмастыру) болған сияқты, дәл солай бұрынғы «қазақстандылықты» жай ғана «қазақтандыруға» алмастыра салды. Алайда, өткен 30 жыл көрсекендей, бір жағынан, бұл екі құбылыс сол қалпы бір-бірімен байланыста болмай, параллельді өмір сүруін жалғастыруда. Екінші жағынан, екеуі де империялық реваншизммен немесе постколониалдық агашкизммен ауыратын болып шықты.
- Сіздің ойыңызша, қазақстандықтар мен қазақтар енді қандай болмайды?
- Біріншілері енді ресейліктер емес, өйткені олардан ментальды тұрғыдан ерекшеленеді және қазірдің өзінде оларға бөтен болып табылатын өзге мәдениеті бар ортаға қиындықпен бейімделеді. Оларды осы жерден кетуге мәжбүр ететін жалғыз ғана нәрсе (алайда, қазақтардың өздерін де) – бұл болашаққа қатысты қорқынышты белгісіздік. Екіншілеріне де исламизация/халифаттылық та (табиғи дінділіктің мәдени «кіндігі» Сталиннің тұсында үзілген) китаизация да (Аспан мен Аспан асы ұлдарының мәдени кодтары тым сәйкес келмейді), әсіресе Ресей құрамындағы губернизация да қауіп төндірмейді.
- Нәтижесінде еліміз бен қазақтардың өздері қандай болады?
- Жауап белгілі максимада бар: «Бәрі неғұрлым көп өзгерсе, соғұрлым көп нәрсе бұрынғысынша болып қалады». Айырмашылық тек қоғамның осы «мәңгілік өзіне қайта оралуында» (Ницше) өтетін тарихи қабаттарында ғана.
1990-шы жылдары біз бұрынғы «социализмге секіруден» бас тартып, күтілген капитализмнің орнына XIX ғасырдың аяғы-ХХ ғасырдың басындағы революцияға дейінгі (және дәл осы «Қоқаннан тараған», өйткені дала тұрғындарында ол болмаған, қазіргі кездегідей дәстүрлі көшпелі мал шаруашылығына қайтып келмейді) феодализмге тап болдық.
Бүгінгі күні біз Ресей империясының Даланы ертеліктегі отарлау кезеңінде тұрмыз (казактар, қоныс аударушылар, жоңғарлар, шуршуттар және т.б.). Алдымызда саяси мемлекеттілікке, әлеуметтік өмірге, мәдени феноменге «қазақ/қазақылық» ұғымын трансформациялаудың бастапқы кезеңі күтіп тұр.
Сол кездегі жүйелік процестер біздің жақын болашағымызды, «мұнайдан кейінгі өмірді» ұқсас. XV ғасырды оның «ұлы географиялық ашылулар дәуірімен» еске түсірейік, соның нәтижесінде жер бетіндегі Ұлы Жібек жолы түпкілікті күйреді. Бұл қолайсыз экономикалық фактор, шын мәнінде, пост-Алтын Орданың инерциялық жойылуын аяқтады.
Сол кездегі «көшпелі өзбектер» ортасында (іс жүзінде «стихиялық анархистер», онда әрқайсысы өзі-өзіне қожайыны болған) үш «ұлттық идея» – болашақтың үш көрінісі пайда болды. Біріншісінің жақтаушылары «нигилистер» болып, Шейбанимен бірге автократизм мен шариғаттың жаңа мемлекетін құруға аттанды, нәтижесінде сарттар арасына сіңіп, бірақ «өзбектер» этнонимін сақтап қалды. Екіншісінің ізбасарлары, ескі дала тәртіптерінің «апологетері» бола отырып, оларға Едіге рухында оралуды жақтап, Ноғай ордасында қалды. Тиісінше, олар ноғай болды, бірақ Ресей империясында өз егемендігі мен тәуелсіздігін жоғалтты.
Ал үшіншісінің жақтаушылары шейбанидтердің сенімдері мен едігидтердің көзқарастарын бойына сіңірген идеяға негізделген өз мемлекетін құрып, жаңа өмір бастау үшін Моғолстанға кетті. Бұл біздің ата-бабаларымызға далалық бірегейлікті де, бірегей мемлекеттілікті де сақтауға мүмкіндік берді. Бұл идея парламенттік республиканың элементтері мен «ағылшын үлгісіндегі конституциялық монархиясы» бар Сырдария маңындағы қалалары мен көшпелі дала арасындағы тең құқықты одақ түрінде.қазақтық/қазақылық деген атауға ие болды.
Жалпы, біздің көз алдымызда тарихтың бір үлкен және драмалық шеңбері аяқталып жатыр, ал жақын арада екіншісі басталады.
- Қазақтар бұдан не ұтады (немесе неден айырылады)?
- Олар өздерінің өркениеттік Жолын іздеуде жаңа Көшпелідегі (камбэк) «мәдени ядросының» коррозиясынан арылып, қайтадан өз қалпына келеді.
Дина Шәріпова, «Назарбаев Университеті» Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің ассистент-профессоры»:
«Қандай да бір түбегейлі өзгерістер күтілмейді»
- Қазақтандыру кенеттен және бүгін туындаған жоқ. Бұл процесс тәуелсіздік таңында басталды. Мұның объективті себептерінің бірі – қазақ халқының көбеюі. Бүгінгі таңда қазақтар халықтың 70 процентен астамын құрайды және бұл ел ішіндегі процестерге әсер етеді. Атап айтқанда, қазақ тілінің рөлін кеңейтуге сұраныс артты, қазақша фильмдер, телевизиялық және радио бағдарламалары және т. б. көбірек шыға бастады.
Қазақтандыру қашан аяқталатынын айту қиын, өйткені кез келген ұлттың дамуы – бұл үздіксіз процесс. Ол үнемі өзгере отырып, шексіз жалғасуы мүмкін. Ал оның күтілетін нәтижелерінің бірі – тек этникалық қазақтар ғана емес, елдің барлық азаматтарының әрқайсысы қазақ тілінде еркін сөйлейтіндігі болуы мүмкін. Алайда, бұл орыс тілінен толығымен түпкілікі бас тартуды білдірмейді. Мұндай түбегейлі бұрылыс үшін ешқандай алғышарттар жоқ. Қазақтардың көпшілігі басқа этностар өкілдеріне жақсы үлгі көрсете отырып, билингвист болып табылады.
Саяси, мәдени, діни, өркениеттік тұрғыдан біздің еліміз қандай болатыны жөніндегі сіздің сұрағыңызға жауап бермес бұрын, 2018 жылы Фридрих Эберт атындағы Қор отандық сарапшылармен бірлесіп жүргізген «Қазақстандықтардың құндылықтары туралы» зерттеуден мысалдар келтіргім келеді. Ғалымдар анықтағандай, ел халқының көпшілігі (81%) болашақта оны көп ұлтты және кем дегенде екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде сөйлейтін ел болады деп есептейді, сұралғандардың 44,6% оларға ағылшын тілін де қосты. Респонденттердің тек 10 проценттен азы ғана қазақстандықтар тек бірт тілде – қазақ тілінде сөйлейді деп болжаған.
Менің ойымша, бұл біздің болашағымызды көпшіліктің пікірі анықтайтын жағдайдың дәл өзі. Ал көпшілік, зерттеу нәтижелері бойынша, көпэтностылықты қалайды. Оның үстіне, оны біздің қоғамның басты құндылықтарының бірі деп есептейді.
Қазақстан мен Түрікменстанды қандай да бір қырынан салыстыру орынсыз деп санаймын. Бұл саяси, экономикалық және мәдени дамудың мүлдем екі бөлек траекториясы. Қазақстандықтар тек бір тілде сөйлейді деп болжасақ та, біздің республикамыз ешқашан Түркіменстанға, яғни сұлтандық режимі бар жабық елге ұқсамайды.
Халықтың діндарлығына келетін болсақ, Қазақстанда оның дәрежесі (тереңдігі) әлі де төмен екенін атап өткен жөн. Көптеген қазақстандықтар өздерін діндармыз деп есептейтіндеріне қарамастан, олардың 10 проценттен де азы ғана (елдің оңтүстігінде бұл сан 18 процентке жетеді) мешіттерге, храмдарға үнемі барып тұрады және барлық қажетті рәсімдерді орындайды. Қалған азаматтар діни мерекелерді атап өтеді және кейбір рәсімдерді сақтайды. Менің көзқарасым бойынша, болашақта, тіпті ислам рөлінің артуы жағдайында да Қазақстан мемлекет пен дін арасында нақты бөліну бар зайырлы ел болып қала береді.
Қазақтар қазақтандыру процесінде не ұтады? Ең алдымен, олардың ана тілі дамуға серпін алады. Бұл сондай-ақ елде тұратын басқа этностарға да оң әсер ететін болады. Фридрих Эберт атындағы Қордың зерттеу нәтижелеріне сәйкес, бүгінде ел халқының 35% қазақ тілінде, 31% орыс және қазақ тілдерінде сөйлейді, ал азаматтардың 25% үйде орыс тілінде сөйлейді. Бұл ретте тұрғындардың тек 21,4% кәсіби қызметте қарым-қатынас жасау үшін қазақ тілін пайдаланады. Ал болашақта ол ғылым тіліне айналуы қажет екенін ескере отырып, кәсіби терминологияны дамытуға басты назар аудару керек.
Айта кететіні, жақында Джордж Вашингтон университетіндегі Орталық Азия бойынша Америкалық бағдарлама арнайы альманахта жариялау үшін қазақ тіліндегі мақалаларды жіберуді ұсынды. Мақсаты – қазақ тілді ғалымдардың ғылыми жұмыстарымен танысу және әртүрлі ғылыми қауымдастықтар арасында диалог орнату. Бұл біздің мамандарымыз үшін өзін халықаралық деңгейде танытуға және сонымен бірге қазақ тілін ілгерілетуге тамаша мүмкіндік деп есептеймін. Ал мұндай жобалар бұдан да көп болуы тиіс.